Accessibility links

Ақтөбеде жараланған жігіт «енді қару сатпаймын» дейді


"Пантера" қару-жарақ дүкенінің сатушысы болған Алмат Раxметов. Ақтөбе, 16 маусым 2016 жыл.
"Пантера" қару-жарақ дүкенінің сатушысы болған Алмат Раxметов. Ақтөбе, 16 маусым 2016 жыл.

Ақтөбедегі шабуылда жараланған адам, «Пантера» қару-жарақ дүкенінің сатушысы Алмат Рахметов ауруханадан шықты. Ол жаралы күдіктімен фамилиялас болғанының кесірінен бірер күн төсекте байлаулы жатқан.

Ақтөбелік Алмат Рахметов бір жылдан бері қаладағы «Пантера» қару-жарақ дүкенінде сатушы болып қызмет етіп келген. Ол қарулы топ шабуыл жасаған маусымның 5-і күні түскі сағат екі жарымдар кезінде түскі асын ішпекке дүкеннің түпкі бөлмесіне барғанын есіне алды. Сол жақта отырған жігіт сауда залынан шу шыққанын естіген.

Ақтөбеде жараланған жігіт ауруханадан шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:14 0:00
Жүктеп алу

– Айқай-шуды естіген соң «Сатушы қыздардың біріне клиент дауыс көтеріп жатқан болар» деп ойладым. Бөлмеден шыға бергенім сол еді, тап алдымда қару кезеніп тұрған орта бойлы жігітті көрдім. «Кімсің? Саған не керек?» деп едім, «Маған патрон керек!» деді. «Қандай?» деп сұрадым. Ол тіпті өзіне қандай патрон керегін де білмейді екен. «Мынандай» деп қалтасынан 12-калибрлі патронды алып шықты. Сол сәтте оның артынан екінші жігіт жетіп келіп, мені бауыздап жібермек болды. Қорғанып үлгердім. Өткір пышақ оң құлағымды осып жіберді. Бірдеңе айтпаққа оқтала бергенім сол еді, пышағын аузыма сұғып алды. Артынша «Стражник» тапаншасынан оқ атып, екі оқтың бірі жүрек тұсыма, екіншісі аяғыма тиді. Құлап түстім. Олар мені өлді деп ойлады, – дейді 38 жастағы Алмат Рахметов.

«Пантера» дүкені алдында тұрған қаралы жұрт. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
«Пантера» дүкені алдында тұрған қаралы жұрт. Ақтөбе, 9 маусым 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Еденде қансырап екі минуттай жатқан Алмат сүйретіле жүріп артқы есіктен аулаға шығып, көрші подъездің домофонын теріп көмек сұраған.

– Оқиға куәгерлері дереу жедел жәрдем шақырды. Бірақ дәрігерлерді бір жарым сағат күтуімізге тура келді. Өйткені, бұл кезде «Пантераға» полиция келіп, атыс басталып кеткен болатын, – дейді ол.

Маусымның 5-і күні кешкі сағат 5 шамасында ғана Ақтөбе облыстық ауруханасына жеткізілген, қан көп кеткен Алмат Рахметовті дәрігерлер бірден операция залына әкеткен. Травматология бөлімінің дәрігері Ерлан Өмірбеков Алмат Рахметовтің жүрегіне жақын маңнан резеңке оқ алғандарын айтады.

Травматология бөлімінің дәрігері Ерлан Өмірбеков. Ақтөбе, 16 маусым 2016 жыл.
Травматология бөлімінің дәрігері Ерлан Өмірбеков. Ақтөбе, 16 маусым 2016 жыл.

– Сол өкпесіне пышақ сұғылған екен. Ауыз қуысында бірнеше пышақ жарақаты болды. Бас терісі жалбырап қалған. Жағдайы өте ауыр болғандықтан үш-төрт тәулік бойы реанимацияда ұстадық, – дейді Ерлан Өмірбеков.

Бұл ауруханаға Алмат Рахметовтен соң «Пантераға» шабуыл жасаған топтың Асхат Рахметов есімді мүшесі және одан кейін шабуылға ұшыраған әскери бөлімнің екі сарбазы жеткізілген. 28 жастағы күдікті Асхат Рахметовті полиция кісендеп алып келген. Аурухананың бас дәрігері Самат Данияров төрт жаралының арасындағы екі азаматтың фамилиялас болғаны көңіліне күдік ұялатқанын айтады.

– Оқ тиген күдікті Асхат Рахметовті шағын операциядан арнайы жасақ алып кетті. Ес-түссіз жатқан екінші [Алмат] Рахметовтің әскерилер киетін алабажақ шалбары болды, майкасы қызыл-ала қан. Бірақ екі Ахметовтің есімдері де ұқсас болған соң көңіліме күдік кіріп, Алмат Рахметовті екі-үш күн бойы реанимация төсегіне таңдыртып тастадым, – дейді Ақтөбе облыстық ауруханасының бас дәрігері.

Кейін ауруханаға «Пантера» дүкенінің директоры мен қала әкімінің орынбасары келген соң ғана бас дәрігердің күдігі сейіліп, Алмат Рахметовті босаттырған.

Ауруханада 11 күн жатып, бүгін ғана шығарылған Алмат Рахметов қару-жарақ сататын жұмысына оралмайтынын айтады.

– Жұмысым өзіме ұнайтын. 5 маусым күнгі оқиға болмаса, ойымнан айнымас та едім. Бірақ... Мен енді ешқашан қару-жарақ сатпаймын, – дейді ол.

Алмат Рахметовтің жұбайы, көзі мөлтілдеп, қатты қорқып қалғаны жүзінен аңғарылып тұрған Анар Азаттық тілшісінің сұрақтарына: «Есіме сол сұмдық күндерді салмаңызшы» деп жауап берді де, ерін үйіне алып кетті.

"Пантера" дүкеніндегі шабуылда жараланған Алмат Раxметов ауруханадан шығып барады. Ақтөбе, 16 маусым 2016 жыл.
"Пантера" дүкеніндегі шабуылда жараланған Алмат Раxметов ауруханадан шығып барады. Ақтөбе, 16 маусым 2016 жыл.

Ақтөбеде маусымның 5-і күні бір топ қарулы адамның екі қару-жарақ дүкенін тонап, одан кейін әскери бөлімге шабуыл жасағаны хабарланған. Шабуылдаушылар қолынан жеті адам қаза тапты, олардың үшеуі – әскерилер, төртеуі – бейбіт тұрғындар.

Шабуылдарға байланысты Қазақстан бойынша 40 күн мерзімге террорлы қауіп-қатердің сары деңгейі, Ақтөбеде қызыл деңгейі жарияланған. Күдіктілер ұсталып не жойылған соң Ақтөбе облысы бойынша террористік шабуыл қаупі сары деңгейге түсірілген.

Ішкі істер министрлігі маусымның 14-і күні 25 шабуыл жасаушының «түгел ұсталғанын не жойылғанын» хабарлады. ҰҚК дерегінше, Ақтөбедегі терроризмге қарсы арнайы операциялар барысында 9 күдікті ұсталып, 18-інің көзі жойылған.

Билік Ақтөбедегі оқиғаларға билік «террорлық шабуыл» деген баға берді, алайда әзірге қандай да бір ұйым бұл шабуылды мойнына алған жоқ.

XS
SM
MD
LG