Accessibility links

Билік ҰҚК құзыретін күшейткісі келеді. Мұның астарында не бар?


Қаңтар оқиғасы кезінде Ақорданың айналасын күзетіп тұрған үкімет күштері. 5 қаңтар, 2022 жыл
Қаңтар оқиғасы кезінде Ақорданың айналасын күзетіп тұрған үкімет күштері. 5 қаңтар, 2022 жыл

Ақорда ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) құзыретін күшейтіп, оның "дағдарыс жағдайы" мен "әлеуметтік сипаттағы төтенше ахуал" кезінде әрекет етуіне мүмкіндік бергісі келеді. Сарапшылар билік бейбіт митингілер мен еңбек дауларын "дағдарыс жағдайына" жатқызып, наразылықты басудың жаңа бір амалына көшпек дейді.

ҰҚК ТУРАЛЫ ЖОБАДА НЕ АЙТЫЛҒАН?

Сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "ҰҚК туралы ереженi бекiту туралы" жарлыққа өзгеріс енгізуді көздеген жобасы "Ашық үкімет" порталында жарияланды. Құжатта елдегі террористік тұрғыдан осал объектілер тізімі жасалып, олардың терроризмнен қорғау, шекара қызметінің дрондарды қолдану қағидаларын әзірлеу туралы жазылған. Бір қарағанда, бұл өзгерістер ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін комитеттің негізгі міндеті болып көрінгенімен, ұсыныстар ішінде назар аударуға тұрарлық бірнеше пункт бар.

Мәселен, жобада билік ҰҚК-ге мына міндеттерді жүктемек (құжат жобасындағы аударманың орфографиясын сақтап, қаз-қалпында ұсынып отырмыз):

  • Дағдарысты жағдайлар, әлеуметтік сипаттағы төтенше ахуал, төтенше, әскери жағдайлар туындаған кезде және соғыс уақытында іс-қимыл жасауға дайындыққа қатысты іс-шаралар ұйымдастыру және жүргізу.
  • Еңбек қарым-қатынастарын реттеу саласында еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның келісімі бойынша ұлттық қауіпсіздік органдарға техникалық қызмет көрсетуді және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жұмыскерлер санының нормативтерін әзірлеу және бекіту.
  • Ұлттық қауіпсіздік органдарының әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қызметін үйлестіру қағидаларын әзірлеу және бекіту.

Жобаны талқылау 20 сәуірде аяқталған. Екі аптаға созылған талқылау кезінде жобаға пікір білдіргендер билік толықтырулар арқылы "азаматтық белсенділерге қысымды күшейтіп, ҰҚК қолымен кез келген наразылық жиынын бақылап, басуды көздегісі келетінін" айтып, мұндай маңызды құжатқа байланысты қоғамдық тыңдау өткізуді талап еткен. Жоба авторлары "пікірлер назарға алынғанын" жазған.

Астанадағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимараты
Астанадағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимараты

"ҰҚК ЗАҢМЕН ҚАРУЛАНБАҚ"

Құқық қорғаушылар мен сарапшылар жобадағы түсініксіздеу "әзірлеулер" мен "бекітулер" ҰҚК-ге кез келген жанжалды, кез келген азаматтық қарсылықты ресми түрде бақылауға рұқсат береді деп топшылайды.

Азаматтық белсенді Әсет Әбішев "жоспарланған митинг алдында полиция белсенділердің үйіне келіп, бөлімшеге әкетіп, профилактикалық әңгіме жүргізетін, желіде жазғандары үшін, бұрын шыққан митингілері үшін әкімшілік қамаққа алатын, енді бұл функцияны ҰҚК қызметкерлері орындайды-ау" деп алаңдайды.

– Бұған дейін белсенділерге бұл қысымның барлығын полиция ҰҚК бақылауымен жасап келді, ол жазылмаған ереже еді. Енді ҰҚК заңмен "қаруланбақ". Бұл заң бойынша, кез келген наразылықты, азаматтық белсенділердің кез келген іс-әрекетін, тіпті жалғыз адам пикетінің өзін "әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайға" жатқызуға болады. Себебі заңда "әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайға" не жататыны нақты жазылмаған, – дейді белсенді.

Полиция қызметкерлері оппозиция наразылық акциясын өткізбекші болған жерге келген адамдарды көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 1 наурыз, 2020 жыл
Полиция қызметкерлері оппозиция наразылық акциясын өткізбекші болған жерге келген адамдарды көлікке күштеп салып жатыр. Алматы, 1 наурыз, 2020 жыл

"Ашық үкімет" порталындағы жобада "әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар" деген не екені нақты көрсетілмеген. Ал ҰҚК бұл ұғым "Төтенше жағдай туралы" заңнан алынғанын айтады.

"Төтенше жағдай туралы" заңның 1-бабында "адам шығындарына, денсаулыққа зиян келтiруге, елеулi мүліктік шығындарға немесе тұрғындардың тiршілiк әрекетi жағдайының бұзылуына әкеп соғатын кез-келген жанжал" "әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдай" деп көрсетілген.

"БИЛІК ӨЗІНЕ ТӨНУІ МҮМКІН ҚАУІПТІҢ АЛДЫН АЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ"

Адам құқығы мен заңдылығын сақтау бюросының құқық қорғаушысы әрі журналист Сергей Дуванов Қаңтар оқиғасында халық наразылығының күшін көрген билік өзіне болашақта төнуі мүмкін қауіптің алдын алу үшін ҰҚК-ге ерекше функция бергісі келеді деп есептейді.

– Елде төтенше жағдай енгізу ережесі бар. Бірақ төтенше жағдай енгізу – тым ауқымды шара, ол әсіресе экономикаға қатты әсер етеді. Коронавирус неге әкеп соққаны естеріңізде ме, бизнес түгіл, тамақ табудың өзі қиындап қалды емес пе? Сондықтан бұл жалпы жағдайға әсер етеді. Оның үстіне, көшеде наразылық білдіріп тұрғандарға әр кез оқ ату үшін төтенше жағдай жариялау өте ыңғайсыз. Сондықтан билікке қарсы көңіл-күйді бақылап, басып тастаудың қитұрқы тәсілі керек болды. "Дағдарыс жағдайлары" я "әлеуметтік сипаттағы төтенше ахуал" дегеніңіз – кез келген митинг я жаппай наразылық, – дейді ол.

Қаңтар оқиғасы кезінде үкіметке әлеуметтік-экономикалық және саяси талаптар айтып, наразылық шеруіне шыққан адамдар. Алматы, 5 қаңтар, 2022 жыл
Қаңтар оқиғасы кезінде үкіметке әлеуметтік-экономикалық және саяси талаптар айтып, наразылық шеруіне шыққан адамдар. Алматы, 5 қаңтар, 2022 жыл

Елдегі қарсылық жиындарына көп жылдан бері мониторинг жасап келе жатқан Дуванов кейінгі төрт-бес жылда наразы көңіл-күй артқанын, халық өз мәселесін кабинеттерде емес, көшеде, алаңда шешуге көшкенін айтады.

– Дамыған елде наразылық білдіру – қалыпты жағдай, Қазақстан үшін бұл – ҰҚК араласуды қажет ететін қауіпті жағдай. ҰҚК бұрын да барлық наразылықты бақылап келді. Бірақ бұған дейін олардың ісі заңсыз еді. Енді олардың әр қадамы мен іс-әрекетін заңдастыру үшін жарлық шығарылып, норма қабылданбақ. Яғни президенттің бұйрығын күтпей-ақ, оқ ата бермек. "Қызметкер өміріне қауіп төнсе, қарсы оқ атуға болады" деген сынды норма енгізілсе болды ғой. Бізге беймәлім осыған ұқсас қаншама ішкі ережесі болуы да мүмкін. Біз оны іс сотқа жетіп, сот ашық болса ғана білуіміз мүмкін. Міне, қауіп қайда жатыр, – дейді құқық қорғаушы.

"САЯСИ ПОЛИЦИЯ"

Liberty құқық қорғау қорының жетекшісі Ғалым Ағелеуов биліктің бұл ұсынысын сөз бен ой еркіндігіне салынған санкция болуы мүмкін деп қауіптенеді.

– Құжаттың басты мақсаты – Назарбаев-Тоқаев жүйесіне қарсылық көрсете алатын тәуелсіз азаматтық қоғамды жою. Барлық қоғамдық-саяси шараға рұқсатты ҰҚК беріп, комитет өзіне керек "азаматтық іс-шаралар" өткізуге монополиялық құқыққа ие болады. Билік ҰҚК-ге осыншама құзырет берсе, саяси астары бар іс көбейіп, репрессия күшеймек. Бұл, әрине, еліміздің әрбір азаматына әсер етуі мүмкін, – дейді құқық қорғаушы.

Ағелеуов биліктің "ҰҚК-ге еңбек қарым-қатынастарын техникалық реттеу мүмкіндігін бергенінің" өзі Ақорда еңбек дауларын да шешуге қауқарсыз екенін көрсетеді деп пайымдайды.

– Еңбек дауын шешу үшін саяси-экономикалық реформа жасап, биліктегілердің өздерінің де қатысы бар коррупцияны жою керек. Егер бір ұжым айлыққа қатысты дауда жеңіске жетсе, ертең Қазақстанның барлық жұмысшысы да айлықты өсір деп талап етеді. Сондықтан олар жұмысшыларды күшпен басып, өздері пайда көріп отыра бергенді жөн көреді, – дейді құқық қорғаушы.

Қазақстандағы адам құқығы бюросының жетекшісі Евгений Жовтистің пайымдауынша, "ҰҚК совет кезеңіндегі НКВД секілді саяси оппозицияны, диссиденттерді, билікке сын айтқандарды қудалаумен айналысуды басты міндеті деп есептейді".

Құлағына арнайы құрал қыстырған, үстіне жай киім киіп алып, наразылық акциясы болып жатқан жерде сыбырласып тұрған адамдар. Алматы, 28 сәуір, 2012 жыл
Құлағына арнайы құрал қыстырған, үстіне жай киім киіп алып, наразылық акциясы болып жатқан жерде сыбырласып тұрған адамдар. Алматы, 28 сәуір, 2012 жыл

– Қазақстанда ұлттық қауіпсіздік органдары жүйесі Совет Одағы құлағаннан кейін реформаланбады және [ҰҚК] әлі саяси полиция рөлін атқарып келеді. Ал саяси полиция болған жерде олар арнайы заңнаманы қалай пайдаланады – мәселе сонда. Қаңтар оқиғасында қалай пайдаланды? Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік, нақтырақ айтқанда, одан кейінгі процесс бейбіт тұрғындарға, азаматтық белсенділер мен саяси оппозицияға әсер етті. Жанболат Мамай мырза тәрізді көп адам саяси белсенділіктен шектелді. Кейбіреуді тіпті бостандығынан айырды. Өкінішке қарай, біз күш құрылымдарын, соның ішінде ұлттық қауіпсіздік комитетін де саяси құрал ретінде пайдаланатын авторитар режимде өмір сүріп жатырмыз әлі, – дейді ол.

Тіл маманы Бижомарт Қапалбек ұсынылған ереженің қазақшасын түсіну қиын, адамдарды шатастырады дейді.

– Мына ережені орысшасын оқып қана түсінуге болады. Қазақшасы жалпы түсінікті болғанымен, сөз тіркестері мен терминдері түсініксіз. Заң орысша жазылып, кейін қазақ тіліне аударылады, аударылғаннан кейін оның сөлі кетеді, – дейді тіл маманы.

"ЕЛІМІЗДІҢ ТЫНЫШТЫҒЫ – ҚАУІПСІЗДІКТІҢ АРҚАСЫ"

ҰҚК президент Тоқаев ұсынған ереже жөнінде ешқандай пікір білдірмеді. Ал сенат депутаты Геннадий Шиповских Азаттыққа "Қауіпсіздік ешқашан артық болмайды. Өйткені еліміздің басты құндылығы, тыныштығы – қауіпсіздіктің арқасы" деді.

Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп ҰҚК туралы ереже жобасы белсенділерді қудалау амалы емес дейді:

– Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзыретін күшейту жөніндегі талаптар мемлекеттің бүгінін және ертеңіндегі тыныштығын, тұрақтылығын қамтамасыз етуге керек шаралар деп есептеймін.

ҰҚК – Қазақстандағы ықпалды органдардың бірі. Комитетке "шекараны қадағалап, терактілердің, диверсиялардың, қарулы бүліктердің алдын алу, конституциялық билік құрылысын күшпен өзгертуге және билікті күшпен басып алуға талпынысты болдырмау" міндеттері жүктелген. Бірақ белсенділер мен құқық қорғаушылар бейбіт митингілерге ҰҚК өкілдері келіп, видеоға түсіріп жүретінін, азаматтарға қысым көрсететінін жиі айтады.

ҰҚК-ге былтыр мемлекет бюджетінен 424 миллиард теңге бөлінсе, комитеттің биылғы бюджеті сәл өсіп, 543 миллиард теңге болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG