Accessibility links

Түркіменстан президентінің "репертуары" тағы бір әнмен толықты


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов немересі Керимгулымен бірге ән айтып жатыр. 21 желтоқсан 2018 жыл
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов немересі Керимгулымен бірге ән айтып жатыр. 21 желтоқсан 2018 жыл

Жаңа жылға арналған мереке кешінде Түркіменстан президенті немересімен бірге үш тілде ән шырқады. Президент бұған дейін де көпшілік алдында "шығармашылығымен көзге түскен".

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов немересі Керимгулы Бердімұхамедовпен бірге 21 желтоқсанда жаңа жылға арналған Ашхабадтағы мереке кешінде "Арман" ("Arzuw") атты ән шырқап, "көпшілік қошаметіне бөленген". Демалыс күндері Түркіменстандағы ресми БАҚ осылай деп жазды.

Видео: Гурбангулы Бердімұхамедовтың концертте ән шырқауы (21 желтоқсан 2018 жыл)

Мемлекеттік БАҚ-тың хабарлауынша, әннің сөзін президент Гурбангулы Бердімұхамедов жазған, ал әуенін немересі Керимгулы Бердімұхамедов шығарған.

"Қазіргі заманғы стиль және аранжировакамен өрілген ән үш тілде орындалды: түркімен, ағылшын, неміс. Әдемі әуен, салмақты сөздермен көрермен жүрегін жаулап алған әнді тыңдаған қауым тебіреніп, қошаметін аяған жоқ" деп жазды мемлекеттік "Turkmenistan Altyn asyr" сайты.

Президент отбасының өнерін үкімет, парламент мүшелері, әскери, құқық қорғау орган өкілдері, жергілікті және шетел дипломаттары, мәдениет және өнер қайраткерлері тамашалаған.

Түркіменстан президенті көпшілік алдында бірінші рет ән айтып отырған жоқ.

2018 жылы 17 наурызда Бердімұхамедов түркімен, ағылшын, орыс тілдерінде бірнеше ән айтып, оның бейнежазбасы мемлекеттік телеарналардан көрсетілген. Президент шырқаған әндер арасында 1980-жылдары елде танымал болған советтік "Круг" тобының "Каракум" әні де болған.

Бұған дейін президент "Түркіменстан, тек алға!" атты әскери-патриоттық әнді орындап, бір мезетте 400 мыңнан астам адамды "сілтідей тындырып", Гиннестің рекордтар кітабына енген.

Түркіменстанда 2019 жыл "Түркіменстан - гүлдену мекені" атты ұранмен өтеді. Бұған дейінгі екі жыл "Түркіменстан - Ұлы Жібек жолының жүрегі" және "Саулық және шабыт" атты ұрандармен өткен. Осы уақыт аралығында елде әлеуметтік жеңілдіктер жойылып, жұмыс орындары жабылған. Өзге елге нәпақа табумен кеткен азаматтар саны ұлғайып, дүкендерде нан кезегі көбейген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG