Accessibility links

Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

100-дей адам ұсталды, ондаған белсенді полиция құрсауында қалды. Cайлау күні қалай өтті?

10 қаңтарда Қазақстан азаматтары парламент мәжілісі және жергілікті мәслихаттар сайлауына дауыс берді. Оппозицияның қатысуынсыз өтіп жатқан сайлауға билікті қолдайтын бес саяси партия түсті. Билікті сынап жүрген кейбір белсенділер бұл күні наразылық акциясына шықты. Алматыдағы Республика және Астана алаңдарына жиналғандарды полиция қоршап, кейбірін күштеп көлікке салып, алып кетті. Полицияның арнаулы жасағы Республика алаңында түс мезгілінде қоршауға алған ондаған белсендіні алты сағаттан артық жібермей ұстап тұр. Сайлау қарсаңында елде ондаған белсендіні ұстап, қамап, айыппұл салған. Тәуелсіз бақылаушылар билік бұл жолы қысым-кедергіні күшейткенін айтады.

Қазақстанды отыз жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы наурызда президенттік қызметтен кеткелі бері елде алғаш рет парламент сайлауы өтті. Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің өмір бойғы төрағасы әрі елдің саяси алаңында үстемдікке ие "Нұр Отан" партиясының басшысы ретінде билікке әлі ықпал етіп отыр. Қазір өкілеті аяқталуға таяған парламентте "Нұр Отан" партиясымен бірге әрқайсысы жеті мандатқа ие билікшіл тағы екі партия – "Ақ жол" мен Қазақстан халық партиясы (бұрынғы Қазақстан коммунистік халық партиясы) бар. Бұл сайлауға олармен бірге "Ауыл" және "Адал" (бұрынғы "Бірлік") қатысып жатыр. Ресми тіркелген тағы бір саяси партия – Жалпыұлттық социал-демократиялық партия сайлауға бойкот жариялаған.

23:20 10.1.2021

Парламент сайлауы: Экзит-пол нәтижесі жарияланды

Нұр-Сұлтан уақыты бойынша түнгі 00:00-ден өте мәжіліс және мәслихат сайлауының экзит-пол нәтижесі жарияланды. Сауалнама жүргізуге құқылы "Қоғамдық пікір" зерттеу институтының есебінше, парламентке "Нұр Отан", "Ақ жол" және "Қазақстанның халық партиясы" (бұрынғы Қазақстанның коммунистік халық партиясы) өткен.

  • "Нұр Отан" - 71,97 пайыз;
  • "Ақ жол" - 10,18 пайыз;
  • Қазақстанның халық партиясы - 9,03 пайыз;
  • "Ауыл" - 5,75 пайыз;
  • ADAL - 3,07 пайыз.

Қазақстанда заң бойынша, парламентке жеті пайыз дауыс алған партиялар өтеді. Сайлаудың нәтижесі 11 қаңтарда жариялануы тиіс.

21:22 10.1.2021

Қазақстан ІІМ: Ұсталғандардың бәрі босатылды

Полиция сайлау күні белсенділерді ұстап әкетіп жатыр. 10 қаңтар 2021 жыл.
Полиция сайлау күні белсенділерді ұстап әкетіп жатыр. 10 қаңтар 2021 жыл.

Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғали Заппаров Қазақстанда сайлау өткен 10 қаңтар күні ұсталған шерушілердің бәрі босатылғанын айтты.

– Заңсыз шерулер мен митингілер ұйымдастыру мен оларға қатысуға шақыру әрекеті болды. Жергілікті атқарушы органдар мен прокуратура бұл азаматтарға акциялардың заңсыз екенін, оларды тоқтату керек екенін бірнеше рет ескертті, – деді Заппаров Орталық коммуникациялар қызметінде брифингте.

Министр орынбасарының сөзінше, ұсталғандар "билік өкілдерінің талаптарына бағынудан бас тартқан, сол себепті полиция оларды ұстауға мәжбүр болған".

– Профилактикалық әңгімелесуден кейін [полиция бөлімшесіне] жеткізілгендердің бәрі босатылды. Әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке ешкім тартылмады, – деді Заппаров.

Ішкі министрінің орынбасары ел бойынша қанша адамның ұсталғаны жөніндегі сұрақты жауапсыз қалдырды.

Арыстанғали Заппаров сондай-ақ түрлі сайлау учаскесінде байқаушылардың сыртқа шығарылғанын айтып, бұл жағдайларды "болмашы оқиғалар" деп атады.

– Комиссия төрағаларының актілеріне қарағанда, түрлі қалада санитарлық шектеулерді, сайлау учаскесінде болу ережелерін бұзғаны үшін және комиссия жұмысына кедергі келтіргені үшін он байқаушы мәжбүрлі түрде шығарылды, – деді ол.

Бүгін парламент мәжілісі және мәслихат сайлауы кезінде Алматы, Ақтөбе, Шымкент, Орал және өзге де қалаларда қарсылық акциялары өтті. Полиция бейбіт жиынға қатысқан ондаған азаматты ұстап әкетті.

Сайлау қарсаңында тіркелмеген саяси топтар қазақстандықтарды саяси реформаны талап етіп, сайлауға бойкот жариялайтын қарсылық акцияларына шығуға шақырды.

21:22 10.1.2021

"Азаматтық ұстанымым бойынша шықтым". Полиция ұстап әкеткен марафоншы Марат Жыланбай босап шықты

Марат Жыланбаев.
Марат Жыланбаев.

Жеті рет әлемдік рекорды жаңартқан, Гиннестің рекордтар кітабына кірген марафоншы Марат Жыланбаевты Қазақстан астанасының ескі орталығында, сайлауға қарсы наразылық өтеді деп белгіленген орында полиция ұстап әкетті.

Жыланбаевтың айтуынша, оны ұсталған басқа адамдармен бірге Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа аудандық полиция басқармасына алып барып, наразылық өткізу себептерін сұрап тергеу жүргізіп, үш сағат ұстаған.

– Маған ҚДТ-ны қолдап заңсыз митинг өткізді деген айып тақпақ болды (Қазақстанның демократиялық таңдауы – Қазақстанда тыйым салынған саяси ұйым – Ред.). Мен ешқандай партияға не ұйымға кірмейтінімді, өз азаматтық пікірімнің негізінде [көшеге] шыққанымды айттым, – деді марафоншы Азаттыққа телефон арқылы берген сұхбатында.

Жыланбаевтың айтуынша, онымен бірге полиция бөлімшесінде тағы жиырма шақты адамды ұстаған.

Спортшының айтуынша, бұл – оның биліктің саясатына қарсы рұқсат етілмеген митингіге алғаш шығуы емес.

Павлодар облысының тумасы Марат Жыланбаев Азия, Африка, Австралия және Американың ірі шөлдерін жалғыз жүгіріп өткен.

20:19 10.1.2021

Полиция "Демпартия" жақтастарын босатты

Қазақстанда оппозиция жақтастары сайлауға бойкот жариялауға шақырды. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.
Қазақстанда оппозиция жақтастары сайлауға бойкот жариялауға шақырды. Алматы, 10 қаңтар 2021 жыл.

Алматы қаласында полиция Республика алаңының жанында 10 сағат қоршауда ұстаған "Демпартия" жақтастарын босатты. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Жанболат Мамай бастаған демпартиялықтар полиция қоршауына сағат 11:00 шамасында алынған. Мамайдың сөзінше, содан бері белсенділер қоршаудан шығарылмаған, дәретті қоршау ішінде сындыруға мәжбүр болған.

Бүгін, 10 қаңтар күні Қазақстанда парламент мәжілісі және мәслихат сайлауы өтті. "Демпартия жақтастары" күндіз Республика алаңына барып, сайлауға бойкот жариялауға шақырмақ болған.

Жанболат Мамай Қазақстанда саяси реформасыз сайлау өткізуге болмайтынын айтып, сайлауды легитимді емес тануды талап етті.

Тағы

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG