ҚОРҒАУШЫ ТАРАП ШЕШІМГЕ НАРАЗЫ
Алматы гарнизоны әскери сотының судьясы Ралат Болатхан шілденің 15-і күні бұрынғы әскери қызметкер, "терроризмді насихаттады" деп айыпталған 45 жастағы Бақтығали Қалдыбековті бес жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды.
Соттағы жарыссөз кезінде прокурор Дәулет Қажахмет айыпталушыға сегіз жыл түрме жазасын беруді сұраған. Айыпталушы соңғы сөзін айтқанда және сот шешімі оқылған кезде прокурор сот залында болған жоқ.
Бақтығали Қалдыбеков сот шешімімен келіспейтінін айтты. Шілденің 11-і күні сот отырысында сөйлеген соңғы сөзінде бұрынғы әскери қызметкер "айыптауды арнаулы қызмет қолдан жасағанын" мәлімдеді. Қалдыбековтың адвокаты Мұрат Қалымбетов аппеляциялық шағым беруге бекініп отыр.
Бақтығали Қалдыбековтің анасы және қоғамдық қорғаушысы 70 жастағы Данышпан Нұрақова сот шешіміне наразы екенін айтады.
— Сот Бақтығалиды ақтап шығар деп сеніп едім. Өйткені баламның жазығы жоқ. Осы үмітпен соттан баламды үйге автобуспен алып қайтпайын деп, таксиге ақша алып шығып едім, — дейді қарт ана.
Әскерде сегіз жыл бойы келісімшартпен жұмыс істеп, 2017 жылы денсаулық жағдайына байланысты қызметінен босаған Бақтығали Қалдыбеков 2018 жылы ақпанда ұсталған. Сол жылы қазан айында Алматы қаласы Алмалы аудандық соты оны "терроризмді насихаттады" деген айыппен алты жыл сегіз айға түрмеге қамау туралы үкім шығарған. Төрт айдан кейін аппеляциялық сот "істі әскери сот қарауы керек" деп, үкімнің күшін жойған.
Қылмыстық іс бойынша жүргізілген жаңа тергеуден кейін айыптау қаулысы Алматы гарнизонының әскери сотына берілген. Сот процесі үш айға созылды.
ЕСКІ АЙЫПТАУЛАРҒА НЕГІЗДЕЛГЕН ЖАҢА ШЕШІМ
Сот процесін бақылаған журналист, халықаралық адам құқығын қорғау бюросының өкілі Андрей Свиридов жаңа айыптау қаулысына ескі қаулының мәтіні сөзбе-сөз көшірілгенін айтады. Оның пікірінше, жаңа қаулы алдыңғысынан сәл ғана өзгеше болғанымен, Қалдыбековке тағылған айып өзгермеген. Айыптау Қалдыбеков 2015 жылы "ВКонтакте" желісіне интернеттен алып жариялаған мәтінге негізделген. Іс материалдарына сәйкес, сараптама әлеуметтік желідегі жазбадан терроризмді насихаттайтын жолдар тапқан.
— Осыған дейін бір жарым жыл тергеу мекемесінде отырғанына қарамастан, бес жылға түрмеге жапты. Бұдан бұрын басқа сот шығарған шешімді әскери сот тағы да растады. Негізінде, Қалдыбековті бір мәтінді бөліскені үшін айыптап отыр. Бірақ мен сотта бұл мәтінді айыпталушы жазғаны туралы ештеңе естімедім. Қалдыбековтың бұл мәтінге қандай қатысы бары мүлде дәлелденбеді. Әлеуметтік желіден бір ақпарат оқу, сақтап алу немесе бөлісу қылмыс па? — дейді Андрей Свиридов.
Қалдыбеков пен оның қорғаушысы мәтіннен терроризмді насихаттайтын ешбір белгілерін көрмейтінін, іс материалына сәйкес, әлеуметтік желідегі жазбаны бірден бірнеше куәгердің табуы кездейсоқ болмағанын айтты. Қалдыбеков өзіне қарсы іс қозғау үшін бұл жазбаны әдейі іздеген деп есептейді. Оның пікірінше, бұл арнайы қызметтің өзіне қарсы жасаған "теракт ұйымдастырды" деген арандатушылық әрекеті жүзеге аспағаннан кейін жасалған. Ол соттан арнайы қызмет өкілдерін және тағы бірнеше адамды «арандатушылық» бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартуды сұрады.
Сот "айыпталушының арнайы қызметтің арандатушылық әрекетіне қатысты айтқандарына дәлел жоқ" деп, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерін жауапкершілікке тарту туралы өтінішті қанағаттандырмай тастады.
— Қалдыбеков үнемі өзіне қарсы жасалған арандатушылық әрекетті зерттеуді талап етті. Өзінің айтуынша, жұмыстан шыққаннан кейін оған белгісіз біреулер келіп, өздеріне әлдебір істі үйретуді сұраған. Қалдыбеков бас тартқан. Кейінірек әлгі адамдар Қалдыбековтің ісі бойынша куәгерлік еткен ҰҚК қызметкерлері боп шыққан. Ал айыпталушыны қоғамға қауіпті адам ретінде түрмеге жапты, — дейді Свиридов.
Свиридовтің айтуынша, сот отырысы кезінде Қалдыбековтың қылмысты 2015 жылы маусымның 12-сі күні, яғни төрт жыл бұрын жасағаны айтылған.
— Яғни, қылмыс төрт жыл бұрын жасалған. Одан біреудің жапа шеккені байқалмайды. Ал оны қоғамға зиян тигізген адам сияқты түрмеге жауып жатыр, — дейді Свиридов.
ДІНИ АҒЫМДАРДЫ ЗЕРТТЕУМЕН АЙНАЛЫСҚАН
Бақтығали Қалдыбековтің анасы Данышпан Нұрақова ұлын "білім алуға бейім, ғылымға жақын азамат" дейді. Ол Азаттық тілшісіне Қалдыбековтің университетті үздік бітіргенін растайтын дипломын көрсетіп, ұлының белгілі ғалым Нұрболат Масановтың шәкірті болғанын айтқан. Нұрақованың сөзінше, баласының бұл салада қабілетін шыңдауға жағдайы келмеген.
Танымал профессор Нұрболат Масановтың жесірі, 2005 жылдың желтоқсанынан 2006 жылдың қазан айына дейін көшпенділердің мәдени мұрасы мәселелері бойынша Қазақстан ғылыми-зерттеу институтын басқарған Лаура Масанова Азаттыққа Бақтығали Қалдыбековті институтта қызмет еткен кезінен білетінін айтты. Бақтығалидің еңбекқор болғанын атап өткен Лаура Масанова күйеуімен бірге институтта қызмет еткендердің көбі әлі күнге өздерін профессордың шәкірті деп есептейтіндерін атап өтті.
Бақтығали Қалдыбековпен ғылым жолында бірге еңбек еткен Мақсұт Бектасов та бұрынғы әріптесінің қабілетті азамат болғанын айтады. Азаттықтың Қалдыбеков ісі бойынша жариялаған мақалаларының астына пікір қалдырған Бектасов редакцияға жеке архивінде сақталған бірнеше сурет жіберді. Олардың бірінде Бақтығали Қалдыбеков 2017 жылы Қарағанды облысындағы археологиялық ескерткіштердің алдында тұр. Мақсұт Бектасовтың айтуынша, ол уақытта Қалдыбеков денсаулығына байланысты әскери қызметтен босап, төрт баланы асырауға жағдайы болмағандықтан осындай археологиялық экспедицияларға қатысып, күнелткен. Бектасов бұрынғы әріптесінің діни ағымдарды зерттеумен айналысып, араб тілін үйрене бастауы арнаулы қызметтің күдігін туғызған болуы мүмкін деп топшылайды.
Қалдыбековке қарсы қозғалған қылмыстық іс материалдарына қарағанда, оны 2016 жылдан бері сырттай бақылаған. Арнайы қызмет Қалдыбековтің диск пен ноутбугіндегі құжаттарды қараған. Әскери барлау қызметі Қалдыбековтің діни көзқарасын анықтау үшін оның әскердегі бұрынғы әріптестерімен "профилактикалық әңгіме" өткізген. Іс материалдарына сәйкес, Бақтығали Қалдыбековтің мешітте намаз оқыған сәтін бақылаған ҰҚК қызметкерлері "құлшылық жасау әдісі деструктивті ағымға тән" деген қорытындыға келген.
Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюроның сот процестерін бақылаудан тәжірибесі мол қызметкері Андрей Свиридов Қалдыбеков ісі бойынша соттың айыпталушыны кінәлі деп табатын шешім шығарғанына таңғалмағанын айтады. Оның пікірінше, мұндай істерге келгенде, сот шешімі әдетте айыптаушы тараптың пайдасына шешіледі.
"Бұл — көңілге қаяу түсіретін жағдай" дейді ол.
ПІКІРЛЕР