Accessibility links

Енді Бердімұхаммедовтің анасын мадақтайтын ән шықты


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхаммедов режимінде жеке басқа табыну асқына түсті. Жақында оның анасына арналған ән шықты. Ән авторлары президенттің шешесін «халқымызға ұлы көсем және қорғаушы сыйлағаныңызға рахмет» деп мадақтайды.

Гурбангулы Бердімұхаммедовті әспеттеу культі енді «қаһарманды туған» анасын мақтауға ұласты.

Танымал түркімен әншісі Сахидарсун Ходжакова орындайтын ән мемлекеттік телеарнадан көрсетілді. Ән Бердімұхаммедовтің анасы Огулабат әжені мадақтайды. «Бәріміз саған бас иеміз. Әлемге ұлы адамды, Арқадағты сыйлаған жанға мадақ айтамыз» деген сөздер бар. 2006 жылы бұл елдің авторитарлық президенті Сапармұрат Ниязов қайтыс болған соң билікке келген 59 жастағы Бердімұхаммедовтің «Арқадағ» (қамқоршы, жарылқаушы) деген атағы бар.

Огулабат әжені халық аз көреді. Ол туралы деректер аз, тек ақпанның 12-сі күні Бердімұхаммедов үшінші мәрте президент болып сайланғанда отбасымен бірге қасында жүрді.

2015 жылдың наурызында Огулабат әже туралы мемлекеттік БАҚ-та жазылды. Онда Бердімұхаммедовтің Ашхабад ауруханасына келіп, анасының халін білгені турады баяндалған, бірақ ол кісінің сырқаты не екені айтылмаған.

Бердімұхаммедов билікке келген соң ел астанасында оның құрметіне алты метрлік ескерткіш соғылды. Онда президент сүйікті бәйге атына мініп тұр. Ескерткіш 20 метр биік алып ақ мәрмер тұғырға қойылған.

Президент атында мешіт пен саябақ бар, оның портреті елдің барлық аймағындағы билбордтарға ілінген. Әкесі де сый-құрметке бөленіп үлгерді – Мәлікқұлы Бердімұхаммедов атында ішкі істер министрлігінің әскери бөлімі бар, оның ғимаратының алдында Мәлікқұлы мырзаның ескерткіші тұр.

Президенттің атасы – Бердімұхаммед Аннаевқа да ескерткіш орнатылған, ол өзі мұғалім болып істеген ауыл мектебінің алдында тұр.

Бердімұхаммедов бұрынғы президент Сапармұрат Ниязовтың мұрасын біртіндеп құртып келеді. Кезінде бүкіл ел Ниязовтың ескерткіштері мен портреттері толып, географиялық аймақтар мен ай аттары оның және отбасы мүшелерінің құрметіне аталған еді.

Фарангис Наджибулланың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

XS
SM
MD
LG