Accessibility links

Адонис Рахат Әлиевті ұстауды талап етсе, Рахат Адонисті өзге есімді жамылған адам дейді


Канадалық кәсіпкер Адонис Дербас арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Алматы, 5 мамыр 2009 жыл.
Канадалық кәсіпкер Адонис Дербас арнайы баспасөз мәслихатын өткізді. Алматы, 5 мамыр 2009 жыл.

Канадалық кәсіпкер Адонис Дербас Рахат Әлиевтен өз өміріне қауіп төніп тұрғанын мәлімдеп, полицияның тергеу- тексеруді бастауын сұрайды. Ал президенттің бұрынғы күйеу баласы болса бұл мәлімдеудің артында ҰҚК тұр деп есептейді.



«МАҒАН КҮШ КӨРСЕТКЕНДЕР КИПРГЕ ҚАТЫСТЫ ҚҰЖАТТАРДЫ ТАЛАП ЕТТІ»


Кәсіпкер Адонис Дербастың айтуынша, Біріккен Араб Әмірлігінде оған шабуыл жасаған қарақшылар оның есімін білген. Соған қарап, ол өз басына төнген қауіптің артында Рахат Әлиев тұр деп топшылайды. Кәсіпкердің баяндауынша, қоқан-лоққы жасағандардың бірі– орыс, ал екіншісі – азия тектес.

– Екі адам мені тоқтатты, күш көрсетті, Кипрге қатысты құжаттарды тартып алмақ болды. Ал, бұл құжаттар кімді қызықтыратындығы ешкімге құпия емес, – деді А.Дербас.

Ол өзіне жақын тоқтаған таксиден қорқып, қашып кеткен әлгі екеуінің мақсаты – Кипрде тіркелген фирмалардың құжаттарын алу болған деген сенімде. Дербастың айтуынша, 2002-2005 жылдар аралығында, Қазақстан Ұлттық банкінің Алматы филиалында лицензиялары бар «Sarotra Trading limited», «Mayner Investment limited», сондай-ақ «Martago Trading limited» атты кипрлік фирмалар арқылы «Нұрбанкке» жалпы көлемі 163 миллион доллар аударылған.

– Сәуірдің 25-і күні мен Кипрден қайтқан едім. Бұл аралдағы Лимасол қаласында «Hellinek bank» мекемесінде менің атыммен тіркелген бірнеше фирмалар мен шоттар табылды. Тексере келе, бұл фирмаларды ашқанда, сондай-ақ шетелден «Нұрбанкке» ірі көлемдегі қаржыны аудару кезінде құжаттарға менікіне ұқсас жасанды қолдар қойылғандығы анықталды, – деп атап көрсетті Адонис Дербас.

«БҰЛ КӨП АҚШАНЫҢ ТҮБІ ШИКІ»

Канадалық кәсіпкер әлгі шоттарда болған ірі көлемдегі ақшаны екі жолмен ғана табуға болады деп есептейді: қару-жарақ немесе есірткі саудасы. Өзі бұл екеуімен ешқашан айналыспағандықтан да Адонис Дербас сөз болып отырған қаржының меншік иесі емес екендігін айтып, жұртты сендіргісі келеді:

– Ал, оның менікі екендігін дәлелдеп жатса, онда қайтарып берсін. Сол кезде мен салығын төлеймін, сосын олар шын мәнінде менің меншігіме айналады.

Кәсіпкердің сөзіне қарағанда, Кипрдегі бұл фирмалар қысқа мерзімге ашылған. Яғни, тиісті қаржы «Нұрбанкке» аударылып бітісімен-ақ олардың қызметі аяқталып, орнына жаңадан басқа бір фирма құрылып отырған.

Бұдан бөлек, Адонис Дербас ірі көлемдегі қаржыны жылыстату фактісіне қатысты іспен қазірде Кипрдің құқық органдары айналысып жатқандығын, сондай-ақ дәл осындай мазмұндағы өтінішті Интерпол қарай бастағандығын мәлімдеді.

Бұған қоса, канадалық кәсіпкер Дубай полициясы сол қалада өзіне жасалған қастандық әрекетті зерттеп жатқандығын, ал Мосол қаласының полициясы Рахат Әлиевке және оның әпкесі Иссама Хораниге (бұрынғы есімі Гүлшат Әлиева) қатысты істі қарай бастағандығын жеткізді.

«МЕН РАХАТ ӘЛИЕВТЕН ҚАУІПТЕНЕМІН»

Сонымен бірге, Адонис Дербас өзінің және отбасы мүшелерінің өміріне қауіп төніп тұрғандығын мәлімдеді.

– Мен енді не істеймін? Өз атымды қалай ақтап аламын? Менің Рахат Әлиевке ешқандай қатысым жоқ. Маған әлі күнге дейін қысым көрсетіп жатыр. Менің және отбасымның мүшелерінің өміріне солардан қауіп төніп тұр. Егер маған бірдеме болып қалатындай жағдай болса, сіздер бұл фирмаларға және бұл есептерге менің ешқандай қатысым жоқ екендігін білгендеріңізді қалаймын, – деді ол баспасөз өкілдеріне.

2007 жылы Вена соты, Адонис Дербастың айтқандарына сүйене отырып, Қазақстан прокуратурасының Рахат Әлиевті экстрадициялау туралы өтінішін кері қайтарды деп хабарланған еді. Алайда Адонис мырзаның өзі оның барлығын жоққа шығарады және биыл ол Рахат Әлиевті елге қайтаруды талап етушілердің бірі, осыдан екі жылдан астам уақыт бұрын жоғалып кеткен «Нұрбанктың» топ-менеджері Жолдас Темірәлиевтің зайыбы Армангүл Қапашева басқаратын «Тағдыр» қорына мүше болып кірді.

"КАНАДАЛЫҚ АДОНИС - АХМЕД ЕСІМДІ ПАЛЕСТИНДІКТІҢ БҮРКЕНШІК АТЫ"

Азаттық радиосына берген сұхбатында Рахаттың өзі канадалық кәсіпкер Адонис Дербас айтып отырған айыптаулардың бәрін жоққа шығарады.

Рахат Әлиевтің атап көрсетуінше Адонис Дербастың қазіргі аты-жөнінен бастап, онда күдік туғызатын жайттар аз емес.

"Канадалық Адонистің атын жамылып жүрген палестиндік Ахмед, оның барлық берген куәліктері мен айтқан сөздері арандатушылық", - деді Рахат Әлиев 5 мамыр күні Азаттыққа берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол Ахмед Қазақстанда қылмыстық іске қатысты деп танылған, сондықтан да оның бұл мәлімдеулері өте таңданарлық дегенді айтады. Рахат Әлиев Адониске бұл операцияны Қазақстанның қауіпсіздік органдары жасатып отыр деп есептейді.

"Және бұл әрекеттің дәл қазіргі уақытта қолға алынуы тегін емес. Дербастың мәлімдеулері менің президент Н.Назарбаев туралы кітабым жарық көргелі тұрған тұста жасап жатқан Астананың көп қимылдарының бірі", - дейді Рахат Әлиев.

Рахат Әлиевтің ойынша, қазақстандық органдар осы мақсатта әкесінің айналасында да түрлі айла-шарғыларға баруда. Ол баласына қарсы куәлік беруге келістіру үшін әкесіне түрлі қысымдар жасалып жатқанына сенімді.

Адонис Дербастың баспасөз мәслихатына орала келіп, Рахат Әлиев 2007 жылдың маусым айында Дербастың өзі жазған өтініш бар екеніне тоқталды.

"Бұл мәлімдеуінде Дербас мүлде басқа бағытты ұстанған болатын. Онда ол өзін маған қарсы айыптаулар жасауға, тіпті, мені ұрлап, Австриядан Қазақстанға жөнелтуге қатысуға мәжбүрлеп отырғанын айтқан болатын", - деді Рахат Әлиев.

2007 жылы Вена соты (Адонис Дербастың берген куәліктерін билік тарапынан қуғындалған Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі және президент Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің пайдасына негізге ала отырып) Қазақстан прокуратурасының Әлиевті Қазақстанға экстрадициялау жөніндегі арыз-өтінішін қанағаттандырмай, қайта қарауға жатпайтын шешім қабылдаған болатын.
XS
SM
MD
LG