Accessibility links

ҰҚК-нің телефон әңгімелерін астыртын тыңдайтындығына енді тіпті ҰҚК-нің бұрынғы бастығы шағымдана бастады


Қазақстан парламентінің депутаты, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев.
Қазақстан парламентінің депутаты, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев.

Парламент мәжілісінің депутаты, ҰҚК-нің бұрынғы бастығы Сәт Тоқпақбаев өзінің телефонын жасырын тыңдағаны үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетін айыптады. Сәт Тоқпақпаевтың пікірінше, кез-келген демократиялық мемлекетте мұндай жағдай төтенше оқиға саналады.

СӘТ ТОҚПАҚБАЕВ ҰҚК-не ҚАРСЫ ПРЕЗИДЕНТКЕ ШАҒЫМ ЖАСАДЫ

Сәт Тоқпақбаев өзін жасырын тыңдайтындығын кездейсоқ біліп қалған. Оған бұл жайында ҚР ҰҚК органдарының құрметті қызметкері, запастағы полковник Исақ Іңкәрбаев айтып берген. Іңкәрбаевқа ҰҚК ғимаратында арнайы анкетаны толтырған соң 2008 жылдың 16 маусымында орын алған әңгіменің аудиожазбасын тыңдауға берген. Полковник өзінің бұрынғы әріптесі, қазіргі депутат Сәт Тоқпақбаевтың дауысын таныған.

Телефон тыңдалардың алдында, Тоқпақбаевтың айтуынша, ҚР ҰҚК-нің «Арыстан» арнаулы бөлімшесінің қызметкерлері Алматыдағы «Тигрохауд» фирмасына қатысты рейдерлікке араласқан.

Сәт Тоқпақбаев Президентке жазған мәлімдемесінде ҰҚК қызметкерлері тарапынан телефон әңгімелерінің заңсыз жасырын тыңдалуын ұйымдастыру аса ауыр қылмыс деп есептейді. Мәжіліс депутаты Нұрсұлтан Назарбаев арқылы ҰҚК-дан төмендегі сұрақтарға жауап алғысы келеді: Комитет парламент депутатына қатысты жедел-техникалық шараларды, атап айтқанда оның телефон әңгімелерін жасырын тыңдауды қандай негізде жүзеге асырып отыр? Сонымен бірге, ҚР Парламенті депутаттық корпусының қай бөліктеріне қатысты жедел-іздестіру шаралары жүргізілуде деп сұрайды.

Оның телефон әңгімелерін заңсыз тыңдауға Бас прокуратураның нақты қай қызметкері санкция бергендігі де депутатты қызықтырып отыр.

Сонымен қатар, Тоқпақбаев әріптестеріне мәжілістің кезекті пленарлық отырысына ҚР ҰҚК төрағасы, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаевты шақырып, оған депутаттық сауалдағы сұрақтарды қоюды ұсынды.

Дәл сол күні, 25 ақпанда «Астана» телеарнасының тілшісіне берген сұхбатында, ҰҚК баспасөз-хатшысы Кенжеболат Бекназаров комитет генерал-полковник, депутат Тоқпақбаевты жасырын тыңдаған жоқ деп жауап берді. Бекназаров сондай-ақ депутат Тоқпақбаевтың қылмысқа күдікті деп, жасырын тыңдалатын адамдармен әлдебір байланысы барлығына таңданыс білдірген болды.

Депутаттың өзінен түсініктеме алу мүмкін болмады. Парламенттегі оның көмекшісі телефон арқылы Тоқпақбаевтың қолы бос емес деп жауап берді. Тоқпақбаевтың ұялы телефоны кешеден бері сөндірулі тұр. Мүмкін ол соңғы оқиғаларға байланысты ұялы телефонының нөмірін өзгерткен болар.

БАС ПРОКУРАТУРА СӘТ ТОҚПАҚБАЕВТЫҢ САУАЛЫН АЛМАҒАН

Депутат Сәт Тоқпақбаев ҰҚК-не қарсы сауал жолдаған күннің ертесі - 26 ақпан, бейсенбіде Бас проуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов Бас прокуратураның ҰҚК-нің әрекеттеріне қатысты парламент депуатының сауалын алмағандықтарын айтты.

Сапарбек Нұрпейісов былай деп түсіндірген: "Бас прокуратура сауалды әлі алмаған, әрине барлық мәліметтер қаралады. Расталған жағдайда біз қандай шаралар қолданылғанын хабарлаймыз. Егер келтірілген фактілер дәлелденсе, заң бойынша оған қылмыстық шара қолданылады"

СӘТ ТОҚПАҚБАЕВТЫҢ КАДРЛЫҚ ОФИЦЕРДЕН ДЕПУТАТҚА ДЕЙІНГİ КАРЬЕРАСЫ

Сәт Тоқпақбаев биылғы қыркүйекте жетпіске толады. Ол 1963 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіріп, сол жылы чекистік карьерасын бастаған. Яғни, СССР КГБ мектебінің курсанты болды. 1971 жылы СССР СІМ-нің Жоғары дипломатиялық мектебін бітірді. Қытай және ағылшын тілдерін біледі.

Тоқпақбаев СССР Мемлекет қауіпсіздігі комитетінің кадрлық офицері. Жедел уәкілден басқарма бастығына дейінгі жолдан өткен. Қазақ ССР КГБ-сының алқа мүшесі болған.

1991 жылғы қараша айынан ҚР КГБ-сының Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша басқармасының бастығы.
1993 жылдың желтоқсанынан Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы.

1995 жылғы қарашадан Қазақстан Республикасы Президенті күзет қызметінің бастығы – Ұлттық ұлан қолбасшысы.
1999 – 2001 жылдары елдің Қорғаныс министрі. Біраз жылдардан бері республика Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі.

2007 жылдың қыркүйегінен Сәт Тоқпақбаев ҚР Парламент мәжілісінің депутаты. Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитет мүшесі.


ТОҚПАҚБАЕВТЫҢ ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛДАРЫ ҚҰҚЫҚ ОРГАНДАРЫНЫҢ ӘРЕКЕТТЕРІНЕ ҚАРСЫ БАҒЫТТАЛҒАН

Депутаттық кезеңде Тоқпақбаев алты депутаттық сауал мен мәлімдеме жасаған. Олардың үшеуінде президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қайрылды. Сауалдардың барлығы құқық құрылымдарындағы жұмыстар мен сыбайлас жемқорлыққа қатысты.

Өткен жылдың қараша айында Сәт Тоқпақбаев «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары Дархан Қалетаев пен ел президентінің көмекшісі, Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Қайырбек Сүлейменовке хат жазды:

«Сөзім жалаң болмас үшін мынаны айтқым келеді. Мәжілісте жұмыс істеген жеті айдың ішінде азаматтардан екі жүздей мәлімдеме мен өтініш алдым. Олардың барлығы құқық құрылымдары өкілдері тарапынан болған заңдылық пен кәсіптік этиканың бұзылу фактілеріне қатысты. Бұл күнделікті сарсаңға салу, бюрократтық тосқауылдар, даулы мәселелерді қарағандағы біржақтылық қана емес, күрделі деген сыбайластық әрекеттердің көріністері. Мәселен, рейдерлікке дем беру, кәсіпкерлік қызметпен айналысатын субьектілерді заңсыз тексеруді ұйымдастыру және т.б...

...Осыған байланысты, құқық және арнаулы органдардың реформасын жеделдетіп, олардың салалық міндеттерін нақты белгілеп, бұл жайында қоғамдастықты кеңінен хабардар ету керек деп есептеймін.

Мәселен, аудан, қала, облыс деңгейіндегі мемлекеттік орган басшыларын, сонымен бірге республикалық құқық органдары - ІІМ, ҰҚК және ҚПА ( қаржы полициясы агенттігі) басшыларын ротациялау тәртібін заңды түрде ұсынуға болады. Бұл жерде олардың жұмыс мерзімін ең ұзағанда бес жылмен шектеген тиімді. Ал, екінші мерзімге бір ғана шартпен, жауапты адамның қызмет барысында сыбайлас жемқорлық қылмысқа қатыстылығы туралы дәлелденген фактілер жоқ болса, рұқсат беруге болады».

Өткен жылдың маусым айында президентке жазған хатында Сәт Тоқпақбаев былай дейді:

«Бір жыл бұрын ҰҚК орталық аппаратының басқа бөлімшелері «Министрлер үйі» ғимаратына көшірілді. Онда қауіпсіздік жүйесінің деңгейі бөлек мемлекеттік мекемелер орналасқан. Бұл арнаулы қызметтердің әлемдік практикасында болмаған жайт.

Өз кезегінде, биылғы жылдың басында қалалық департамент Желтоқсан көшесінде, «Қазақстан Республикасы бірінші президентінің» мемориалдық кешенінің жанында орналсқан ғимараттан, Пушкин көшесіндегі, сауда нүктелерінің қасындағы, әлі пайдалануға берілмеген жаңа ғимаратқа асығыс түрде көшірілді. Бұл жерде қалалық департаментке келетін жолдар ешқандай талапқа сай келмейді.

Соңғы екі жағдайда да тиісті инфрақұрылымдарды жасау үшін бюджеттен қомақты қаржы жұмсалады. Өйткені, жаңа ғимараттар әуелден арнаулы қызмет бөлімшелеріне лайықталмаған. Осы кезде ҰҚК-нің Желтоқсан және Кенесары көшелеріндегі ғимараттарында өзіндік, оның ішінде ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай келетін орындар бос қалды».

Генерал-полковник Назарбаевқа жазған хатында ҰҚК-нің қазіргі басшыларының біліктілігіне күмән келтіреді:

«Бұның барлығын қалай түсіндіруге болады, ҰҚК басшысының біліксіздігі ме әлде басқалай маңызды себеп бар ма? Шынында, орталық аппараты мен қалалық департаментті жеделдете көшірудегі Комитет басшылығының әрекетінде қандай да бір маңызды қисын жоқ. Бірақ, әңгіме Астана орталығындағы, оң жағалаудағы жер учаскесі туралы болып отырғандығын, бір ірі құрылыс компаниясы ол жерде тұрғын үй кешенін салмақ болғандығын ескерсек, жоғарыдағы әрекеттер өзгеше мәнге ие болады».

2007 жылдың желтоқсанында Сәт Тоқпақбаев ел президентіне қудалауға түскен әріптесі, генерал Рахат Әлиевке қатысты ойын айтады:

«...Бұндай тұжырымды еліміздің халықаралық беделіне елеулі түрде нұқсан келтірген, ҚР-ның ЕҚЫҰ-дағы бұрынғы өкілі, Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевтің заңға қайшы әрекеттеріне жол берген арнаулы қызмет пен органдардың салғырт қимылы да растай түседі.

Мынадай заңды сұрақ туады: бірнеше жыл қатарынан, күзетілетін адамның тура жанында болған осы бір адамгершіліктен жұрдай, қылмысқа бейімі бар адам Отанға адалдық туралы антын бұза отырып, өзінің лас әрекеттерін жасап жатқанда Президент күзеті қызметінің және басқа да органдардың өкілдері қайда болған және қайда қараған?».

Бұл жерде ол құқық органдарының жұмысына тиісе кетуді ұмытпайды:

«Менің ойымша, біздің елімізде сынауға, тексеруге тыйым салынған мекемелер болмауы керек. Әңгіме прокуратура органдары, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Президенттің күзет қызметі, Ішкі істер министрлігі және басқа органдар туралы бола ма, бәрібір.

Осыған байланысты, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, республикадағы барлық құқық органдарының қызметін жіті тексеру қажет деп ойлаймын. Ондағы мақсат - мемлекет дамуының қазіргі кезеңдегі әлеуметтік және экономикалық саясаттағы түйінді мақсаттарға жетуді қиындататын, сыбайлас жемқорлықпен күрес тиімділігіне кедергі болатын ішкі құрылымдық кедергілерді анықтау мен жою».


АСТАНАНЫ НҰРСҰЛТАНҒА АУЫСТЫРУ ЖӨНІНДЕГІ БАСТАМАНЫ СӘТ ТОҚПАҚБАЕВ КӨТЕРГЕН ЕДİ

Сәт Тоқпақбаевтың депутат ретінде екі мәлімдемесі қазақстандықтардың есінде қалды. Біріншісінде, Тоқпақбаев жүргізуші куәлігіне ақылы талондар енгізу мәселесіне қарсы шықты. Бұл үшін мыңдаған жүргізушілер оған риза шығар.

Бірақ, өткен жылдың маусым айында жасаған мәләмдемесінен соң жұрттың барлығы депутат Сәт Тоқпақбаев туралы кенеттен айта бастады. Ол жолы Тоқпақбаев Астананың атауын Нұрсұлтан деп өзгерту жөнінде ұсыныс жасады. Оның ұсынысын халық қалаулылары қолдағанымен, президенттің өзі тарапынан қолдау таппады. Алайда, осы мәлімдемесі арқылы Сәт Тоқпақбаев ел тарихында, болмаған күнде оның жаңа астанасының тарихында қалатын болды.

Президент Назарбаев Тоқпақбаевтың «бүкілхалықтық» ұсынысын қолдамағанымен, жылдың соңында оған «Барыс» орденімен рахмет айтуды ұмытқан жоқ.

Астананы Нұрсұлтан қаласы деп өзгерту туралы Тоқпақбаевтың бастамасын көптеген қазақстандықтар қолдаған жоқ. Бұны елдегі жеке басқа табынушылықтың кезекті көрінісі деп есептеді. Бірақ, сол кезде де, телефонды жасырын тыңдауға қатысты соңғы мәлімдемеден соң да қазақстандықтардың ешқайсысы депутаттың мәлімдемесіне қатысты парламент сайтында пікір білдірген жоқ. «Депутатқа хат» бөлімінде бір ғана хат тұр. Біреулер Алматыдағы тұрғын үйлердің бірінің екі қабаты мен жертөлесін сатып алған, кәсіпкерлікпен айналысатын оның ұлын іздеген екен:

«Құрметті Сәт Бесімбайұлы! Мен кешірім сұраймын, бірақ біздің жағдайымызға тек сіз ғана көмектесе алатын сияқтысыз. Мен Алматы қаласы Жұмалиев көшесіндегі 60-шы үйде тұрамын. Біздің үйдің 1-2 қабаты мен жертөле Тоқпақбаев Дәулетке тиесілі. Біздер,осы үйдің тұрғындары оны таппай жүрміз. Біздің жертөледе коммуникациялармен проблема болып тұр (канализация жарылып кеткен)»
XS
SM
MD
LG