Accessibility links

Ашғабаттағы мешіттерде президентті мадақтап қана қоймай, жауларына лағынет айтты


Ашғабаттағы мешіттердің бірі. Мамыр айы, 2019 жыл.
Ашғабаттағы мешіттердің бірі. Мамыр айы, 2019 жыл.

Ашғабат мешіттерінде жұма күнгі уағыз-насихат кезінде имамдардың президент Гурбангулы Бердімұхамедовті сүюге шақырып, құдайдан оған мықты денсаулық пен ұзақ өмір тілеуі - үйреншікті құбылыс. Азаттықтың Түркімен қызметі тілшілерінің айтуынша, енді мешіттерде "уағыз-насихатқа президенттің жауларын" да қоса бастаған.

Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшілері өткен жұма күнгі уағыз-насихатқа қатысып, имамдардың президентті мадақтап қана қоймай, оның жауларына лағынет айтқанын да көрді.

"Алла оны барлық бәле-жалалардан сақтасын және дұшпандары аяғына келіп жығылсын".

Азаттық тілшілері мамырдың 17-сі күні айтылған имамдардың уағыз-насихатынан осылайша үзінді келтіреді.

"Жұма намазы аяқталғаннан кейін болатын уағыз-насихат кезінде имам президентті мадақтай бастады. Ол Арқадағтың кемеңгер саясатының арқасында елдің барлық жетістікке қол жеткізіп, азаматтардың бақытты өмір сүріп жатқанын айтты. Пайғамбардың өз отанын сүйгені тәрізді Арқадағ пен өз елін жақсы көруге шақырды" деді аты-жөнін айтпаған Азаттық тілшісі.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов.

Имам сонымен бірге қасиетті Рамазан айы кезінде "барша азамат құдайдан Түркіменстан әрі қарай да дами берсін" деп тілеуі тиіс деген.

"Имам құдайға сыйынып, президент Гурбангулы Бердімұхамедовке мықты денсаулық және ұзақ өмір беруін сұрады. Алла барлық бәле-жаладан сақтап, оның дұшпандары мен қарсыластарын жазаласын деп айтты" дейді тілші.

Оның айтуынша, мешітте адам көп болған және жұма намазына келгендердің көбі дінді биліктің үгіт-насихат құралы ретінде пайдаланып жатқанына наразы болған.

"Имам саяси мәлімдемелер айта бастап еді, көбі "тағы да басталды" деп бір-біріне сыбырлады. Адамдар "барлық проблема мен қиындықтар сол Арқадағтың арқасында" десті" деді Азаттық тілшісі.

Ол мешіт қабырғасының сыртында "Түркіменстан - бақыт пен гүлдену ордасы" деген жазуы бар үлкен баннер ілініп тұрғанын да айтты.

ВИДЕО: Халық кеңесінің отырысы президентті мадақтауға арналды (1.10.2018 жыл).

Халық кеңесінің отырысы президентті мадақтауға арналды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:43 0:00

Азаттық радиосы Түркіменстан үкіметі жанындағы діни істер бойынша басқармадан мешіттердегі саяси мәлімдемеге байланысты түсініктеме ала алмады.

Президенттерді уағыз-насихат кезінде мадақтау елде жиі кездеседі. Бірақ имамдардың "президент жауларын қарғауы" жақында пайда болған "тенденция".

Қазір елдегі БАҚ биліктің үгіт-насихат құралына айналған. Ақпарат құралдарында президент Гурбангулы Бердімұхамедовті мадақтаған "Біздің құрметті президентіміз", "ұлт көшбасшысы", "президенттің кемеңгер саясатының арқасында", "президенттің халық үшін жасаған ұлы реформалары", "құрметті президентіміздің ұлы істері" сияқты тіркестер жиі кездеседі.

Жергілікті телеарналардың сюжет тақырыбы президент немесе президент әкімшілігіне тікелей қатысы болмаса да, онда міндетті түрде "Арқадағтың кемеңгер саясатының арқасы" немесе соған ұқсас тіркестер айтылады.

Мамандығы бойынша дәрігер Бердімұхамедов ұзақ жылдар бойы денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Елдің бұрынғы президенті Сапармұрат Ниязовтың жеке дәрігері болған. Ниязов қайтыс болған соң сайлауда 80 пайыз дауыспен президент болып сайланды.

Халықаралық ұйымдар Түркіменстанды азаматтардың діни еркіндігін жиі бұзатын елдер қатарына жатқызады. Кейбір дерек бойынша, мұнда жастардың сақалын күшпен алғызады. ​

Азаттықтың Түркімен қызметінің мақаласы.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG