Accessibility links

«Мирзоян көшесінің» дауы Ақтөбеге де жетті


Левон Мирзоян көшесі. Ақтөбе, 23 шілде 2014 жыл.
Левон Мирзоян көшесі. Ақтөбе, 23 шілде 2014 жыл.

Совет өкіметі тұсында Қазақстанды басқарған Мирзоянға наразылар Ақтөбеде де бар. Жергілікті белсенділер оның аты мен ескерткіш тасын көшеден алып тастауды талап етеді.

Шілденің 23-і күні Қазақстанның батыс өңіріндегі Ақтөбе облысының орталығы Ақтөбедегі белсенділер қаладағы Левон Мирзоянға арналған ескерткіш тасты алып тастауды, есімін көшеден өшіруді талап еткен жиын өткізді.

Мирзоянға деген наразылықтарын жергілікті қоғамдық ұйымдардың бірінің ғимаратында, дөңгелек үстел басында білдірген белсенділер әу баста ескерткіш тас түбінде митинг өткізбек болғандарын айтады. Олардың сөзінше, жиын өткізуге рұқсат етуі тиіс қала әкімдігі «митингті Кеңес Нокин ауылына барып өткізулеріңізге болады» деп жауап берген.

– Нокин ауылы Ақтөбеден 15-20 километр жерде. Әйтсе де әкімдіктің бұл әрекеті бізді райымыздан қайтара алмады. Мирзоян ескерткішінің жанында митинг өткізуге әлі де заңды түрде талпына береміз, – дейді белсенділердің бірі Бақтығұл Қанатов.

«МИРЗОЯННЫҢ КЕЗІНДЕ 25 МЫҢДАЙ АДАМ АТЫЛДЫ»

1933-1938 жылдары Қазақстанға басшы болған Мирзоянның атына көше беруге, оған ескерткіш тас орнатуға наразы белсенділер жиынына қоғамдық ұйымдар өкілдері, тарихшылар, әлеуметтанушылар мен қала тұрғындары – жиыны 20 шақты адам қатысты.

Мирзоян көшесі мен ескерткіш тасына қатысты жиынға келгендер. Ақтөбе, 23 шілде 2014 жыл.
Мирзоян көшесі мен ескерткіш тасына қатысты жиынға келгендер. Ақтөбе, 23 шілде 2014 жыл.

Белсенді Бақтығұл Қанатов Ақтөбе облысының ішкі саясат басқармасына, тіл басқармасы мен қала әкімдігіне де шақырту жібергендерін, бірақ олардың жиынға келмегенін айтты.

Жиында сөйлегендердің сөзі «Ақтөбедегі Мирзоян көшесінің атауын өзгертіп, ескерткіш тасын алып тастау керек» деген ауанда өрбіді.

– Тарихи деректерден Сталин жендеттерінің 1936-1938 жылдары аса белсенді болғанын байқаймыз. Осы аралықта 110 мыңнан астам қазақстандық азамат қуғын-сүргін көрді. 25 мыңнан астам адам атылып кетті. Бұл – Қазақстанды Левон Мирзоян басқарған кезең, – дейді жергілікті тарихшы Айшуақ Дәрменұлы.

Белсенділер Ақтөбе қаласының әкімдігіне көшеден Мирзоян аты мен ескерткіш тасын алып тастау жөнінде жазбаша өтініш тапсырғандарын да мәлімдеп тарасты.

«МЫРЗАЖАН» ЖӘНЕ ЖАРЫҚ ПЕН ЖОЛ МӘСЕЛЕСІ

Совет билігі кезіндегі тұлғаға көше атын бергенге қарсы ақтөбелік белсенділерді наразы еткен екінші объект – Мирзоянның құрметіне қаланың ескі бөлігінде 1997 жылы тұрғызылған ескерткіш тас. Ескерткіш таста 1896 жылы туған «Левон Исаевич Мирзоян (Мырзажан) – армян халқының ұлы перзенті» екені, оның 1939 жылы репрессияға ұшырап Лефортово түрмесінде атылғаны жазылған.

Левон Мирзоянның құрметіне қойылған ескерткіш тас. Ақтөбе, 23 шілде 2014 жыл.
Левон Мирзоянның құрметіне қойылған ескерткіш тас. Ақтөбе, 23 шілде 2014 жыл.

Ақтөбелік тарихшы Айшуақ Дәрменұлы ескерткіштегі «Мырзажан» деген сөзге де наразы. Ол «халық Мирзоянды жақсы көргендіктен Мырзажан деп атаған» деген сарындағы пікір барын айта келе:

– Қазақтар оны «Мырзажан» деп жақсы көргендіктен атады дей алмаймын. Викторды Бектұр деп атайтын қазақ Мирзоянды Мырзажан деп тілінің ыңғайына келгендіктен айтса керек, – дейді.

Төрт-бес көшенің тоғысқан тұсында тұрған, Мирзоянға арналған ескерткіш тастың тұғырында «Меценат – отандасы Вардгес Тертерян» екені қашалып жазылған. Азаттық тілшісі белсенділердің Мирзоянға қарсылығына қатысты пікірін білмек болып ескерткіш тасты қоюға демеуші болған жергілікті кәсіпкер Вардгес Тертерянға да хабарласқан еді, бірақ оның өзін «Нона» деп таныстырған көмекшісі кәсіпкердің іссапарда жүргенін хабарлады.

Ал Мирзоян көшесі маңында тұратын азаматтардың көше атауы мен ескерткіш тасты алып тастау туралы белсенділер ұсынысына қатысты пікірлері әртүрлі. Аты-жөнін айтпаған бір тұрғын бұл мәселенің өзі үшін маңызды емес екенін айтады.

– Маған көшені жарықтандырып, жолын жөндеп берсе болғаны, – дейді ол.

Ескерткіш тастың жанындағы Мұнайшылар көшесінің тұрғыны Нұрлан Аманшин «зерттеушілердің қолында Мирзоянның айыптарын растайтын құжат болса, мәселені аяқсыз қалдырмаған жөн» деп санайды.

Азаттық тілшісі белсенділер наразылығына байланысты Ақтөбе қаласы әкімдігіне хабарласқан еді, бірақ қандай да бір жауап алу мүмкін болмады.

"Мирзоянның Сталинге хаты" делінген құжат. (Суретті толық көру үшін үстінен басыңыз).
"Мирзоянның Сталинге хаты" делінген құжат. (Суретті толық көру үшін үстінен басыңыз).

1933-1938 жылдары Қазақстанда әуелі өлкелік партия комитетінің, кейін Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы болған Левон Мирзоянның «1937 жылы желтоқсанның 2-сі күні Сталинге жазған құпия хаты» бұдан екі жыл бұрын Facebook әлеуметтік желісінде жарияланып, қолданушылардың назарын аударған еді.

2013 жылы «Мирзоянның хатына» наразы бір топ қоғамдық белсенді Алматы қаласындағы Мирзоян көшесінің атын өзгерту жөнінде бастама көтеріп, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының зерттеушілерінен қолдау іздеген. Бірақ бұл институт «қоғамдық жағдайды тұрақсыздандыруы мүмкін» екенін айтып, «Мирзоян атындағы көше атын ауыстыруға әлі ерте» деген тұжырым жасаған.

Көшеден Мирзоян атын алып тастау туралы мәселе Астана қаласында да айтылып, 2014 жылы маусымда ел орталығындағы Мирзоян көшесінің аты Қаныш Сәтбаев болып ауыстырылған.

Совет билігі тұсындағы «саяси әшкерелеу» науқанына үлес қосып, қуғын-сүргінге түрткі болғандардың есімін көше, елдімекендерден алып тастау, «елдімекендерге тарихи атауын қайтару» жөніндегі ұсыныстар бірнеше жылдан бері айтылып келеді.

Әсіресе 2013 жылы қаңтарда «Ономастика мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданғаннан кейін жер-су атауларын өзгертуге қойылған бұрынғы мораторийдің мерзімі аяқталған соң бұл тақырып жандана бастады.

XS
SM
MD
LG