Accessibility links

Мирзояннан басқа да «көше атына лайық еместер бары» айтылды


Левон Мирзоян (1896-1939). Қазақстан президенті архиві мен Қазақстандағы Армения елшілігі 2001 шығарған құжаттар мен материалдар жинағындағы суреті.
Левон Мирзоян (1896-1939). Қазақстан президенті архиві мен Қазақстандағы Армения елшілігі 2001 шығарған құжаттар мен материалдар жинағындағы суреті.

Тұрғындар «сталиндік репрессияға қатысқан көптеген большевиктердің атында көшелер бар» дейді. Тарихшылардың ол тұлғалар туралы пікірі әркелкі.

Астана тұрғыны Жұмабек Сәрсенов таяуда қаладағы Левон Мирзоян көшесінің атауы Қаныш Сәтбаев болып өзгергенін «дұрыс шешім, бірақ екіұдай ойға қалдырды» деп сипаттайды.

– Қарапайым оқырман болсам да, кейбір зерттеулер мен баспасөз бетіндегі мақалаларға қарап, біз әлі күнге дейін құрметтейтін көптеген адамдардың 1937-1938 жылдардағы саяси-қуғын сүргінге едәуір үлес қосқанын байқаймыз. Олай болса, советтік большевиктер атындағы көшелердің атауын да неге өзгертпейміз? – дейді Жұмабек Сәрсенов.

Оның айтуынша, 1937 жылдардағы саяси қуғын-сүргінге үлес қосқан тек Мирзоян ғана емес.

«ӘШКЕРЕЛЕУ НАУҚАНЫ»

Осыған ұқсас сауалды биыл маусымның соңына Астанадағы Мирзоян көшесінің атын ауыстырған кезде Facebook әлеуметтік желісін қолданушы Данияр Әшімбаев та айтқан. Оның сөзінше, сол кезде қабылданған шешімдерге өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болған Мирзоянның ғана емес, орталық комитеттің басқа бірнеше бюро мүшелері де қол қойған. Саясаттанушы Данияр Әшімбаев «бар кінәні сырттан келген Голощекин, Мирзояндарға жабу» үрдіске айналғанын жазады.

Советтік Қазақстан басшысы Мирзоянның Сталинге құпия хаты. Суретті толық көру үшін үстінен басыңыз.
Советтік Қазақстан басшысы Мирзоянның Сталинге құпия хаты. Суретті толық көру үшін үстінен басыңыз.

Совет өкіметі кезіндегі қазақ өлкелік партия комитетінің және Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы болған Мирзоянның Сталинге жолдаған хаты табылған соң былтыр бір топ қоғамдық белсенді Алматы қаласындағы Мирзоян көшесінің атын өзгерту жөнінде бастама көтеріп, Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының зерттеушілерінен де қолдау іздеген.

Бірақ бұл институт «қоғамдық жағдайды тұрақсыздандыруы мүмкін» екенін айтып, «Мирзоян атындағы көше атын ауыстыруға әлі ерте» деген тұжырым жасаған. Азаттық тілшісімен сөйлескен тарихшы Мәмбет Қойгелдиев те «коммунистік билікте болғандардың аты-жөнін шетінен алып тастай беру дұрыс емес, коммунистік билікте жүріп те қазақ халқының мүддесіне еңбек еткен тұлғалар бар» деген пікір айтты.

Ал тағы бір тарихшы Зардыхан Қинаятұлы «ономастикадағы мұндай түйткілдер – постсоветтік елдердің әлі күнге дейін советтік құндылықтардан арылып болмағандығының белгісі» деп біледі.

«ТАРИХИ БАҒА БЕРУ КЕРЕК»

Азаттық тілшісі топонимдерді саяси мәніне байланысты өзгертуге қатысты советтік саяси-қуғын сүргіндерді ұзақ жылдар бойы зерттеген ғалым Тұрсын Жұртбайдың пікірін де сұрап көрді. Зерттеушінің айтуынша, «большевиктер билігінің қуғын-сүргініне ең әуелі ұшыраған Алаш қайраткерлерін қастерлейтін болсақ, онда олардың жолын кесіп, сыртынан арыз жазып, өліміне себеп болған адамдарға тарихи тұрғыда баға беру керек».

– Тіпті 1950 жылдары Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ахмет Жұбанов, Әлкей Марғұланды қуғындауға себепкер болғандарды әспеттеуге болмайды. Оларды әспеттесек, Әуезов, Бекмаханов, Сәтбаевтарға көрсеткен құрметіміз жалған болды ғой, – дейді Тұрсын Жұртбай.

Тарихшылар «большевиктік биліктің тапсырмасын орындауға мәжбүр болғандардың көбінің ұрпақтары бар, егер олардың аты аталатын болса ұрпақтары ыңғайсыз жағдайда қалып, тіпті айтыс-тартысқа ұласып кетуі мүмкін» дейді. Ал Тұрсын Жұртбай «ұрпақтарының қатысы да, жазығы да жоқ – оларды шатастырмау керек» деп біледі.

Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіндегі тарихи сурет. Долинка кенті, Қарағанды облысы.
Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейіндегі тарихи сурет. Долинка кенті, Қарағанды облысы.

Қазақстандағы ірі қалалардың көпшілігінде 20-ғасырдың бас кезінде екіге бөлініп, бір-бірімен бітіспес жауға айналған тұлғалардың есімдерімен аталатын көшелер жеткілікті. Тарих оқулықтарында екі тарап та мемлекет қайраткерлері ретінде аталады.

Совет билігі тұсындағы «саяси әшкерелеу» науқанына үлес қосып, қуғын-сүргінге түрткі болғандардың есімін көше, елдімекендерден алып тастау, «елдімекендерге тарихи атауын қайтару» жөніндегі ұсыныстар бірнеше жылдан бері айтылып келеді.

Әсіресе, 2013 жылы қаңтарда «Ономастика мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне түзетулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданғаннан кейін жер-су атауларын өзгертуге қойылған бұрынғы мораторийдің мерзімі аяқталған соң бұл тақырып жандана бастады.

XS
SM
MD
LG