19-ғасырда Алай қырғыздарының патшасы болған Құрманжан датқаны қырғыздар ұлт анасы деп санайды.
Фильмде Құрманжан күйеуі Алимбек өлгеннен кейін қырғыз халқының басын біріктіріп, құрылтай өткізуді армандайды. Ол қырғыз халқының амандығы үшін Ресей империясымен бірігіп, бірлік келісіміне қол қояды.
Фильм желісінде орыс әскері қырғыз қызының шашын кесіп алады. Бұған шыдамаған Құрманжанның кіші ұлы Қамшыбек Ресей әскерінің екі адамын өлтіреді. Осы ісі үшін Ресей Қамшыбекті Құрманжанның көзінше дарға асады. Құрманжан қырғыз халқының құрылтайын өткізу үшін ұлын өлімге қияды.
Фильм режиссері Садық Шернияз Азаттыққа берген сұхбатында «Құрманжан датқа» үш жыл бойы түсірілгенін айтады. Фильмге 700-ге жуық актер қатысқан. Көркем шығарманы түсіруге мемлекеттік бюджеттен 1,5 миллион доллар бөлінген.
«ҚАЗАҚ ТАРИХЫНА ОРТАҚ ТҰСЫ БАР ФИЛЬМ»
Фильмнің Алматыдағы алғашқы көрсетілімін алпысқа жуық адам тамашалады. Азаттық тілшісі олардың кейбірінен фильмнен алған әсері жайлы сұраған еді.
«Фильм шынайы. Көзіміз ер адамдардың, ер батырлардың ерлігін көріп үйреніп қалғаннан кейін бе, Құрманжан датқаның ерлігі ана ретінде өзіме үлкен әсер қалдырды. Әйел адамдардың тарихтағы ерлігін осылай ашып көрсеткен фильмдер өте аз» дейді алматылық көрермен Фарида Аманова.
Мамандығы тарихшы Нұрым Қайсаров қырғыз фильмінде өткен тарих бұрмаланбай, ашық көрсетілген деген баға берді.
«Көшпенділер» фильміндегідей емес, «Құрманжан датқада» тарих бұрмаланбаған. Таза әрі тарихтың желісімен түсіріліпті. Басты рөлдерде тек қырғыз актерлері ойнағанын да айта кеткен жөн. Ресей патшасының озбырлығын, қырғыз-қайсақтарды «жабайылар» деп атауы фильмде анық әрі ашық көрсетілген. Бұл фильмді қазақ көрермендері жақсы қабылдайды деп сенемін. Себебі, бұл фильмде қазақ тарихына да ортақ тұстар бар. Қазақстан көрермендеріне де 19-ғасырдағы қазақ тарихын көрсететін фильм керек» дейді ол.
«ПАФОСЫ АЗ ТУЫНДЫ»
«Құрманжан датқа» фильмімен танысқан қазақстандық кинотанушылар Азаттыққа берген сұхбатында фильмнің сәтті жағымен бірге кемшін тұстарын да атады.
«Фильм басты миссиясын толық орындаған. Яғни, қырғыз халқының 19-ғасырдағы тарихи көріністерін толық қамтуға тырысқан. Режиссер мен оператордың жұмысын жоғары бағалауға болады. Табиғат көріністерін тамаша таңдап, көрсете білген. Актер таңдау, гримдеу, костюм де сәтті шыққан. Бірақ, фильмде көпшілік адамдар түсірілген көріністер (массовка) сәтсіздеу болғаны байқалады. Адамдардың аз екені көрініп қалған. Үлкен шайқастар көріністері тек жиырма шақты адамның қатысуымен ғана түсірілген» дейді кинотану магистрі Әлібек Қаражанов.
«Құрманжан датқа» фильмінің режиссері мен көрермендер пікірі
Өнертанушы Мақсұт Қанапиянов қазақстандық «Көшпенділер» фильмінің бюджеті қырғыз фильмінен 20 есе көп екенін мысалға келтірді.
«Бірақ бұл фильмде табиғилық басым. Соғыс кадрлары да шынайы. Блокбастерлерде кездесетін адам сенгісіз оқиғалар да сирек. Пафос та аз. Қазақ көрермені қазір шынайы фильм көргісі келеді. Ал бұл фильмнің авторлары шынайылыққа басымдылық берген. Бірақ, фильмнің ортасында көрсетілген кейбір кейіпкерлердің тағдыры не болғаны көрерменге белгісіз болып қалған. Екінші пландағы кейіпкерлер өте көп. Бұл көрерменнің фильмді толық түсінуіне кедергі келтіреді» дейді ол.
Қырғызстандық «Құрманжан датқа» фильмі АҚШ кино академиясының бас жүлдесі – «Оскар» сыйлығына «Шетел тіліндегі үздік фильм» номинациясы бойынша ұсынылған 100 үміткер картинаның тізіміне енген.
Алматыдағы кейбір кинотеатрлар «Құрманжан датқа» фильмін алдағы уақытта қазақстандық көрерменге ұсынуды жоспарлап отыр.