Accessibility links

 
"Әуелі 39 мың, сосын 150 мың теңгемді сұрады". Тоқаевқа жүгінген мейіргер былықтың бетін ашты

"Әуелі 39 мың, сосын 150 мың теңгемді сұрады". Тоқаевқа жүгінген мейіргер былықтың бетін ашты


Жамбыл облысындағы жедел жәрдем көлігі. 1 маусым 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Жамбыл облысындағы жедел жәрдем көлігі. 1 маусым 2020 жыл. Көрнекі сурет.

Жамбыл облысы Жуалы аудандық орталық ауруханасындағы "ақша жинауды" айтқан мейіргердің Қазақстан президентіне видеоүндеуінен соң бас дәрігердің орынбасары қызметтен босатылды. Карантиндегі жұмысына алған үстемақының бір бөлігін басшылықтың талабымен қайтарып бергендерін аурухананың өзге қызметкерлері де растайды. Тергеу орындары іс қозғады. Қызметтен кеткен басшы "жала жапқандарды" сотқа беретінін айтады.

"ҮСТЕМАҚЫНЫ ҚАЙТАРУЫМДЫ БҰЙЫРДЫ"

Жуалы аудандық орталық ауруханасының мейіргері Фарида Жанбатырованың карантин кезіндегі атқарған жұмысы үшін алған үстемақысын басшылық талап еткен соң қайтарғаны туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жасаған видеоүндеуінен кейін бас дәрігердің орынбасары Абзал Байториев қызметтен босатылды.

Коронавирус карантині кезінде кезекшілікте отырған медицина қызметкері. 2020 жылдың сәуірі. Көрнекі сурет.
Коронавирус карантині кезінде кезекшілікте отырған медицина қызметкері. 2020 жылдың сәуірі. Көрнекі сурет.

Маусым айының соңында әлеуметтік желіде жарияланған видеода Жанбатырова үстемақының бір бөлігін Байториев бұйырған соң қайтып беруге мәжбүр болғанын, екінші жолы тағы да сұрағанда келіспегенін мәлімдеген. Мейіргер карантин кезінде таңертеңгі сағат 7:30-дан 17:30-ға дейін күнделікті аурухана алдындағы бекетте кезекшілік атқарған еңбегі үшін биыл сәуірде 160 мың теңге, мамырда – 200 мың теңге үстемақы алғанын айтады.

- Бірақ сәуірдің ақшасы түскен соң бас дәрігердің орынбасары Абзал Байториев мейіргерлерді кабинетіне жеке-жеке шақырып, 39 мың теңгені қайтаруды талап етті. Айтқан ақшаны кассаға апарып өткіздім. Ал мамырға алған үстемақымның 150 мың теңгесін сұрады. Егер 40, 60 мың, тіпті 100 мың болса да берер едім. Бірақ 150 мыңды бер дегенге келіспедім. Күйеуім жұмыссыз, ол ақша – бала-шағамның несібесі, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Фарида Жанбатырова ақша беруден бас тартқаннан кейін 26 маусымда басшылық өзін аурухана алдындағы кезекшіліктен алып тастағанын айтады. Жанбатырованың сөзін онымен бірге жұмыс істеген тағы бір мейіргер Жанар Исмаилова да растады.

- Бас дәрігердің орынбасары 26 маусымда шақырды. "Есепшоттарыңа 200 мың теңге аударамыз, оның 150 мың теңгесін қайтарып бересіңдер" деді. Және мұны "ешкімге айтпаңдар, ешқайда шықпасын, өз арамызда қалсын" деп ескертті, - дейді ол. Мейіргерлердің айтуынша, оларға бұл "жоғарыдағы басшылардың талабы" деп түсіндірген.

Коронавирус карантині кезінде тұрғынның дене қызуын тексеріп тұрған медицина қызметкері. Көрнекі сурет.
Коронавирус карантині кезінде тұрғынның дене қызуын тексеріп тұрған медицина қызметкері. Көрнекі сурет.

Жанар Исмаилованың сөзінше, банктегі есепшоты бұғаттаулы жатқандықтан басшы сұраған ақшаны бермеген. "Бірақ сәуірде бекетте істеген жұмысым үшін алған 136 мың теңгенің 39 мыңын қайтарып бердім" дейді ол.

Азаттық тілшісімен әңгімеде ауруханада мейіргер болып істейтін А. (аты-жөнін атамауды сұрады) "ақша жинау" фактісін растады. Ол санитарлық постыдан өткен адамдар туралы мәліметті арнайы тізімге толтырумен айналысқанын, мамыр айындағы жұмысы үшін алған үстемақының көп бөлігін қайтарып бергенін айтты.

"Біздің жұмысымызды сағат санымен есептеді. Мамырда бір ай істеген соң есеп картама 200 мың теңге үстемақы түскен, оның 180 мың теңгесін аға мейірбикеге бердік. Бірақ бұл туралы ешкімге айтқан жоқпыз", - дейді ол.

Коронавирусқа байланысты төтенше жағдай мен карантин кезінде қалааралық күре жолда орнатылған санитарлық пост. Түркістан облысы, 29 сәуір 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Коронавирусқа байланысты төтенше жағдай мен карантин кезінде қалааралық күре жолда орнатылған санитарлық пост. Түркістан облысы, 29 сәуір 2020 жыл. Көрнекі сурет.

КОМИССИЯ ТЕКСЕРУІ

Фарида Жанбатырованың президент Тоқаевқа үндеуі жарияланғаннан кейін, 2 шілде күні Жуалы аудандық орталық ауруханасына Жамбыл облысы әкімдігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы қызметкерлерінен құрылған комиссия келіп, тексеру жүргізген. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, анонимді сауалнама барысында 37 қызметкердің 21-і басшылықтың ақша жинатқанын растаған.

"Бас дәрігер Батихан Алпысбай, оның экономикалық істері жөніндегі орынбасары Абзал Байториевтен бөлек орталық аурухананың әкімшілік бөлімінің басшысы Хамза Оманов, касса қызметкері Эльмира Мырзалиевамен жұмыс жүргізіліп, аурухана қызметкерлерімен кездесу өткізілді" деп хабарлады басқарма.

Жуалы аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Абзал Байториевті қызметінен босату туралы бұйрық. 8 шілде 2020 жыл.
Жуалы аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Абзал Байториевті қызметінен босату туралы бұйрық. 8 шілде 2020 жыл.

Кейінірек Жуалы аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Абзал Байториев қызметінен босатылды. 8 шілдеде Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов қол қойған бұйрықта басқарманың Абзал Байториевпен жасасқан "еңбек шарты бұзылсын" деп жазылған.

Аурухана бас дәрігері Батихан Алпысбайдың "денсаулығына байланысты уақытша жұмыста жоқ екені, шыққаннан кейін жауапкершілік мәселесі қаралатыны" хабарланды.

Облыстан келген тексеруден кейін аурухана алдындағы кезекшілікке қайта оралған Фарида Жанбатырова Байториевтың бұйрығымен мекеме кассасына апарып өткізген 39 мың теңгені өзіне әлі қайтып бермегенін айтады.

Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов.
Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов.

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Азаттыққа Жуалы аудандық орталық ауруханасының қызметкері Фарида Жанбатыроваға сәуірде 16 сағат, мамырда тәуліктік фильтр бөлімшесіндегі 144 сағат жұмыс істегені үшін үстемақы төленгенін растады.

"МАҒАН ЖАЛА ЖАУЫП ОТЫР"

Азаттық тілшісі Жуалы аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары болып істеген Абзал Байториевпен екі рет телефонмен сөйлесті. Ол өзін айыптаған Фарида Жанбатырованың сөзін "жала жабу" деп атады.

– Ол айтқандарын жоққа шығарамын, бәрі – жалған. Жала жапқаны үшін сотқа беремін. Адвокат құжаттармен айналысып жатыр, – деді Абзал Байториев Азаттыққа 30 маусым күні.

Ал қызметтен босатылған соң Азаттық тілшісіне облыстық сотқа арызын поштамен жолдағанын айтты.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облыстық департаменті 11 шілдеде Жуалы аудандық орталық ауруханасындағы "үстемақы дауына" байланысты іс қозғалғанын хабарлады. "Ол фактілердің барлығын тексереміз. Әр қызметкерден түсініктеме аламыз. Содан кейін қорытынды шығарылады. Әзірге ештеңе айта алмаймыз", - деді департамент басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев Азаттық тілшісіне.

Медпункт ауылындағы жедел жәрдем көлігі. Жамбыл облысы, 28 наурыз 2020 жыл.
Медпункт ауылындағы жедел жәрдем көлігі. Жамбыл облысы, 28 наурыз 2020 жыл.

Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің Азаттыққа хабарлауынша, көктемде коронавирус карантині енгізілгеннен кейін облыста сәуірде - 1611, мамырда 1700 медицина қызметкеріне (арасында дәрігерлер мен орта және кіші санаттағы медицина қызметкерлері бар) атқарған жұмысына байланысты еңбегіне үстемақы төленген. Облыстық басқарма мамандары ақша қызмет өтіліне, дәрежесіне қарап емес, тәуекел тобында істеген жұмыс сағатына байланысты, яғни бірінші топтағы қызметкерлерге 850 мың, екінші топтағыларға 425 мың теңге, үшінші топтағы адамдарға 212 500 теңге төленеді деп түсіндірді.

Ресми мәлімет бойынша, Жамбыл облысында барлығы 2267 адам коронавирус жұқтырып, 1202-сі дерттен айыққан. Үш адам қайтыс болған.

  • 16x9 Image

    Ақсәуле ӘБІТАЙ

    Ақсәуле Әбітай - Азаттықтың Жамбыл облысындағы тілшісі. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG