Сегіз жыл бұрын, 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Жаңаөзен қаласында полиция мұнайшыларға оқ атқан. Ереуілге шыққан мұнайшылар мен қала тұрғындары жапа шеккен. Жаңаөзен қаласы мен Маңғыстау облысының билігі полицияның қару қолдануын "қорғану" деп түсіндірді. Кейінірек интернетте форма кигендердің қашып бара жатқан адамдардың артынан оқ атқанын дәлелдейтін видео тарады.
Ресми дерек бойынша, 16 азамат қаза тауып, жүздеген адам жараланған. Қала тұрғындары мен құқық қорғаушылар, құрбандар саны бұдан көп деп санайды. Қайғылы оқиғадан кейін Жаңаөзенде әуелі төтенше жағдай жарияланды. Кейіннен жүздеген ер адам тұтқындалды. Олар полиция бөлімшесінде азаптауға ұшырағандарын айтты. Мұнайшылар ереуіліне қатысқан азаматтарды қосқанда, 37 адам жазаланды. Бес полиция қызметкері мен азаптау оқиғалары болған изолятордың бастығы қызметін асыра пайдаланғаны үшін жауапқа тартылды.
Қайғылы оқиғадан кейін екі жыл өткенде құқық қорғаушы және саясаттанушы Ғалым Ағелеуов мұнайшылар қаласында 2011 жылғы 16 желтоқсан оқиғасы, оған дейін және кейін болған жағдайлар туралы “Жаңаөзен күнделігі” фильмін түсірді. Ағелеуов бейбіт тұрғындарға оқ ату оқиғасына дейін Жаңаөзенде болып, мұнайшылар ереуілі туралы мақала жазды.
Настоящее Время ақпараттық құралына берген сұхбатында Ағелеуов қарапайым еңбек дауының қала алаңындағы ереуілге қалай ұласқанын, қайғылы оқиға күні Жаңаөзенде не болғанын, лайықты жалақы үшін табанды күрес жүргізген адамдардың журналистер мен полициядан қорқуына не итермелегенін айтып берді.
МҰНАЙШЫЛАР НАРАЗЫЛЫҒЫ. 16 ЖЕЛТОҚСАНҒА ДЕЙІНГІ ОҚИҒАЛАР
— Мұнайшылар ереуілінің сипаты мен жұмысшылардың кәсіпорын басшысына қойған талаптары туралы айтып беріңізші.
— Мұнайшылар ереуілі 2011 жылы көктемде Ерсайда басталды. "Ерсай Каспиан Контрактор" кәсіпорны италиялық компаниямен байланысты. [Кәсіпорын] мұнай компанияларына құрал-жабдық жеткізіп, істен шыққан техниканы жөндеумен айналысатын. Осы кәсіпорындағы шамамен 1000 адамнан тұратын еңбек ұжымы ереуілге шықты. Оларды қолдаған Ақтаудағы "Қаражанбасмұнай" компаниясының қызметкерлері де ереуіл бастады. "Қаражанбасмұнай" – Ақтау қаласындағы негізгі кәсіпорын. Маңғыстау облысындағы көп кен орны осы компанияның иелігінде болатын. Мұнайшылар компанияның бас кеңсесінің алдына келіп, басшылықтан жалақыны көтеруді, еңбек жағдайын жақсартуды талап ете бастады. Бұрын "Қаражанбасмұнай" канадалық компания болған, кейін билік акцияның 50 пайызын Қытай компаниясына сатқан. Қытай азаматының компания директоры болуы да жағдайға біршама әсер еткен.
Бұл оқиғаға дейін 2009-2010 жылдары да ереуіл болған. Кәсіподақ басшылары соққыға жығылып, "Қаражанбасмұнай" кәсіподақ жетекшілерінің бірінің үйі өртелген. 2011 жылы еңбек ұжымы "Ерсай" жұмысшыларына қолдау көрсетті, артынша "Өзенмұнайгаз" мұнайшылары ереуіл бастады. "Өзенмұнайгаз" – Жаңаөзендегі негізгі кәсіпорын. Онда шамамен 12 мың адам жұмыс істеген. Міне, осы жұмысшылар Жаңаөзенде ереуілге шықты. Жұмысшылар құбыр арқылы келетін бар мұнай жиналатын ОС-5 мекемесінде ереуіл ұйымдастырып, [2011 жылдың] маусым айында арнаулы полиция жасағы күштеп таратқанға дейін сол жерде тұрды. Полиция жұмысшыларды ұрып-соғып, бөлімшеге әкетіп отырған. Күйеулерін қорғауға келген әйелдерді де соққыға жығылған. Күйеуінің жағдайын білуге полиция бөлімшесіне келген әйелдерден сұхбат алғанмын. Менде сақталған видеода олардың денесі тырналып, көгергені көрінеді. Яғни, компания басшылығының мүддесі үшін ереуілге шыққандар мен олардың отбасы мүшелерін барынша қорқытуға тырысқан.
Осыдан кейін жұмысшылар "Қаражанбасмұнай" және "Өзенмұнайгаз" компанияларының территориясында аштық жариялады. Олар ас-судан бас тартып, келісімге келуді сұрады. Ереуілшілер мен жұмыс берушінің арасында тең дәрежелі келіссөз жүргізуді талап етті.
— Ереуілшілер ол кезде агрессия көрсеткен жоқ қой?
— Жоқ, олардың тарапынан ешқандай агрессия болған жоқ. Керісінше, билік оларды басып-жаншуға тырысты. "Қаражанбасмұнай" компаниясында өткен жиналыста еңбек ұжымы қаржылық заңбұзушылықтарға жол берген алдыңғы басшыға сенімсіздік білдіріп, Наталья Соколованы кәсіподақ басшысы етіп тағайындады. Ол барлық кен орны жұмысшыларының және бас кеңсе ғимаратының алдында Еңбек кодексі сақталмай, аз жалақы беріліп отырғанын айтты. Сол кездегі премьер-министр Кәрім Мәсімовтің уәдесіне сәйкес, 2009 жылдан бастап мұнайшыларға жалақы 1,7-1,8 коэффициенті бойынша (бұл мұнай және өңірлік коэффициент) төленуі керегін, бірақ жұмысшыларға еңбекақысы толық көлемде берілмей отырғанын мәлімдеді.Кәсіподақ басшысы жалақы туралы есеп бойынша құрылған жүйе жұмысшылар ақысын толық бермей отырғанына назар аударды.
Одан бөлек, сол жылы жұмысшыларға сыйақы берілмеген. Олардың шағымы өте көп болды. "Өзенмұнайгаз" бойынша мәселе шаш-етектен еді. Мәселен, мұнайшыларға тегін берілуі керек жұмыс киімін сатып алуға мәжбүрлегенін білемін. Біреу осы киімдерді тігіп, жұмысшыларға сатудан пайда көрген. Қарапайым қолғап, сүт сияқты заттар берілмеген.
— Яғни, ереуілдің негізгі себебі жалақы болды ма?
— Негізгі себеп – жалақы. Бірақ кейін жұмыс беруші келісімге келуден бас тартып, жағдайды ушықтырып, репрессия жүргізе бастаған кезде ереуіл саяси сипат ала бастады. Өйткені ереуіл басшылары тұтқындалды. Наталья Соколова прокуратураға барып, ұжым жиналысында өзін кәсіподақ басшысы етіп тағайындағанын айтып, полициядан бұрынғы басшыдан мөрді алып беруді талап еткен.
Полиция еңбек ұжымының шешімін жүзеге асыруға көмектесудің орнына Наталья Соколованы тұтқындап, 8 тәулікке түрмеге жапқан. Кейін уақытша тергеу изоляторынан шығып үлгермей, оны дәл осы айыппен алты жылға түрме жазасына кесті. Бір қылмыс үшін екі түрлі жаза – 8 тәулік пен 6 жыл беруге болмайтынын кез келген заңгер растай алады.
— Кейін ереуілшілер мен мұнай-газ компаниясы басшысының арасындағы қарым-қатынас еңбек дауы деуге келмейтін жағдайға жеткені рас па? Яғни, мұнайшылар билік партиясы "Нұр Отаннан" шықты, Жаңаөзенге саяси оппозицияның келді...
— Сәуір айында үш ұйым жұмысшылары бірдей ереуілге шыққан кезде, жұмыс беруші өз қызметкерлері арқылы сотқа ереуіл туралы арыз берген. Сот ереуілді бірден заңсыз деп тапқан. Жұмыс беруші сот шешімін әкеліп, жұмысшыларға "Заңсыз әрекет етіп отырсыңдар" деген.Яғни, жұмыс беруші жұмысшылардың барлық заңды талабын назарға алмаған. Қайта күш қолдану әдісіне жүгініп, келісімге келуге тырыспастан, қысым көрсете бастаған. Кез келген заңбұзушылық үшін ереуілшілерді алып кетіп, тұтқындап, түрмеге жауып отырған.
Мысалы, Азаттық радиосы келіп, Наталья Әжіғалиевадан сұхбат алған. Ертеңіне сұхбат шыққаннан кейін Натальяны тұтқындап, еш себепсіз 15 тәулікке қамаған. [Жаңаөзендегі] ОС-5 жұмысшыларын шілде айының басында арнаулы полиция жасағы ұрып-соққаннан кейін, олар орталық алаңға келуге мәжбүр болған. Мұнайшылар таңнан кешке дейін алаңда тұрды. Балаларымен, отбасыларымен сол алаңда түнеді.
Алғашында 5 мың адам болды, кейін алаңдағылардың саны азая берді. Өйткені адамдар онда 8 ай бойы отырды. Бұл оқиғаға бүкіл қала куә болды, бәрі ереуілшілерге қолдау көрсетті. Өйткені әр жұмысшы 12 адамнан тұратын отбасын жалғыз өзі асырап келген. Жұмыссыз қалған соң, ақша болмай, бәрінің жүйкесі жұқара бастады. Адамдар радикалды шараларға баруға дайын болды. Осыдан саясиландыру басталды.
Жұмысшылар жаппай "Нұр Отан" партиясынан шығу туралы шешім қабылдады. "Нұр Отан" кеңсесіне келіп, талаптарын айтып, партиядан шығатындарын ашық көрсетті. Жаңаөзен қаласы тек "Өзенмұнайгаз" компаниясына арқа сүйеп отырған болатын. Бұл жер кезінде вахталық ауыл болған. Қала өсіп, тұрғындар саны 130-140 мыңға жеткенімен, инфрақұрылым дамымаған. Өйткені қала бюджетінен ақша жымқырылған. Қалаға әкім болғандардың бәрі өз қамын ғана ойлаған. "Өзенмұнайгаз" компаниясының қаланың әлеуметтік дамуына бөлген ақшасы ешкім білмейтін үкіметтік емес ұйымдар арқылы жаратылған. Бұл ұйымдар арқылы шенеуніктер ақша алып отырған.
Жұмысшылардың қолына 150-170 мың [теңге] жалақы тиген. Бірақ астанаға жіберілген есепте жалақы 400 мың теңге деп көрсетілген. Яғни, екі есе көп ақша белгісіз жаққа кетіп отырған.
— Сіз ереуілшілер мен олардың жақындарына көрсетілген қысым туралы айттыңыз. Оларға қандай қысым көрсетілген?
— Мысалы, 2010-2011 жылдары мұнайшылар соққыға жығылып, кәсіподақ басшыларының бірі Тұрбаев өлтірілді. Жақсылық Тұрбаевты жұмыс орнында вагонда қатыгездікпен өлтірген: оны арматура, темір істіктермен ұрған, вагон ішінде барлық жерде қан іздері қалған. Полиция бұл жағдайға көз жұмып қарап, кінәлілерді анықтаған жоқ.
Одан бөлек, белгілі мұнайшының қызы Жансәуле Қарабалаева қастандықпен өлтірілді. Оның әкесі кәсіподақтың ресми басшысы болмаса да, "Өзенмұнайгаздың" белгілі жұмысшыларының бірі болған. Оның қызын біреулер зорлап, өлтіріп кеткен. Адамдардың айтуынша, жас қызды таксиге салып, әскери бөлімше жаққа қарай алып кеткен. Ешкім жоқ жазық жерге апарып, азаптап өлтірген. Бұл қаза да ереуілшілерге қатты әсер етті. Сегіз айға созылған ереуілді көтере алмаған жұмысшы Абай Әбенов өзіне қол жұмсап, асылып өлді. Бұл – Жаңаөзенде болған жағдай. Бұдан басқа оқиғалар да болған шығар, бірақ мен өзім білетін жағдайлар туралы айтып отырмын.
Мұның бәрі полиция мен қылмыстық топтардың әрекетіне және осы жағдайдың бәрін реттеуі керек болған мемлекеттік құрылымдарға деген наразылықты күшейтті.
16 ЖЕЛТОҚСАН. АЛАҢДА НЕ БОЛДЫ?
—16 желтоқсан күні Жаңаөзендегі алаңда не болды, қоғамдық тәртіп неге бұзылды? Ереуілшілер аппаратураны сындырып, ғимараттарды өртеді. Бұл жағдай қалай болды?
— Мұны мұнайшылар істеді деуге болмайды. Қалада Тәуелсіздік мерекесі тойланып жатты. Қала әкімдігі тұрғындарды орталық алаңға шақырды. Онда шамамен 5 мың адам болды. Мектеп директорлары оқушыларды, техникумдар студенттерін алып шықты. Балалар мен оқушылардан бастап, қарт адамдарға дейін Тәуелсіздік мерекесін тойлауға келген халық қарасы өте көп болды.
Алаңның бір бөлігінде мұнайшылар болған. Мерекеге дайындық қалай жүргеніне қарап, провокация ұйымдастырылып жатқаны байқалды. Мерекеге дейін бір-екі күн бұрын мұнайшылар әкімге өтініш айта бастады. Қала әкімінің "ештеңе болмайды, провокация жасалмайды" деп ант-cу ішіп, уәде беріп жатқан сәті түсірілген видео бар.
Бір ай бұрын Жаңаөзенге Ақтаудан толық қаруланған арнаулы полиция жасағы келді. Олар бір ай бойы қалада тұрып, ереуілді қалай таратуға болатыны жөнінде жоспар дайындады.
— Алаңда арандатушылар болды деген пікір айтылып еді ғой? Арандатушылар кімдер?
— Жоғары жаққа қарасақ, күш құрылымдарының ереуілшілерді тарату туралы нақты жоспары болған. Олар бұл үшін ұйымдасқан қылмыстық топ шақырған. Нақты айта алмаймын, бірақ менде жақын облыстардан осындай топтар әкелінгені туралы ақпарат бар. Мысалы, Атырау облысынан. Маған осы жағдайдан кейін "Өзенмұнайгаз" компаниясы жұмысшыларының жап-жаңа күртелері Атырау облысында қоқысқа тасталғаны туралы айтқандар болды.
— "Бұл адамдар қара киімде болған" деген дерек айтылып еді.
— Адамдар қара киімде болған. Видеоны қарасаңыз, қара киінген адамдардың ақ жалау көтергені, сондықтан оларды атпағаны көрінеді. Әрине, олардың бәрі бір жоспардың аясында жұмыс істеген. Одан бөлек, жан-жақта снайперлер тұрған. 100 адамнан тұратын отряд көше бойымен жүріп, алаңда тұрғандардың бәріне оқ атқан. Олар 20-30 минут жүріп өтіп, халықтың үстінен тоқтаусыз оқ жаудырған.
Алаңда балалар да болған. Өйткені мұғалімдер барлық баланы үйіне қайтармаған. 37 мұнайшының ісі бойынша сот процесі барысында берілген түсініктемелердің бірінде 6-7-сынып оқушылары Айжан есімді әйелді көтеріп жүгіргені туралы айтылады. Әлгі әйелге оқ тиіп, бөксесі мен аяқ сүйегі жараланған. Аяғын баса алмаған әйелді 6-7-сынып оқушылары көтеріп, жүгірген. Барлық адамға қарсы оқ атылған. Бұл жай атылған оқ емес, адамдардың көзін жою үшін атылған оқ болатын.
— "Оқ атуға кім тапсырма берді?" деген сұраққа жауап бар ма? Сіз қазір бірнеше адам анықталды дедіңіз. Мұндай шешімді [Маңғыстау облысы ішкі істер департаменті басшысының орынбасары] полковник Қабдығали Өтеғалиевтің жеке өзі қабылдауы мүмкін бе?
— Өтеғалиев пен [подполковник Ұлықбек] Мылтықов мұндай шешімді өздері қабылдай алмайды. Олар жағдайға қарап әрекет етуі мүмкін. Бірақ логиканы қараңыз: бір ай бұрын қалаға қарулы жасақ кіреді. Олар бәрінен оқшау спортзалда тұрады. Яғни, оларды дайындап, белгілі бір жоспар әзірлейді. Қарулы жасақ резеңке оқ немесе арнаулы құрал пайдалану туралы ойланбайды. Өйткені оларды осы нұсқаға дайындаған. Олар осы жағдайды 100 пайыз ойластырып қойды деуге болмайды. Бірақ неге басқа жеңіл жолдарды қарастырмады? Бұл ақылға сыймайды. Неге олар бірден оқ атуға көшті? Жергілікті деңгейде мұндай шешім қабылдауға олардың батылы жетпес еді деп ойлаймын.
— Резеңке оқтар ереуілшілерді өлтірмес еді. Оларды қолдануға болар еді ғой?
— Әрине. Егер олар солай болғанын қаласа, қолдануға болар еді. Оның үстіне, [ереуілшілер] алаңда тұрған, еш жаққа қашпаған.
— Жаңаөзендегі жағдай туралы әңгіме қозғалғанда, 16 желтоқсан күні Жаңаөзенде 16 адам, 17 желтоқсан күні Шетпе станциясында бір адам қаза тапқан деген ресми дерек айтылады. Полиция қызметкерлерінің зардап шеккені туралы ақпарат бар ма?
— Басында полиция бұл тәртіпсіздікті алаңда тұрғандар бастады деп айтты. Шынымен видеоны қарасаңыз, мұнайшылар мен Жаңаөзен тұрғындарының қоршауды бұзып жатқаны туралы көрініс бар. Өйткені полиция шеңберді тарылтып, оларды алаңның шетіне ығыстыруға тырысқан. Бұл кері әрекет туғызған.
Көз алдыңызға елестетіп көріңізші, киіз үй тігілген, оның ішінде адамдар тамақ ішіп отыр, дәл сол жерде 8 ай бойы ереуіл өткізіп, жалақысыз, аш жүрген мұнайшылар тұр. Видеода әйелдердің "Бұл не мереке? Осы да мереке ме?" деп айқайлағаны естіледі. Құлақ тұндыратын музыка қосылған. Осы сәтте полиция мұнайшылар мен қала тұрғындарын ығыстырып, қысуға тырысады. Сол кезде олар полиция шеңберін бұзады.
— Қарапайым куәгерлер түсірген видеолар болмаса, Жаңаөзенде атыс болғаны анықталар ма еді?
— Менің ойымша, объективті шындық осы роликтен кейін пайда болды. Келесі күні бас прокурордың "Алаңдағылар тәртіпсіз ұйымдастырды, бәрін қиратып, полицияға оқ атты" деген мәлімдемесінен кейін осы видеолар арқылы полицияға ешқандай қауіп төнбегеніне, полиция отрядының көше бойында кетіп бара жатып оқ жаудырғанына куә болдық.
— Бірінші видео қашан жарық көрді? Сол күні ме?
— Жоқ, кейінірек 18-19 желтоқсан күндері шықты.
16 ЖЕЛТОҚСАННАН СОҢ НЕ БОЛДЫ?
— Жаңаөзендіктерді қалай тергеп, жауапқа тартты?
— Куәгерлердің айтуынша, 16 желтоқсан күні Жаңаөзен қаласындағы бүкіл аурухана қанға бөккен. Жедел жәрдем қызметі бірден келіп, жаралыларды ауруханаға әкетпеген.Адамдардың үстінен оқ жаудыра бастағанда халық қалай әрекет етерін білмей қалған. Кейін мұнайшылар мен тұрғындар бірігіп, ауыр жараланғандарды бір жерге таси бастаған. Олар жаралы адамдарды бір орынға жинап, жарты сағаттан кейін сол жерге жедел жәрдем келген.
Мәйітханада 16 орын ғана болған. "Жаңаөзенде 16 адам өлді" деп айтуының себебі мәйітханадағы орын санымен байланысты болса керек. Көп куәгердің сөзінше, өлі адамдар бірінің үстінде бірі жатқан. Бұл сол күні 16 адамнан әлдеқайда көп адамның қаза тапқанын көрсетеді. Жедел-жәрдем қызметі кейінірек жаралыларды Жаңаөзеннен 30-40 шақырым жердегі Жетібай ауруханасына әкете бастаған. Ауыр жараланғандар Ақтау облыстық ауруханасына жеткізілген. Ауруханаға жетпей, жол үстінде көз жұмғандар да бар.
Мысалы, 16 жастағы Рахат Көшеров есімді жігіттің өлімін қарап көрейік. Ол тіпті, алаңда да болмаған, көше бойындағы көлікте отырған. Сол кезде мойнына оқ тиген. Дәрігерлер оны Ақтауға алып кеткен, жас жігіт ауруханаға жетпей жан тапсырған.
Рахаттың анасы ақшасы болмай, баласының мәйітін Ақтаудан Жаңаөзенге әртүрлі көлік ауыстырып, зорға жеткізген. Бірақ баласын бірден жерлей алмаған. Өйткені өлім себебін "оқ тию" емес, басқа жағдай деп көрсетуге келісім бермейінше, оған баласының қайтыс болғаны туралы анықтама бермеген. Анасы осыны айтып, жылады. Сондықтан [қаза тапқандардың тізіміндегі] 16 адам деп отырғанымыз - қайтыс болғаны туралы анықтамада өлім себебі "оқ тию" деп жазылғандар. Қалған адамдардың анықтамасында басқа себеп көрсетілген.
— Мысалы, қайтыс болғаны туралы анықтамада қандай себептер жазылған?
— Жүрек талмасы немесе инфаркт сияқты әртүрлі себептер жазылған. Мысалы, үйінен дүкенге темекі немесе сіріңке алуға шыққан ер адам жоғалып кеткен. Оны туыстары іздеп, қаланы шарлап, соңында оқ тиіп басы жарылған күйінде жансақтау бөлімінен тапқан.
Немесе Базарбай Кенжебаевты алайық. Ол кіші қызының жағдайын білу үшін перзентханаға барған. Оны жолай ұстап әкетіп, комендатураға жеткізген. Уақытша тергеу изоляторында ұрып-соққан. Бірнеше күн бойы табылмаған әкесін іздеп шыққан тағы бір қызы Әсем Кенжебаеваны да жолдан ұстап әкетіп, уақытша тергеу изоляторында ұрып-соққан. Ол жерде Әсемнің қызылсайлық жерлесі табылып, әлгі қызметкер қызды босатып, "ұрмаңдар, өлтірмеңдер" деп айтқан. Әсем үйіне келгенде, әкесін әкеп тастаған. Екі сағаттан кейін әкесі жарақаттан көз жұмған.
Бір жыл ішінде бұл қайғыны көтере алмаған Базарбай Кенжебаевтың әйелі қайтыс болды. Оның артынан әкесін қорғаған Әсем де көз жұмды. ОлЕуропарламентте сөйлеп, әкесін азаптағаны туралы түсініктеме беріп үлгерді. Әсем ["Новая газета" журналисі] Елена Костюченкомен бірге азаптаудың қалай жүргені туралы шындықты ашты. Бұл Ақтаудағы сот процесіне әкелді. Әсем сотта айыптау тарапының басты куәгері болды.
— Жаңаөзендегі оқиғадан кейін төтенше жағдай режимі енгізілді. Бұл іс жүзінде қалай өтті?
— Іс жүзінде төтенше жағдай үйден тек белгілі бір уақыт аралығында ғана шығуға болады дегенді білдіреді. Бірақ жолда сізді арнаулы полиция жасағы көріп қалса, тоқтатып, телефоныңызды тексере алады. Алаңда түсірілген сурет пен видео көрсе, телефонды тәркілеп, сізді комендатураға алып кетеді.
Уақытша тергеу изоляторының жанындағы гараждарда 400 шақты адамды желтоқсан айында суда жалаңаяқ тұрғызып, азаптаған. Оларды ұрып-соққан. Күш құрылымдары тәртіпсіздікке кімді жауапты етіп шығаратынын осылай анықтаған.
Төтенше жағдай кезінде көшелерді аралап жүрген көліктер болған. Бұл дәлелденген факт: жүріп бара жатқан көліктерден адамдарды атқан. Бұл әдетте коменданттық сағаттан кейін болған.
Мысалы, төрт баланың анасы 16 желтоқсан күні жай ғана банкомат алдында тұрған. Осы кезде желкесіне оқ тиіп, мерт болған. Бұл "оқ кез келген адамға тиюі мүмкін еді" дегенді көрсетеді.
— Полиция қару қолданғаны үшін жауапқа тартылды ма? Сотталғандар қаншалықты тез босап шықты?
— Полиция қызметкерлері сотталды. Алаңға жылжыған полицияға бұйрық берген облыстық және қалалық деңгейдегі бес полицей жауапқа тартылды. Олардың берген нұсқауы тіркелген, екеуі жазаға кесілді. Адамдарға оқ атқан тағы үш адам да сотталды.
Сотта кімге қандай қару берілгені арнаулы журналда тіркелмейтіні айтылды. Бұл кіші қызметкерлердің бірін ұстап алып, "сенің қаруыңнан адам өліпті, сол үшін сені жауапқа тартамыз" деп айтуға болатынын көрсетеді.
— Яғни, жауапқа тартылған бес адам осылай басқаның айыбын мойнына алғандар ма?
— Иә. [Жеңісбек] Теміровтың жағдайын мысалға келтірейік. Жас лейтенант жігіт 16 желтоқсаннан бір күн бұрын уақытша тергеу изоляторының коменданты болып тағайындалған. Азаптауға жол бергені үшін сол жігітті жауапқа тартты. Оны 5 жылға түрме жазасына кесті. Генералдар, басшылық қызметтегі полковниктер мен күш құрылымдарының бүкіл құрамы тұрып, олардың ешқайсысы жауап берген жоқ. Олар бүкіл кінәні артуға болатын адам іздегенге ұқсайды. Айыпталушыларға "ең ұзағы екі-үш жыл отырасың, сосын бостандыққа шығасың" деп айтқан болса керек. Шынымен солай болды.
— Куәгер Александр Боженко да құрбан ба? Сіз ол туралы айтқан жоқсыз.
— Иә, құрбан. Сашаның жағдайы 2012 жылы [жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру] бойынша сот процесінде қандай қулыққа жол берілгенін анық көрсетеді. Айыптаушы тарап анонимді куәгерлер ұйымдастырады. Куәгерлердің жартысы мұнайшылар мен полиция қызметкерлері болған. Айыпталушылардың бірі өзіне қарсы куәлік еткен Саша Боженконы даусынан таныған.
Саша сотқа келіп, куәлік беру кезінде полицияда азаптауға ұшырағанын, полицейлер бір адамды айыптап, куәлік беруге көндіру үшін оның қолын сындырып, ұрып-соққанын айтқан. Ол "Өлсем де, шындықты айтамын. Құдайдың алдында тазамын. Таза болып өтемін. Құдайдың алдында таза болып өлемін" деді. Айтқанындай болды. Жарты жыл немесе бір жылдан кейін оны өлтіріп кетті. Өлім себебін "бұзақылық" деген. Дүкенде 50 теңгесі жетпеген екі жігітке ақшасын төлеуге Саша көмектескен. Олар Сашаның дүкеннен шыққанын күтіп тұрып, соққыға жығып, таксиге отырғызып, мектеп жаққа алып кеткен. Түнде сол жерде арматурамен ұрып өлтірген.
Кез келген оқиғаны қолдан жасауға болады екен. Бұл жерде нақты бірдеңе деу қиын.
— Ереуілшілердің қаншасы сотталғанын, сот процесінің қалай өткенін қысқаша айтып беріңізші?
— Сот Жаппай тәртіпсіз ұйымдастырубабы бойынша өтті. 37 адам жауапқа тартылды. Сот процесі кезінде 19 адам азаптауға ұшырағанын мәлімдеді. Олар өздерін қалай ұрғанын бүге-шүгесіне дейін айтып берді. Бұл өте ауыр азаптау болған. Адвокаттар соттан азаптау фактісін тергеуді сұрады.
Судья бұл мәселені Жаңаөзен қаласы полициясының қарауына жіберді. Олар ешқандай азаптау фактісі тіркелмеген, айыпталушылар жала жауып, өтірік айтқан деген қорытынды шығарды. Судья бұл мәлімдемеге қуана келісті. Осылай процесті ары қарай жалғастырды. 13 адам түрмеге жабылды. Олардың ішінде ең ұзақ - 7 жыл түрме жазасы Роза Тулетаеваға берілді.Қалғандары 6, 5 , 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар түрмеге этаппен жөнелтілді.
— 2011-2012 жылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысында қандай өзгеріс болды?
— Өкінішке қарай, билік бұл оқиғадан дұрыс қорытынды шығара алмады. Олар 2011 жылдан бастап, Қазақстандағы барлық заңнамаларды қатаңдатып тастады. Елімізде ашықтық пен еркіндікке бастаған барлық халықаралық конвенциялар, адам құқықтары туралы келісімдердің күшін жойып, дін туралы заңнан бастап кәсіподақтар туралы заңнамаға дейін қатаңдатты. Баспасөзден бастап, тәуелсіз кәсіподақ ұйымдардың бәрін жойды.
ПІКІРЛЕР