Accessibility links

Қазақстандағы православие шіркеуі қазақша уағызға көшпек


Марк әкей Бекқалиев, Қазақстандағы орыс православие шіркеуінің өкілі. Алматы, 26 қараша 2010 жыл
Марк әкей Бекқалиев, Қазақстандағы орыс православие шіркеуінің өкілі. Алматы, 26 қараша 2010 жыл

Қазақстанда православие діні өкілдері алдағы уақытта құлшылық рәсімдерін қазақша жүргізбекші. Бұған қатысты басқа діни топтардың көзқарастары сан алуан болып шықты.


Ұлты қазақ, православие дінінің өкілі Марк әкей (әке-шешесінің қойған есімі Марат) шіркеулерде құлшылық рәсімдердің қазақшаға аударылуын құптайды. Ол православие дініндегі негізгі терминдер қазақ тіліне аударылса, бәріне ыңғайлы болады деп есептейді.

«ҚАЗАҚША УАҒЫЗҒА СҰРАНЫС БАР»

- Маған орыс тілін жетік білмейтін қазақтар келеді. Ал мен болсам, қазақ тілін жақсы меңгермегенмін. Шіркеу қызметкерлері қолданатын терминдер өте ерекше болып келеді. Айталық, христиан дініндегі негізгі ұғымдардың бірі - «дух святых». Алдында бұл сөздің қазақша баламасы жоқ деп ойлаушы ем. Қазақ тілінде «әулие», «әруақ» сияқты сөздер бар екенін кейіннен білдім. Дәл сол сияқты «Бог» сөзін алайық. Оны қазақшаға құдай деп аударсақ, дұрыс болады. Ал «Аллаһ» десек, басқаша мағынаға ие болып кетеді. Осы сияқты ұғымдардың ара-жігін ажыратып алу керек, - деді Марк әкей.

Сұхбаттасымыз жергілікті халықты өз дініне тарту үшін қазақ тілін үйреніп, қазақша уағыз-насихат жүргізіп жүрген елдегі дәстүрлі емес діни ұйымдардың қолданатын «методын» теріс деп бағалайды. Православие шіркеуінің мұндай мақсаттардан алшақ жатқанын айта келе, өкінішке қарай, догматтық кедергілер салдарынан дәстүрлі дін өкілдері тіл мәселесін шешуде артта қалып келе жатқанын алға тартты.

- Естеріңізде ме, бір кездері католиктерде құдайға құлшылық қызметтері тек латын тілінде ғана жүргізілді. Әрине, құдай бәрімізді қай тілде болмасын, естиді ғой. Десе де...Біз тек бұған дайындалып қана қоймай, қыруар жұмыстар атқарамыз деп ойлаймыз. Жай ғана аударма емес, сапалы аударма жасалуы тиіс. Оның үстіне мәтіндерді орыс тілінен емес, түпнұсқа тілден аударамыз. Түпнұсқа тіл деп отырғанымыз - ежелгі грек тілі. Сондықтан аудармашылар ежелгі грек тілі, латын тілімен қоса қазақ тілін де жақсы меңгеруі тиіс, - деді Марк әкей қарашаның 26-сы күні Азаттық тілшісіне.

Қарашаның 25-і күні Қазақстандағы орыс православие шіркеуінің алдағы уақытта құдайға құлшылық ету рәсімдерін қазақша жүргізу жағын қарастырып жатқаны турасында ақпарат тараған болатын. Бұл ақпаратты растаған Қазақстандағы Митрополиттік аймағының епархия басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, аударма мәселесіне епархия осыдан екі ай бұрын кіріскен екен.

- Мысалы, Евангелие түсінікті болу үшін қазақшаға аударып жатырмыз. Сонымен қатар негізгі дұғаларды да «қазақша сөйлету» жағын қарастырып жатырмыз, - деді баспасөз қызметінің жетекшісі Евгений Иванов қарашаның 25-і күні Азаттық тілшісіне.

Маманның айтуынша, бұған қоса бүгінгі таңда Алматыдағы діни семинарияда жаңа бағыт бойынша мамандар да дайындалып жатқан көрінеді.

«БҰЛ ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ ҮШІН ҚАУІПТІ»

Бұл жаңалықты Қазақстандағы әр түрлі дін өкілдері әрқалай қабылдады.

Мәселен, Қазақстанның бас мүфтиінің орынбасары Мухаммед Хусейн ибн Усман Алсабеков православие шіркеуінің мұндай бастамасын дәстүрлі ислам дінін ұстанатын қазақтар үшін қауіпті деп есептейді.

- Қазақ халқының діні - ислам. Ата-балалардан келе жатқан асыл діні – ислам. Егер Қазақстанда басқа дін өкілдері құлшылық, ғибадаттарын қазақша жасайтын болса, дұрыс емес. Бұл меніңше, қазақ халқын өздерінің дініне кіргізу үшін, олардың арасында үгіт-насихат жүргізу үшін жасалып отырған нәрсе. Бұл бізге қайшы.

- Сіз сонда егер христиан уағызы қазақша айтылса, қазақтар православие дініне кіріп кетеді деп қорқасыз ба?

- Әрине, олар әдейі үгіт-насихат жүргізу үшін жасап отыр. Жастарымыз білмейді ғой. Ана тілінде айтса, барады, - деді Мухаммед Хусейн ибн Усман Алсабеков қарашаның 26-сы күні Азаттық тілшісіне.

Ал Алматыдағы католиктік шіркеудің өкілі Карлос әкей бұл жаңалықты жылы қарсы алды. Сөз арасында өздерінде мұндай мүмкіндіктің жоқ екенін де айтып қалды.

- Оларда бізден гөрі қазақ тілді азаматтар көбірек. Сондықтан оларға бізден қарағанда оңайырақ. Егер олар аударып жатса, бұл тамаша! Меніңше, протестанттар да аударып болған сияқты – деді Карлос әкей.

Ал Алматыдағы «Агапе» протестанттық шіркеу өкілдеріне хабарласқан кезде олар мұндай бастаманы керемет идея деп бағалап, осы тәріздес жоспар өздерінде де бар екенін жеткізді.

- Бұған көзқарасымыз түзу. Себебі біз осы елде тұрып жатырмыз. Егер адамдарда сондай мүмкіндік туса, бұл керемет! Бізде де дәл осы сияқты болмаса да, жалпы мұндай жоспарымыз бар, - деді есімін атағысы келмеген протестанттық шіркеу өкілі.

"МҰСЫЛМАНДАР ОРЫСША, АҒЫЛШЫНША УАҒЫЗ АЙТПАЙ МА?"

Қазақстан мұсылмандар одағының төрағасы Мұрат Телібековтың пікірінше, тілдік айырмашылықта тұрған ештеңе жоқ. Сөз арасында ол алдағы уақытта мұсылман діни қызметкерлерінің де өз уағыздарын орысша, тіпті ағылшынша жүргізуі мүмкін екенін айта кетті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының оппоненті саналатын Мұрат Телібеков «православие шіркеуі уағыздарын қазақша жүргізсе, қазақтар осы дінге бет бұрады» деп қауіптенген Алсабеков мырзаның айтқанын негізсіз деп есептейді.

- Халқымыздың басқа дінге бет бұруының басты себебі – ресми имамдарымыздың қызметтерін нашар атқаруынан деп есептеймін. Олар өздеріне сөз келтірмес үшін ең әуелі міндеттерін дұрыс атқаруы тиіс. Басқа діндерге қысым жасау арқылы өз дінін тарату – қате, – деді Мұрат Телібеков қарашаның 26-сы күні.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 4 500-ге жуық діни бірлестік тіркелген. Бұл діни бірлестіктердің қарамағында 2300-ден астам мешіт, 230-ға жуық православие шіркеуі, 69 католиктік және 40 протестанттық ғибадатхана бар.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG