Түркістан облысының Мақтаарал мен Жетісай ауданында мақта теру науқаны басталды. Азаттық тілшісі облыстағы сегіз алқапта оқу уақытында мақта теріп жүрген балаларды көрді. Сарапшылар мұны "бала еңбегін қанау әрі заңға қайшы" деп санайды. Мектеп басшылығы, облыс әкімдігі мен прокуратура балалардың мақта теріп жүргенін жоққа шығарып, жауапкершілікті ата-анаға ысырады.
"КЕЛІСІНЕ 30 ТЕҢГЕ ТӨЛЕЙДІ"
14 жастағы Сардар – Мақтаарал ауданы Бескетік ауылының маңындағы алқапта мақта теріп жүрген қырық шақты терімшінің бірі. Салмағы 15 келі тартатын бір қап мақтаны өткізіп тұрған жасөспірім Азаттық тілшісіне үш сағаттың ішінде екі қап мақта тергенін айтты.
– Анама көмектесіп жүрмін. Сабақты үйге барған соң оқимын, – деген оқушы босаған қабын алып, жүйекке түсіп қайта мақта жинай бастады.
Сардармен бірге алқапта анасы мен інісі де мақта теріп жүр. Олар терген мақтаның келісіне 30 теңге алатынын айтады.
Ал әкесімен бірге бір жүйектен мақта жинап жүрген оқушы Шухраттың (аты өзгертілді – ред.) сүйреп жүрген қапшығы жартылай толған. Аты-жөнін айтқысы келмеген әкесінің сөзінше, баласы 10-15 келі мақта теріп, күніне 300-450 теңге (шамамен бір доллардан сәл асатын табыс – ред.) ақша табады екен.
Жеке өзі оқи алмайды, ал үйде оқытатын адам жоқ. Бәріміз мақта теруге шығамыз.
– Қазір сабақты компьютермен, телефонмен оқытатын болды ғой. Жеке өзі оқи алмайды, ал үйде оқытатын адам жоқ. Бәріміз мақта теруге шығамыз. Үйде бос отырмасын деп жаныма алып жүрмін. Тапқан ақшасын кешке өзіне ұстатамын. Дүкеннен қалаған затын сатып алады – дейді әкесі.
Әдетте Түркістан облысында мақта теру науқаны басталғанда диқандар Өзбекстаннан келетін еңбек мигранттарын жалдап, соларға мақта тергізетін. Биыл коронавирус пандемиясына байланысты қазақ-өзбек шекарасы жабылып, Өзбекстаннан мақта теруге адам келмей қалды. Осыдан кейін Түркістан облысындағы мақта алқаптарында жұмыс күшіне сұраныс күшейіп, диқандар жергілікті тұрғындарға, балаларға ақы төлеп мақта тергізіп жүр.
Қазақстанның бала еңбегі жайлы заңы
Қазақстан Еңбек кодексінің 31-ші және 69-бабына сай, балалар ақылы жұмысты 14 жасқа толғаннан кейін ғана істей алады. Оның өзінде жұмыс оқудан бос уақытта әрі бала денсаулығына зиян тигізбеуі, аптасына 24 сағаттан аспауы тиіс. Ал 14 жасқа дейінгі баламен еңбек шартын жасауға (өнер мен шығармшылыққа қатысты болмаса) тыйым салынған. Қазақстанның "Бала құқықтары туралы" заңының 16-бабында баланың 14 жасынан бастап қана ата-анасының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсіп-жетiлуiне оңтайлы, дене бiтiмiне, психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн жұмыс істей алатыны жазылған.
Азаттық тілшісі Бескетік ауылынан бір шақырым жердегі алқапта мақта теріп жүргендердің арасында 4-8 сыныпта оқитын 10-15 жастағы он шақты бала еңбек етіп жүргенін көрді. Бірі жүйекке түсіп, беліне жіппен байлап алған қапқа мақта теріп салып жүр. Енді бірі жинаған мақтаны таразы басына әкеліп, өткізіп тұр.
Мақта алқабының иесі Абдаким Саматовтың айтуынша, Бескетік ауылында жалданып мақта теріп жүрген балалар ата-анасымен бірге келген. Балалар күніне 20-30 келі мақта тереді.
– Оқушылардың кейбірі түске дейін әке-шешесіне көмектесіп, түстен кейін үйіне кетеді, – дейді ол.
"САБАҚТЫ КЕШКЕ ОҚИДЫ"
Жетісай ауданы Құрбан ата ауылының тұрғыны Гүлмира (аты-жөні өзгертілді – ред.) үш қызының екеуін өзімен бірге мақта теруге алып шыққан. Үлкен қызы үй тірлігін істеп, алқаптағы анасы мен сіңлілеріне ас дайындайды.
– Ауылда жұмыс жоқ, мақта теруге шығамыз. Мақта терімі жақсы болды дегенде бір айға созылады. Қолым бос болған соң екі қызымды алып шықтым. Екеуі де мектепте оқиды. Ақша тауып, киім аламыз дедім. Үшеуміз бірге күніне 100 келідей мақта тереміз, – дейді мақта теріп жүрген әйел қыздарын көрсетіп.
Анасының сөзінше, қыздары сабақты мақта теріп болған соң, кешке оқиды.
Осы жерде Гүлмираның жанындағы жүйекте мақта теріп жүрген әйел әңгімеге қосылып:
Сол модемді қосса, интернет жылдамдығы жақсы әрі арзан дейді. Бірақ ондай модем орнатуға ауыл адамының ақшасы жоқ.
– Қазір сабақты интернетпен оқып жатыр ғой. Оқушылар интернет қосу үшін де мақта теруге шығады. Мысалы, бір айлық телефон интернетінің тарифі 3 мың теңге тұрады (тарифтің көлеміне қарай бағасы 1500 теңгеден басталады – ред.). Ал интернет модемі 13 мың теңге екен (интернет трафигі шексіз сим-карталы арзан модемнің бағасы – ред.). Сол модемді қосса, интернет жылдамдығы жақсы әрі арзан дейді. Бірақ ондай модем орнатуға ауыл адамының ақшасы жоқ, қиналып отыр, – деді.
"САБАҚ УАҚЫТЫНДА МАҚТА ТЕРГІЗУГЕ РҰҚСАТ ЖОҚ"
Мақта алқабында жұмыс істеп жүрген балаларға жолыққаннан кейін Азаттық тілшісі түсте олар оқитын Бескетік ауылындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы №52 мектепке барды.
Мектеп әкімшілігі балалардың сабақта екенін айтты. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Серманиязова "мақта теріп жүрген бала көрген жоқпыз" деп сендіреді.
30 қыркүйекке дейін мектепте оқушының мақта теруге шығу дерегі тіркелмеген.
– Мектеп әр оқушының ата-анасымен келісім-шарт жасасқан. Онда мақта науқаны кезінде "мақта теруге баламды жібермеймін" деп ата-ана қол қойған. Ата-анамен онлайн жиналыс өткізілген. Түсіндіру жұмысы жүргізілген. Мақта науқаны кезінде оқушының сабаққа қатысуын сынып жетекшілері қатаң қадағалайды. Сынып жетекшісі оқушылар қашықтан оқып жатса да, бір бала сабаққа қатыспағанын білсе, мектеп басшылығына хабар береді. Ал сынып жетекшілерінің жұмысын директордың орынбасарлары бақылайды. Қазір бала еңбегін пайдаланудан бөлек, карантин талаптарын сақтау мәселесі бар. 30 қыркүйекке дейін мектепте оқушының мақта теруге шығу дерегі тіркелмеген, – дейді Серманиязова.
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары баланың мақта теруіне бір жағдайда ғана рұқсат етілетінін айтады. Сөзінше, "егер баланың отбасының жерінде мақта терілсе, онда оқушының екі сағат мақта теруіне болады. Одан артық бала еңбегін пайдалануға болмайды".
– Мұндай жағдайда "мақта терме" деп айта алмаймыз. Баланың ата-анасына екі сағат жәрдемдесуіне болады. Бірақ сабақты босатуға болмайды. Егер сабақ кезінде не бөтен адамның мақтасын теріп жүргенін көрсек, әуелі ата-анасына ескерту жасаймыз, екінші рет қайталанса, әкімшілік жазаға тартылады, – дейді директордың орынбасары.
Бала құқығын қорғап, бақылайтын облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова мақта теру баланың сабағына кедергі келтірсе, оған тыйым салынатынын айтады.
Мектептен тыс уақытта баланың қауіпсіздігіне ата-ана жауапты. Заңда баланы ауыр жұмысқа тартуға болмайтыны туралы талап бар.
– Жоғарғы сынып оқушыларының сабақтан тыс кезде ата-анасына көмектесуіне ешкім тыйым салмайды. Бірақ баланың денсаулығына зиян тимеуі керек екенін ескертеміз. Шынымды айтсам, мақта теріп жатқан адамдарды көргенім болмаса, терген емеспін. Қандай еңбек түріне жататынын білмеймін. Мектептен тыс уақытта баланың қауіпсіздігіне ата-ана жауапты. Заңда баланы ауыр жұмысқа тартуға болмайтыны туралы талап бар. 14 жасқа дейін баланы жұмысқа салса, жауапқа тартылады. 14 жасқа толған соң ата-анасының келісімімен жұмысқа шығады, – дейді ол.
Түркістан облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Дәулет Деріпсалдиновтың сөзінше, биыл мектеп жасындағы балаларды мақта теріміне заңсыз жұмысқа тарту жайттары анықталмаған. Облыстық полиция департаменті де мақта науқаны кезінде алқаптарда кәмелетке толмаған балалардың мақта теру фактісі тіркелмегенін айтады.
Ал Түркістан облысы әкімдігінің мәліметінше, қыркүйекте Жетісай ауданында үш баланың мақта теріп жүргені тіркелген. Балалардың ата-анасы мен мақта егушілерге ескерту берілген.
"КҮНДІЗ МАҚТА ТЕРГЕН БАЛАНЫҢ КЕШКЕ САБАҚ ОҚУЫ ЕКІТАЛАЙ"
"Зияткер-Ұстаз" қоғамдық бірлестігінің төрағасы, мұғалім Өмір Шыныбекұлы "мақта теру – өте ауыр жұмыс" екенін айтады. Оның пікірінше, күндіз мақта теріп келген баланың кешке сабақ оқуы, білім сапасы туралы айту артық.
– Өйткені мақталықтан баланың қарны ашып келеді, үйге келіп тамақ ішкен соң оны ұйқы қысады. Оқыды деген аты болмаса, қалғып-мүлгіген баланың білім алуы екіталай. Балаға мақта тергізу – "Бала құқығы туралы" халықаралық конвенцияны өрескел бұзу. Мысалы, Батыс елдері бала еңбегін пайдаланған деп Өзбекстан мақтасын сатып алудан бас тартқан, – дейді ол.
Әлеуметтанушы Камила Ковязина Қазақстанның кейбір аймағында бала еңбегін пайдалануды қалыпты жағдай деп қарайтынын, мемлекеттік органдар мұны заңбұзушылық деп қабылдамайтынын айтады. Сөзінше, ата-аналар көбіне баланы асырап, киіндіруді ғана ойлап, оның білімі мен психологиялық денсаулығына аса мән бермейді.
Бала ата-анама көмектесемін дегенімен, бұл шешімінің салдарын толық түсінбейді.
– Балалық шақ – адамның алдағы өмірге бейімделу кезеңі. Баланың бәсекеге қабілетті, табысты болуы мектепке көп уақытын арнап, сапалы білім алғанымен байланысты. Әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан бала табысты отбасындағы баладан артта қалады: бос уақытын кітап оқып, саяхаттаумен емес, ауыр жұмыс істеумен не теледидар көрумен өткізеді. Ойнап дамымайды, қажетті дағдыларды қалыптастырмайды. Бала ата-анама көмектесемін дегенімен, бұл шешімінің салдарын толық түсінбейді, – дейді маман.
Қазақстанда баланың еңбекке жегіліп, мақта теруі туралы зерттеу жоқтың қасы. Азаттық әлеуметтану кафедрасы бар бірқатар университетке және әлеуметтік зерттеумен айналысатын орталықтарға, бала құқығын қорғаумен айналысатын ЮНИСЕФ ұйымының Қазақстандағы өкілдігіне хабарласып көрді. Алайда олар Қазақстандағы бала еңбегі мәселесін зерттемегенін айтты.
АҚШ еңбек департаменті 2019 жылға арналған есебінде Қазақстан билігінің бала еңбегін қанауға жол бермеу мақсатында бірқатар шара қабылдағанын, бірақ соған қарамастан ауыр жұмыс істеп жүрген балалар әлі де кездесетінін жазған. Баяндамада бала еңбегі жөнінде кешенді зерттеу жүргізілмей отырғаны да айтылып, бала еңбегін пайдаланудың мысалы ретінде мақта теру жұмыстары көрсетілген. Департаменттің жазуынша, еңбек инспекторлары тек жоспарлы тексеру жүргізумен шектелген елде еңбекке ерте жастан тартылған балаларға көмек көрсететін әлеуметтік бағдарламалар жоқ.
(Мақаланы жазуға Азаттық тілшісі Дархан Өмірбек атсалысты.)
ПІКІРЛЕР