Ақтөбе қалалық 2-соты маусымның 5-інде қарулы топтың шабуылына ұшыраған «Паллада» қару-жарақ директоры, 30 жастағы Артем Горлаевтың ісін қарап жатыр. Оған қылмыстық кодекстің 254-бабы («Мiндеттерiне адал қарамау») бойынша айып тағылған. Мемлекеттік айыптаушының пікірінше, Артем Горлаевтың бейқамдығы бірнеше адамның өліміне себеп болған.
Алғашқы сот отырысында Артем Горлаев өзіне тағылған айыпты толық мойындап, оның адвокаты Адель Кутуев процессуалдық келісім жасауға ниеттері барын айтқан. Алайда қыркүйектің 15-і күнгі сот отырысында «Паллададағы» шабуылдан жараланған Ойландық Жәрменов есімді азаматтың моральдық шығыны өтелмейінше процессуалдық келісімге келу мүмкін емесі белгілі болды.
«МОРАЛЬДЫҚ ШЫҒЫН РЕТІНДЕ 5 МИИЛИОН ТЕҢГЕ ТӨЛЕСІН»
Ақтөбедегі «Жедел күзет» мекемесінің көлік жүргізушісі Ойландық Жәрменов биыл маусымның 5-і күні әдеттегідей кезекшілікте болған. Сол күні «Паллада» қару-жарақ дүкенінен дабыл қағылып, әріптесі Мирхан Тәжібаев екеуі сол жерге төрт минутта жеткен.
– Мирхан жүгіріп дүкенге кіріп кетті. Рацияға жауап беріп, басымды көтере бергенім сол еді дүкеннен шыққан біреулер беталды оқ ата бастады. Атқан оқтары құлақ шекеме, екі иығым мен арқама тиген. Маған жалпы саны жеті бытыра тиген екен. Дәрігерлер алтауын алып тастады. Мидың сұйық бөлігіндегі бытыраны қозғай алмай отыр. Өйткені оны алу өміріме қауіпті көрінеді,– дейді 38 жастағы Ойландық Жәрменов.
Жәбірленушінің адвокаты Нұржамал Әжіғалиеваның сөзіне қарағанда, басынан ауыр жарақат алып, бірнеше күрделі операция жасатқан Ойландық Жәрменов әлі де дұрыс сөйлей алмайды. Астыңғы жағына да зақым келгендіктен дұрыс қозғалмайды. Жүйке жүйесіндегі зақымнан бетінің бір бөлігі жансызданып қалған.
- Денсаулығы кез келген сәтте қиындап кетуі мүмкін. Оның үстіне кәмелетке толмаған екі баланың әкесі. Әйелі де жұмыссыз. Бір отбасының жалғыз асыраушысы төрт айдан бері үздіксіз ем қабылдап жатыр. Жәбірленушіге тегін ем жасалып жатқандықтан, біз материалдық шығын талап етіп отырғанымыз жоқ. Бірақ жан азабы мен тән азабын тартқан адамға моральдық шығын төленуі тиіс. Талабымыз – Жәрменовке 5 миллион теңге төленсін, – дейді адвокат Нұржамал Әжіғалиева.
Сот отырысына ауруханада емделіп жатқан жерінен сұранып келген Ойландық Жәрменов әлсін-әлсін құлақшекесін ұстап, қиналыңқырап отырды.
«ҚАРУ-ЖАРАҚ ТАЛАПҚА САЙ САҚТАЛМАҒАН»
Маусымның 5-і күні бір топ қарулы адам күні қару-жарақ сататын «Паллада» дүкеніне шабуыл жасалған кезде дабыл түймесін қағып үлгерген сатушы Андрей Максименко, күзет қызметкері Мирхан Тәжібаев, бірінші қабатында «Паллада» дүкені орналасқан үйдің тұрғыны, зейнеткер Николай Онищенко қаза тауып, «Жедел күзеттің» өкілі Ойландық Жәрменов ауыр жараланған еді.
Қарулы шабуылдан кейін Ақтөбедегі қару-жарақ дүкендерін тексеріп шыққан прокуратура «Паллада» дүкенінде қару-жарақ талапқа сай сақталмаған» деген қорытынды шығарған. Ішкі істер министрлігі бекіткен ережелерге сай, сөредегі патрондардың дәрісі алынып тасталуы тиіс, ал қару сауда сөресіне арнайы троспен бекітілуі керек. Бірақ қарулы шабуылдан сәл бұрын жөндеуден өткен «Паллада» дүкенінде бұл талаптардың ешбірі орындалмаған. «Палладаға» шабуылдаушылар ол дүкеннен 18 қару мен патронды алып кеткен.
Сот залында жәбірленуші тараптан «Паллада» қару-жарақ дүкенінде оққа ұшқан сатушы Андрей Максименконың да туыстары болды. Марқұмның қарт ата-анасы мен інісі журналистермен сөйлесуге ыңғай танытқан жоқ.
Артем Горлаевтың ісін қарап жатқан Ақтөбе қалалық 2-сотының судьясы Ерлан Бақытжан қыркүйектің 15-індегі сот отырысына оның адвокаты қатыса алмағандықтан процесті кейінге шегерді.
Биыл маусымның 5-інде Ақтөбеде 26 адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операцияда шабуылға күдікті делінген 18 адамның көзі жойылып, бірнеше адам ұсталған.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде шабуыл жасағандардың «радикалдық діни топ өкілдері» болғанын және олардың «шетелден нұсқау алғанын» мәлімдеген.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбедегі шабуылдан кейін – 12-30 тамыз аралығында Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында радикалдық үш топтың сезікті 21 өкілі ұсталғанын хабарлаған.