Accessibility links

Дәрігерлер үстемақыға әлі наразы, бірақ бастығынан қорқады


Жедел жәрдем көлігі Алматы көшесінде. 21 cәуір 2020 жыл. Көрнекі сурет
Жедел жәрдем көлігі Алматы көшесінде. 21 cәуір 2020 жыл. Көрнекі сурет

Шенеуніктер басқаратын өңірлік комиссиялар коронавирусқа қарсы күрес шараларына тікелей қатыспаған медицина қызметкерлеріне наурыз айының басынан бері жарты миллиардтан астам қаржы аударған. Ал күреске тікелей қатысқан қызметкерлер үстемақысын кешіктіріп алатынын, қолына тиетін қаржыға көңілі толмайтынын айтады. Бірақ мемлекеттік көмектен айырылып қалудан қауіптенген дәрігерлер шағымын ашық айтуға қорқады.

Дәрігерлерге үстемақы 2020 жылдың 1 наурызынан бастап жұмыс істеген уақыты бойынша ай сайын төленеді. Ақша көлемі вирус жұқтыру қаупінің деңгейіне байланысты есептеледі.

Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылы сәуірдің 4-і күні шыққан “Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирусымен күрес аясында эпидемияға қарсы шараларға қатысқан қызметкерлерге қаржылай қолдау көрсету туралы” бұйрығына сәйкес, үстемақы алатын дәрігерлер қауіп деңгейі бойынша үш топқа бөлінген.

Вирус жұқтыру қаупі “өте жоғары” бірінші топқа дәрігерлер, инфекциялық стационар мен COVID-19 вирусын жұқтырған науқастарға медициналық көмек көрсетуге арналған жан сақтау бөлімінің орта және кіші медициналық қызметкерлері жатады. Бұл топқа жататын қызметкердің үстемақысы 850 мың теңгеден (ең төменгі жалақының 20 еселенген мөлшері) аспауы керек.

Вирус жұқтыру қаупі “жоғары” екінші топқа дәрігерлер, провизорлы стационарлардың, жұмылдырылған жағдайда санитарлық авиацияның орта және кіші медициналық қызметкерлері, жедел жәрдем дәрігерлері мен фельдшерлері (амбулаторлық-емханалық ұйымдардың жедел жәрдем қызметі де осы топқа кіреді) жатады. Үстемақы мөлшері 425 мың теңгеден аспайды (ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшері).

Вирус жұқтыру қаупі “орташа” үшінші топқа дәрігерлер, карантин стационарларының орта және кіші медициналық қызметкерлері, жедел жәрдем көлігінің жүргізушілері, эпидемияға қарсы шараларға қатысып жүрген зертхана және санитарлық-эпидемиологиялық станция қызметкерлері, төтенше стационарлар мен алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарының қабылдау бөлімінде ауыр респираторлық вирустық инфекциямен, пневмониямен ауыратын науқастарды қабылдап, сараптамаға биологиялық материал алатын қызметкерлер, төтенше жағдай бойынша оперативті штаб және облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдігінің жанындағы өңірлік штаб мүшелері, блокпосттағы карантин режимін қамтамасыз ететін денсаулық сақтау саласының қызметкерлері кіреді. Үстемақы мөлшері 212,5 мың тенгеден аспайды (ең төменгі жалақының 5 еселенген мөлшері).

Қазақстандағы жедел жәрдем дәрігерлері. Көрнекі сурет
Қазақстандағы жедел жәрдем дәрігерлері. Көрнекі сурет

ДӘРІГЕРЛЕР НАРАЗЫЛЫҒЫ

Елдің әртүрлі өңіріндегі дәрігерлер наурыз айының соңында үстемақы ақшасын жартылай алып, немесе мүлде алмағанына жаппай наразылық білдірді. Сәуір айының басынан мамырдың ортасына дейін Ақтөбедегі жедел-жәрдем қызметкерлері, Қызылорда мен Ақмола облысының медициналық қызметкерлері осындай қарсылық шарасын өткізді. Азаттықтың осы тақырыптағы сюжетінен кейін наразылық білдірген медициналық қызметкерлердің біразы үстемақысын алды. Бірақ бұрын үстемақы туралы ашық айтып келген дәрігерлер сұхбаттан бас тарта бастады. Олар мұны басшылықтың қырына ілігуден қорқатынымен түсіндірді.

Астанада жұмыс істейтін фельдшерлердің бірі аты-жөнін жасырын қалдыруды өтініп, наурыз айындағы жұмысына 284 мың теңге көлемінде үстемақы алғанын, бірақ сәуір айындағы ақшасы әлі түспегенін айтты.

— Шақыру бойынша барып, [адамдарды] ауруханаға жеткіземіз. Вирус жұқтырған науқастың жақындарымен байланыста боламыз. Жұмысымыз қауіпті. Наурыз айының ақшасына қиналып жүріп, қол жеткіздік. Сәуір айының ақшасын әлі бермей жатыр. “Осы аптада береміз, келесі аптада береміз” деп созып жүр. Ендігі мамыр айы да аяқталып қалды, — дейді фельдшер.

Ол әріптестерімен бірге екі тәулік сайын жұмыс істейтінін, күндізгі және түнгі ауысымның әсерінен демалыс уақыты қысқаратын кездер де болатынын айтады. Азаттық кейіпкерінің фельдшер болып жұмыс істеген төрт жыл ішінде алған ең үлкен жалақысы 160 мың теңгеден аспаған.

Аты-жөнін көрсетпеуді сұраған көкшетаулық фельдшердің айтуынша, мәселе ақпарат құралдарына шыққан соң, басшылық “бұйрықты өзгертіп, үстемақы төлеген”. Ол үстемақы көлемін атаудан бас тартып, қолға алған ақшасына көңілі толмайтынын айтты.

— Шағым айтқаннан пайда жоқ, сондықтан осыған да шүкір етеміз, — деді фельдшер.

Қызылорда облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Алмат Құрманғали басында медициналық қызметкерлерге үстемақы төлеуде “түсініспеушілік” болғанын мойындады.

— Үкіметтен бөлінген ақшаны төледік. Қазір қосымша қаржыны жергілікті бюджеттен алу мәселесі қаралып жатыр. Мүмкін демеушілердің көмегінежүгінетін шығар. Сәуір айының ақшасын төледік. Әзірге мәселе жоқ. Мамырдың соңында не боларын көреміз, — деді Алмат Құрманғали.

Оның айтуынша, жедел жәрдем жүргізушісі бір күнде COVID-19 вирусын жұқтырған, онымен байланыста болған немесе ықтимал науқас саналатын бір адамға ғана қызмет көрсетсе де, сол жұмыс күні үшін толық ақы алады.

— Бір айда ол өз ауысымына түскен осындай бес немесе алты шақыруға баруы мүмкін. Жүргізушілер вирус жұқтыру қаупі бойынша үшінші топқа кіреді. Олар айына 212,5 мың теңгеге дейін алады. Кей өңірде жүргізуші он шақыруға барып, бұдан көп жалақы алған кездер де болған. Қызметкердің санаты да есепке алынады. Жұмыс уақыты мен үстемақыны шақыру картасы арқылы тексеруге болады, — деді Алмат Құрманғали.

Азаттық денсаулық сақтау министрлігіне хабарласып, медицина қызметкерлеріне төленетін үстемақы жөнінде пікір алмақ болды.

— Мұны әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тексереді. Өйткені барлық ақша қор арқылы жүреді. Қор өзі анықтап, өзі көреді. Кейін нәтижесін министрлікке жеткізеді. Қорға хабарласып көріңіз, олар сұрақтарыңызға жауап береді, — деді денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз хатшысы Диас Ахметшәріп.

“КІР ЖУАТЫН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР МЕН САНТЕХНИКТЕРДІ ДЕ ТІЗІМГЕ ҚОСҚАН”

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз хатшысы Ермек Болтаевтың айтуынша, үкімет медициналық қызметкерлерге үстемақы төлеуге шамамен 35 миллиард теңге бөлген. Болтаев “қор осы қаржыны медициналық ұйымдарға тарататын қаржылық оператор қызметін атқарады” деп түсіндірді. Баспасөз хатшысының сөзінше, үстемақы алатын медициналық қызметкерлердің тізімін өңірлік комиссия жасайды.

— Өңірлік комиссияға әкім орынбасарымен бір деңгейдегі өкілетті тұлғалар, үкіметтік емес ұйымдар мен “Нұр Отан” партиясының өкілдері кіреді. Қор өңірлік комиссиялар дайындаған тізімдерді қайта тексеріп, сәуір айында 560 миллион теңге көлеміндегі үстемақы дұрыс берілмегенін анықтады. Олар коронавируспен күресіп жүрген медициналық қызметкерлердің қатарына кірмейтін адамдарды да тізімге қосқан. Мысалы, бұл тізімде кір жуатын қызметкерлер мен бас дәрігерлер де бар, — дейді Ермек Болтаев.

Ақтөбедегі жедел жәрдем қызметкерлерінің наразылығы. 15 Mамып 2020 жыл.
Ақтөбедегі жедел жәрдем қызметкерлерінің наразылығы. 15 Mамып 2020 жыл.

Осыған дейін қордың басқарма төрағасының орынбасары Марат Шоранов әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жанындағы қоғамдық кеңестің кезектен тыс отырысында наурыз айында — 88,5 миллион теңге, сәуір айында 473 миллион теңге үстемақы дұрыс берілмегенін мәлімдеді.

Мысалы, қор дерегінше, сәуір айында “дұрыс төленбеген” үстемақылардың басым көбі Алматы облысында (146 миллион теңге) тіркелген. Одан кейінгі орындарда Солтүстік Қазақстан облысы (101 миллион теңге), Нұр-Сұлтан қаласы (86,5 миллион теңге), Шығыс Қазақстан облысы (47 миллион теңге) және Шымкент қаласы (29 миллион теңге) тұр.

Шорановтың сөзінше, өңірдегілер үстемақы алатындардың тізіміне әкімшілік блок өкілдерін, кір жуып, картоп тазалайтын, сантехникаға жауап беретін қызметкерлерді де қосқан.

Қор дерегінше, сәуірде коронавирустық инфекцияның ушығуына байланысты эпидемияға қарсы шараларға қатысып, үстемақы алатын медициналық қызметкерлер саны наурыз айымен салыстырғанда 17,7 мыңнан 42,6 мың адамға дейін 2,5 есе өскен. Яғни үстемақы төлеуге қажет қаржының жалпы көлемі 56 пайызға артқан.

Медициналық қызметкерлерге үстемақы төлеуге наурызда 3,3 миллиард теңге жұмсалса, сәуірде 7,6 миллиард теңге жұмсалған. Қор дерегінше, мамырда үстемақы көлемі 8,6 миллиард теңге болмақ.

— Дұрыс төленбеген үстемақы қайтарылады, — деді қордың баспасөз хатшысы Ермек Болтаев.

Денсаулық сақтау министрлігінің сайтында Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстардағы “коронавируспен күрес аясында эпидемияға қарсы шараларға қатысып жүрген медициналық қызметкерлерге қаржылай қолдау көрсетуді ұйымдастырумен айналысатын” комиссияның құрамы жарияланған.

Комиссия құрамына негізінен “Нұр Отан” партиясы бөлімшесінің, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, және денсаулық сақтау саласы қызметкерлері кәсіподағының басшылары кіреді. Комиссияны облыс әкімінің орынбасары басқарады.

Азаттық комиссия хатшылары арқылы қор дерегінде аталған өңірлердің комиссия төрағасынан медициналық қызметкерлерге үстемақының дұрыс төленбеуіне қатысты пікір алуға тырысып көрді. Бірақ хатшы берген телефон тұтқасын ешкім көтермеді. Кей хатшы ресми сауалхат жіберуді сұрады.

“Салауатты Астана” компаниясының Нұр-Сұлтандағы медициналық орталығының үстемақы талап еткен фельдшерлері. 14 мамыр 2020 жыл
“Салауатты Астана” компаниясының Нұр-Сұлтандағы медициналық орталығының үстемақы талап еткен фельдшерлері. 14 мамыр 2020 жыл

Азаттық осыған дейін елде коронавирус пандемиясы жарияланғаннан бері науқастарға көмектескен жүздеген медициналық қызметкерге вирус жұққанын жазған.

Ұлттық қоғамдық келісім кеңесінің мамырдың 27-сі күні өткен соңғы отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық қызметкерлердің жалақысын көтеру керегін айтқан.

— Олардың жалақысы экономикамыздағы орташа жалақыдан 2,5 есе көп болуы керек. 2023 жылға қарай осы көрсеткішке қол жеткізуіміз керек, — деді Тоқаев.

Президент сондай-ақ Қазақстанда коронавирус пандемиясының шырқау шегі өткенін, бірақ “эпидемияға қарсы күрес әлі аяқталмағанын” айтты.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің мамырдың 28-і күнгі дерегінше, 19 миллион халқы бар елде 9576 адам коронавирус жұқтырып, 4768 науқас жазылып шыққан. 37 науқас көз жұмған.

АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, әлемде коронавирус жұқтырған науқастар саны 5,8 миллионға жеткен. 360 мың науқас көз жұмған. 2,4 миллионнан астам азамат жазылып шыққан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG