"БҰЛ БЫЛЫҚ БОЛДЫ"
Зейнеткер Роза Жаханова сол түнгі оқиғаны есіне алса денесі тітіркеніп кетеді. Оқиға түнгі сағат он екілер шамасында зейнеткердің үйінің терезесінің түбінде басталған.
Қалада кішкентай қыздың жоғалғаны 23 шілде күні белгілі болған. Жергілікті тұрғындардың көбі қызды іздеуге көмектескен. Жоғалған қыз сол күні кешкісін қала тұрғындарының бірінің үйінен табылған.
Даладан айқай-шу естіген Роза Жаханова не болып жатқанын білу үшін көшеге шыққан. Ол көп халық пен полиция қызметкерін, жиналған көліктерді көрген. Зейнеткердің сөзінше, адамдар "полиция күдіктінің үйіне кірді, бірақ қызды бірден емес, пәтерді екінші рет тексерген кезде бір-ақ тауыпты" деп, жағдайды өзара талқылап тұрған.
Жастар қатты ашулы еді.
- Осы кезде көшеде тұрып, бірінші қабатта жарық жанғанын, онда беліне дейін жалаңаш ер адам тұрғанын, жарықты тез қайта өшіргенін көрдік. Адамдар "Жалаңаш ер адам тұр! Есікті неге ашпайды?" деп айқайлай бастады. Бірнеше жігіт терезеге шығып, әйнекті сындырды. Бөлменің ішіне қарап, "Қыз тірі" деп айқайлады. Жиналғандардың бірі жылап, бірі қол соға бастады. Халық сеңдей қозғалғанда, мен ағаштың түбіне құладым. Бір жігіт орнымнан тұрғызып, "Апа, үйге қайтқаныңыз жөн" деді. Шетке қарай шығып, жағдайды бақылап тұрдым. Кейін әйелдер "күдіктіге полиция формасын кигізіп, халық арасынан алып шығып кетті" деп хабарлады. Халық айқайлап, күдіктіні өзі жазалайтынын айтып, оны қолға беруді сұрады. Жастар қатты ашулы еді. Біреу полицияны ұрып, көлікке тас лақтыра бастады. Халық полиция бөлімшесіне қарай жылжыды, оқиға сол жақта жалғасты, - дейді Роза Жаханова.
66 жастағы Жаңыл Рүстембаева Сәтбаевта түнгі оқиғаның қалай аяқталғанына куә болған.
Қатты дыбыс шығаратын гранатты бірінші рет естідім.
- Бұл былық болды. Халық күдіктіні полиция әкеткенін түсінгенде, полиция бөлімшесін, көлікті қирата бастады. Полиция бөлімшесі қоршалғанда, сол жерде болдым. Полиция қызметкерлерінің бірі жігіттерді кетуге көндіруді сұрады. Жаныма бір әйел ертіп, жігіттерге жақындап, "Өтінеміз, үйге қайтыңдар" дедік, бірақ бізді тыңдаған жоқ. Бірнеше жігітті алып кеттік. Полиция маған да "қайтыңыз" деді. Олар соңына дейін тұрды, бірақ тас лақтыра бастағанда… Қатты дыбыс шығаратын гранатты бірінші рет естідім. Полиция қолына түскен адамды ұстап әкетіп жатқанын байқадым. Автобус жанып жатқанын, бүлінген көліктерді, терезелердің шағылғанын көрдім, полиция ғимараты да бүлінді. Таңертең жиналғандарды таратып, бәрін тазалап шықты, - дейді Жаңыл Рүстембаева.
"БҰЛ АЗАМАТ ЗАҢ БОЙЫНША ЖАУАПҚА ТАРТЫЛАДЫ"
Тұрғындардың әңгімесін куәгерлердің оқиға орнынан түсіріп, интернетке салған видеолары да дәлелдейді. Видеода халықтың ашу-ызасы қалай өршігені көрінеді. Кейінірек сол түні Сәтбаевқа келген Жезқазған қаласының полиция бастығы Амангелді Құрмановтың зардап шеккені белгілі болды. Түнгі видеолардың бірінде халықтың ортасында формасыз, қарапайым киім киген бір ер адам (полиция бастығы Құрмановтың өзі – ред.) тұр. Ол өзін қоршаған халықтың айқайына жауап беріп жатыр. Бір кезде ортадағы адамның бір жақ бетіне соққы тиеді, ол шетке сытылып шығуға тырысады, бірақ жан-жақтан жұмсалған жұдырық үдей түседі.
Ресми билік өкілдері біраз уақыт бұл көрініс туралы жақ ашпады. Оқиғадан кейін екі күннен соң Құрманов видеодағы адам өзі екенін растап, видеоүндеу жариялады.
Жезқазғанның полиция бастығы бес жасар қыз жоғалып, қалада "тәртіпсіздік" басталғаны туралы естіген бойда басқармаға барып, жеке құрамды жинап, Сәтбаевқа жолға шыққанын айтады (Жезқазған мен Сәтбаевтың арасы 20 километрге сәл жетпейді – ред.). Түнгі сағат он екі жарымда оқиға орнына жеткен Құрманов "көп адам жиналып, жаппай тәртіпсіздік басталғанын" көрген. Оның сөзінше, адамдар "педофилді халықтың қолына беруді" талап етіп, подъезге кірмек болған. Полиция бастығы подъездің алдын бөгеген шептің алдыңғы қатарында тұрған. Бір топ адам полиция қызметкерін ұстап алып, көптің ортасына сүйреп әкеткен. Кұрманов халықтан ұсталған полиция қызметкерін босатуды сұраған.
"Оларға аталған азамат (күдікті – ред.) заң бойынша жауапқа тартылатынын түсіндіруге тырыстым. Осы кезде артқы жақтан басыма, денеме бірнеше соққы тиді. Түрлі дене жарақатын алдым: миым шайқалып, оң жақ құлағым, сол жақ иығым, көкіректің сол жақ бөлігі мен бел омыртқа тұсы қанталап қалды. Халықтың сөзіме құлақ аспайтынын, оларды көндіру мүмкін емесін түсініп, негативті эмоция мен сезімнің бәрін жүрегіме жақын қабылдадым. Ол күні ешқандай спирттік ішімдік ішпеген едім. Бұл жағдай түсінікті болған шығар деп үміттенемін, - деді "сол түні мас болғаны" туралы айыптауларға жауап берген Құрманов.
Желіде тараған басқа видеоларда полиция ғимаратының жанында кем дегенде терезесі сынған, есігі қираған, капоты мыжылған 12 көлік тұрғаны көрінеді. Олардың көбі – полицияның арнаулы көлігі. Көліктердің жанында автобус жанып жатыр. Видеода оқ атылғанға ұқсас дауыс, адамдардың айқайлағаны және терезенің сынғаны естіледі; қою қара түтін, форма киген ондаған полиция қызметкері мен оларға қарсы тас лақтырған бірнеше жас байқалады. Куәгерлердің айтуынша, полиция біраз уақыт оқиғаны сырттай бақылап, жиналған халықты таңға жақын таратқан.
МӘЛІМДЕМЕЛЕР МЕН БРИФИНГТЕР
24 шілдеде Қазақстан ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев брифингте күдіктінің ісі Қылмыстық кодекстің "Кісі ұрлау" және "Жас баланы зорлау" баптары бойынша қаралатынын хабарлады. Ол сондай-ақ "арандатушылардың бұл оқиғаны жағдайды тұрақсыздандыруға қолданбақ болғанын", өзі басқаратын ведомство мұны "әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу" арқылы анықтағанын атап өтті.
Министр қоғамдық тәртіпті бұзғандар жауапқа тартылатынын ескертіп, азаматтарды "көрінеу жалған ақпарат таратпауға", "тек мемлекеттік органдардың ресми деректеріне ғана сенуге" шақырды.
"Арандатушылар" туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли де айтты. Оның сөзінше, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сәтбаев пен Шорнақтағы жағдайға арналған жиын өткізіп, істі өз бақылауына алған, жергілікті халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, арандатушылардың жағдайды тұрақсыздандыруына жол бермеуді тапсырған.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек "жазықсыз адамдар" зардап шеккенін айтты. Ол халықтың ашу-ызасын түсінетінін білдіріп, құқықтық мемлекеттің азаматтары ретінде эмоцияны былай қойып, бұл істі құқықтық алаңда қарауға кеңес берді.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин да болған оқиғаға байланысты есеп беріп, ата-аналар, ІІМ және жергілікті билік өкілдерімен байланыста екенін, "балаларға қарсы мұндай қылмысқа барған адамдарды жауапқа тартуға бар күшін салатынын" айтты.
26 шілдеде Аружан Саинның Instagram парақшасында жапа шеккен қыздың ата-анасының атынан берілген үндеу мәтіні жарияланды. Қыздың ата-анасы еріктілер мен қоғамға алғыс білдіріп, отбасының тыныштығын құрметтеп, "әртүрлі жиындар" ұйымдастырмауды өтінген.
Олардың хабарламасында "Сіздердің арқаларыңызда Айсезімді тез таптық. Қазір қызымыздың жағдайы жақсы. Күн сайын әртүрлі дәрігер мен психологтар көмек көрсетеді. Қызымыздың суретін және әртүрлі жалған ақпарат таратып, талқылауды доғаруды сұраймыз. Болған оқиғаны тезірек ұмытқымыз келеді. Топтасып, әртүрлі жиын ұйымдастырмауды өтінеміз. Біздің қайғымыз басқа қайғыға себеп болғанын қаламаймыз" делінген.
ТОЛҚУДАН КЕЙІН
Тұрғындардың айтуынша, қазір қалада қоғамдық тәртіпті Ұлттық гвардия сарбаздары қадағалап жүр, көшеде полиция көп. Әлеуметтанушы Сергей Фролов Сәтбаевта бұған дейін де болған белгілі сценарий қайталанған деп топшылайды. Оның пікірінше, халықпен ашық диалогты алмастыра алмайтын ондай әдіс мұндай оқиғалардың болашақта қайталанбауына еш көмектесе алмайды.
- Билік "басып-жаншудың" орнына осындай жағдайға жеткізбей, оның алдын алу үшін жұмыс істеуі керек. Көбірек объективті ақпарат қажет. Ал жергілікті билік болса жергілікті халыққа "ашу-ызасын шығаруға" мүмкіндік беріп алып, артынан оларды "заңды бұзғаны үшін" жазалайды, - дейді Фролов.
Билік пен құқық қорғау органдары қалада болған толқу жайлы тым сараң ақпарат беріп отыр. Азаттық тілшісі Қарағанды облысы әкімдігінен толқудан кейін тіркелген шығын мен ұсталған азаматтар туралы ақпарат сұрады. Әкімдік өкілдері толқуды "бұзақылық әрекетімен өткен оқиға" деп атады.
- Сол түні күдікті тұратын подъездің терезе әйнегі сынды. Қазір көпқабатты үйге қызмет көрсететін тұрғын үй-коммуналдық қызметі терезені қалпына келтіріп жатыр. Полиция бөлімінің дерегінше, бақылау-өткізу пункті мекемесі жанып кеткен, фронт-кеңсенің терезелері сынған, аумаққа кірмес бұрын оған да от қойған, бірақ ол жанбаған. Профлисттен жасалған қоршаудың бір бөлігі сынған. Қызмет көліктері, полиция қызметкерлерінің жеке көлігі бүлінген, жеке автобус жанып кеткен. Шығынның жалпы көлемі есептеліп жатыр. Өрт қойып, тәртіпсіздікке қатысқан азаматтарды анықтау мақсатында тергеу шаралары басталды, - деді Қарағанды облысы әкімі баспасөз қызметінің басшысы Марина Шаповалова.
Оның сөзінше, Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Идрисов оқиға орнында болып, халықпен сөйлесуге тырысқан. Бірақ куәгерлер әкімнің сөзіне көп адам құлақ аспағанын айтады.
Кәмелетке толмағандарға қарсы сексуалды сипаттағы қылмыс
Ресми статистикаға сәйкес, кейінгі төрт жарым жылда Қазақстанда 1868 адам кәмелет жасына толмағандарға қарсы сексуалды сипаттағы қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған.
Олардың үштен бірі түрме жазасына кесілмеген:
- 699 адамның бостандығы шектелген,
- төртеуі шартты жаза алған,
- екеуі қоғамдық жұмысқа тартылған,
- алтауына "басқадай жаза түрі" қолданылған.
Төрттен біріне жуығы – 539 адам – 10 жылдан аспайтын мерзімге түрме жазасына кесілген.
ПІКІРЛЕР