Accessibility links

"Қытайдың ішкі құпиясы". "Қайта тәрбиелеу лагерьлері" туралы фильм


Қытайда туыстары жоғалған этникалық қазақтардың БАҚ өкілдерімен кездесуі. Фильмдегі кадрлардың бірі.
Қытайда туыстары жоғалған этникалық қазақтардың БАҚ өкілдерімен кездесуі. Фильмдегі кадрлардың бірі.

Азаттықтың Орыс қызметінің тілшілері Константин Саломатин және Юлия Вишневецкая "Қытайдың ішкі құпиясы" атты Шыңжаңдағы "қайта тәрбиелеу лагерьлері" туралы фильм түсірді. Фильм авторлары "Шыңжаңдағы сепаратизмнен қауіптенген Қытай билігі ондағы аз ұлт өкілдері: ұйғыр, қазақ, қырғыз және моңғолдарға қысым көрсетіп жатыр" деп тұжырымдайды.

Азаттықтың Орыс қызметі түсірген фильмде "саяси лагерьлердегі" қысым мен азапты басынан кешірген азаматтар мен олардың туыстарының оқиғалары баяндалады.

"Этникалық гармония" мен "бір отбасы" доктринасына сәйкес, Шыңжаңдағы аз ұлт өкілдерінен ана тілі мен дінінен бас тартуды талап етіп отырғаны айтылады.

Фильм авторларының айтуынша, Қазақстанмен байланысы бар адамдарды Қытай билігі "екі отаны бар" адам деп атап, "саяси қайта тәрбиелеу лагерьлеріне" жібереді.

Лагерьде болған азаматтар қамау орталықтарындағы күнделікті өмір жайлы баяндаған: ондағы азаматтардың Қытай коммунистік партиясы туралы лекциялар тыңдап, патриоттық әндер айтуға міндеттелгенін, тек қытайша сөйлеуге мәжбүр екенін жеткізеді. Ал Қазақстанда тұратын туыстары олардың жағдайынан бейхабар.

«Қытайдың ішкі құпиясы» фильмі:

Қытайдың ішкі құпиясы
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:11:11 0:00

Қытай азаматы, этникалық қазақ Орынбек Көксебек "саяси қайта тәрбиелеу" лагерінде бес ай отырған. Ол "лагерьде болған жайттарды ешқашан ұмыта алмаспын" дейді.

"Егер біз ережелерді бұзып, өзара сөйлессек, бізді кішкентай тар әрі суық бөлмеге қамайтын. Онда өте қорқынышты әрі суық болды. Камерада бірге болғандар маған "алаңдама" деп кеңестерімен бөлісетін. Олар әндерді жаттауға көмектесті, себебі егер жаттамасаң жеті күн бойы аштан қатыруы мүмкін еді" деген Орынбек Көксебек.

Ол бір күні "Дао" сөзін ұмытып қалғаны үшін өзін және жанындағы тағы бір адамды лагерьде ұрып-соққанын айтқан. "Ертесі жараланған күйі ауруханаға түстік" деп еске алған Орынбек Көксебек.

Оның айтуынша, қамау орталығында түнде жатар кезде қолды кісеннен босатқанмен аяқты кісендеулі күйінде қалдырады.

"Бір күні барлығымыздың шашымызды қырып тастады, мұндайды әйелдерге де жасай бастады. Олар 70 жастағы апаның да шашын қырып тастамақ болған кезде орнымнан атып тұрып Қытай солдатына қарай жүгіріп едім, желкемнен таяқ тиіп, есімнен танып қалдым" деді ол.

Лагерьдегі қысым мен азаптау туралы айтқан Орынбек Көксебек өзіне қол жұмсағысы келгенін, бірақ жанындағы достары құтқарып қалғанын да айтады.

"Қамауға келгеніме жеті күн болған еді. Дәретханада өз-өзіме қол жұмсағым келген, бірақ онда камера барын білмеппін. Барлық жерде ақ және қызыл камералар асылып тұратын. Кейбірі жазады, кейбірі тыңдай ма, сол жағын түсінбедім. Дәретханаға кіріп, әпкем әперген киіммен өзімді тұншықтырғым келді" дейді Орынбек Көксебек.

Студент салған суреттердің бірі.
Студент салған суреттердің бірі.

Демалыс кезінде Қазақстаннан Қытайға барған студентті де полицейлер ұстап, 6,5 айға "қайта тәрбиелеу лагеріне" жіберген. Студент фильмде аты-жөнін атамаған. ​

"Полицейлерге: "не үшін мені ұстап жатсыңдар? Қазақстандағы оқуымды қалай жалғастырам?" деп айғайладым. Ал полицейлер болса "сен Қытайдасың, бізді тыңдап, бағынуың керексің. Қытайша ойлап, әлемге Қытай көзімен қарауың керексің. Шетелде оқимын деп енді ешқашан ойлама" деді. Олар сыпайы сөйлеспесең, электрошокер қолданамыз деп қорқытты" деді студент.

Ол өзін 20 адам отырған камераға апарып қамағанын айтады. Онда дәретханадан бөлек 360 градусқа бұрыла алатын бақылау камерасы да болған. "Бір бөлмеде ұйықтап, тамақ ішіп, дәретханаға бардық" деп студент лагерьдегі өмірін сипаттаған.

"Тамақтанып отырған кезде қытайша "Си Цзиньпин, мәңгі жаса, 10 мың жыл жаса" деп айту міндеттелді. Күн сайын бәріміз "Қытай - бизнес пен экономикасы қатты дамыған, бір жарым миллиард халқы бар әлемдегі ең мықты ел. Мұнда бәріміз бақытты әрі бай өмір сүріп жатырмыз" деп қайталайтынбыз" деді студент.

Фильмде студент салған лагерьлер жайлы суреттер топтамасы да көрсетіледі.

Студент салған суреттердің бірі.
Студент салған суреттердің бірі.

13 жасар қыз Гүлден ​Мүрәлінің анасы Қытайда ұсталған. Ол әкесімен бірге Қазақстанда тұрады. Анасын ұзақ уақыт бойы көрмеген қыз фильмде анасын қатты сағынғанын айтып, көзіне жас алады.

"Мен сегізінші сыныпта оқимын. Анамды 2017 жылы 4 қарашада шекараны кесіп өткен сәтте ұстап алған. Анамызды көрмегенімізге бір жыл өтті, қатты сағындық" дейді Гүлден.

"Қытайдың ішкі құпиясы" фильміндегі кадр.
"Қытайдың ішкі құпиясы" фильміндегі кадр.

Шыңжаң аймағындағы лагерьлер жайлы алғаш рет 2017 жылдың көктемінде айтала бастаған. БҰҰ Шыңжаңдағы "саяси тәрбиелеу орталықтарында" миллионға жуық адам "еркінен тыс" қамауда отырғанын мәлімдеген.

Қытай үкіметі басында бұл орталықтардың барын жоққа шығарып келді. Кейін Пекин қысымды "экстремизмге қарсы шара" деп мәлімдеді және "қамалғандар тіл үйреніп, кәсіп меңгеріп шығатынын" айтты.

Қытайда туыстары қамалған азаматтар Алматыда бірнеше рет жиын өткізіп, Қытайдағы жақындарының жаппай қамалып жатқанын айтқан. Олар Қазақстан билігінен, халықаралық ұйымдардан көмек сұраған. Бұл шаралардың біразын "Атажұрт еріктілері" ұйымдастырған.

2018 жылы желтоқсан айының соңында Пекин бірнеше елдің елшілерін Шыңжаңға апарып, “саяси тәрбиелеу орталықтарын” көрсеткен. Лагерьге барғандардың арасында Қазақстан елшілігінің қызметкері де болған. Ол Шыңжаңдағы саяси тәрбиелеу орталығында "жағдайдың жақсы" екенін айтқан.

Ақпанның 10-ы күні Түркия Қытайдан Шыңжаңдағы лагерьлерді жабуды талап етіп, онда "миллиондаған адам қысым көріп жатыр" деген. Қытай Түркияның бұл мәлімдемесін "жалған айыптау" деп атады.

(Азаттықтың Орыс қызметінде жарияланған мақала негізінде әзірленді).

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG