Accessibility links

Әкім Жақсыбеков отбасының банк саласындағы бизнесі


Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков. Астана, 6 қаңтар 2015 жыл.
Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков. Астана, 6 қаңтар 2015 жыл.

Ресейлік «Плюс Банк» 83 пайыз акциясы Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков 70 пайызына иелік ететін «Цеснабанктің» меншігіне өткенін хабарлады. Акционерлер құрамында әкімнің әйелі мен ұлы және інісі бар.

«Плюс банктің» екінші әрі үлкен тең қожайыны ретінде Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Линекс Глобал СЭ» компаниясы аталады.

«ПЛЮС БАНКТІ» ҚОСЫП АЛУ

Қазақстанның ұлттық банкі «Плюс Банк» акционерлік қоғамы еншілес ұйымының 100 пайыз акциясын сатып алуға «Цеснабанкке» былтыр рұқсат берген. Астана әкімі Әділбек Жақсыбековтің бақылауындағы «Цеснабанк» кемі 17,4 миллион теңгеге 21 миллионнан астам артықшылық берілген және жай акция сатып алғаны хабарланды.

Биыл қаңтарда «Плюс банк» сайтында банк пен оны бақылайтын тұлғалар арасында байланыс орнату схемасы шыққан. Акциялардың көбі – қаржы холдингі мен «Цесна» корпорациясынан тұратын «Цеснабанк» акционерлік қоғамының иелігінде. Бұл екі мекемені Астана әкімінің әйелі Ләззат Жақсыбекова мен немере інісі Ілияс Жақсыбеков сенімгерлікпен басқарады. Әкімнің інісі Серік Жақсыбековте – 9,9 пайыз акция, ал Әділбек Жақсыбековтің баласы Дәуренде 4,2 пайыз акция бар.

«Цеснабанк» сайтында 37 жастағы Дәурен Жақсыбек директорлар кеңесі төрағасы деп көрсетілген. Оның «Цесна» корпорациясы, «Цесна Гарант» сақтандыру компаниясы, «Цесна капитал» компаниясы және «Цесна» қаржы холдингінде де осындай қызметі бар.

«СІБІР КӨШБАСШЫСЫ»

Kapital.kz сайтының жазуынша, сатып алынған ресейлік банк бөлшек бизнеспен айналыспақ, ал «Цеснабанк» көбінесе корпоративтік сектормен жұмыс істейді.

2015 жыл қорытындысы бойынша біз сатып алған банк автонесие беретін ең ірі банктердің ондығына кіреді деп үміттенеміз.
«Цеснабанк»

Kapital.kz сайты «Цеснабанктің»: «2015 жылдың 1 қаңтарындағы есеп бойынша, «Плюс Банк» мемлекеттік банктер, автоөндірушілердің еншілес банктері және шетелден қорландырылатын банктермен бәсекеге түсіп, автонесие беретін банктер арасында көлік сатып алуға берілген несие көлемі рейтингінде 14-орынды алған. 2015 жыл қорытындысы бойынша біз сатып алған банк ең ірі автонесие беретін банктердің ондығына кіреді деп үміттенеміз» деген сөздерін келтірген.

Ресейлік банкті сатып алу Ресей нарығына кірудің оңтайлы жолына баланады, «өйткені санкциялардың кесірінен экономиканың құлдырауы байқалады, бірақ ол ерте ме, кеш пе аяқталып, өсім басталады».

Kapital.kz сайты «Цеснабанктің» «Плюс Банкті» сатып алу – Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) мүше Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-саттықты әрі қарай дамытуға көмектесетін факт» деген сөздерін келтіреді.

Қаржы институты сайтында 2010 жылдың аяғына дейін «Омск-банк» деп аталған «Плюс Банк» біртіндеп «Сібірдің қаржылық көшбасшысына» айналып, Ресейдің федералдық деңгейіне жеткен кезде атауын өзгерткені айтылған. Банк 1990 жылдың желтоқсанында құрылған. «Плюс Банк» сайтының хабарлауынша, Ресейдің жеті аймағында 25 кеңсесі бар банктің клиенттер базасында 85 мың клиент бар. 2014 жылы банктің таза пайдасы 66,4 миллион рубльді құраған.

Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков (сол жақта), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов. Астана, 22 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков (сол жақта), Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (ортада) және қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов. Астана, 22 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

1990 жылдары, яғни Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалғанға дейін «Цесна» фирмасын Әділбек Жақсыбековтің өзі басқарған.

61 жастағы Әділбек Жақсыбеков Астана әкімі қызметіне 2014 жылдың қазанында тағайындалған. Ол бұл қызметті 1997-2003 жылдары да атқарған. Әділбек Жақсыбеков әр жылдары сенат депутаты, индустрия және сауда министрі, қорғаныс министрі болған, ел президенті әкімшілігін басқарған, мемлекеттік хатшы, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, 2008 жылы Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG