Accessibility links

Бұрынғы екі чекист үшінші соттан кейін түрмеге кесілді


Солдан оңға: ҰҚК қызметкерлері Самат Сабалақов, Ренат Бердалиев, Қайрат Айтбаев. Алматы, 30 қаңтар 2013 жыл.
Солдан оңға: ҰҚК қызметкерлері Самат Сабалақов, Ренат Бердалиев, Қайрат Айтбаев. Алматы, 30 қаңтар 2013 жыл.

Жас полицей Әділет Тұрсынбековтің өлімі туралы іс бойынша айыпталған алты адамның үшеуіне үш түрлі үкім шықты. Олардың екеуі - бұрынғы ҰҚК қызметкерлері үшінші соттың шешімімен түрмеге кетті.

Қатты соққыдан 24 жасында қаза тапқан ақтаулық полицей, аға лейтенант Әділет Тұрсынбековтің қазасына қатысты іс бойынша үшінші рет үкім шықты. Алғашқы екі үкімнен айырмашылығы - бұл жолы жауапқа тартылғандар қатары көбейіп, ҰҚК-нің бұрынғы екі қызметкері бас бостандығынан айырылды.

Қазанның 9-ы күні Алматының ауданаралық әскери сотының судьясы Ербол Ахметжанов айыпталған алты адамның үшеуін түрлі мерзімге соттау туралы үкім етті. Өзге үшеуі ақталып, сот залынан босатылды.

Үшінші сот процесіне алқабилер қатысты. Процесс кезінде ҰҚК өзінің бұрынғы екі қызметкерінен бас тартып, елдегі ең жабық ұйымның практикасында бұрын-соңды кездеспеген оқиға болды.

2010 жылы желтоқсанның 23-інде қозғалған іс бойынша бұрын шыққан екі үкімнің де күші кейін жойылды. Алдыңғы жұмсақтау үкімдер қаза тапқан полицейдің әкесі, өзі де отставкадағы полиция офицері Алшынбай Ыбырайдың күш салуымен жойылды. Оның айтуынша, «Ақтау қаласында мафия мен ҰҚК бір-бірімен байланысты болғандықтан, сот төрелігі әділ шықпаған».

ҮКІМ МЕН ҚАРҒЫС

Үш жылға созылған тергеу ісі мен сот процесі 2010 жылғы желтоқсанынның 23-інде полицей Әділет Тұрсынбековті ішкі істер департаменті ғимаратына қарсы бетінде соққыға жыққан түннен басталған. Полицейдің әкесі «рэкетирлерді ұстау жөніндегі операцияға қатысқан ұлымнан кек алу үшін соққыға жыққан» деп санайды. Олардың
Қайрат Айтбаев. Алматы, 9 қазан 2013 жыл.
Қайрат Айтбаев. Алматы, 9 қазан 2013 жыл.
арасында жергілікті тұрғын Қайрат Айтбаев та болған. Ыбырайдың айтуынша, олар «КНБ-да тірегіміз бар» деген. Ауыр жарақаттан есін жимаған жас полицей екі аптадан кейін ауруханада қайтыс болды. Іске ҰҚК-нің екі қызметкерінің қатысы бар болып шықты.

Сотталушылардың адвокаттарының айтуынша, «Тұрсынбеков бір соққыдан кейін құлап, басын жолдың жиегіне ұрып, сол жарақатынан көз жұмған».

Сонымен, «ҚазМаңғыстауКүзет» агенттігінің бұрынғы қызметкері, 29 жастағы Қайрат Айтбаев «абайсызда адам өліміне душар еткен ауыр дене жарақатын қасақана салған» деген айыппен 10 жылға сотталды.

ҰҚК-нің Маңғыстау облыстық департаментінің бұрынғы қызметкері, 32 жастағы Ренат Бердалиев «билігін асыра пайдаланды» деп айыпталып, 6 жылға сотталды.

ҰҚК-нің Маңғыстау облыстық департаментінің бұрынғы қызметкері, 28 жастағы Самат Сабалақов та «билігін асыра пайдаланды» деген айыппен төрт жылға сотталды.

Уақытша жұмыс істемейтін 26 жастағы Мейрам Рахметов, 24 жастағы Илья Гугиев және 25 жастағы Мақсат Айтуар барлық айыптау баптары бойынша ақталып, сот залынан босатылды.

Ренат Бердалиевтің адвокаты Ғабдрашит Нұрманов «үкім заңсыз шықты» деп деп есептеп, шағым бермек. Өткен сотта Ренат Бердалиев төрт жылға шартты жазаға кесіліп, сот залынан босатылған еді. Енді ол түрмеге қамалмақ.

Қаза болған полицейдің әкесі Алшынбай Ыбырай да үкімге разы емес, бірақ ол басқа негіздер бойынша шағымданбақ. Ол «бұл іс бойынша айыпталғандар түгел
Алшынбай Ыбырай. Алматы, 9 қазан 2013 жыл.
Алшынбай Ыбырай. Алматы, 9 қазан 2013 жыл.
сотталады деп күткенмін, мына үкімнің әділетсіз шыққанына қайранмын» дейді. Оның айтуынша, бұл жерде адам денсаулығына ауыр зардап келтіру емес, өлтіру мақсатында құқық қорғау органы қызметкеріне қастықпен шабуыл жасалған.

- Бес минуттың ішінде баламның жанды жерлеріне алты соққының кездейсоқ тиюі мүмкін емес. Бұл соққылар ұлымды өлтіру пиғылы болғанын дәлелдейді, - дейді Алшынбай Ыбырай.

Ол әсіресе қылмыс орнында кездейсоқ келіп қалған тағы бір полицейді қорқытып, қуып жіберген Мейрам Рахметовтің сотта ақталып шыққанына күйінеді.

Мұны естіген Мейрам Рахметовтің анасы Алшынбай Ыбырайға қарғыс жаудырып, «ұлыма бірдеңе болса, кінәсін саған артамын» деді. Бұл іс бойынша басқа айыпталушылардың да туыстары да Алшынбай Ыбырайды қарғап-сілеп жатты.

ҰЗАҚ ПРОЦЕСТІҢ ҚЫСҚА ТАРИХЫ

Жас полицейдің өлімі туралы іс қайта тергеуге бірнеше мәрте жіберіліп, сот процесі ұзаққа созылды, бұрынғы екі үкімнің күші жойылды, іс барысында «арнайы қызметтің қылмыстық топтармен байланысы бар» деген болжам пайда болды.

Сотталғандардың туыстары Алшынбай Ыбырайды «балаларымыздың өмірін қор қылуға дайын бәлеқор» деп атады. Ыбырай бұл айыптарды мойындамайды.
Әділет Тұрсынбековтың өліміне байланысты айыпталушылардың ақталып шығып, туыстарымен бірге тұрған сәті. Алматы, 30 қаңтар 2013 жыл.
Әділет Тұрсынбековтың өліміне байланысты айыпталушылардың ақталып шығып, туыстарымен бірге тұрған сәті. Алматы, 30 қаңтар 2013 жыл.
бірнеше жыл бойы бұрынғы үкімдердің күшін жоюға тырысқан әрекетін «әділдік орнату үшін жасадым» дейді.

- Егер менің ұлымның орнында өздерінің баласы болса, бұлар басқаша сайрар еді, - дейді Ыбырай.

Алшынбай Ыбырай берген сансыз шағымның арқасында 2011 жылы Ақтауда шығарылған бірінші сот үкімінің күші жойылды. Ол сотта жергілікті «авторитет» Қайрат Айтбаев ғана айыпталған. Алшынбай Ыбырай үкімнің күшін ғана жойғызып қоймай, ұлын ұрып-соғуға қатысқан тағы бес адамды қылмыстық жауапқа тарттыра алды.

Алшынбай Ыбырай ол жолы «құқық қорғау органдары мен басқа да мемлекеттік органдар жергілікті қылмыскерлермен байланысы бар» деген уәжбен істің
Қаза тапқан полицей Әділет Тұрсынбеков (сол жақ) пен әкесі Алшынбай Ыбырай. (Әкесінің сот залына әкелген суреті). Алматы, 30 қаңтар 2013 жыл.
Қаза тапқан полицей Әділет Тұрсынбеков (сол жақ) пен әкесі Алшынбай Ыбырай. (Әкесінің сот залына әкелген суреті). Алматы, 30 қаңтар 2013 жыл.
Ақтауда емес, Алматыдағы әскери сотта қаралуын да талап етті. Былтыр күзде Алматыда өткен екінші сотта алты адам айыпталды. Алайда 2013 жылдың 30 қаңтарында Алматыда олардың біреуі - Қайрат Айтбаев ғана тоғыз жылға сотталып, бұрынғы чекист Ренат Бердалиев шартты жаза алып, қалғандары ақталып шыққан.

Дәл сол күні - 2013 жылдың 30 қаңтарында құқық қорғау органдарының Астанада өткен жиналысында президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл іске қатысты пікірін білдіріп, оны «соттағы былықтардың» мысалы ретінде атаған.

Жәбірленуші Алшынбай Ыбырайдың шағымы бойынша екінші үкімнің де күші жойылған. Іс қайта тергеуге жіберіліп, үшінші мәрте сотқа жолданған. Үшінші сот биыл сәуір айының аяғында басталып, қазанда аяқталды. Сотталушылардың туыстары да, қаза тапқан полицейдің әкесі де «әділ үкім шықпады» деп наразы.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG