Әдемі ана, тәртіпті бала, мұнтаздай таза үй мен жаңа піскен кешкі ас. Ана болуды романтизациялап, әйелдің басты міндеті бала табу деп ойлайтын қоғамда мыңдаған әйел мінсіз болуға, бәрін үлгеруге тырысады. Бірақ іштей қажып, өмірден түңіліп жүруі мүмкін. Қазақстанда әйелдердің қанша пайызы босанудан кейінгі депрессияға шалдығатыны жөнінде статистика жоқ. Бұл ауруды құнсыздандырып, еркелікке, ойдан шығарылған нәрсеге балайтындар да бар. 28 мамыр – халықаралық әйел денсаулығын қорғау күні. Атаулы датаға орай Азаттық қоғам қысымы мен босанудан кейінгі депрессия туралы қате түсінікке қарамастан, басына төнген қара түнектен жол тауып шыққан батыл әйелдердің хикаясын жазып алды.
"БҰЛ ЖАҒДАЙДАН ШЫҒУДЫҢ ЖАЛҒЫЗ ЖОЛЫ – ӨЗІМНІҢ ТҮБІМЕ ЖЕТУ" ДЕП ОЙЛАДЫМ"
Валентина Ұсен, 31 жаста
Әлжуаз Валяның алғашқы жүктілігі жетілмей қалды. Екіншісінде жеңіл эмоциялық эйфория күйін кешкен. Бірақ ұлы аман-есен туған. Валяның айтуынша, баласы кішкентайында жылап, мазасын алмаған.
Ал биыл екіге толған Мәриямды босанғанда мүлде басқа жағдайды бастан өткеріп, жүктілік пен босану кезі ауыр клиникалық депрессияға ұласқан. Валяның құр сүлдері ғана қалғанда кенже қызы бір жаста еді.
– Жұбайым Тимурды 21 жасымда кезіктірдім. Онымен танысқанда жігітіммен жаңа айырылысып, жұмыстан шығып жатқам. Талғардан Алматыға көшіп, достарыммен тұрдым. Бәрімізде бір ноутбук болатын, құрбым интернетте менің атымнан жігітпен танысқан. Солай Тимурмен кездесуге шықтым.
Ол кезде өзіме мүлде мән бермейтінмін, ескі киіммен жүремін, темекі шегемін. Қолына раушан гүлін ұстап, иығына сөмкесін асып, жараспайтын шалбар киіп келгені әлі есімде. Төбесі көкке жеткендей, өзіне риза болып жүрді. Темекі шегіп, тұқылын лақтырып жатып, "Бұл маған ба?" деп ойладым. Кездесуден кейін көзім жарқырап, үйге бақытты болып оралдым.
Екі жылдан кейін үйленейік деп сөз салды. Үш жылдан соң тұңғышымды көтердім. 12-аптада ультрадыбыстық зерттеу жасаттым. Дәрігерлер "Баланың жүрегі соқпай тұр, ота жасату керек" деді. Баламнан айырылып қалу қаупін ойламастан екі аптадай жүрген шығармын. Ауруханадағылар баламды алып қойып, мені ренжіткісі келетіндей көрінді. Дәрігер "инфекция тараса, салдары ауыр болады" деп түсіндіргенге дейін жүрдім.
Ота қалай өткені есімде жоқ. Есімді жиғанда "Баламды қайтарыңдар! Оны бізден тартып алды..." деп қатты айқайлағанымды жұбайым айтты. Ол мені есінен адасты деп қорқып кетіпті.
Сол қиындықты бірге өткердік. Ұзақ уақыт бала көтере алмай жүрдім. Тіпті бір кездері "болса – болар, болмаса – бұйырмаған шығар" деп мойынсына бастадық.
Алғашқы айда жерік болдым, кейін басылды. Ісіну де, әлсіздік те болған жоқ. Сәби дүниеге келді, өзімізді ең бақытты ата-ана сезіндік. Тима жыламайды, айқайламайды, түнде тыныш, күндіз де төрт сағат ұйықтайды. Ұлыма қарап, "Ана болған керемет екен ғой. Неге бәрі қиын деп өтірік айтады? Бәріне үлгеріп жүрмін, бәрі жақсы" деп ойладым. Ұйқысы қанбайтынын, уақыт жетпейтінін айтып шағымданатын құрбыларымды жақтырмадым, түсінбедім.
Тимур екіге келгенде тағы балалы болғымыз келді. Туамыз, тез өсіреміз, тәрбие береміз, аяққа тұрғызып парызымызды орындаймыз деп ойладым. Тез көтердім, бақытты болдым. Баланың жынысы белгілі болғанда, гендер-пати (тумаған баланың жынысын анықтайтын кеш) жасадық. Тек ұл туатын шығармын деп ойлайтынмын. Қызым болады деген үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Шынымды айтсам, қызым болғанын қаламадым.
Гендер-патиде торт кестім, қызғылт тілім көрдім. Біреу үстіме ыстық су құйып жібергендей болды. Бәрі қуанды, күлді, құттықтады, ал миымнан "бұл – түсі бұзылып кеткен көк" деген ой кетпей қойды.
Уақыт өтті, ал мен жүкті болғаныма қуана алмадым. Жерік болдым, құрғақ нан мен қара судан басқа ештеңе ішіп-жей алмадым. Жыладым, бала тез туса екен деп тіледім. Мәриям дүниеге келгенде өмірім "дейін" және "кейін" деп екіге бөлінді. Бала туу адам төзгісіз қиын екенін неге ешкім айтпаған? Күйеуім жұмыста жүреді, мен бала қарап, үй жинап, тамақ істедім. Мәриям көп жылайтын, түнімен ұйықтамайтын. Бір сәтте өзіме-өзім ұқсамай кеткенімді түсіндім. Бәрін машина сияқты мән бермей жасайтынмын. Шаршауым күшейді. Ұйықтаймын, бірақ шаршап тұрамын. Өзімді бұл жай сондай кезең, өтеді, кетеді, шыдау керек деп жұбаттым. Ерте ме, кеш пе, бәрі басылады, қалыпқа келеді деп ойладым.
Душқа баруға уақыты жоқ, көзінің асты көгерген анаға айналдым. Уақыт өте келе мазасыздық пайда болды. Балалармен жалғыз қалудан қорықтым. Оларға зиян келтіремін деп емес, бұдан әрі шыдай алмайтынымды сезіп, қорқатынмын. Балалар жалғыз қалады ғой деп күйзелетінмін. Мәриям жыласа дегбірім қашады. Қызым өледі не ешқашан тыншымайды деп ойладым. Қиын кезең өмір бойы жалғасатындай көрінді. "Әрқашан осындай өз уақыты өзіне тиесілі емес, дәрменсіз, шаршаңқы ана боламын. Достарымды ешқашан көрмеймін, қайтадан күліп, өмірден ләззат ала алмаймын" деп көңілім құлазыды.
Соған қарамастан, үйді таза ұстадым, уақытылы тамақ пісіріп, бала қарадым, ешкімнен көмек сұрамадым. Басымда мінсіз ана, үлгілі әйел болуым керек деген ұстаным болды. Сырттай қарағанда, бәрі жақсы көрінетін.
Кейін ішімде кесек тас тұрғандай сезіндім. Тамақ жегенде кедергі болады, ұйқыға жатқанда бойыма тарайды, ішім өртеніп, ауырады, денем қалтырайды. Тамақ ішуді, ұйықтауды, күлуді қойдым, біреудің сөзін тыңдаудан қалдым. "Бұл жағдайдан шығудың жалғыз жолы – өз-өзімді құрту" деп ойладым.
Сол кезде үйде не болып жатқаны есімде жоқ, тек не сезінгенімді, қаншалықты ауыр болғанын білемін. Бұл жағдайға қалай түскенімді білмеймін, бірақ "Жұбайымның өгей әкесіне қоңырау шалуым керек. Ол – психолог. Маған көмектеседі" деп ойлағаным есімде.
Бәрін айттым, құтқаратын сөздер естідім. Сол қоңырау болмаса, кім біледі, қазір тірі жүрмеуім де мүмкін еді. "Валь, сенде депрессия. Бұл – қалыпты жағдай, ондай болып тұрады, сен кінәлі емессің. Дереу психологке баруың керек" деді. Маған байланыс нөмірлерін берді, уақыт өте келе психиатр керегін түсіндім. Өйткені жағдайым қиындай түсті.
Психиатрға бару мен үшін үлкен қадам болды. Өйткені жақындарымнан "Сен үйде отырып, еріккенсің", "күйзелу сәнге айналды", "етек-жеңіңді жи" деген сөздер естідім. Психиатрым – керемет адам. Ол да күйзеліс емдеуге болатын ауру екенін түсіндірді.
Маған транквилизаторлар мен антипсихотиктер жазып берді. Бұл препараттардың қызық әсері бар. Одан әуелі жағдайың нашарлайды, сол үшін дәріні бірінші рет ішетін кезде депрессиядағы адам бақылауда болуы керек. Кейін ғана әсері байқалады.
Анам келіп көмектесті, күйеуім бала күтуші жалдады, өзім үйден жұмыс істей бастадым. Жағдайымды жете түсінбесе де, қолдау білдірген күйеуіме қатты ризамын. Әке-шешемнің, ата-енемнің көмегіне, жанашырлығына баға жетпейді.
Дәрі іше бастадым, психолог таптым. Бір айдан соң ес жиып, айналамды қалыпты, қалай бар, солай қабылдай бастадым. Тірі екенімді сезіндім.
Бірақ мәселе тек физиологиямда болмапты. Психиатрға барғанымда, балалық шағымнан бастап сұрады, сосын психологиялық мәселелерімді шешуге көмектесетін психотерапевт керегін айтты. Себебі антидепрессант тек уақытша әсер етеді, бірақ бала кезден жиналған жағымсыз эмоциялар мен сезімдер ерте ме, кеш пе дегенін істейді.
Терапия кезінде қызымды "жақсы көрмегенім", оның дүниеге келгенін "қаламағаным" белгілі болды. Оның да өмірі менікіндей болады деп қорыққанмын. Балалық шағым жақсы өтті, бірақ келеңсіз сәттер көп болды. Ересек адамның кез келген мәселесі бала кезден бастау алады. Бұл – жай айтылған сөз емес.
Қазір қызым айығуыма себепкер болған, 30 жасымда есімді жиюыма көмектескен ең жақсы психотерапевт екенін түсіндім. Қызым туа салып, "Жетер, мама, барды бар деп қабылдау керек, өмірді оңай әрі бақытты сүру керек" дегендей болды.
Оны жақсы көретінімді шынайы сезінген соң бәрі жеңілдеді.
Осы жағдайға түскенге дейін менде еш мәселе жоқ, мықтымын деп ойлайтынмын. Өмірімде психологке баруды ойлап көрмеппін.
Қазір адамдардың депрессияны романтизациялайтыны ұнамайды. Бұл – шынымен қорқынышты ауру. Депрессия – жай меланхолия не көңіл-күйдің нашарлауы емес. Өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, дереу маманға жүгіну керек. Сезімдеріңді, жағдайыңды біреуге айтудан қорықпау қажет. Оны жалғыз адам еңсере алмауы мүмкін. Алаңдатқан мәселеңізді біреуге айтқанда оған ауыртпалық салып жатырмын деп ойламаңыз. Жағдайыңызды ашып айта беріңіз. Иә, сізді бәрі түсінбеуі мүмкін, бірақ олар түсінуге міндетті де емес.
Сезімдеріңізді құнсыздандыратын адамдардан өзіңізді алыс ұстаңыз. Олар жаман емес, тек сіздің жағдайыңызда болып көрмеген. Сізді түсінетін, сөзімен демеу болатын, көмектесетін маманның нөмірін бөлісетін жан міндетті түрде табылады. Неғұрлым көп есікті қақсаңыз, соғұрлым көп есік ашылады.
Мінсіз ана болу деген қағидамен өмір сүрмеңіз. Үй жиналмаған болса, жер ортасына түспейді, құлап қалмайды. Кешкі ас дайындамаған кезіңізде біреу аш қалса, өлмейді.
Адамдар "Бұл – сенің парызың" демей, әйелді барынша бағалағанын, құрметтегенін қалаймын. Адамнан адам шығуы оңай емес. Сондықтан мұны әдеттегі процесс деп қабылдамайық.
"АШУ-ЫЗА БАЛАҒА ДЕГЕН СЕЗІМІМДІ ӨШІРІП ТАСТАДЫ"
Мария Буркова, 31 жаста
Мария – бес жасар Талина мен бірге толмаған Радмирдің анасы. Ол екі бала туғаннан кейін депрессияға түскен. Екінші баласынан кейін жағдайды маманның көмегінсіз еңсере алмайтынын түсінген.
– Екі жүктілік те жоспарсыз болды, бірақ күйеуіммен қарым-қатынасым жақсы еді. Алғашқы баламды көтергенде өзімді жақсы сезіндім. Босану қиын болды, бірақ қызым аман-есен туды, қалпыма тез келдім. Қолыма баламды алып, отбасылық бизнесімізді дамытуға көмектестім. Алғашқы алты айдағы өмірім ұнады: қызыма күтім жасап та, клиенттермен кездесіп те, адамдармен араласып та үлгердім. Бір сөзбен айтқанда, күйбең тірлікпен басым қатқан жоқ.
Апатия мен түсініксіз мазасыздық аяқастынан пайда болды. Әлі күнге дейін себебін таппадым.
Көп жыладым. Қызыммен жалғыз қалудан қорықтым. Нақты неден қорқатынымды білмеймін. Жағдайымды күйеуіме айтсам, түсінбейді. "Бәрінің қолынан келеді, неге сен ондай емессің?" дейді.
Мазасыздық алты ай бойы кетпеді. Рецептсіз сатылатын, тыныштандыратын дәрінің бәрін жатқа біліп алдым. Тіпті транквилизатор іштім. Уақытша әсер етті, бірақ жан жарамды жазбады. Қалпыма келіп, тыныштала қалсам, үй шаруасын, жұмыстарымды бітіріп алуға тырысатынмын. Маманның көмегінсіз, біртіндеп ес жия бастадым.
Екінші баламды көтергенде күйеуіммен келіспей қалдым. Соның салдарынан жүктілік кезеңі ауыр өтті. Алтыншы айда күрделі мәселелер шыға бастады. Балаға 40 күн толғанда, күйеуіммен ажырастық.
Бұл маған қатты соққы болды. Басында ауырсыну, реніш, кейін мазасыздық, қорқыныш, айналамдағы адамдарға агрессия пайда болды. Біреу өтінішімді орындамаса, сіріңке сияқты тұтанып кететінмін. Қатты ашу-ыза балаға деген сезімімді өшіріп тастады. Тіпті қызымды балабақшаға киіндіріп, дайындай алмадым. Бірақ мұның бәрі күнделікті іс деп түсіндім, баламды қатты жақсы көрдім. Бұл ашу неден екенін білмеймін. Сәл тынышталып, өзімді кінәлай бердім.
Балаларымның маған көзқарасы өзгере бастағанда психологқа баруға бел будым. Қызымның жүйкесі жиі сыр беретін болды, маған ашылмайды, нәзіктігі сезілмей бара жатты. Өзімнің жүйкем жұқарғаны кішкентайымнан көріне бастады. Ол да, мен де көп жылайтын болдық.
Екі баланы жалғыз асырау қиын болды. Сіңлім көшіп келіп, көп көмектесті.
Психологпен өткен бірінші сессиядан кейін-ақ жеңілдеп қалдым. Өз маманымды оңай таптым, оған барған сайын жағдайым жақсара түсті. Қызым да балалар психологіне барады, оған да ұнайды, қазір қарым-қатынасымыз түзелді. Ажырасқысы келген күйеуім де отбасын сақтап қалу үшін психологпен жұмыс істеуге ниет білдіріп отыр.
Бастысы, терапия маған сезімдерімді ретке келтіруге көмектесті. Бұл өте маңызды екен. Бұрын қуаныш, ашу мен реніш сияқты қарапайым эмоцияларды ғана білетінмін. Оларды қалай басқару керегін түсінбедім. Қазір мені не ашуландырғанына, неден жиіркенгеніме талдау жасаймын. Эмоциямды бақылап қана қоймай, сол сезіммен өмір сүруді үйреніп жүрмін. Өзіңмен танысу, іздеу, қамқор болу деген осы екен.
Балалар дүниеге келгенге дейін қиыншылықтар мен проблемаларға мүлде мән бермейтінмін. Өмірге атүсті қарадым, өзімді әлсіз сезінемін деген ой басыма кіріп те шықпапты.
Бірақ барлық ана әлсіз, көмекке мұқтаж болады екен. Өйткені, біріншіден, бала туғанда әйелге гормондар әсер етеді. Екіншіден, бала туу, үнемі онымен бірге болу қиын. Қоғамда ана болуды идеал етіп көрсетеді. Қолында баласы бар әдемі әйелдің үйі тап-таза, киімі жуылған, түскі асы дайын тұрады. Жас аналар сол идеал үлгіге сенеді, өздеріне көмек қажет болып жатса да, сондай үздік болуға ұмтылады. Күні бойы бала қарап, қолың босамау, ыдыс жуып, күйеуіңе ас дайындап үлгермеу – қалыпты нәрсе. Демек, сен қолдауға, көмекке мұқтажсың.
Кез келген көмек құнды. Оны сұраудан және біреу ұсынса, қабылдаудан қорықпау керек. Құрбым келіп, тамақ пісіріп, ыдыс жуып, тынығуыма жәрдемдескен. Негізі осы кезде ер адамдар әйеліне барынша қолдау көрсетуге тиіс. Ол да жұмыстан шаршап келетін шығар, ал әйел ше, шаршамай ма? Еркек күн ұзақ баласын құшақтап төсекте жатпайды. Кір жуу, үй тазалау, баланы тамақтандыру, киіндіру – бітпейтін шаруаның аз ғана бөлігі.
Ерлі-зайыпты балалы болғысы келсе, одан кейін болатын қиындықтарды да ескеруі керек. Әйел өзім үшін бала туып аламын десе, ана болудың ең ауыр кезеңін елестеткені жөн, тым болмаса, материалдық жағынан дайын болуы керек. Әйтпесе бақытсыз болуың мүмкін. Ал баланың бақыты анасының бақытына тікелей байланысты.
"ЖАҢА БОСАНҒАН ӘЙЕЛГЕ НӘРЕСТЕГЕ ЖАСАЛҒАНДАЙ ҚАМҚОРЛЫҚ КЕРЕК"
Жоғары санатты психиатр, республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының әйелдер бөлімінің меңгерушісі Айгүл Ембергенова босанғаннан кейін депрессияға түсіп, психозбен ауыратын әйелдер орталыққа жиі келетін айтады. Оның сөзінше, депрессияға түскен әйелдерге көбіне туыстары мен жақындары қолдау көрсетпейді. Айгүл Ембергенова депрессия белгілері және қайдан көмек алуға болатыны жөнінде айтып берді.
– Депрессия белгілері қандай болады?
– Депрессиядан болатын өзгеріс немесе депрессия – бұл психиканың бұзылуы, ештеңеге қызықпау, апатия, шарасыз күйге түсу, көңіл-күйдің болмауы, қайғыру. Адам бұрын ләззат алған ісінен әп сәтте жиреніп кетеді. Депрессияға түскен адамның ұйқысы бұзылады, "Міне, мен сондай жаманмын, бәрі менің кесірімнен…" деп бар кінәні өзіне артады, тәбеті болмайды, салмағынан айырылады. Оның соңы созылмалы аурулардың өршуіне, суицидке апарып соғуы мүмкін.
Депрессия адам өмірінің барлық саласына, оның ішінде туыстарымен, әріптестерімен қарым-қатынасына кесірін тигізеді. Белгілеріне байланысты депрессия жеңіл, орташа және ауыр болып бөлінеді.
Босанудан кейінгі депрессия белгілері бірдей. Басты себептердің бірі – гормондық өзгеріс. Ана әуелі баласын уайымдайды, мазасызданады, оны өсіру қолымнан келмейді деп ойлайды, ұйқысы бұзылады, үнемі шаршап жүреді. Содан депрессия өршуі мүмкін. Жаңа босанған әйелге нәрестеге жасалғандай қамқорлық керек. Оған жұбайының және басқа туыстарының қолдауы маңызды.
Депрессияның жеңіл түрінен өту үшін психотерапевке бірнеше рет бару жеткілікті. Белгілер тереңдей берсе, орта немесе ауыр сатысына өтіп кетуі мүмкін. Күйзеліс туғызатын жағдайлар, жұбайымен, туыстарымен жанжалдасу, түсініспеушілік, қолдау көрмеу – науқастың жағдайын нашарлататын, психиканы жаралайтын факторлар. Әйел көмек алуға неғұрлым ерте жүгінсе, соғұрлым өзіне жақсы.
Әдетте өмірде адамдар депрессияны босанғаннан кейінгі психозбен жиі шатастырады. Депрессия – көңіл-күйдің, ал психоз – психиканың бұзылуы, ана мен баланың өміріне қауіп төндіруі мүмкін мінез-құлықтың пайда болуы.
– Қайдан көмек алуға болады?
– Қазір терапиялық қолдау көрсететін жеке орталық көп. Тіркеу мекенжайы бойынша әр емханада психиатр кабинеті бар, сонда барып, кеңес алуға болады.
Стигмалаудың кесірінен адамдар психиатрға өте кеш жүгінеді, емшіге немесе невропатолог, психолог, психотерапевт сияқты басқа дәрігерлерге барып, уақыт кетіреді.
Психиатриялық қызмет пациенттерге ешқандай зиян келтірмейді: ақпарат құпия сақталады, тек пациенттің рұқсатымен есепке алынады, ем ағзаның төзімділігіне байланысты мұқият таңдалады. Орталықта жаңа буын препараттарының барлық түрі бар. Қазір Қазақстандағы психиатриялық клиникалар көмек сұрап барғандарды үркітпейтін мекеме болуға ұмтылып жатыр.
Сізді бірдеңе мазаласа, ұйықтай алмасаңыз, жиі жыласаңыз, апатияны сезсеңіз, психотерапевке немесе психиатрға барыңыз. Көмекке мұқтаж болсаңыз, мұның ұяты жоқ. Бұл – қалыпты нәрсе.
ПІКІРЛЕР