Айсұлтан Назарбаев – қайтыс болған Рахат Әлиев пен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның ұлы. Ол кезектен тыс сайлау конференциясын шақырып, Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) жаңа президентін таңдауды ұсынып отыр. Айсұлтан Назарбаев сайлауға өзі қатысатынын да мәлімдеді.
Айсұлтан Назарбаевтың жазуынша, ҚФФ-ның қазіргі президенті Ерлан Қожағапанов бұл қызметпен қатар «Астана» кәсіпқой спорт клубының да бас директоры болып отыр. Клуб құрамына «Астана» футбол командасы да кіреді. «Мүдделер қайшылығы көрініп тұр» дейді Айсұлтан Назарбаев.
Назарбаевтың жиені «Қожағапановтың «ішкі адамгершілігі» мен «басқару тәжірибесіне» күмән келтірмеймін. Сонда да, тиімді басқару мен беделге нұқсан келтірмеу мақсатында FIFA-ның «ресми тұлғалар мүдделер қайшылығын тудыратын кез келген жағдайға жол бермеуге міндетті» деген Этикалық кодексі талабын орындауға шақырамын» деп жазады.
ЖАУАП ЖОҚ
ҚФФ ақпараттық саясат департаменті директоры Дина Искакова Азаттық тілшісіне «Айсұлтан Назарбаевтың мәлімдемесі қыркүйектің 7-сі күні ҚФФ кеңсесінде тіркелді. Қазір ол «жұмыс тәртібі бойынша қарастырылып» жатыр» деді.
Азаттық тілшісіне футбол федерациясы президенті Ерлан Қожағапановпен немесе ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтқожинмен хабарласудың сәті түспеді.
Айсұлтан Назарбаевтың мәлімдемесі жарияланған күннің ертеңінде «Астана» футбол клубы баспасөз мәслихатын өткізді. Бірақ клубтың баспасөз хатшысы Марат Жұмабаевтың айтуынша, жиен ұсынысы жайлы ол жерде айтылмаған.
НАҒАШЫ АТАСЫ, ӘКЕСІ, ҚАЙЫН АТАСЫ
Sport.nur.kz сайтындағы «Айсұлтан Назарбаев – алматылық «Қайраттың» басшысы Қайрат Боранбаевтың қызының күйеуі» деген реплика Айсұлтан Назарбаевтың «этикалық нормаларды әркім өз қалауынша түсінеді» деген сөзіне қатысты байқалған әзірше жалғыз реакция болып тұр.
Спорт сайты «FIFA-ның этикалық кодексінде айтылатын мүдделер қақтығысын бұл туыстық қатынастар қаншалықты айналып өте алатыны әзірше белгісіз» деп жазады.
Айсұлтан Назарбаевтың нағашы атасы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстан футбол федерациясының құрметті президенті.
Әкесі Рахат Әлиев 2000-2007 жылдары Қазақстан футбол федерациясын басқарған. Оның тұсында, 2002 жылы, Қазақстан Азия футбол конфедерациясынан Еуропа футбол қауымдастықтары одағына (УЕФА) өткен.
Ал Айсұлтан Назарбаевтың футбол саласына сіңірген еңбектеріне келсек, ол ҚФФ атқару комитеті мүшелеріне жазған жоғарыда аталған хатында «Ұлыбританияның жетекші клубтарында ойнаған әрі дайындықтан өткен тәжірибесі бар адам ретінде бүкіл білім, дағды, қуатымды Қазақстан футболын дамытуға жұмсауға әзірмін» деп жазған.
Әлеуметтік желілердегі жұрт бір жағынан Айсұлтан Назарбаев Қазақстан президентінің жиені ретінде отандық футбол үшін игі істер атқарар еді деп болжаса, екінші жағынан «аула клубтары» деңгейінде ғана ойнаған адамда мұндай дәрежедегі басшыға тән жеткілікті білім, тәжірибе бар екеніне күмәнданады.
Бірақ Айсұлтан Назарбаевтың бастамасын мүлде басқа, қаржылық қырынан бағалағандар да бар. Олардың пікірінше, Қазақстан футболы - отандық спорттың маңызды бөлігі ғана емес, үлкен бизнестің жеке түрі, яғни мол қаржының көзі.
Ертеректе Қазақстан футбол федерациясының бірінші президенті болған Құралбек Ордабаев Азаттыққа «ФИФА (Халықаралық футбол федерациясы) – Қазақстанға ақша бөліп отырған бай ұйым» деген еді. Қазақстан футбол федерациясының қазіргі президенті Ерлан Қожағапанов жуырда өзі басқаратын спорт ұйымының бюджеті шамамен 10 миллион еуро екенін айтқан. Қожағапановтың айтуынша, ҚФФ бюджеті жартылай өз қаржысынан және жартылай УЕФА (Еуропа футбол қауымдастықтары одағы) төлемдерінен құрылады.
49 жастағы Ерлан Қожағапановтың Қазақстан футбол федерациясы президенті қызметін атқарғанына бір жыл болған жоқ. Ол 2014 жылдың желтоқсанында Астана әкімі Әділбек Жақсыбековтің орнына келген. Еңбек жолының 12 жылын қаржы құрылымдарында жұмыс істегеуге арнаған. Спортты басқару стажы 2013 жылдың қаңтарынан, ал тікелей футболды басқару тәжірибесі былтырғы желтоқсаннан басталады.
25 жастағы Айсұлтан Назарбаев – Ұлыбританияның құрлық әскерлерінің «Сандхерст» әскери академиясының түлегі. Өзінің жазуынша, академияда оқып жүріп «Ұлыбританияның жетекші клубтарында» ойнаған. Қазақстанға оралғаннан кейін «Астана» және «Сұңқар» футбол клубтарында ойнаған.
Қазақстанға оралғаннан кейін Айсұлтан Назарбаевқа лейтенант әскери шені, 2013 жылы аға лейтенант шені берілген. Оның Қазақстан қорғаныс министрлігіне қарасты бас барлау басқармасында қызмет еткені белгілі. Ал қазір немен айналысатынын анықтау мүмкін болмады.