Accessibility links

Жабасақ тұрғындары ауызсу мен жолдың зарын айтады


Ауызсуды көршісінен сатып алып отырған Жабасақ тұрғыны Бибігүл Кенжеғалиева. Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы, 8 шілде 2016 жыл.
Ауызсуды көршісінен сатып алып отырған Жабасақ тұрғыны Бибігүл Кенжеғалиева. Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы, 8 шілде 2016 жыл.

Ақтөбе облысындағы Жабасақ ауылында 25 жылдан соң көше шамдары орнатылды. Бірақ тұрғындар бұл жаңалыққа аса қуана қоймағандарын айтады. Оларды бәрінен бұрын ауызсу мен ауданға қатынайтын тас жолдың жайы қинап отыр.

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы Жабасақ ауылының көшелерінде қазір 14 шам жанып тұр. Ауыл тұрғыны Раунақ Таңатарованың айтуынша, орнатылғанына екі-үш тәулік болған шамдардың бірі өшіп қалған.

Азық-түлік аламыз, бас ауырып, балтыр сыздайды. Сондайда аудан орталығы Комсомолға баруымыз керек. Одан қалды өлім-жітім, той-томалақ бар. Жаңбыр жауса, екі ортадағы жолмен мүлдем жүре алмай қаламыз.

- Толық орнатып болмаған сыңайы бар. Өшсе өше берсінші - талай жыл жарықсыз да отырғанбыз. Ауылдың кемпір-шалы қас қарая қайда барсын? Жастар болмаса... Бізді көшедегі жарықтан бұрын жолдың жайы қинап отыр. Азық-түлік аламыз, бас ауырып, балтыр сыздайды. Сондайда аудан орталығы Комсомолға баруымыз керек. Одан қалды өлім-жітім, той-томалақ бар. Жаңбыр жауса, екі ортадағы жолмен мүлдем жүре алмай қаламыз, - дейді Раунақ Таңатарова.

Жабасақ ауылы мен Әйтеке би ауданы орталығы Комсомолдың арасына жолаушылар автобусы қатынамайды. Жұрт жеке көлігімен жолаушы тасымалдаушылардың қызметіне жүгінеді. Таксистер клиенттерін аудан әкімдігі ғимараты жанынан жинап алып кетеді.

Аудан орталығы Комсомолға жеке шаруаларымен келіп, аудан әкімдігі маңында такси күтіп тұрған Жабасақ тұрғындары да Азаттық тілшісіне жол қатынасының қиындығын айтып берді.

Жабасақ ауылының тұрғыны Галя Алтынбаева. 8 шілде 2016 жыл.
Жабасақ ауылының тұрғыны Галя Алтынбаева. 8 шілде 2016 жыл.

- Жабасақ Комсомолдан 120 шақырым жерде. Үш сағатта әрең жетеміз. Жол нашар. Шаруамыз болғасын амалсыздан келеміз. Жолақысы - мың теңге. Қысқа қарай қатынас қиындағанда мың жарым теңге болады. Айтуымыздың да кемі жоқ, бірақ нәтиже де жоқ, - дейді өзін «Галя Алтынбаева» деп таныстырған зейнеткер әйел.

Осы сәтте Азаттық тілшісіне жол азабын айтып тұрған Жабасақтың тағы бір тұрғыны Тұрған Байдүйсековті аудан әкімдігі ғимаратынан шыққан бір адам ымдап, оңашалау жерге алып кетті. Көп кідірмей қайта оралған зейнеткер:

Жабасақ ауылының тұрғыны Тұрған Байдүйсеков. Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы, 8 шілде 2016 жыл.
Жабасақ ауылының тұрғыны Тұрған Байдүйсеков. Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы, 8 шілде 2016 жыл.

- Әлгі жігіт «мына тілшіге жолдың жайын айтушы болмаңдар!» деп кетті. Соны да қосып жазып жіберіңдерші? Әкиматтың бір адамы солай деді деп. Осында істейді, әйтеуір жүзі таныс. Атын білмейді екем. Қасыма келіп «тілшіге не дедіңдер?» дейді. Не дейік?! «Жол жоқ»дедік. Жоқ нәрсені қалай бар деп айтамыз енді? - деді Тұрған Байдүйсеков.

Бірнеше жыл бұрын аудан орталығы Комсомолға қоныс аударған зейнеткер Шәрі Мамыровтың сөзіне қарағанда, ол оншақты жылдан бері Жабасақ, Басқұдық, Аққұм ауылдарына апаратын тас жолдардың жайын «талмастанайтып келеді».

Кейінгі жылдары аудан орталығы Комсомолға көшіп келіп, түрлі жиындарда Жабасақ жолының проблемасын көтеріп жүрген Шәрі Мамыров. Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Комсомол селосы, 8 шілде 2016 жыл.
Кейінгі жылдары аудан орталығы Комсомолға көшіп келіп, түрлі жиындарда Жабасақ жолының проблемасын көтеріп жүрген Шәрі Мамыров. Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Комсомол селосы, 8 шілде 2016 жыл.

- Бұл ауылдармен қысы-жазы қатынас қиын. Жабасақтың ар жағында 50 шақырым жерде Аққұм ауылы бар. Қыс түсе ол ауылмен байланыс біржола үзіледі. Жолдың жайын жиылыстарда үнемі айтамыз. Былтыр Бердібек Сапарбаевқа да айттық. Ол кісі «аудан шешеді» деді. Бірақ ешқандай қозғалыс жоқ. Аққұмды айтамыз-ау, мына жерде Щербаков деген ауыл бар - 15 шақырым жер. Соның өзіне жол жоқ. Аудан басшылары соның өзін шешіп бере алмай отыр, - дейді ол.

Ауылдастарының сөзін жалғаған Бибігүл Кенжеғалиеваның айтуынша, Жабасақтың халқы жол ғана емес, ауызсу зардабын да тартып отыр. Судан тарыққан Жабасақтың бес-алты тұрғыны биыл құдық қаздырып алған. Жабасақта су кемі 20 метр тереңдіктен шығады. Тұрғындар сөзіне қарағанда, оны қаздыру үшін «қалтаңда кемі 200 мың теңге болуы қажет».

- Ауыл адамдарында артық ақша қайдан болсын? Мал беріп қаздырып жатыр. Біз сияқты жағдайы жоқтар құдығы барларға айына 500 теңгеден төлеп, су алып отырмыз, - дейді Бибігүл Кенжеғалиева.

Ауылдастары «Балпаш апа» деп атайтын Раунақ Таңатарова құдық қаздыру үшін «бір ту сиыр мен 30 мың теңге бергенін» айтады. Одан бөлек, Ақтөбеден тереңнен су тартатын мотор алдыртқан. Раунақ Таңатарова «сауап болады» деп көршілеріне суды тегін беріп жүр. Ал Жабасақ әкімі Тұрғанбай Жүсіпов өзге бір ауылдасына су алғаны үшін ай сайын 500 теңге төлеп отырғанын айтады. Телефонмен сұхбат берген ауыл әкімі:

Ауызсу құбыры сметасы да, құжаттары да дайын. Енді республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыға қарап отырмыз.

- Ауызсу құбыры сметасы да, құжаттары да дайын. Енді республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыға қарап отырмыз. Жабасаққа құбыр қашан тартылатынын тап басып ешкім де айта алмайды, - дейді.

Ал жолдың жайын сұрастырған Азаттық тілшісіне Әйтеке би ауданы әкімінің бірінші орынбасары Темірбек Рахметов жауап берді. Оның сөзіне қарағанда, «Жабасақтың жолына жуыр маңда орташа немесе күрделі жөндеу жасалмайды».

- Қыс кезіндегі жол қатынасы аудан әкімшілігінің назарында. Жол жөнделмесе де ой-шұқыры тегістеледі. Біз жақында Басқұдық ауылыныңжолын тегістейік деп отырмыз. Жабасақтың жолын да тегістейміз. Былтырғы қыста Басқұдықпен қатынастың сәл қиындау болғаны рас. Бірақ далада қалып қойған ешкім жоқ, - дейді Темірбек Рахметов.

Жабасақ - Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданына қарасты ауыл. Облыс орталығы Ақтөбеден 450 шақырымдай жерде жатқан ауылда қазір 1800-дей адам тұрады.

XS
SM
MD
LG