Accessibility links

Қазақстанда тәуелсіз кәсіподақтар құқығы сақталмайды


Techno Trading LTD компаниясының жұмысшылары. 5 қаңтар 2017 жыл
Techno Trading LTD компаниясының жұмысшылары. 5 қаңтар 2017 жыл

Бақылаушылар Қазақстанда жұмысшылар мен тәуелсіз кәсіподақтар құқығы "заңмен де, іс жүзінде де қорғалмаған" деп санайды. Кәсіподақ жетекшісі Дмитрий Синявскийге жасалған қастандықты соның бір дәлелі деп атайды. Үкіметке жақын кәсіподақ өкілі ондай пікірмен келіспейді.

КӘСІПОДАҚ БЕЛСЕНДІСІНЕ ҚАСТАНДЫҚ

Қарағанды облысындағы Шахтинск қаласында қарашаның 10-ы күні белгісіз біреулер соққыға жығып, ауыр халде ауруханаға түскен кәсіподақ белсендісі Дмитрий Синявский қарашаның 16-сы күні ауруханадан шықты. Шабуыл жасағандар оны гаражда, көлігін жөндеп жатқан сәтте соққыға жыққан. Дмитрийдің басы мен кеудесіне зақым келіп, саусағы сынған, білегіне "темір шабақ" орнату үшін операция жасалған. Қарағанды облысы жылу-энергетика кешені қызметкерлерінің салалық кәсіподағының жетекшісі Дмитрий Синявский шабуылды кәсіподақтағы белсенділігімен байланыстырады.

- Бұлай таяқ жеуім бірінші рет. Бұған дейін екі рет пәтерімнің терезесін сындырды. Әйелім арыз жазып еді, ол жолы да "Бұзақылық" бабы бойынша іс қозғаған. Екінші рет терезені тағы шақпақшы болды, бірақ сынған жоқ, тек шытынады. Мұның барлығы биыл болған оқиғалар, - дейді Дмитрий Синявский.

Синявский қыркүйек айында Босния-Герцеговинада (Сараево қаласына) өткен Кәсіподақтардың халықаралық конфедерациясы жиынына қатысқан. Белсендінің сөзінше, содан кейін оған ескертулер жиілеген.

- Мен ол жиынға бізде таратылған Қазақстанның Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының (ҚТКК) өкілі ретінде қатыстым. Маған жасалған шабуыл сол сапарыммен байланысты деп ойлаймын. Мен онда ешқандай жаңалық ашқан жоқпын, тек тәуелсіз кәсіподақтардың жағдайы өте қиын екенін, халықаралық құқықтарға сәйкестендірілмеген заң сол күйі өзгермей жатқанын, тіркеуден өту қиын екені, яғни көпшілікке онсыз да белгілі жайттарды айттым, - дейді белсенді.

Былтыр "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорны шахтерлері наразылық білдірген тұста Дмитрий Синявский мен "Кеншілер отбасы" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Наталья Томилованы жергілікті полицияға шақыртқан. Кейін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы белсенділерді "заңсыз әрекеті" үшін сотқа берген, бірақ кейін ол арызын кері қайтарып алған.

РЕЙТИНГІСІ ЕҢ ТӨМЕН ОН ЕЛДІҢ ҚАТАРЫНДА

Қазақстанға қарашаның 13-15 күндері аралығында Кәсіподақтардың халықаралық конфедерациясы, Норвегия кәсіподағы мен Ресейдің еңбек конфедерациясы өкілдерінен құралған Халықаралық кәсіподақтар миссиясы келді. Олар Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Сыртқы істер министрлігі өкілдерімен, тәуелсіз кәсіподақ белсенділерімен кездесті.

Миссия өкілдері қарашаның 15-і күні Алматыда өткен қорытынды баспасөз жиынында Халықаралық конфедерацияның жыл сайынғы "Жұмысшылар мен кәсіподақ құқығы сақталмайтын елдер индексі" бойынша Қазақстан рейтингісі ең төмен он елдің қатарына енгенін айтты.

- Бізді Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясына қатысты репрессия, ұйым белсенділеріне қарсы қысым мен қылмыстық қудалаулар, белсенділер Әмин Елеусінов, Нұрбек Құшақбаев пен Лариса Харьковаларға қатысты әділетсіз соттар қатты алаңдатады, - деп мәлімдеді Кәсіподақтардың халықаралық конфедерациясының өкілі Антон Леппик.

Халықаралық кәсіподақтар миссиясы өкілдерінің Алматыдағы баспасөз жиыны.
Халықаралық кәсіподақтар миссиясы өкілдерінің Алматыдағы баспасөз жиыны.

Қазақстан билігі қылмыстық айыптар тағып, соттаған кәсіподақ белсенділері Лариса Харькова, Нұрбек Құшақбаев пен Әмин Елеусінов биыл Норвегияда Артур Свенссон атындағы танымал сыйлықпен марапатталған болатын. Марапаттау рәсіміне олар бара алмады, өйткені Харькова пробациялық бақылауда болды. Ал түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққан Елеусінов пен Құшақбаевтың ары-бері жүруіне шектеу қойылған.

- Біз бұл сыйлықты Қазақстанның тәуелсіз кәсіподақ белсенділеріне бергенімізді мақтан етеміз. Олардың соңғы бірнеше жылдан бері қызметіне қатысты қудалаулар мен қысымға ұшырап жатқанына қарамастан жұмысын жалғастырып келе жатқаны құрметке лайық. Бұл сапарымызда тәуелсіз кәсіподақты тіркеуге мүмкіндік жоқтың қасы екенін байқадық, - деді Артур Свенссон қорының жетекшісі Андреас Хальсе.

КӘСІПОДАҚТАР ФЕДЕРАЦИЯСЫ ӨКІЛІНІҢ УӘЖІ

Қазақстанның кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары, парламенттің бұрынғы депутаты Мұхтар Тінекеев халықаралық ұйым өкілдерінің пікірлерімен келіспейді.

Мұхтар Тінікеев
Мұхтар Тінікеев

- Олар жекелеген жайттарға сүйене отырып қана қорытынды жасайды. Өткен жылы федерацияға жаңа адамдар келгелі бері көп нәрсе өзгергенін байқамайды да. Съез өтті, жарғыға өзгеріс енгізілді, жоспарлар мен "Жол картасы" дайындалды. Құқықтарға қатысты айтсақ, иә, жұмысшылардың құқығын бұзған жекелеген кәсіпорындар бар. Тіпті өткен жылғы шахтерлер ереуілін алсақ, оған жұмыс беруші толығымен кінәлі еді. Федерация ол ереуілді қолдады да. Федерацияның арқасында түрмедегі белсенділер қамаудан босады, Харьковаға қатысты да мәлімдеме жасадық, - деді Мұхтар Тінекеев.

Ал "Кәсіподақтарды тіркеуде кедергілер бар ма?" деген Азаттық тілшісінің сұрағына Мұхтар Тінекеев "егер біреулерді тіркемей жатса, яғни оның бір себебі бар болғаны" деп жауап берді.

Ол Қазақстанға шетелдік делегаттардың келіп, мәлімдеме жасауына қатысты пікірін де айтты.

- Спорт шеберінің бірінші разрядтағылармен күрескенін немесе ойнағанын көз алдыңызға елестетіңізші. Дәл сол секілді оларда (шетелде) белгілі бір жағдай, кәсіподақ қозғалысының тарихы бар. Олар бізді солардың деңгейіне бірден түсе қалуымызды қалайды, - дейді Мұхтар Тінекеев.

ТӘУЕЛСІЗ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫН ТАРАТУ

Қазақстанда кәсіподақтың екі түрі бар, бірі – салалық, екіншісі – территориялық бірлестіктер. 1905 жылы Қарағанды облысында құрылған мыс кен өндіру орнының жұмысшылары одағы – Қазақстандағы алғашқы кәсіподақ болып саналады. Совет билігі кезінде кәсіподақтардың барлығы "Казсовпроф" ұйымына бағынған. Ал Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін, 1992 жылы Қазақстанның кәсіподақтар федерациясы құрылған. Оның құрамына 1,7 миллионнан аса мүшесі бар 21 салалық кәсіподақ пен 17 территориялық кәсіподақ бірлестігі кіреді.

Ресми кәсіподақ құрамында болғысы келмейтіндерін мәлімдеген бір топ азамат 2016 жылы Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын құрған. Оның жеткшісі болып Лариса Харькова сайланған.

2017 жылдың қаңтар айында Шымкент қаласының экономикалық соты Әділет министрлігінің талабымен Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын (ТКК) тарату туралы шешім шығарған. Мекеменің сотқа жүгінуіне конфедерацияның 2014 жылғы "Кәсіподақтар туралы" заң талабын орындай алмауы себеп болған. Ол талап бойынша Қазақстандағы кәсіподақ ұйымдарының барлық филиалдары алты ай ішінде тіркеуден өтуге тиіс.

Сот шешімі елдің батысында наразылық тудырды. Маңғыстаудағы Oil Construction Company (ОСС) мұнай сервисі кәсіпорнының жүздеген жұмысшысы "ТКК тараса, жұмысшылардың талабы жұмыс берушіге жетпейтінін" айтып, аштық жариялаған. Олар жұмысшылар құқығын қорғамайтын ресми кәсіподақ құрамында болғысы келмейтіндерін мәлімдеген.

Ол кезде ОСС тәуелсіз кәсіподағы Харькова басқаратын конфедерация құрамына кіретін. Харькованың өзі мұнайшылардың жағдайына алаңдап, аштықты тоқтатуға шақырған.

Билік ОСС жұмысшыларының наразылық акциясын заңсыз деп шешім шығарып, ондаған адамды сотқа тартты, кейбіреулеріне айыппұл салды. Ал қылмыстық айыптар тағылған кәсіподақ белсенділері Әмин Елеусінов пен Нұрбек Құшақбаев сот үкімімен түрмеге қамалды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG