Өзін «айтыстың полковнигі» деп атаған қарсыласының сөзін тілге тиек еткен Аманжол Әлтаев:
– Полковник Әлтаев деп сәлем бердің,
Онымен меңзеп отырсың көпке нені.
Өзіңдей КГБ-ның капитаны,
Алтынбекті тауға алып кеткен еді.
Капитандар киллер боп кеткен заман,
Алатау содан бері өкпелі еді.
Әйгілі полковник Каддафидің,
Түбіне капитандар жеткен еді, – деді. Ол енді бірде Жаңаөзенді сөз етті:
– Шатасып Жаңаөзенде генералдар,
Өз халқына өзі оқ атпаса екен.
...Генерал, сержанты бар, майоры бар,
Жаңаөзенде оқ атып қан тамызды.
Өз әскері өз елін қойдай қырса,
Япырау, кім қорғайды алты арысты.
Аманжолдың қарсыласы Дидар Қамиев Қазақстандағы қалалардың біріне Қонаевтың атын беру мәселесін қозғады:
– Қазаққа қырық жеті қала салған,
Данышпан Димаш еді-ау, ұлы нар да.
Бірақ бүгін жылмаңдай кей жағымпаз,
Япырай, адам өстіп құбылар ма.
Астананы қылам деп Нұрастана,
Тартып жүр Нұрағамның нұрын алға.
Неге солар есімін бір қаланың,
Бермейді Қонаевтай ұлыларға.
Бір ғана астананы салған жанды,
Тартамыз біз қаһарман қылып алға.
Ал елу қала салған Димекеңе,
Бір қаланы бермедік құрығанда.
Айтыстың радио нұсқасын әр аптаның сейсенбісінде, сағат 19.30-20.00 аралығында Азаттық радиосының әуе толқынынан да тыңдай аласыздар.