ВИКАНЫҢ ХИКАЯСЫ
Вика үш жасар ұлымен бірге «Мой дом» дағдарыс орталығын екінші рет паналап отыр.
Вика — балалар үйінің түлегі. Балалар үйіне әпкесімен бірге мектепке бармай тұрған шағында түскен. Отбасындағы өміріне қарағанда, балалар үйіндегі жағдайы едәуір жақсы болғанын айтады. Балалар үйінен кейін бірден аяққа тұрып кете алмаған. “Қол ұшын берер жақының, баспанаң мен жұмысың болмаса қиын», - дейді денесіндегі соққы іздерін көрсетіп.
Вика азаматтық некеде тұрған күйеуінен көп қорлық көрген. Басқа барар жері жоғын білетін күйеуі үйден қуған, қолы мен тісін сындырған. Дағдарыс орталығы демеушілер ақшасына Викаға тіс салдырып берген.
Күйеуінен таяқ жеп, баласымен далада қалған кездің бірінде екі апта подъезде тұруға тура келген. Дағдарыс орталығына сол жерден барған.
— Дағдарыс орталығыда бір жылдай тұрып, ұлыммен жеке пәтер жалдап шықтым. Балама күтуші жалдап, мәшине жуып, күзетші боп, екі жерде демалыссыз жұмыс істедім. Сөйтіп жүргенде бүйрегіме суық тиіп, жұмыстан шығуға тура келді. Қазір қолымды мұздай суға салсам, бүйрегім ауырып, буындарым сырқырайды. Жағдайым қиындап кеткен соң дағдарыс орталығына қайта келдім. Бізді тіркеуге тұрғызды. Баламды балабақшаға беріп, емделіп, жұмысқа қайта шығамын. Балалық шағым ауыр болды, енді балам таршылық көрмесе деймін, — дейді Вика.
МАРИЯ МЕН МАРИНА
Марияның бір баласы бар, екіншісіне аяғы ауыр. Қол ұшын берер жақыны жоқ: әкесі із-түзсіз жоғалған, мүгедек анасы ауруханада. Мария бұрын бірге тұрған адамдарынан қорлық көрген. Бірнеше рет тісі сынған. Қазір күйеуі елдің басқа өңірінде алкогольге тәуелділіктен емделіп жатыр. Мария дағдарыс орталығын паналап, әрі психологиялық көмек алып жүр.
- Бұрын бес рет түсік тастадым. Сондықтан балам болса деп армандадым. Жүкті екенімді білгенде, баланы өмірге әкелемін деп шешім қабылдадым. Азаматтық некедегі күйеуім «бала менікі емес» деп, мені ұрып-соқты. Кейін болашақ күйеуіммен танысып, тағы да жүкті болдым. Бірақ оның арақтан аузы құрғамайтын еді. Ішіп келіп, сабайтын. Осылай дағдарыс орталығына түстім. Басқа барар жерім жоқ. Күйеуім түзелер деп үміттенемін, - дейді Мария.
Дағдарыс орталығында тұратын әйелдердің бірі Марина да азаматтық некедегі күйеуінен жасырынып жүр. Бір кездері баласымен бірге жылу құбырларының арасында, бөтен адамдармен бірге пәтер жалдап тұрған. Анда-санда тапқан ақшасымен күнелткен. Қазір ол да «Мой дом» дағдарыс орталығында кішкентай екі баласымен тұрып жатыр.
- Жас кезімде ағаларымнан зорлық көрдім. Үйім тозаққа айналған соң, жылу құбырларының арасында түнеген кездерім болды. Араққа салынған анам ағаларымнан зорлық көргеніме сенген жоқ. Сөйтіп сағым сынды, қатты қажыдым. Біртіндеп арақ ішіп, шылым шеге бастадым. Құлдыққа түстім, зорлық көрдім. Бір адам мені шіркеуге жетелеп апарды. Сол адамға алғысым шексіз. Шіркеу тамақ беріп, жуындырып, киім беріп, зиянды әдеттерімнен арылуға көмектесті. Қазір ішпеймін, шылым шекпеймін, бірақ балалармен тұратын жерім жоқ. Қамқоршылық органдары балаларымды алып қояр деп қорқамын. Бұрын бірге тұрған азаматтық некедегі күйеуім қыр соңымнан қалмай жүр. Уақытша баспана болатын, тіркеуге тұрып, ес жиюға мүмкіндік беретін осындай орталық бары қандай жақсы, - дейді Марина.
ДАҒДАРЫС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТІРШІЛІГІ
«Мой дом» дағдарыс орталығы ашылғалы тағдыры қиын талай әйелге пана болған. Қазір орталықта сегіз әйел мен он бала тұрып жатыр. Бәрі де балалар үйінің түлектері, түрмеден шыққан және күйеуінен зорлық көріп қашқан әйелдер бар. Әйелдердің бірі дағдарыс орталығы туралы таныстарынан естісе, енді біреулеріне полиция жолдама берген. Бұл жерге көп балалы әйелдер де көмек сұрап келеді. Дағдарыс орталығы Теміртау тұрғындарын ғана емес, Қарағанды облысындағы әртүрлі қала мен ауылдан келген барлық әйелді қабылдайды.
Бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орталық осы уақытқа дейін 600 әйелге көмек көрсеткен. Олардың көбі денсаулығын түзеп, жұмыс тапқан. Әйелдердің қоғамдық өмірге етене араласып, қалыпты тіршілік бастауы - көрген қиындығы мен моральдық жағдайына байланысты бір айдан бір жылға дейін созылуы мүмкін.
Орталыққа қаржы бөлінген соң, психолог, әлеуметтік қызметкер, медбике, педиатр, заңгер, педагог қызметіне ақы төлеуге мүмкіндік туған. Олардың бірқатары бұрын ерікті боп жұмыс істеген. Орталықта шағын тігін цехы мен спорт құралдары бар. Бірақ шатырдан су ағып, бұл жабдықтар әзірге пайдаға аспай тұр. Орталық басшылығы алдағы уақытта шатырды өз күшімен жөндеуден өткізуді жоспарлап отыр.
— Әйелдер кезекпен тамақ істеп, үй тазалайды. Қазір вирус (коронавирус пандемиясы – Ред.) кезінде орталық аумағынан шығуға болмайды. Тек жұмысқа не ауруханаға баруға болады. Оларға жұмыс істеп, ақша жинауға мүмкіндік береміз. Көмектің бәрін тегін. Осында жүріп, жатақханадан бөлме жалдап тұруға ақша жинасын дейміз. Теміртауда жатақхана бар, бір бөлмеге айына 20 мың теңге төлеу керек. Одан бөлек, коммуналдық төлемдер бар, — дейді «Мой дом» дағдарыс орталығының басшысы Ирина Жданова.
Әйелдерге тамақ пен баспанадан бөлек, орталықта оларды тіркеуге тұрғызып, құжаттарын реттеуге көмектеседі. Балалар тағамын, жаңа туған сәбилерге жөргек береді. Орталықта тұрмыстық техника, ас үй, жуынатын бөлме, медициналық кабинет, аулада — ойын алаңы бар. Орталыққа түскен әйелдер мен балалар медициналық тексерісетен өтеді.
— Жақында бір әйелді тура перзентханадан осында әкелді. Пробация қызметі, билік пен тағы бір қоғамдық қор әйелді дағдарыс орталығына орналастыруды өтінді. Түрмеден шыққан, бір баласы балалар үйінде, екінші баласы бір айға да толмаған әйелді қабылдамасақ, баланы анасынан тартып алар еді. Жақындаорталыққа ауылдан балалы әйел қашып келді. Біз полициямен сөйлестік. Оның екінші күйеуі үш жасар баласын ұрып-соғып, өртеп жіберемін деп қорқытқан. Екінші баласы — алты айлық. Медициналық тексеру кезінде баланың қызуы жоғары екені, денесінде қызыл дақтар бары анықталды. Жедел-жәрдем шақырып, ауруханаға жатқыздық. Ауруханадан шыққан соң, осында келеді, — дейді Жданова.
ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ КӨМЕК КЕРЕК
«Мой дом» дағдарыс орталығы Жапония үкіметінің қаржысына ашылған. Билік бұрын бірнеше рет қолдау көрсетуге уәде берген, бірақ орталық мемлекеттен екі рет қана көмек алған. Көптен бері қоғам белсенділері дағдарыс орталығының жұмысын өз қаржысына жүргізіп келеді.
Жергілікті тұрғындар да көп көмектеседі. Бірнеше рет елшілердің әйелдері құрған қор көмектескен. Соңғы екі жылда орталық қайырымдылықтан түскен қаржыға жұмыс істеген. Қала тұрғындары азық-түлік, киім-кешек, гигиеналық заттар берген. Бірақ орталықта тек бірнеше әйел мен баланы ғана қабылдауға мүмкіндік бар. Қаржы тапшылығынан көмекке мұқтаж көп әйелді кейін қайтаруға тура келген.
Жақында Қарағанды облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы орталыққа 19 жарым миллион теңге бөлген.
— Жобамызға қаржы бөлгеніне қуандық. Бірақ мұндай жобаны үзіп-жұлып қаржыландыруға болмайды. Жобаны қаржыландыру қараша айында аяқталады. Одан кейін тағы да байқауға қатысуға мүмкіндік туса, бүкіл ресми процесс аяқталғанша, бірнеше ай өтеді. Осы уақыт ішінде дағдарыс орталығы алақан жайып қалады. Әйелдерді көшеге қуып шығамыз ба? Мәселен, бір әйел келсе, психолог онымен және балалармен жұмыс істейді. Құжат реттеу басталады. Олар бейімделіп, жаңа ортаға бой үйретіп үлгермеуі мүмкін. Сондықтан ұзақ мерзімді көмек керек, — дейді Жданова.
Қоғам белсенділері жұмыс істеп тұрған орталықтарға қолдау керек деген мәселені бұрыннан көтеріп келеді. Наурыз айында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қоғамдық ұйым өкілдерімен жиналыс өткізді. Жиында дағдарыс орталықтарн дамыту жолдары талқыланып, билік қиын жағдайда қалған азаматтарға көмектесуге арналған мемлекеттік мекеме ашу туралы жоспарын бөлісті.
«Соңғы кезде Қарағандыда облыстық мемлекеттік дағдарыс орталығын ашу туралы көп ұсыныс түсіп жатыр. Мұндай орталық қажет екенін түсінемін. Қазір облыста дағдарыс орталығы тапшы, мұндай орталықты барлық қаладан бірдей таба алмайсыз. Тұрмыстағы зорлық мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Мемлекеттік орталық пен қоғамдық бірлестіктер қатар жұмыс істеуі керек», — деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.
Бұл шешімнің қазір жұмыс істеп тұрған, үнемі мемлекеттен көмек сұрағанымен, негізінен тек жеке тұлғалар мен демеушілерден ғана қолдау көретін дағдарыс орталықтарына қалай әсер етері белгісіз. Қоғам белсенділері мемлекеттен қолдау болар деп үміттенеді. Олар мемлекетке жаңа мекеме ашқаннан, жұмыс істеп тұрған дағдарыс орталықтарынакөмектескен әлдеқайда жеңіл болар еді деп есептейді.
ПІКІРЛЕР