Accessibility links

Полицейді өлтіру ісі бойынша үкім шықты


Кісі қолынан өлген полицей Әділет Тұрсынбеков (сол жақ) пен әкесі Алшынбай Ыбырай. Әкесінің сот залына әкелген суреті. Алматы, 30 қаңтар 2013 жыл
Кісі қолынан өлген полицей Әділет Тұрсынбеков (сол жақ) пен әкесі Алшынбай Ыбырай. Әкесінің сот залына әкелген суреті. Алматы, 30 қаңтар 2013 жыл

Жәбірленуші жақ «кейбір айыпталушылар ҰҚК-нің бұрынғы қызметкерлері болғандықтан жазадан оңай құтылды» деп санайды.

Қаңтардың 30-ы күні Алматыда қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот полиция қызметкері, аға лейтенант Әділет Тұрсынбековтің өліміне қатысты үкім шығарды. Судья Советхан Сәкенов айыпталған 6 азаматтың тек біреуі – 28 жасар Қайрат Айтбаевты айыпты деп танып, 9 жылға бас бостындығынан айырды.

Алайда қаза болған полицейдің әкесі қалған айыпталушылар «құқыққорғау органдарымен байланыста, тіпті екеуі ҰҚК-нің бұрынғы қызметкерлері болғандықтан құтылып кетті» деп мәлімдеді.

ҮКІМ

Сәрсенбі күнгі үкім бойынша, негізгі айыпталушы – Қайрат Айтбаевқа бірнеше бап бойынша айып тағылып, ол 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Іс-материалдары бойынша, полицей Әділет Тұрсынбеков күзет агенттігінің бірінде жұмыс істеген Қайрат Айтбаевтың бір ғана соққысынан жерге құлап түсіп, жүріп кеткен.
Судья Советхан Сәкенов. Алматы, 30 қаңтар 2013 жыл
Судья Советхан Сәкенов. Алматы, 30 қаңтар 2013 жыл

Екінші айыпталушы - Маңғыстау облысы ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері, 32 жастағы Ренат Бердалиев 4 жылға сотталды. Алайда оған қатысты шартты жазаға ауыстыру бабы қолданылып, екі жыл шартты жаза кесіліп, айыпталушы сот залынан босатылды.

Ал Маңғыстау облыстық ҰҚК-інің тағы бір бұрынғы қызметкері, 28 жастағы Самат Сабалақов, 25 жастағы Мейрам Рахметов, 23 жастағы Илья Гугиев пен 24 жастағы Мақсат Айтуардың «кінәсі дәлелденбегендіктен» сот залынан босатылды.

Үкімге қатысты жәбірленуші жақ та, 9 жылға сотталған Қайрат Айтбаевтың адвокаты да кассациялық шағым жазатындарын айтты.

ПРЕЦЕДЕНТ

Қаза болған полицей Әділет Тұрсынбеков – үйдің жалғыз ұлы. Әкесі Алшынбай Ыбырай өзін бұрынғы тергеуші, запастағы подполковник деп таныстырды. Ол «ұлының ісін сотқа жеткізу үшін көп тер төккенін» айтты.

- Жауапқа тартылған 6 адамға 340-бап (сот төрелiгiн немесе алдын ала тергеудi жүзеге асырушы адамның өмiрiне қол сұғу) бойынша айып тағылып отыр. Бұған дейін бұл бап жұмыс істемей келген, - деді Азаттық тілшісіне соттан шыққан соң Алшынбай Ыбырай.
Алшынбай Ыбырай, Әділет Тұрсынбековтің әкесі. Алматы, 30 қаңтар 2013 жыл.
Алшынбай Ыбырай, Әділет Тұрсынбековтің әкесі. Алматы, 30 қаңтар 2013 жыл.

Ол «ұлының бір ғана жұдырық тиіп өлгеніне» сенбейді. Оған қатысты бірнеше уәжін келтіреді.

- Оны айыпталып отырған 6 жігіт жабылып ұрған, оны оқиға болған жердегі жасырын камера түсіріп алған. Бірақ ол кейін іс материалдарынан жоқ болып кетті. Сараптамада ұлым басынан 4 рет қатты соққы тигеннен өлді дегенді айтады. Ал Айтбаев ұлымды «бетінен бір рет жұдырықпен ұрдым, сосын ол жерге құлағанда желкесімен жерге соғылып өлді» деп отыр. Бірақ медициналық сараптама баламның желкесінде ешқандай гематома жоқ екенін айтып отыр, - дейді Алшынбай Ыбырай.

Ол енді сот залынан босатылғандарды да жауапқа тарту мәселесін қолға алатынын жеткізді.

«ҮМІТІМ АҚТАЛДЫ»

Бүгінгі сот үкімін естуге келген айыпталушылардың туыстары үкім оқылып жатқанда қуаныштарын жасыра алмады, кейбірі жылап та жіберді.

- Ұлым іске қатысты алдымен тек куәгер болды, кейін өткен жылдың жазында оны да қамауға алды. Менің бармаған жерім, жазбаған хатым қалмады, бірақ нәтижесіз еді. Амал жоқ сот шешімін күтумен болдық, бірақ әділет орнайтындығына сендім. Үмітім ақталды, қазір ұлымды көремін деп тұрмын, барлығына ризалығымды білдіремін, - деді Азаттық тілшісіне сот залынан босап шыққан Илья Гугиевтің анасы Людмила Гугиева.
Людмила Гугиева, Илья Гугиевтің шешесі. Алматы, 30 қаңтар 2013 жыл.
Людмила Гугиева, Илья Гугиевтің шешесі. Алматы, 30 қаңтар 2013 жыл.

Ал 9 жылға кесілген Қайрат Айтбаевтың адвокаты Марина Каплан кассациялық шағым жазатынын ескертті.

- Менің қорғауымдағы Айтбаев өз кінәсін мойындады. Ол жәбірленушінің бетінен қолымен бір рет ұрғанын айтты. Себебі олардың арасында кикілжің болған. Сондықтан олар кездескенде бір-бірінің намысана тиетін сөз айтқан. Менің қорғауымдағы азамат өз-өзін ұстай алмай бір ұрған. Одан кейін жәбірленуші құлап, басымен асфальтке соғылып, арада 15 тәулік өткенде ауруханада көз жұмды. Айтбаев өзінің тек осы істе кінәсінің бар екенін мойындап отыр. Ал қалған баптар бойынша оның кінәсі дәлелденген жоқ, - деді адвокат.

Оның айтуынша, Қайрат Айтбаевқа қылмыстық кодекстің 7 бабы бойынша айып тағылған. Қазір олардың тек төртеуі бойынша кінәлі деп 9 жыл жаза тағайындалған. Адвокат қорғауындағы адамды қалған баптар бойынша да ақтап алуды көздейді.

Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының оперативтік қызметкері Әділет Тұрсынбеков 2010 жылғы желтоқсанның 23-і күні Ақтаудағы ІІД ғимаратына қарама-қарсы жерде соққыға жығылған еді. Ол арада екі апта өткенде 2011 жылғы қаңтардың 7-і күні есін жимастан көз жұмған болатын.
XS
SM
MD
LG