Accessibility links

"Әйеліңмен ажырасып, қайта қосыл". Қытайдан келген қазақты құжат әуресі шаршатты


Жамбыл ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығына келген адамдар. Алматы облысы, 26 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Жамбыл ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығына келген адамдар. Алматы облысы, 26 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Қытайдан атамекенге қоныс аударған қазақтардың кейбіріне зейнетақы рәсімдеу, туу туралы куәлік алу машақатқа айналды. Олар Қазақстан билігі "құжатыңды Қытай растасын" деген талап қойғанын айтады. Қытай консулдығы бұл мәселеге байланысты сауалға жауап бермейді.

"ҚҰЖАТТАРЫҢДЫ ҚЫТАЙҒА РАСТАТЫП КЕЛ"

76 жастағы Қадуан Бағай қазір Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылында тұрады. 2019 жылы ересек төрт баласымен бірге Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі Іле Қазақ облысы Толы ауданынан Қазақстанға қоныс аударған. Бір баласы Қытайда қалған.

Қадуан Бағай былтыр Қазақстан азаматтығын алған. Мемлекеттен зейнетақы алуға құжат жинап, оны Жамбыл аудандық халыққа қызмет көрсету орталығына өткізген.

Кейуана өздігінен жүре алмайтындықтан, құжаттарды реттеумен келіні Зерде Қамалбек айналысып жүр.

– Бірнеше күннен соң Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы облыстық департаменті "Балаларыңыздың өзіңіздікі екенін растатып, туу туралы куәлігіне Қытайға барып немесе Қытайдың Қазақстандағы консулдығынан мөр бастырып әкеліңіз" деп құжаттарды қайтарып берді, – дейді Зерде Қамалбек.

Қадуан Бағайдың атамекенге бірге көшіп келген төрт баласы да Қазақстан азаматтығын алған.

– Қытай консулдығына барғанымызбен бізді кіргізбеді. Тіпті сөйлескісі де келмейді, – дейді Қадуан Бағай.

Осындай әуре-сарсаңмен жүргендер Қазақстанның басқа өңірлерінде де бар.

Қытайдан Қазақстанға көшіп келген Сәлеш Қапасұлы.
Қытайдан Қазақстанға көшіп келген Сәлеш Қапасұлы.

Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданы Көктасты ауылынан Азаттыққа телефон шалған Сәлеш Қапасұлының жасы 71-де. Қария 67 жастағы зайыбы екеуі зейнетақы тағайындатарда Қытайда жұмыс істегенін дәлелдей алмағанын айтып, мұңын шақты.

– Өзім өмір бойы малшы, кемпірім сауыншы болды. Бірақ ол тұста (Қытайда – ред.) біз еңбек кітапшасы дегенді алмадық. Кейін Қазақстанға келген соң зейнетақы тағайындауға "міндетті түрде еңбек кітапшасы керек" деді. Сөйтіп Қытайдан жұмыс істегенімізді растайтын құжат алдырдық. Бірақ оны "жасанды" деп қабылдамай қойды, – деген ол енді не істерін білмей отырғанын айтты.

Сәпеш Қапасұлының Қытайда еңбек еткенін растайтын құжаттың беті.
Сәпеш Қапасұлының Қытайда еңбек еткенін растайтын құжаттың беті.

– Көктемге дейін құжат өткізгендер зейнетақы тағайындатып алды, ал биыл наурыздан бастап "еңбек кітапшаңды Қытай консулдығынан растатып әкел" деген талап пайда болды, – дейді Сәлеш Қапасұлы.

Қазір Сәлеш Қапасұлы мемлекеттен ай сайын 18 мың теңге (шамамен 43 доллар) алатынын айтады. Қазақстанда "Зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңына сәйкес, зейнетке жасы жеткен, бірақ еңбек өтілі жоқ азаматтарға тағайындалатын ең төменгі (базалық) зейнетақы мөлшері биыл 18 524 теңге болып белгіленген. Егер азамат еңбек еткенін дәлелдей алса, оның зейнетақысы қайта есептеледі.

ШЕНЕУНІКТЕР ТҮСІНДІРМЕСІ

Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің өкілі Айнұр Серікболқызы Қазақстан азаматтығын алған бұрынғы шетел азаматтарының зейнетке шығу тәртібін түсіндірді.

– Зейнетақымен қамсыздандыру заңы бойынша, бес және одан көп бала туған және оларды сегіз жасқа дейін тәрибелеген әйел 53 жасқа толған соң жеңілдікпен зейнетке шығуына болады. Ол азамат қай елден келсе де өзі ұсынған құжаттарды нотариалды түрде куәландырса болды. Ал қарт адамнан жұмыс істегенін дәлелдейтін кітапша сұраймыз, – дейді Айнұр Серікболқызы.

Жамбыл ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығына келген адамдар. Алматы облысы, 26 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Жамбыл ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығына келген адамдар. Алматы облысы, 26 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Шенеунік көп балалы ана ретінде зейнетақы алуға өтініш беруші қандай құжат тапсыруы тиіс екенін де айтты.

– Балаға туу туралы куәлікті Қытай халық республикасы бергендіктен, өтініш иесі нотариалды түрде аударылған көшірмесін түпнұсқасымен бірге өткізуі керек, оны Қытай консулдығынан растап кел деген талап қойылмайды, – деді Айнұр Серікболқызы.

Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы облыстық департаменті қызметкері Ерлан Абдалиев "өтініш иесі зейнетақы алу үшін ұсынған құжаттың қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасын нотариуске куәландырып алып келсе жеткілікті" дейді. Оның сөзінше, жасына байланысты зейнетке шыққан азамат жұмыс істеген уақытын растайтын еңбек кітапшасының, ал көп бала туған ана ретінде зейнетке шыққысы келетін әйел балаларының туу туралы куәлігінің нотариалды түрде расталған көшірмесін өткізуі шарт.

– Қытайдан көшіп келген қандастардың арасында жалған құжат жасатқандар болды. Соған байланысты қатаң қарап отырмыз. Қытай консулдығына жіберіп, жасанды құжат па, жоқ әлде шын құжат па, оны өзіміз анықтаймыз, – дейді Ерлан Абдалиев.

"ӘЙЕЛІҢМЕН АЖЫРАСЫП, НЕКЕГЕ ҚАЙТА ОТЫР"

Алматы қаласы Алатау ауданында тұратын Аманжол Еркін биыл маусымда дүниеге келген төртінші баласына куәлік ала алмай жүргенін айтады. Ол 2007 жылы Шыңжаңда отасбын құрған соң іле-шала Қазақстанға қоныс аударған, 2008 жылы азаматтық алған.

Қазақстанға қоныстанған жас отбасында үш бала дүниеге келген, үшеуі де туу туралы куәлік алған. Ал төртінші балаға ондай куәлік алу машақатқа айналған. Алатау аудандық халыққа қызмет көрсету орталығы "неке туралы куәлікті Қытай билігі растауы керек" деген талап қойды дейді нәрестенің ата-анасы.

Жамбыл ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығына келген адамдар. Алматы облысы, 26 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Жамбыл ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығына келген адамдар. Алматы облысы, 26 мамыр 2020 жыл. Көрнекі сурет.

– Иә, біз Қытайда некеге тұрдық. Азаматтық алғаннан кейін неке куәлігімді ауыстырмақшы болғанымда да "Қытайға барып, анықтама әкел" дегесін қойғам. Алдыңғы үш балам да Қазақстанда дүниеге келді, оларға куәлік бергенде еш проблема болған жоқ, – дейді Аманжол Еркін.

Оның сөзінше, халыққа қызмет көрсету орталығынан бұл тығырықтан қалай шығуға болатынын сұрапты.

– "Әйеліңізбен ажырасып, қайтадан некеге отырыңыз" деп ақыл берді, – дейді төрт баланың әкесі.

Алматы қалалық халыққа қызмет көрсету орталығы Алатау аудандық бөлімшесінің Аманжол Еркінге берген жазбаша жауабында "18.06.2021 жылғы №002210242364 тууды мемлекеттік тіркеуге қатысты өтінішіңізді қараусыз кері қайтарады. Себебі 09.07.2008 жылы Қытай халық республикасында тіркелген №2008-29 неке қию туралы куәлігіңіздің нотариалдық аудармасында арнайы консулдық ресмилендірілген мөртаңба жоқ екенін хабарлайды" деп жазылған.

"БАЛА АСЫРАП АЛҒАНЫМ ЖАЙЛЫ ҚҰЖАТТЫ ҚАБЫЛДАМАДЫ"

Азаттыққа Павлодар облысы Екібастұз қаласынан хабарласқан Текесбай Әубәкірұлы Қытайда тұратын ағасының 2006 жылы туған баласын кішкентай күнінде бауырына басып алғанын айтады. Ол осыдан біраз уақыт бұрын Екібастұзға Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданынан қоныс аударыпты.

Қуанышбек Әубәкірдің өз баласын туысы Текесбай Әубәкірдің асырап алуына ризашылығын бергені туралы қытай тілінде жазылып, мөр басылған құжат.
Қуанышбек Әубәкірдің өз баласын туысы Текесбай Әубәкірдің асырап алуына ризашылығын бергені туралы қытай тілінде жазылып, мөр басылған құжат.

Текесбай Әубәкірұлының қолында Қытайда тұратын аға-жеңгесінің баланы оған асырап алуына бергенін растайтын Моңғолкүре ауданы азаматтық сотының шешімі де бар екен.

– 2019 жылы оңтүстіктен солтүстікке көшу бағдарламасы бойынша Екібастұз қаласына көшіп келдім. Ұлымды жергілікті көші-қон полициясы үш ай бұрын тіркеуден шығарып тастады. Қайтадан тіркеуге тұрғызу үшін қажет құжаттың бәрін жинадым. Енді әке-шешесінің баланы маған асырауға бергені туралы рұқсат қағаздың нотариус куәландырған аудармасын ала ала алмай отырмын. Қытайдың сот шешімін нотариус жарамсыз деп отыр, – дейді ол.

Қытайдан келген қандастар мәселесімен айналысатын "Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымының өкілі Қайрат Байтолла Қазақстанда ресми органдар биылдан бастап Қытайдан қоныс аударған азаматтардан төрт түрлі құжатты – туу туралы куәлік, еңбек кітапшасы, жоғарғы оқу орнын бітіргені туралы диплом мен неке туралы куәлікті Қытай консулдығынан растатуды талап етіп отырғанын айтады. Оның сөзінше, Шыңжаң өлкесінде туу туралы куәлік 1994 жылдан бастап қана беріле бастаған. Оған дейін адамдар жергілікті жерде тіркеліп, 16 жасқа толған кезде жеке куәлік алған. Ал еңбек кітапшасы тек мемлекеттік қызметшілерге ғана берілетін дейді белсенді.

– Жеке куәліктің өзін 1980-жылдардан бастап ауыл-ауылды аралап берді. Мысалы, әке-шешемде жеке куәлік, неке куәлігі деген болған жоқ. Сол секілді Қытайдан келген көп азаматта туу туралы куәлік пен еңбек кітапшасы жоқ. Барының өзі жергілікті жерден алған анықтама қағаз ғана. Қазір осы туу туралы куәліктен бастап, дипломға дейін Қытай консулдығы арқылы растатуды талап етіп отыр. Мен консулдық қызметкеріне де жолықтым. Олар мұндай жұмыспен айналыспайтынын айтты, – дейді Қайрат Байтолла.

ҚҰЗІРЕТТІ ОРГАНДАРДЫҢ ЖАУАБЫ

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің зейнетақы тағайындау жөніндегі маманы Марфуға Ғанимұратқызы да өтініш иесі "қай елден келсе де бала санымен, болмаса жасына байланысты зейнетке шыққан кезде ұсынған құжаттың (туу туралы куәлік немесе еңбек кітапшасы) нотариус куәландырған аудармасы ғана сұралатынын" айтады.

Марфуға Ғанимұратқызы Алматы облысында жалған құжат жасау фактілері анықталғанына байланысты кейбір жағдайларда талап күшейгенін, ал Қазақстанның басқа өңірінде ондай мәселе жоғын айтты.

Қытайдан көшіп келген азаматтардың құжат мәселесіндегі түсінбеушілікке байланысты Азаттық Қазақстанның әділет министрлігіне де хат жолдады.

"Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодексінің 280-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтарына, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты тиісті мемлекеттердің заңдары бойынша шет мемлекеттердің құзыретті органдары берген Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде азаматтық хал актілерінің жасалғанын растайтын құжаттар, егер олар Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмесе, сондай-ақ консулдық ресмилендірілген не арнайы мөртаңба (апостиль) болған кезде Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады" делінген әділет министрлігінің Азаттыққа берген ресми жауабында.

Осы тәрізді сауалға Қазақстан сыртқы істер министрлігінен де редакцияға жауап келді.

"Қытай Гаагадағы 1961 жылғы 5 қазанда жасалған Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талаптарын жоятын конвенцияға қатысушы мемлекет болмағандықтан, Қытайдан көшіп келген азаматтардың барлығы жеке тұлғасын растайтын құжаттарды ҚХР сыртқы істер министрлігінің заңдастыруынан өткізуі тиіс" дейді сыртқы істер министрлігі.

Сонымен бірге министрлік Қазақстан мен Қытай арасында заңдастыру немесе құжаттарды сұратып алу бойынша келісім жасалмағанын да айтқан.

Азаттық 3 маусымда Қытайдың Қазақстандағы консулы Чжан Вэйге хат жазып, Қытайдан атамекеніне көшіп келген қазақтардың Шыңжаң өңірінде алған туу туралы куәлік, неке куәлігі, сот шешімі мен еңбек еткенін растайтын құжаттарды консулдық арқылы растату туралы өтінішіне байланысты сауал жолдаған еді. Бірақ осы мақала жарияланғанға дейін консулдан ешқандай жауап болмады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG