Accessibility links

Ирина Геондова: "Түрме тозағынан құтылдым"


Денсаулығына байланысты түрмеден босап шыққан Ирина Геондова анасымен бірге. Алматы облысы, Жауғашты ауылы, 23 қаңтар 2019 жыл
Денсаулығына байланысты түрмеден босап шыққан Ирина Геондова анасымен бірге. Алматы облысы, Жауғашты ауылы, 23 қаңтар 2019 жыл

Азаттыққа құқығы бұзылғаны туралы шағымданып, қоңырау шалғаннан кейін бостандыққа шыққан әйел "түрмедегі адам төзгісіз жағдай жайлы" айтып берді.

Аптасына үш рет ауруханаға барып, төрт сағат бойы гемодиализ процедурасын қабылдайды, бірақ бұл жолы қолында медицина креслосына бұғаулаған кісен жоқ. Түрмеде отырғанда асқынған созылмалы сырқатымен күресіп жүрген 38 жастағы Ирина Геондованың күндері осылай өтіп жатыр.

— Түрме тозағынан құтылдым - сырқат болсам да, әйтеуір аманмын, соған да тәуба! - деді Қарағандыдағы үйіне оралған Ирина Геондова Азаттық тілшісіне телефон арқылы.

Гемодиализ процедурасын қабылдап жатқан Ирина Геондова. Қарағанды, 28 қаңтар 2019 жыл
Гемодиализ процедурасын қабылдап жатқан Ирина Геондова. Қарағанды, 28 қаңтар 2019 жыл

Алматы облысы Жауғашты ауылындағы ЛА-155/4 әйелдер колониясында үш жылдан астам жазасын өтеген Геондова қаңтардың 23-і күні бостандыққа шықты. Сол күні сот оны денсаулығына байланысты түрмеден шығарды. Оған дейін әйел өз құқығы үшін аянбай күресті.

ТҮРМЕДЕН ҚОҢЫРАУ ШАЛУ ЖӘНЕ БОСТАНДЫҚҚА ШЫҒУ

Ирина Геондова Азаттыққа түрме таксофонынан қаңтардың 9-ы күні қоңырау шалды. Бала кезден қант диабетінен зардап шегетін екінші топтағы мүгедекке медициналық көмек уақтылы көрсетілмегендіктен бүйрегі істен шығыпты. Ол арнайы емге мұқтаж екенін, қанды бүйректен тыс тазалау процедурасынан өту керектігін, түрмеде оның мүмкін еместігін айтты.

Әйелдің айтуынша, түрмеде науқастарға еш жағдай жасалмаған, ғимарат іші суық, әжетханасы далада орналасқан. Түрме әкімшілігі оның жағдайын "қалыпты" деп бағалап, ауруханаға жатқызуға рұқсат бермеген. "Өлім жазасына кесілмесем де, ажалым күтіп тұр" деген еді әйел ашынған үнмен.

Келесі күні Азаттық тілшісі Алматы облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне (ҚАЖД) ресми сауал жолдап, шағым туралы түсініктеме беруді сұрады. Әйелдер колониясына тексеріс жасалды. Ары қарай оқиға жылдам өрбіді. Дүйсенбі, қаңтардың 14-і күні оны Алматы маңындағы Өтеген батыр ауылындағы емханаға апарып, жан сақтау бөліміне жатқызды.

Келесі күні, қаңтардың 15-інде Алматы облыстық ауруханасына ауыстырды. "Нефролог, терапевт қарады. Түрме әкімшілігімен келісім бойынша Алматы қалалық көпсалалы клиникалық ауруханасына ауыстырылды. Бүйрек алмастыру терапиясын жасау үшін кардиологиялық бөлімнің нефрология бөліміне шұғыл түрде жатқызылды" делінген Геондованың науқас тарихы туралы анықтамада.

Қаңтардың 21-і күні Геондованы облыстық ауруханадан шығарды, қарауыл оны түрмеге әкелді. Бірақ оны түрмеге кіргізбеді, түрме басшылығы қарауылды кері бұрып, қайтадан облыстық ауруханаға жіберді. Мекеме басшысының орынбасары Болат Амановтың айтуынша, Геондованың денсаулығы нашар болғандықтан оны түрмеде ұстау өміріне қауіп төндіреді.

Әйелдер колониясындағы жатын орын. Көрнекі сурет
Әйелдер колониясындағы жатын орын. Көрнекі сурет

Геондованың өзі қаңтардың 21-і күні ауруханаға түрме басшылығы емес, оқиғаға араласқан "құқық қорғаушы Марианна Гуринаның арқасында оралдым" дейді. Алайда қаңтардың 21-і күнгі "маневр" туралы ресми құжаттарда, науқас тарихы туралы анықтамада ештеңе айтылмайды. Бірақ онда қаңтардың 24-і күні Геондованы Алматы облыстық ауруханасынан шығарған кезде жасалған ем нәтижесінде сырқаттың "жалпы жағдайы аздап жақсарғаны" жазылған.

НАУҚАС ТАРИХЫ

Ирина Геондованы босату туралы сот қаулысында (әзірге күшіне енбеді) сырқатынан айыққан жағдайда егер оған дейін "жаза мерзімі өтіп кетпесе" оны түрмеге қайтаратыны туралы жазылған. Алайда науқастың құлан-таза айыға қоюы екіталай, әйел донорлық бүйрекке мұқтаж, ал трансплантация жасау операциясы қымбат тұрады, донорлық мүшені күтуге бірнеше жыл кетуі мүмкін.

Ирина Геондова бала кезден ауыратынын айтты. Тоғыз жасында отбасы көлік апатына ұшыраған. Бұрын тергеуші болып істеген әкесі сол жерде көз жұмған, ауыр жараланған Иринаны ауруханаға әкелген. Ал анасының миы шайқалып, бұғанасы сынған, сіңлісі жеңіл жарақаттанған.

Сол жарақат кесірінен Ирина Геондовада бірінші типтегі қант диабеті пайда болады (инсулинге тәуелділік), ол екінші топтағы мүгедекке айналды. Уақыт өте келе басқа сырқаттар да жабысты, бостандықта жүрген кезде оларды емдеп жүрді. Бірақ 2015 жылы "психотропты заттарды сақтағаны үшін" (Геондова бұл іс "құрастырылған" дейді) түрмеге түскенде бәрі өзгеріп кеткен.

Геондованың науқас тарихы туралы анықтамасында кем дегенде жеті сырқат көрсетілген, соның ішінде "бүйректің созылмалы сырқаты, 5-саты", "І дәрежедегі қант диабеті, декомпенсация" деп жазылған.

Іле аудандық сотының тұтқынды босату туралы қаулысында былай деліпген: "Геондова И.Б. жазасын өтеуге кедергі келтіретін ауыр сырқатқа шалдыққандықтан 18.01.2019 күні құрылған арнайы медициналық комиссияның қорытындысы бойынша Қылмыстық кодекстің 75-бабы, 2-бөліміне сәйкес жазасын өтеуден босатылады". Онда "науқасты мұқият медициналық тексеруден өткізіп, жасалған емнің сәтсіздігі дәлелденгені" айтылған.

Ирина Геондова Азаттыққа қаңтардың 18-і күні медициналық комиссияда болмағанын, сол күні Алматы облыстық ауруханасында жатқанын айтты. Оған дейін екі рет – қазан мен желтоқсанда өткен медициналық комиссия "сырқатты денсаулығына орай босатудың керегі жоқ" деген қорытынды жасаған.

ҚАМАУДАҒЫ АЗАПТЫ ӨМІР

Қаңтардың 9-ы күні Азаттық тілшісімен сөйлескен Геондова Жауғаштыдағы әйелдер түрмесіндегі санитарлық тораптың қызметіне шағымданды. Оның айтуынша, бүйрегі ауыратын адамның даладағы әжетханаға баруы қиын.

Әйелдер колониясы. Көрнекі сурет
Әйелдер колониясы. Көрнекі сурет

Азаттық сұрақтарына жауап берген қылмыстық атқару жүйесі департаменті колонияда санитарлық тораптың жартысы ғимарат ішінде екенін, бірақ кейбір отрядтың далаға шығатынын айтты. "Түрмедегі медициналық бөлімнің әжетханасы ғимарат ішінде" делінген департаменттің жауабында.

Ирина Геондова медициналық бөлімде әжетхананың бар екенін растайды, онда бір унитаз бен суық су ағатын екі "раковина" бар дейді. Бірақ ол әжетханаға үлкен дәретке отыру мүмкін емес екен, себебі унитаз бітеліп қалады, оны шайып жібермек болсаң, су көтеріліп, унитаз ішіндегі заттар жерге төгіледі. Қыс кезінде оның бәрі қатып қалады. Геондованың айтуынша, әйелдер түрмесіндегі өзге де ішкі санитарлық торапта осындай мәселе бар.

Редакция сұрақтарына жауап берген қылмыстық атқару жүйесі департаменті Жауғашты ауылындағы әйелдер түрмесінде "орталықтандырылған кәріз жүйесі жоқ екенін, қалдықтарды қазылған ордан ассенизациялық машинамен тартып алатындарын" растады. Бірақ департамент жауабында ішкі әжетхананы қолдануда Геондова айтқандай мәселе бар екені айтылмады.

– Бұл әжетханаларды комиссия үшін, көзбояушылық жасап орнатқан. Комиссия келгенде түрме қызметкерлері "Міне, біздің әжетхана" деп көрсетеді, - дейді Геондова.

Әйелдің айтуынша, Жауғаштыдағы түрмеде ол қажетті медициналық көмек алмаған. Қант диабеті салдарынан қан қысымы қатты көтерілген. Шағым жасаған кезде түрме дәрігерлері оны "ауырған түр жасайды" деп шағымын қабылдамаған.

– Олар қан қысымын түсіреміз деп магнезия салды. Қан қысымы не үшін көтеріліп жатқанын анықтауға тырыспады. Көктемнен бастап қан қысымым көтерілді, күзде бүйрегім істен шықты. Егер әу бастан мені мамандарға көрсеткенде бүйрегімді сақтап қалуға болар еді, - дейді Ирина Геондова.

Департаменттің жауабында Геондоваға диагноздың 2018 жылы тамыздың 1-і күні, түрмедегі жазасын өтеген соң үш жылдан соң қойылғаны айтылған (оны он жылға соттаған).

"2018 жылдың 26-28 қыркүйегінде гемодиализ процедурасы 2 сағаттан қойылды, 2018 жылдың 2-қазанынан бастап 2,5-тен 3,5 сағатқа дейін созылды. Қазір гемодиализ 4 сағатқа ұзартылды" делінген департамент жауабында.

Ирина Геондова қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ақпаратын растайды. Ол түрмеден ауруханаға барарда және кері қайтар жолда бір сағат бойы суық әрі қатты автозакта отырғанда қатты қиналғанын айтты. Ұзақ сапар кезінде оның жүрегі айныған, өзімен бірге әркез полиэтилен пакет алып жүрген. Қажыған күйі ауруханаға жеткен соң, гемодиализ алып қайтқанда өзін тіпті нашар сезінген.

Ол түрмеден босатылған күннен кейін қаңтардың 24-і күні Алматыдағы соңғы гемодиализ процедурасының өте ауыр болғанын айтады. Қолындағы көктамырдың жіңішкергені соншалықты, дәрігерлер оны Қарағандыға жеткізу үшін мойнындағы көктамырына катетер қойған. 12 сағатта бітіреміз деп жоспарланған процедура 17 сағатқа созылған. Осылайша қызын алып кетуге келген анасы екеуі Қарағандыға баратын пойызға әзер үлгерген.

Ирина Геондованың пікірінше, құқық қорғаушылар денсаулығына қатысты шу көтерген соң түрме жүйесінде қолайсыздықтар тумасын деген қауіппен оны түрмеден босатқан. Ол басқалар сияқты үнсіз кетпей, соңына дейін күресуге бел буғанын еске алады. Тыныш өлетін тұтқындарды "тізімнен шығарып тастайды" дейді ол.

"Аман-саулық" қоғамдық қорының басшысы, құқық қорғаушы, мамандығы дәрігер Бақыт Түменова қазақстандық түрмелерде Геондова сияқтылардың көп екенін айтады.

– Геондова жалғыз емес, ол сияқтылар көп. Егер түрменің медициналық жүйесі денсаулық сақтау министрлігіне қарамай, ІІМ бақылауында қала берсе, осылай жалғаса бермек. Жүйені өзгерту керек, - дейді Бақыт Түменова.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG