Accessibility links

Шұбаршиде оққа ұшқан полицейдің отбасы ұмыт қалғанын айтады


«Арлан» арнайы жасағының сарбазы Руслан Жолдыбаев (сол жақта) отбасымен бірге. Жеке мұрағаттағы сурет.
«Арлан» арнайы жасағының сарбазы Руслан Жолдыбаев (сол жақта) отбасымен бірге. Жеке мұрағаттағы сурет.

Биыл жазда Шұбаршидегі қарулы қақтығыста қаза болған ақтөбелік полиция офицерінің қызметі әскери дайындық класындағы бір стенд пен «Айбын» орденіне тең болды.


Арнайы жасақ сарбазы Руслан Жолдыбаев қаза тапқаннан кейін араға бес ай салып, екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Оны Русланның жесірі Айгүл Жолдыбаеваға Астанада ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов табыс еткен.

– Қолыма орден тигенше, Русланға «Халық қаһарманы» атағы берілетін болар деп дәметкенім рас. Ешбір атақ та, даңқ та жеті жасар қызыма әкесінің орнын алмастыра алмасы анық. Бірақ, Руслан елдің тыныштығы жолында, экстремистермен күресе жүріп оққа ұшқан жоқ па? «Қазақстанда терроризм жоқ» деген жауырды жаба тоқушылықтан менің күйеуімнің жасаған ерлігі өз деңгейінде бағаланбай қалды, – дейді марқұм Руслан Жолдыбевтың жесірі.

Айгүл мен Руслан он жыл отасып, бірге ғұмыр кешкен. «Онсыз қалай жер басып жүргеніме таңым бар. Жақында көлігімнің жылдамдығын асырып, Русланның соңынан кеткім келген. Бірақ, Аида бар ғой...» дейді қаралы келіншек.

Кішкентай Аида болса, алғашқы күннен-ақ әкесінің зиратына барудан бас тартыпты.
Руслан Жолдыбаевтың қызы Аида Жолдыбаева. Жеке мұрағаттағы сурет.
Руслан Жолдыбаевтың қызы Аида Жолдыбаева. Жеке мұрағаттағы сурет.
«Әкем іссапарда» дейді екен ол телефонмен амандық сұрасқан ағайынға, тіпті анасына да.

Ал Русланның анасы Алтын Жолдыбаеваның айтуынша, «баласы бостан босқа өліп қалған».

– Таразда лаңкестің қолынан қаза тапқан баланы (Ғазиз Байтасовты меңзеп отыр – ред.) жамбылдықтар бастап, күллі қазақ елі қалай құрметтеді? Нағыз батырларға лайық құрметпен ақтық сапарға аттандырды. Патриоттық тәрбие деп құр айғайлағаннан гөрі осы дұрыс емес пе? Ал біз баламызды жұрттан жасырып көмгендей болдық. Ойласам, өзегім өртене жаздайды, – деді Алтын Жолдыбаева.

Шұбарши оқиғасы кезінде қаза тапқандардың бірі – «Арлан» арнайы жасағының сарбазы, аға лейтенант Руслан Жолдыбаев Ақтөбе қаласында шілде айының 4-і күні жерленді. Бұл күндері Қазақстан бойынша Астана күнін мерекелеу шаралары ұйымдастырылып жатқан болатын.

«АСТАНА КҮНІНІҢ ТАСАСЫНДА ҚАЛДЫ»

Русланның атасы Айтқали Жолдыбаев «Шұбарши оқиғасы Астана тойының тасасында қалды. Билік барынша дабыра қылмауға тырысып бақты. Баламның өлімі туралы ақиқат әлі айтылған жоқ» деп санайды.

85 жастағы Айтқали ақсақал – Қазақстан ішкі істер саласының ардагері. Немересін ақтық сапарға аттандырып салған соң Ақтөбе облыстық ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік департаменттерін түгел аралап шыққан. Бірақ, басшылардың бір де біреуінен ауыз тұщытар жауап ала алмағанын айтады қария.

– Баламның оң қолы мен аяғынан оқ тиген екен. Әдетте, кәнігі қылмыскерлер
«Арлан» арнайы жасағының сарбазы Руслан Жолдыбаевтың атасы Айтқали Жолдыбаев. Жеке мұрағаттағы сурет.
«Арлан» арнайы жасағының сарбазы Руслан Жолдыбаевтың атасы Айтқали Жолдыбаев. Жеке мұрағаттағы сурет.
қарсыласының қимыл-әрекетін шектеу үшін алдымен аяқ-қолды жаралайды. Ал шекесіндегі оқ «контрольный» болса керек. Бұл – менің өз пайымым. Маған мәселенің мән-жайын түсіндірген тірі жан баласы жоқ, – деді ол Азаттық тілшісіне.

33 жыл ішкі істер саласында жұмыс жасаған қарияның «Шұбаршидің маңында ұрыс қимылдары басталғанда арнайы жасаққа дұрыс нұсқау берілмеген. Жұмыс кәсіби біліктілікпен ұйымдастырылмаған болуы мүмкін» деген күдігі бар.

Айтқали Жолдыбаев соңғы жылдары немересі Русланның жұмыс ауыстыруын жиі өтінген. Оның себебін өзі былай түсіндіреді:

– Қазір полицияда бедел қалды ма? Жоқ! Жуырда Ақтөбе қалалық ішкі істер басқармасының бастығы Қайрат Мырзабеков қол астындағы қызметкер әйелді сабап, тұтқынға алынды. Полковник түрмеде отыр. Бұл – масқара емес пе? Осыдан соң олардан қалай жұмыс талап етуге болады?

«СТЕНД ЖАСАЛДЫ»

Руслан Жолдыбаевтың өлімі мен осы орайдағы туыстарының күдігіне қатысты Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті түсініктеме берген жоқ. Ал осы департаменттегі баспасөз қызметінің бастығы Алмат Иманғалиевтің Азаттық тілшісіне араға 3 тәулік салып берген жауабы мынадай:

«Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің полиция аға лейтенанты Р. Б. Жолдыбаевты есте қалдыру мақсатында және алдағы уақытта жас жауынгерлерге үлгі ретінде, оның суреті, ордені және ерлігі көрсетілген стенд жасалып, жеке құрамның әскери дайындық класына ілінген. Және Ақтөбе облысының ішкі істер департаментінің көмегімен Руслан Жолдыбаевтың және тағы да басқа қайтыс
«Арлан» арнайы жасағының сарбазы Руслан Жолдыбаев.
«Арлан» арнайы жасағының сарбазы Руслан Жолдыбаев.
болған полицейлердің барлық қонағасы мен бейітінің басы қарайтылып, естелік ретінде құлыптас қойылды».

Өмірінің соңғы 12 жылында арнайы жасақ сарбазы болған 35 жастағы Руслан Жолдыбаев 2011 жылы шілденің 1-і күні Шұбарши аулының маңында арнайы операция кезінде оққа ұшты. Спортшы жігіттің балалық шағы Ақтөбенің Куйбышев атындағы көшесінде өткен. Куйбышев – екі кварталдан тұратын шеткері, әрі шолақ көше. Алтын Жолдыбаеваның «осы көше немесе өзі білім алған Ақтөбедегі №13 мектеп баламның атымен аталса екен» деген арманы бар.

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментіндегі баспасөз қызметінің бастығы Алмат Иманғалиевтің мәліметіне қарағанда, 1961 жылдан бері облыста 18 полицей қызмет бабымен жүріп қаза болыпты. Олардың үшеуінің есімдері көше атауына айналған.

Биыл жазда Ақтөбе облысының Шұбарши ауылында екі полицей шабуылшылар қолынан өлген еді. Қарулы топқа қарсы арнайы операция кезінде «Арлан» арнайы жасағының бір сарбазы оққа ұшып, үшеуі жараланды. Тоғыз күнге созылған атыс кезінде барлығы 16 адам қаза тапқан. Оның төртеуі – полиция қызметкерлері.
XS
SM
MD
LG