1916 жылы 25 маусымда Бүкілресей императоры Екінші Николайдың Астрахань губерниясы мен Сібірдегі және Орта Азиядағы «бұратана» жұрттарды майдандағы армияның қорғаныс құралдарын салуға мобилизациялау жайлы жарлығы шықты. Бұл жарлық бойынша қара жұмысқа тартылмақ 19-43 жас аралығындағы 400 мың адамның дені қазақтан алынатын болды.
Бұл жарлыққа қарсылық ретінде туған көтеріліс тұсында шыққан ән-күйлер ол оқиға кезіндегі халықтың көңіл-күйінен хабар береді.
1916 ЖЫЛҒЫ КӨТЕРІЛІС ЖАЙЛЫ ӘНДЕР
100 жыл бұрынғы халық наразылығы куәсінің бірі – халық әні ретінде танымал «Самалтау». «Самалтау, өскен елім, шалқар көлім, Не болар солдат болып көрген күнім. Есіме қайта-қайта түсе бердің, Кір-жуып, кіндік кескен туған жерім» деп басталатын ән мылтықтың дүмімен, зорлықтың күшімен кетіп бара жатқан бозбаланың сол сәттегі күйін бейнелейді.
Қазақ халқының дәстүрлі әндерін орындайтын әнші Ерлан Төлеутай бұл туындының авторы беймәлім екенін айтады.
- Әннің мәтініне, айтылу ерекшелігіне қарап, Арқа жақта туған ән екенін байқауға болады. Бірақ қанша ізденгеніммен әнде айтылатын «Самалтау» деген жерді таппадым. Жердің де аты ұмытылып кеткен болу керек. Тіпті осыны шығарған әншінің өзі де сол кеткеннен қайтып оралмаған болу керек, – дейді ол.
Ерлан Төлеутайдың сөзінше, 1916 жылғы оқиғаға қатысты туған әндердің енді бірі – қазір халық әні ретінде белгілі «Қанатталды».
- Әннің бұрынғы мәтінін 1891-1956 жылдары өмір сүрген әнші әрі композитор Қосымжан Бабақовтың баласы Мұхамедияр ақсақалдан жазып алған едім. Мамандығы суретші ақсақал бұл әнді әкесінен естіген екен. Ал әннің авторы Сәтмағамбет деген кісі Қосымжан Бабақовпен аралас-құралас болған, – дейді Ерлан Төлеутай.
Оның дерегінше, белгілі әнші Жүсіпбек Елебеков 1931 жылы Алматыға алғаш келгенде айтқан «Қанатталды» әнін тыңдаған белгілі адамдардың бірі саяси сақтықпен әннің сөзін өзгерттірген.
- Әннің «Бұрынғы қолдағы істің бәрі қалды, Біртіндеп төл мінезді заман азды. Асылзат шаһибаздар шабыт таппай, Шөлге ұшып, сайын далада қанат талды» деп келетін сөзі өзгертіліп: «Әндердің ұлы атасы «Қанатталды», Арқада аңыратып Сәтжан салды. Талдырып, тамылжытып шырқағанда, Үзілтіп, естігенде жұрт таңқалды» деп орындалып, ел арасына таралған, – дейді Ерлан Төлеутай.
Бірақ қазір «Қанатталды» әнін бұрынғы сөзі деп сипатталатын мәтінмен айтып жүрген ешкім жоқ.
1916 ЖЫЛҒЫ КӨТЕРІЛІС ЖАЙЛЫ КҮЙЛЕР
Осыдан 100 жыл бұрынғы көтеріліс жайлы деп сипатталатын бес күй мәлім. «Он алтыншы жыл» деп аталатын екі күйдің біреуі – Дина Нұрпейісованыкі, екіншісі – Сейтек Оразалыұлыныкі, қалған үш күйі – «Қош бол, балам» «Жұртта қалған», «Сен кеткенде мен қайтем» – Қазанғап Тілепбергенұлыныкі.
Музыкатанушы Жарқын Шәкерімнің айтуынша, күйші Дина бұл күйін баласы Жұманбай тыл жұмысына алынған кезде шығарған, ал Сейтек күйші сол замандағы елдің халін «Он алтыншы жылымен» суреттеген. Сейтектің «қазақ даласында даласында болып жатқан әрбір оқиғаға үн қосып, қарсылығын күй тілінде жеткізгенін» дәстүрлі күй орындаушы Мұрат Әбуғазы да айтады.
– Сейтек Оразалыұлы жан-тәнімен патшалық Ресейге қарсы болып өткен адам. Қарсылығы үшін Сібірге дейін айдалып, Сахалинге жер аударылған, – дейді Мұрат Әбуғазы.
ВИДЕО: Сейтектің «Он алтыншы жыл» күйі
Ол Қазанғаптың «Қош бол, балам» күйі қалай туғаны жайлы аңызды да айтып берді.
- Ол кезде байлар балаларын жібермеу үшін орнына кедейдің балаларын жасы толмаса да «жасы толды» деп жазып, салып жіберетін жағдайдар кездескен. Сондай бір кедейдің баласын әскер қатарын алып бара жатады. Әке-шешесі қарттау адамдар болса керек. «Балам, енді сені көреміз бе, көрмейміз бе? Жасымыз болса келіп қалды» деп жылағанда етектері жасқа толыпты. Қазанғап сол оқиғаны көзімен көріп, әке-шешесінің баласымен қоштасуын күй тіліне салып тартқан екен, – дейді Мұрат Әбуғазы.
Қазақ халқының дәстүрлі музыкасын насихаттаушы мамандар 1916 жылғы көтеріліс жайлы ән-күйлердің санаулы болуын елдің 20-ғасыр басында жолыққан қиыншылықтарынан көреді.
- 1916 жылдан кейін қазақтың әні де кетті, сәні де кетті. Ұлы дүрбелеңнен кейін қазақ ес жия алған жоқ, ән айтуға жағдайы болмады. Қазан төңкерісі басталды. Одан кейін Совет Одағы орнады. Ылғи науқан – үнемі халық жауларын іздеу, ату, асу, талқандау, – дейді әнші Ерлан Төлеутай.
Ол совет үкіметін орнатуға үгіттейтін науқаншыл әндер шыққан кезден ұлт-азаттық көтеріліске қатысты әндер ұмытыла бастағанын айтады.
– «Самалтаудың» өзі архивте қалып қойып, кейін шықтты. «Қанатталдыдан» бастап 200-ге жуық ән «сотталған», яғни оларды айтуға тыйым салынған. Соның салдарынан өткен кезеңді суреттейтін әннің көпшілігі ұмытылды, – дейді ол.
Ал музыкатанушы Жарқын Шәкерім 1916 жылғы оқиға кезіндегі халықтың көңіл ауанын түсінуге осы туындылар да аздық етпесін айтады.
– Сол заманның атмосферасын беруге «Самалтау» әні мен екі-үш күйдің өзі жетеді, – дейді ол.
1916 жылғы осы «Июнь жарлығынан» кейін Қазақстанның әр өңірінде (Сырдария, Қарқара, Семей, Ақмола, Батыс Қазақстан) пайда болған стихиялы қозғалыс бірте-бірте ұйымдасқан сипат алған. Негізінен Жетісу мен Торғай өңірлерінде үдеген көтерілісті басып-жаншу үшін патша өкіметі жазалаушы отрядтар жіберген. Жазалаушылар мыңдаған көтерілісшіні түрмеге қамап не өлім жазасына кесіп, жүз мыңдаған адамды көрші елдерге бостырған. Қазақ даласындағы бұл көтеріліс 1917 жылы Екінші Николай император тақтан құлағанға дейін жалғасқан.
ФОТОГАЛЕРЕЯ: 1916 жылғы оқиғаға қатысты Қазақстан орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары мұрағатында сақталған суреттер (үстінен бассаңыз, толық форматта көре аласыз).