Techno Trading LTD компаниясында оператор болып жұмыс істеген Қыдырбай Төребек қазір жұмыссыз жүр. Ол «былтырғы наразылық кезінде шебер, цех бастығы тәрізді лауазымды тұлғалардың еңбек қауіпсіздігін сақтамайтынын айтқаны үшін жұмыстан қуылдым» деп санайды.
- Маған «құлаққапсыз жұмыс істеді» деген жалған акт толтырып, оған жұмыста жоқ адамдар қол қойған. Ал құлағымда қорғағыштың барын растаған қасымдағы жұмысшылар қысымнан соң айтқандарынан бас тартты, - дейді ол.
Тағы бір белсенді ереуілші Роза Кенджиева «міндетін дұрыс атқармағаны үшін» жұмыстан шығарылған. 2016 жылғы наурызда болған наразылықта өткір талаптарымен көзге түскен белсенді компанияда 2006 жылдан бері оператор болып жұмыс істегенін, ешқандай сөгіс алмағанын айтады.
- Жұмысымыз өте зиянды. Мұнай құбырларын жуамыз. Жұмыстың зияндылығын айтып, қосымша өтемақы берілуі тиістігін айтқанмын, -дейді ол.
Роза Кенджиева сотқа шағымданған. Қазір соттың басталатын уақытын күтіп жүр.
Techno Trading LTD компаниясының жұмысшылары 2017 жылғы қаңтарда аштық жариялап, еңбек жағдайын жақсартуды, жалақыны көтеруді, тоқсандық сыйақы мен бонустар, денсаулыққа тиетін залал үшін қосымша төлем төлеуді, жұмысшыларды қудаламауды талап еткен еді.
ВИДЕО:Techno Trading LTD жұмысшыларының аштық акциясы (05.01.2017 түсірілген)
Компания кәсіподағы ұйымының төрағасы Уәли Ерпановтың айтуынша, ереуілге қатысқандардың басым бөлігі жұмыстан шығарылған. Кәсіподақ ұйымы төрағасының сөзін Роза Кенджиева, Жадыра Утаралиева, Қыдырбай Төребек, Қанат Өмірбеков, Кенжебек Ержанов сияқты жұмысшылар да растады. Олар "жалақыны көбейту мен әлеуметтік төлем сұрағанымыз үшін" жұмыссыз қалдық деп санайды. Жұмыстан шығарылғандар Жоғарғы сотқа шағымданбақ.
ОРЫНДАЛМАҒАН ТАЛАПТАР
Уәли Ерпановтың Азаттыққа айтуынша, наразы жұмысшыларды қолдап, компанияға өткір талап қойып жүрген кәсіподаққа да жойылу қаупі төніп тұр. Ол жұмысшылар талабы орындалмақ түгілі жағдай одан сайын ушығып кетті деп алаңдайды.
- Наразылықтан кейінгі Маңғыстау облыс әкімдігі, жұмыс беруші және кәсіподақпен арадағы келісім бос әңгіме болып қалды. Жұмысшылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін талап еткен 800 миллион теңгені «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясымен келісе отырып төленуі туралы мәселені енді ешкім еске алмайды. 2017 жылы қарашада Techno Trading LTD басшылығы Жетібай ауылындағы мұнай құбырларын жуып, жөндейтін цех жұмысшыларын бес жұмыс ауысымына көшірді. Бұл еңбек кодексіне қайшы және жұмысшылардың материалдық жағдайын нашарлатып отыр, - дейді Уәли Ерпанов.
Уәли Ерпанов Techno Trading LTD компаниясында 2006 жылдан бері еңбек еткен. Оны компания кәсіподағының төрағасы етіп жұмысшылар 2017 жылы қазанда сайлаған. Уәли Ерпанов кәсіподақ жұмысымен айналысу үшін компаниядағы операторлық жұмысынан бас тартқанын айтады. Ол кәсіподақ төрағасы бола тұра жұмысшылардың құқығын қорғауда қауқарсыз болып отырғанына налиды.
- Былтырдан бері 283 адам жұмыстан шығарылды. Олардың көбі – ереуілде белсенділік танытқандар. Жұмыстан шығарылғандар сотқа жүгінді, бірақ нәтиже жоқ, - дейді ол.
Ерпановтың айтуынша, жұмыс беруші өздерін қолдайтын тағы бір кәсіподақ құрып, оған жұмысшыларды «қорқытып кіргізе бастаған».
- Бұл ұжым арасында іріткі тудырып отыр. Бұрын біздің кәсіподағымызда 490 мүше болса, енді тек 90 адам қалды. Қалғандары жұмыссыз қалудан қорқып, компания басшылығы қолдап отырған жаңа «Бірлік» кәсіподағына кірді, - дейді Уәли Ерпанов.
Ол ұжымдық шартта қол қойылған талаптардың орындалмай отырғанын, жұмысшылар құқықтарын талап етуден қорқатынын айтты.
Уәли Ерпанов жұмыс берушінің қысымын тоқтатуды талап етіп, Бас прокуратураға, еңбек департаментіне, кәсіподақтар федерациясына шағымданған.
ЕҢБЕК БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖАУАБЫ
Бас прокуратура кәсіподақ төрағасы шағымын Маңғыстау облыстық прокуратурасына жолдаған. Ал облыстық прокуратура бұл шағымды Маңғыстау облыстық еңбек басқармасына жіберген.
Еңбек басқармасы бастығының орынбасары Шыңғыс Дүйсенов шағымға жауабында Techno Trading LTD басшылығының бес ауысымға көшуін Еңбек кодексіне қайшы еместігін, оның цехтардағы жұмысты оңтайландыру үшін жасалғанын және ол туралы компания басшылығының кәсіподаққа алдын-ала ескерткенін жазған.
Шыңғыс Дүйсенов кәсіподақтың шағым хатына қатысты: «800 миллион теңге әлеуметтік төлемді төлеттіру еңбек басқармасы құзырына кірмейді. Біз оны Techno Trading LTD басшылығы тапсырыс берушімен бірге шешуі керек. Жұмыс берушінің жұмысшыларға қысым көрсетуі туралы компания басшылығымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді» деп жауап берген.
Techno Trading LTD компаниясының директоры Әділ Ниязовпен хабарласу мүмкін болмады. Оның хатшысы Азаттық тілшісіне директордың қолы бос еместігін, жиналыс өтіп жатқанын айтты. Директордың орынбасары Нұрсәуле Боранова Techno Trading LTD компаниясы кәсіподағы ұйымының төрағасы Уәли Ерпановты да, қысым туралы айтып жүрген жұмысшылардың да ақпараттары жалған деп санайды.
- Уәли Ерпанов 283 жұмысшының жұмыстан шығарылғаны туралы санды қайдан алған? Неге солай деп сұрамадыңыз? Біз олардың шағымдарына барлық жерде жауап бердік, - деді ол.
КӘСІПОДАҚ ФЕДЕРАЦИЯСЫ НЕ ДЕЙДІ?
Қазақстан республикалық кәсіподақтар федерациясының Маңғыстау облысындағы филиалының төрағасы Қайрат Жанабеков Азаттыққа Techno Trading LTD компаниясындағы жұмыс беруші әрекетінен хабардар екенін, компания басшылығына қатаң ескерту жасағанын айтты. Ол федерацияның кәсіподаққа бөлек кабинет алуға қол жеткізгенін де ескертіп өтті.
- Мекеме басшысына «тыныштал» деп қатаң ескерту жасадық. Ол кәсіподақ төрағасын (Уәли Ерпанов – ред.) бізде жұмыс істемейді деп санайды. Бұл – сайланбалы қызмет. Ол өндіріс орнына кіре алуы тиіс. Келісім комиссиясының жұмысы туралы да, жұмысшылардың жұмыстан шығарылуы туралы да ескерту айттық, - дейді Қайрат Жанабеков.
Жанабековтің айтуынша, бір компанияда бірнеше кәсіподақ болуы заңға қайшы емес және мекемедегі ұжымдық шартқа Уәли Ерпановтың қолы қойылған.
- Ұжымдық шарт тек біреу ғана болады. Біз екі кәсіподақты да шақырып сөйлестік. «Бірігіңдер» деп ақыл айттық. Жұмыс берушіге екі кәсіподақтың бір-бірімен араздасқаны жақсы. Ол өз саясатын жүргізеді. Тырнақ астынан кір іздесе, кез келген адамды жұмыстан шығаруға болады,- деп санайды Қайрат Жанабеков.
Тechno Trading мекемесі «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының Жетібай, Қаламқас мұнай кен орындарындағы жабдықтарын жөндеумен айналысады. Компаниядағы жұмысшылар жалақыны көбейтуді, әлеуметтік төлемдер төлеуді, өздерін қудаламауды талап етіп 2014 жылдан бері бірнеше мәрте ереуілге шыққан.
Компаниядағы ең ірі жұмысшылар наразылығы 2016 жылғы наурыз, сәуір айларында өткен. 2016 жылғы қазанда Маңғыстау облысы әкімдігі жұмыс беруші мен кәсіподақ қатысқан үшжақты келісім комиссиясын өткізіп, жұмысшылар талабын орындауға келіскен. Кейін бұл талап орындалмады деп наразылық білдірген жұмысшылар 2017 жылғы қаңтар айында аштық жариялаған еді.
ПІКІРЛЕР