Қарапайым адамдар сияқты жоғары лауазымды мемлекеттік қызметшілердің де негізгі жұмысына қатысы жоқ әуестіктері болады. Астана әкімі Әділбек Жақсыбековтің ондай хоббиі – киносценарий жазу.
Оның қанша сценарий жазғанын дәл айту қиын. Бірақ екі сценарийі бойынша фильм түсіріліп қойды. Алғашқы фильм экранға 2009 жылы шыққан. Ол – «Афалинаның қарғуы» деп аталатын саяси триллер. Премьерасы (2009 жылдың қыркүйегі) Әділбек Жақсыбеков Қазақстанның қорғаныс министрі болып тағайындалған тұста (2009 жылдың маусымы) өткен. Ал екінші фильмнің премьерасы сценарий авторы Астана әкімі қызметіне тағайындалған тұста (2014 жылдың қазаны) өтіп жатыр.
Астананың қазіргі әкімі кезінде біраз уақыт Қазақ ССР мемлекеттік кино жүйесінде жұмыс істеген. Кино әлемімен баяғы байланысы қазір хоббиға ұласқан сияқты.
Фильмге актер іріктеу кастингі былтыр мамыр айында жарияланған. Демек Әділбек Жақсыбеков сценарийді қорғаныс министрі қызметінде отырған тұста жазуы мүмкін. Сценарийдегі автомат асынып, тапанша тағынған, берен бешпет, камуфляж киімдегі адамдардың, соғыс техникасының молдығына осы саладағы жұмысы әсер еткен болар.
САЯСИ ТРИЛЛЕРДЕГІ КОРРУПЦИОНЕР
«Оберон қастандығы» фильмі жанр жағынан фантастикалық элементтер аралас саяси триллер «Афалинаның қарғуына» ұқсайды.
Картинаның сценарийі бойынша, Қазақстан ғалымдары ерекше трансуранды элемент тауып, оны «оберон» деп атайды. Ол жайлы деректерді мемлекет құпияда ұстайды.
Оберонның екі грамы Алматы сияқты қаланы жер бетінен жойып жібере алады. Оның бұл қасиетіне қызыққан халықаралық қылмыстық синдикаттар оберонды қолға түсіргісі келеді. Жергілікті коррупционер-академиктің көмегімен олар көздеген мақсаттарына жете жаздайды. Ал әріптесі ол сияқты пайдакүнем емес, бірақ менмен әрі оберонның көмегімен әлем әміршісіне айналауды армандап, өзін көсем санайды. Ол содырларды жинап, жалған діни секта құрады.
Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемнің қауіпсіздігіне қатер төнеді. Екі зұлым жоспарын асыруға тырысып жатқанда елдің күштік құрылымдары, әсіресе мемлекеттік барлау басқармасының екі агенті оларға бөгет жасайды.
Фильмде алматылықтарға әсер ететін эпизод бар. Зұлым ғалымдар Иорданиядан келген сатып алушыға оберонның күшін көрсеткісі келіп, Көктөбедегі телемұнараны көздеп зымыран атады. Зымыран тиген мұнара түгел қирап, жанып кетеді. Кинотеатрдан шыққан соң «Мұнара аман-есен тұр ма?» деген оймен жота жаққа еріксіз қарадық.
Әлем қалаларының негізгі символдарын қиратуды бұрын Голливуд фильмдері мен Ресейдің «Ночной дозор» фильмінен ғана көруге болушы еді. Алматыдағы телемұнараны «жарып жіберуге» батылы жеткен қазақстандық алғашқы фильм – осы. Мамандар «Оберон қастандығындағы» жарылысты компьютерлік графика арқылы түсірген. Авторлардың айтуынша, үш минуттық эпизодты бірнеше ай бойы жасаған. Зертханаларды жару көріністері де графикалық әдіспен жасалған.
«Оберон қастандығы» фильмінде қырғын төбелес, атыс-шабыс, жарылыс, қуғын, қанға бөккен мәйіттер, пышақтан қан сорғалаған көріністер өте көп.
Фильм продюсері Тасболат Мерекеновтың айтуынша, фильм бюджеті – 2 миллиондай доллар.
ВИДЕО: «Оберон қастандығы» фильмінің трейлері
«СӨЗ ЕРКІНДІГІ ШЕ?!»
Фильмдегі рөлдерге кастинг жарияланғаннан кейін 5 мың үміткерден анкета түскен. Ақыры рөлдер жас-кәрісі аралас актерлердің еншісіне бұйырған. Мысалы, фильмдегі жағымсыз кейіпкерлердің басты рөлдерін тәжірибелі актерлер Ғани Құлжанов пен Дулыға Ақмолда ойнайды. Қауіпсіздік қызметі офицерлерінің бірінің рөліне жуырда шыққан «Қазақша тонау» телехикаясында ойнаған актер Гейдар Гильманов түскен.
Оның барлау басқармасындағы Шыңғыс есімді әріптесінің рөлін Ердос Төлегенов ойнаған. Бұл – мамандығы журналист жігіттің кинодағы алғашқы рөлі. Халықаралық және ішкі терроризммен соғыстың жеңімпаз күрескері бейнесін сомдауға оған шығыстың жекпе-жек күресі мен парапланеризм спортымен шұғылдануы көмектескен.
Басты әйел рөлі Салтанат Наурызға тиген. Ол әуелі журналист мамандығы бойынша білім алған. Бірақ Азаттық тілшісіне айтуынша, практикадан өтіп жүргенде журналистиканы қаламайтынын түсініп, бала кездегі арманы – актриса болуды ұйғарған. Бұл үшін ол Нью-Йоркке барып, екі жыл актер мамандығының қыр-сырын үйренген, ол жақта тағы бір жыл театр мен кино саласында тәжірибе жинаған. «Оберон қастандығы» фильмінде ол ойдан шығарылған «Жаңа заман» газетінің журналисі рөлін ойнайды.
Неге екені белгісіз, фильмдегі сөздерінің ішінен оның «Ал сөз еркіндігі ше?!» деген сөздері есте қалды. Ол мұны кісі өлімі болған жерді қарап жүрген қауіпсіздік қызметі агенті журналист түсірген жазбаны өшіріп тастау үшін оның фотоаппаратын тартып алған кезде айтады.
«ЖАСАНДЫ ДИАЛОГТАР»
Баспасөзге арналған көрсетілімнен кейін «Қазақфильмнің» бас редакторы Дидар Амантай жаңа фильмді жақсы әрі қызықты жанрлық фильм ретінде сипаттағанымен, көрермендердің көңілінен шықпағаны сезілді.
Бір қызығы, әдеттегі баспасөз көрсетілімдері сияқты, фильм аяқталған кезде ешкім қол соқпады. Олар «киноштамп» дегенді көп айтты.
«Оберон қастандығын» көріп шыққан әріптестермен әңгімелескен Азаттық тілшісі олардың фильмге қатысты пікірін сұрады. Киносыншы әрі киножурналист Андрей Черненко «фильмді Американың атыс-шабыс жанрындағы фильмдерінен көшіре салғаны көрініп тұр» деген пікір айтты.
– Егер бұл ғылыми емес, фантастика болғанда, тәуір фильм деп қабылдауға болар еді. Бірақ бастан аяқ қисынсыз өтірік кино. Мына фильммен салыстырғанда, «Афалина қарғуын» киноклассика деуге, шындыққа жанасатын фильм деуге болады. Ал мұнда бәрі жасанды әрі ойдан құрастырылған. Жұртқа өзіміздің қандай мықты, батыл екенімізді, қолымыздан бәрі келетінін көрсеткіміз келетінін, өз еліңді насихаттау қажет екенін түсінемін. Бірақ іс жүзінде олай емес екенін бәріміз білеміз ғой. Жасанды диалогтар. Құдды роботтар сөйлеп жатқан сияқты, – дейді Андрей Черненко.
Ол бүкіл рөлдің ішінен есі ауысқан ғалымды ойнаған Дулыға Ақмолданың рөлі ғана ұнағанын айтады, «төбелесті жақсы түсіріпті» дейді.
Азаттық тілшісі әңгімелескен көрермендердің арасында фильмнің жақсы жақтарын байқағандар да бар. Мысалы, Руслан есімді журналистке фильм ұнаған.
– Арнайы эффектілері тәп-тәуір, біздің киноға жарайды. Бірақ келіспейтін тұстары да бар. Мысалы, таудағы мұнараның өртенгені жасанды екені көрініп тұрды. Фильмнің басында не үшін атысты көрсеткені де түсініксіздеу болып шыққан. Жалпы, жақсы фильм, – дейді ол.
Фильмнен жаңашылдықты байқағанын айтқан журналист Зухра Табаева өзге де жақсы жақтарын атады.
– Бізде фантастикалық фильмдер аз түсіріледі. Төбелес көріністерін өте жақсы түсірген. Шебер монтаждалған. Кристофер Беллді текке шақырмапты. Фильмде зұлым ғалым құрған сектаны көрсетеу арқылы идеология тақырыбын қозғаған, – дейді ол.
Фильмді монтаждаған Кристофер Белл «Борн ультиматумы» фильмінің де монтажын жасаған. Қазақстанда ол бұған дейін «Жаужүрек мың бала» фильмін монтаждаған.
Енді фильм жайлы пікірлерін қарапайым кинокөрермендер де айта алады. Қазақстанда фильмді көрсетуге бөлінген 60 экранның 15-і – Алматы қаласында. Фильмнің қазақ-орыс тіліндегі нұсқаларының прокаты қатар жүреді. «Қазақфильм» студиясы басшыларының бірі Дидар Амантай «халықаралық кинофестивальдерге қазақша нұсқасын ағылшын тіліндегі субтитрмен жібереміз» деді.