19 ақпанда көппәтерлі тұрғын үйде бес бірдей бүлдіршін қыршын кеткен қайғылы оқиғадан соң көпшілік Жаңатас деген қаланы қайта есіне түсірді. 1990 жылдары тоқыраудың символына айналып, терезелері апандай үңірейген тұрғын үйлер қаңырап бос қалған моноқаладағы әлеуметтік толқулар бәсеңдеген соң бар мәселесі шешілгендей көрінген. Азаттық тілшісі қаланың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
Жамбыл облысы Сарысу ауданының орталығы – Жаңатас қаласы Тараздан батысқа қарай 170 километр жерде орналасқан. Қала деген аты болмаса, халқы 20 мыңнан сәл асады. Кезінде қаланың негізгі тіршілік көзі болған фосфорит зауытында істеген қарт кісілер болмаса, жұрттың көбі басқа жаққа көшіп кеткен. Бірақ оң өзгеріс те жоқ емес.
Біз аттанғанда Жамбыл облысының орталығы – Таразда күн шығып тұрған, ал Жаңатас суық желімен қарсы алды. Жергілікті тұрғындардың бұған еті үйренген, мұнда күн шығып тұрса да, ызғар өңменіңнен өтеді. Тек түстен кейін ғана жел басылып, Жаңатаста күн жылынды.
Қалада совет кезінен өзгермей тұрған көрініс көп: көпқабатты сұрқай үйлер, бетоннан салынған автобус аялдамалары өткен шаққа сапар шеккендей әсер қалдырады. Арасында сырты әктелген, күтімі бар үйлер де кездеседі. Тек "Мәңгілік ел – Қазақстан" деген жазу жазылып, ту ілінген қақпа осы заманға қайта оралтады. Оның қасындағы суретке түсуге арналған "I love Zhanatas" деген жазу жаһанданудың белгісіндей сезіледі.
Бұрындары "Жаңатастың жолы шұрқ-тесік" деп естуші едік. Бірақ Тараз бен екі аралықтағы күре жолға өкпе жоқ, жылдам жеткізді. Қала ішіндегі орталық көшелерге асфальт төселген, дегенмен ықшамаудандар арасындағы, шет жақтағы жолдар жөндеу сұрап тұр. Әзірге жауған қар олардың ой-шұқырын анық байқата қоймайды.
Тұрғындарды тасу үшін қала бойынша екі автобус жүреді, бірақ оларды тосу тым ұзақ болғандықтан, көпшілік 100-200 теңгеге "такси" ұстап, жол-жөнекей көлікпен кете береді.
"БҰДАН ДА ҮЛКЕН АПАТ БОЛУЫ МҮМКІН ЕДІ"
Жаңатас тұрғындары Нұрсұлтан Әбділмәліков пен Меңсұлу Есмаханованың Әйгерім (2015 жылы туған), Әбілмансұр (2016 ж.т.), Нұрислам (2017 ж.т.), Айару (2019 ж.т.) және Айсана (2020 ж.т.) есімді бес баласы мерт болған үйге бардық. Тек күйік шалған қабырға мен терезеге тұтылған целлофан ғана сол оқиғадан хабар береді. Ауыр апаттан есін енді жиып жатқан көршілерінің сөйлесуге зауқы жоқ, өртке қатысты сұраққа салқын жауап беріп, тек ауыр күрсінеді.
Өртке газ немесе жылыту құрылғысы себеп болды деген болжам айтылған. Бірақ артынша мамандар оны жоққа шығарды. Сондықтан Жаңатастағы газ проблемасы қоғам назарынан тыс қалды.
Бұдан да үлкен апат болуы мүмкін еді. Себебі, қауіпсіздік ережелері бойынша тыйым салынғанына қарамастан, мұнда көпқабатты үй тұрғындарының көбі асүйге газ баллонын кіргізеді. Ол жарылса бір пәтер емес, тұтас қабырға я үйдің өзі қирауы ықтимал. Жаңатаста орталықтандырылған газ жүйесі істен шыққалы отыз жыл, содан бері баллонға құйылған пропан газы – қала тұрмысының ажырамас бөлігі.
Ақпандағы оқиғадан соң тұрғындар қауіпсіздік мәселесін ойлап, алаңдай бастаған.
"Үлкен қызымның төрт баласы бар, үйінде газ баллон пайдаланады. Жұмысымен шығып кетіп, қайта келгенше жанымызды шүберекке түйіп отырамыз" дейді Ләззат есімді Жаңатас тұрғыны.
Оның айтуынша, көпқабатты үйлерге газ тарту мәселесін көптен қозғап келеді, бірақ әзірге нәтиже жоқ.
"ГАЗ БАЛЛОНЫНЫҢ САПАСЫНА МӘН БЕРІП ЖАТҚАН ПЕНДЕ ЖОҚ"
77 жастағы Жарылқасын Қыдырбеков Жаңатаста елу жылдан бері тұрады. Жергілікті өндірісте жұмыс істеген қария қазір зейнетте. Мәскеуде жұмыс істейтін жалғыз баласы "әкесінің үйіне аяқ баспағанына қырық жыл болған".
Бірінші әйелі қайтыс болған, екінші әйелі де ұзақ тұрмай, кетіп қалған. Қарт кісі аядай ғана бір бөлмелі пәтерде тұрады. Әжетхана, кәріз жүйесінің әбден ескіргені кірген беттен білінеді. Төрде – керует, бір бұрышта – үйілген киім, тұрмыста пайдаланатын заттар жиналып тұр. Ас ішетін үстел де сол жерде. Ал ас бөлмесінде газ баллоннан от тамызып, тамақ пісіреді.
– Жалғыз тұрамын, кәрі болған соң газды көтеріп кіргізу қиын. Өздері (газ баллон тасушылар – ред.) әкеліп, кіргізіп береді. Жалғызбасты қарияға бір газ баллоны бір айға еркін жетеді, – деді Жарылқасын ақсақал.
Бірақ газдың қауіпсіздігін ешкім келіп тексерген емес, "тіпті газдан бұрын өзімнің жағдайымды да сұрайтын адам жоқ" деп налиды қария.
Ерлі-зайыпты Салават пен Венера газ баллонын жоғары қабатқа тасып жатқандарға еш тосқауыл жоқ дейді. Балалары есейіп, бөлек кеткен екеу қаладағы көпқабатты үйде тұрады. 60 жастағы Салават – дәнекерлеуші, 52-дегі жұбайы Венера үй шаруасында. Олар да өзге тұрғындар секілді газ баллон пайдаланады.
– Үлкен баллонға газ құйдырсаң – 2400 теңге. Жекеменшік жанар-жағармай орындарына таксимен барып, құйдырып алған ыңғайлы. Жақсы жанады, бірақ үнемі пәтерге таси беру қиын, – дейді отағасы.
Төтенше жағдай қызметі өкілдерінің қашан келіп тексеріс жүргізгені Венера мен Салаваттың есінде жоқ. Сөздерінше, жекеменшік мекемеден газ құйдырып алсаң олар қауіпсіздікке көп бас қатырмайды. Бұған қоса, бұл баллондардың сапасына, пайдалану мерзіміне көп мән беріп жатқандар аз.
ЕКІ ЖЫЛДА ЖАҢАТАСҚА ГАЗ КЕЛЕДІ...
Тұрғындардың айтуынша, Совет одағы ыдырағанға дейін Жаңатаста орталық газ жүйесі болған. Ықшамаудандардың ауласындағы жер астына орнатылған бакқа сұйылтылған газ құйып, көпқабатты үйлер газды сол жерден алған. "Тоқырау жылдары" оның көпшілігі қолды болып, істен шыққан.
Қазір қала бойынша газ жеткізуге "Бейбарыс" компаниясы жауапты. Қала сыртында орналасқан мекемеде үш диспетчер, бір жүргізуші жұмыс істейді. Газды айына үш рет Тараздан жеткізеді, сол жердегі терминалда баллон сапасын да тексереді. Күнделікті 15-20 адамға дейін қабылдап, бос баллонды газға толтырып береді. 25 литрлік баллонға газ құйып беру – 1500 теңге, ал жаңа баллонды 7000-8000 мың теңгеден сатады.
– Газ құйып беретін жекеменшік (жанар-жағармай орындары – ред.) көп, олар ықтияттап қарамайды, баллонның басындағы резеңкеге да назар аудармайды, барады да, құя салады. Сосын тұрғындар "газ иісі шықты" деп бізге хабарласа береді. Резеңкені уақтылы тексеріп, ауыстырып тұру керек. Біз клиенттеріміздің қауіпсіздігіне жауап береміз, шағым айтып хабарласса, бірден барып тексереміз. Жарамсыз болса ауыстырып береміз, – дейді мекемеде газ жеткізумен айналысатын 43 жастағы Мұрат Сейдалиев.
Ол газ қауіпсіздігіне тұрғындардың өздері үлкен жауапкершілікпен қарауы керек дейді. "Баллонның түбінде қалатын сұйықты подъезге төге салатындар бар. Адамдар шулап, "подъезге газ жайылды" деп хабарласады. Біз барып, іздеп, сол адамды табамыз. Бірақ айыппұл салу, жазалау құзырымызда жоқ. Төтенше жағдай қызметіне, өрт сөндірушілерге хабарлаймыз" дейді Мұрат Сейдалиев.
Екінші қабаттан жоғарыдағы пәтерлерге газ баллонын шығаруға тыйым салынған, бірақ Жаңатаста бұл ережеге құлақ асып жатқандар аз сияқты.
– Әр тоқсанда бір рет қала әкімдігі өкілдері төтенше жағдай қызметкерлерімен бірге пәтерлерді аралап, тұрғындарға ескертеміз, қауіпсіздік шараларын түсіндіреміз. Бірақ бәрібір жаңағыдай жағдай (жоғарғы қабат тұрғындарының газ баллон пайдалануы – ред.) болып тұрады, – дейді Жаңатас қаласы әкімінің орынбасары Талғат Төлебаев.
Оның сөзінше, екі жылда Жаңатаста орталықтандырылған газ жүйесі болады деп жоспарланған.
1 млрд 312 млн теңге қаржыға Сарысу ауданындағы 14 елдімекенге, оның ішінде Жаңатас қаласына газ жеткізу көзделген. Жоспар бойынша, газ 2023 жылы Түркістан облысының Шаян ауылынан тартылмақ.
"КОНТРАСТІЛЕР ҚАЛАСЫ"
Жаңатасты контранстілер қаласы деуге болатындай. Мұнда қаңыраған бос ғимарат пен жаңа жөндеуден өткен жинақы үйлер қатар тұрады.
Тұрғын үйлерге қарама-қарсы бес қабатты ғимарат көзге бірден түседі. Төрт қабырғасы қалған бұрынғы сауда үйінің осы күйінде тұрғанына көп болған. Қаңыраған көпқабатты үйлер де кездеседі. Бірақ ешқайсысы қоршалмай, құдды бір өткен заманның ұмыт қалған жәдігері іспетті қалқиып тұр. Олардың қасында сырты боялып, жөндеуден өткен көпқабатты үйлерді көргенде екі түрлі Жаңатас бар сияқты сезімде қаласың.
Қаладағы көпқабатты үйлердің көбі өткен ғасырдың 60-80 жылдары салынған. Олардың ескіріп, әбден тозғаны бірден көзге түседі. Баспана мәселесін шешу үшін әкімдік ескірген үйлерді жөндеп, көп балалы отбасыларға – пәтер, кезекте тұрғандарға кезегі жеткенше – жатақхана береді.
Азаттық тілшісі барардан екі күн бұрын боран соғып, қаладағы кей үйдің шатыры бұзылған.
Журналист екенімізді естіген тұрғындардың бірі арнайы шақырып, шатырға ертіп апарды. Бес қабатты тұрғын үйдің төбесі қара қағазбен жабылған, бірақ қатты желден онысы ұшып кеткен.
– Енді күн жылынып, көктем шыққанда еріген су үйімізді бүлдіретін болды, – дейді Махаббат есімді тұрғын.
Оның айтуынша, былтыр да үйдің төбесін жапқан қара қағаз ұшып кетіп, шатырдан су өткен.
– Шай ішетін кеседен басқа бос ыдыс қалмады, бәрін төбеден аққан суға тосып отырдық, – деп еске алады Махаббат.
Ол кезде тұрғындар өздері ақша жинап, шатырды жөндеткен.
– Әкімдікке барсақ, төтенше жағдай [салдары] деу үшін жел жылдамдығы тиісті нормадан асуы керек дейді. Сонда төтенше жағдай деп тану үшін бүкіл үй құлауы керек пе? – дейді Махаббат ренішін жасырмай.
Ал осы үйден бірнеше көше ұзасаң, қабырғасы ашық түске боялған, сырты темір шарбақпен қоршалған, жеке күзетшісі бар тұрғын үй тұр. Ауласына тұрғындардан өзге адамның кіруіне болмайды. Бұл – "Еурохим" компаниясының қызметкерлеріне арнайы салынған үй. Онда тіпті балалардың қоларбасын, велосипедін жинап қоятын арнаулы орын да бар. Бұл – мұндайды көрмеген Жаңатас тұрғындары үшін ерекше жаңалық.
Жаңатас өткен ғасырдың алпысыншы жылдары фосфор өндірісі қарыштаған тұста бой көтерген. "Қазфосфат" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жаңатас кенішінен фосфорит қазады. Бұл компания – тек бір қала емес Жамбыл облысы экономикасының тірегі. Ең үлкен жұмыс орны саналатын кәсіпорын облыс бюджетіне миллиондаған салық төлейді.
"Еурохим" компаниясы Жаңатас кенішінде 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Облыс әкімдігінің дерегінше, сол уақыттан бері компания Сарысу ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға 23 млн доллар салған. Тұрғын үйлерді жөндеуден өткізіп, жаңа әлеуметтік нысандар салуға көмектескен, Жаңатастағы аудандық ауруханаға медициналық реанимобиль әперген.
Одан бөлек, бұл кәсіпорындар ойын алаңдары, спорт кешені, орталық саябақ тәрізді орындарды салған.
СОВЕТ КЕЗЕҢІНЕН ШЫҒА АЛМАЙ ТҰРҒАНДАЙ
Қарсы беттегі көпқабатты үйдің көрінісі мүлде басқа. Өңі кеткен сұр қабырға, бірінде есігі бар, бірінде жоқ алқа-салқа подъездер, тозығы жеткен баспалдақтар. Олар қазір кондоминиум нысанына айналған, яғни тұрғындар ол үйлерді өздері жөндетіп отыруы керек.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Жаңатаста 92 көпқабатты үй бар. Оның 13-і – коммуналдық меншіктегі үй. Мемлекет жөндеген бұл үйлердегі пәтерлер мемлекеттік бағдарламалар арқылы кезекте тұрғандарға беріледі. Ал 76 үй жеке меншікте, кондоминиум нысанына жатады.
Қала әкімінің орынбасары Талғат Төлеубаевтың түсіндіруінше, олардың тұрғындары үйдің материалдық жағдайына өздері жауапты.
Ірі кәсіпорындар орналасқанына, минералды қазба байлық өндіріп отырғанына қарамастан, Жаңатас әлі де совет кезеңінен шыға алмай тұрғандай әсер қалдырады.
ПІКІРЛЕР