Accessibility links

Футбол ойнаудың арқасында жаңа отбасын тапқандар


Жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға арналған «Арманға жету» футбол чемпионатына қатысып жатқан балалар.
Жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған балаларға арналған «Арманға жету» футбол чемпионатына қатысып жатқан балалар.

Еріктілер Қазақстандағы балалар үйі тәрбиеленушілерінің жаңа отбасын табуына көмектеседі. Жас футболшылар жетім және әке-шеше қамқорлығынан айырылған балаларға арналған «Арманға жету» футбол чемпионатына қатысып жүріп кейде «жаңа әке-шешесін» жолықтырады.

НАҚТЫ ТАҒДЫРЛАР

Иосиф – футболдан балалар үйі тәрбиеленушілері арасында өткен іріктеу турнирінде болашақ анасының көзіне түсіп, балалар үйінен кетіп, жаңа отбасында тұра бастаған жас футболшылардың бірі. Ол жеті жасынан бері Ақмола облысы Ақкөл қаласындағы №1 балалар үйінде тәрбиеленген, ал биологиялық шешесі ата-ана құқығынан айырылған. 2015 жылы оны алматылық Ләззат Сәрсенбекова қамқорлығына алған, енді оның өз отбасы әрі қарындасы бар. Ол кезде жасы 15-те болған. Иосиф қазір де футбол ойнайды. Бірақ қазір ол балалар үйі жанынан құрылған команда құрамында емес, отбасымен тұратын Алматы қаласындағы «Арыстан» футбол клубында ойнап жүр.

Чемпионат аяқталғаннан кейін оны қамқорлыққа алу үшін құжаттарды ресімдей бастадым. Алты айдан кейін Иосиф менің үйімде тұра бастады.

- Бұрын ешқашан асырап алатын бала іздеп көрмеппін. Ондай балаларға күмәнмен қарайтынмын. Бірақ қызым екеуміз футболдан балалар үйі тәрбиеленушілері арасында өткен «Арманға жету» чемпионатында волонтер болғаннан кейін бәрі өзгерді. Ақкөлдегі балалар үйінің футбол командасын қамқорлыққа алып, көп уақытымды солармен өткізіп жүрдім. Ол жақта жасөспірім бір балаға бауыр басып кеттім, ол да бізбен тұрғысы келді. Чемпионат аяқталғаннан кейін оны қамқорлыққа алу үшін құжаттарды ресімдей бастадым. Алты айдан кейін Иосиф менің үйімде тұра бастады, - дейді Ләззат Сәрсенбекова Азаттыққа.

Ләззат балаларын жалғыз тәрбиелеп отыр. Ертеректе әскери қызметші болған, бірақ денсаулығына байланысты жұмыстан шығып кеткен Ләззаттың енді әшекей жасаумен айналысатын шағын бизнесі бар. Балалар үйінде тұрған кезде Иосиф дене шынықтыру пәні мұғалімі болғысы келген. Енді ол дәрігер мамандығына оқысам деп армандайды. Қазір Иосиф 16 жаста, жеке меншік мектепте оқиды әрі футбол ойнайды. Ләззат қаржы жағынан қиындау тигенімен, ақшаны үнемдеп жұмсауға тырысамын дейді. Ол асырап алған ұлын «өте үнемшіл бала» деп сипаттайды.

Ләззаттың үйінде балалар үйінің тағы бір жігіті тұрады, Алматыдағы әскери училищеде оқитын ол демалыс күндері келеді. Жасы 20-да, ол - балалар үйінің түлегі. Бірақ әйел «онымен тіл табысу әлдеқайда қиын» дейді.

Ләззаттың сөзінше, Ақкөл балалар үйі командасында ойнайтын тағы бір футболшы бала - Бауыржан да өз отбасын тапқан. Ол да болашақ әке-шешесінің көзіне «Арманға жету» чемпионатына қатысып жүргенде түскен. Онымен бірге қарындастары мен бауыры да жаңа отбасын тапқан – бес баланың бәрін Алматыда тұратын отбасы қамқорлығына алған.

«Арманға жету» футбол чемпионатынан түсірілген сурет.
«Арманға жету» футбол чемпионатынан түсірілген сурет.

Қарағанды облысы Осакаров ауданындағы Пионер балалар үйі тәрбиеленушісі Александр Ярушевичус футболдан «Арманға жету» чемпионатына іріктеу ойындарына биыл қатысқан. Ол да отбасында тұрғысы келеді, бірақ ара-тұра келіп жүретін туған анасынан да үміттенеді. 12 жастағы Александр Азаттық тілшісімен әңгімелескенде:

- Әуелі паналау орнында тұрдым, ал 2011 жылы балалар үйіне жіберді, бұл жерде мені ешкім жәбірлемейді. Мектепте «оқу екпіндісімін», футбол, баскетбол ойнаймын. Анам қолы тиген кезде келіп, хал-жағдайымды біліп кетеді, - дейді.

ВОЛОНТЕРЛІК

Волонтер Ләззат Сәрсенбекованың айтуынша, Иосифті үйіне алып кеткеннен кейін «отбасын тауып беріңізші» деп өзге балалар да өтіне бастаған.

Диагнозы қорқынышты болатын - құлағы мен бас сүйегі іріңдей бастаған еді. Бірақ әлгі отбасы оны құтқарып қалды. Дәрігер табылып, операция жасады. Қазір баланың жағдайы жақсы.

- Баламды алғаннан кейін бес баланы отбасыларға орналастыруға көмектестім. Кейін тағы бірнеше қыз баланы асырап алуға септестім. 2016 жылы чемпионат кезінде Семейден келген жасөспірімдермен таныстым, әлгі балалардың бірі «маған отбасын тауып беріңізші» деп қатты өтініп, күн сайын телефон соғатын болды. Ақыры Семейден отасқандарына 13 жыл болған, бірақ баласы жоқ отбасы табылды. Олар 11 жастағы Антошканы көрген кезде «осы бала ұлымыз болады» деді. Оны ауыр сырқат күйінде алып кетті – сыртқа көтеріп шығарды. Диагнозы қорқынышты болатын - құлағы мен бас сүйегі іріңдей бастаған еді. Бірақ әлгі отбасы оны құтқарып қалды. Дәрігер табылып, операция жасады. Қазір баланың жағдайы жақсы, - дейді Ләззат Сәрсенбекова.

Алматыда Ләззат бала асырап алған ата-аналар клубын ашқан, бірақ кейін бала асырап алған ата-аналар мектебіне кеткен. Ол балалар мен бала асырап алғысы келетін ата-аналарға көмектесуді ұйғарған. Ол өз отбасым болса деп армандайтын балалар жайлы ақпарат жинап, бала асырап алғысы келетін қоғамдастық мүшелеріне хабарлайды.

- Баладан хабарлама келген бетте бірден отбасын іздеуді бастаймын. Бала отбасында шынымен тұрғысы келе ме, әлде әлгі отбасын құр пайдаланғысы келе ме – мен мұны бірден сеземін. Кейде ондай жағдайлар да болады. Кей адамдардың асырап алған баласын кері - балалар үйіне қайтарған жағдайлар болғанын білемін, өйткені оны тым шолжаңдатып жібереді, сондықтан ол пайда болғаннан кейін ерлі-зайыптылардың өз балаларының мінез-құлқы бұзыла бастаған, - дейді Ләззат Сәрсенбекова.

Қарағандылық Жұлдыз Байжанова - балалар үйі тәрбиеленушілеріне, атап айтқанда «Арманға жету» акциясына қатысып жүрген балаларға ата-ана тауып алуына көмектесіп жүрген тағы бір волонтер-ана. Жұлдыз да бала асырап алған, ол Көкшетаудағы балалар үйінен 16 жастағы қызды патронаттық тәрбиеге алған. Жұлдыз Байжанова Азаттық тілшісіне:

Баланың өмірден өз орнын табуына көмессем деген мақсатым болды. Ол кейін де менімен бірге тұра береді, оны өз қызымдай көремін.

- Алматыда бала асырап алу ниеті бар адамдар мұндай ойындарға көп барады, волонтер ретінде қатысып, әлгі балаларды жақыннан таниды. Олар балалармен араласып, ақыры кейбірі олардың әке-шешесіне айналады. Бала асырап алған ата-аналардың арнайы чаты бар. Мен де болашақ қызымды әлгі чаттан таптым. Баланың өмірден өз орнын табуына көмессем деген мақсатым болды. Ол кейін де менімен бірге тұра береді, оны өз қызымдай көремін, - деді.

«Арманға жету» футбол чемпионатын ұйымдастырушылар мен оның еріктілері бала үшін мұндай акция спортта танылу ғана емес, отбасын табу үшін де жақсы мүмкіндік деп санайды. «Арманға жету» футбол чемпионатындағы «Бауыржан» қайырымдылық қоры үйлестірушісі Айнұр Сәлімбаева:

- Мысалы, чемпионат волонтерлері әртүрлі балалар үйлерінде тұрған 14 баланы өздері асырап алды немесе оларға отбасын тауып берді. Көбі футболмен әлі айналысады, бірақ енді олар отбасында тұрады, - дейді.

ТАЛАПТЫ БАЛАЛАРДЫҢ МҮМКІНДІГІ КӨБІРЕК

Ақкөл қаласындағы №1 балалар үйі басшысы Рауза Қанатова «спорт болсын немесе шығармашылық істер болсын, қоғамдық іс-шараларға белсенділікпен қатысу балалардың өздерін танытуына әрі отбасын табуына көмектеседі» деп санайды. 145 балаға есептеліп салынған Ақкөл балалар үйінде қазір 102 бала тәрбиеленіп жатыр. Үш жылда балалар үйінің 81 тәрбиеленушісі патронат, қамқорлыққа алу үлгісіндегі отбасына орналасқан немесе туған ата-анасына оралған.

- Балаларды отбасыларға орналастыру көрсеткіші жағынан біз 2016 жыл қорытындысы бойынша республикада бірінші орында тұрмыз. Балаларымыз өте белсенді әрі көптеген іс-шараларға қатысып, көп жерлерде көзге түсіп жүр. Балалардың бәрі дерлік отбасында тұрғысы келеді. Бірақ жаңа отбасымен сыйыса алмайтындар бар – бізде алған баланы кейін қайтарып берген жағдайлар да болған. Біздегі балалардың мінезі қиындау келеді, өйткені бәрібір психологиялық жарақат алған ғой, - дейді Рауза Қанатова Азаттыққа.

Қанатованың сөзінше, әдетте бала асырап алғысы келетін ата-аналар жаңа ортаға тез бейімделетін кішкентай балаларды таңдайды. Оларды балалар үйіне түскен бетте алып кетеді. Көбінесе жасөспірім балалар қалып қояды.

- Біз бала отбасында әуелі біраз уақыт қонақ ретінде тұрсын деп үнемі айтамыз, сол кезде отбасы баланы, бала отбасын зерттеп, бір-біріне үйреніседі. Ол бейімделу кезеңінен өтуі тиіс, өйткені мінездері жағынан сыйыспауы мүмкін. Ал патронат отбасы ретінде немесе қамқорлыққа алу жөніндегі құжаттарды содан кейін ғана ресімдеуге болады. Әуелі бүкіл кезеңнен өтіп алып, асырап алуға содан кейін ғана құжат өткізген жөн. Өйткені өз балаң етіп алу ең маңызды форма ғой. Бізде мұндай жағдайлар аз. Отбасылар көбінесе патронаттыққа немесе қамқорлыққа алады. Тәрбиеленушілеріміз тұруға кеткен отбасымен үнемі хабарласып тұрамыз. Жағдайынбіліп тұрамыз, ал өзге жағына араласпаймыз, - дейді Рауза Қанатова.

Еріктілер бала асырап алғысы келетін азаматтарға баланы тәрбиелеуге алар алдында бала асырап алатын ата-аналар мектебінен өтіп, тәжірибелі психологтар кеңесіне жүгінуге кеңес береді. Бұған қоса, олар асырап алған баланы өбектеп, тым еркелетіп жібермей, үйреншікті дағдымен өмір сүруге, баланың бейімделуіне мүмкіндік беріп, кемі жарты жылдай үйге қонақ шақырмауға кеңес береді.

XS
SM
MD
LG