«Жас алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай Алматы соты былтыр желтоқсанда жабуға үкім еткен Adam bol журналына қатысты оқиғаны елдегі сайлау науқандарымен байланыстырады.
– Не президент, не парламент сайлауы жақындаған кезде алдын ала жоспар құрылады. Сол жоспардың бір тармағы ретінде биліктің сайлауды әділетсіз өткізуіне, ұрлық жасауына қарсы тұра алатын, соны әшкерелейтін ақпарат құралдарын жойып жіберуді не тұсаулап қоюды жоспарлайды, – дейді Рысбек Сәрсенбай.
Журналист бұл құбылысты «Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бері пайда болған, қазір асқынған жаман ауруы» деп сипаттайды.
«САЙЛАУ ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ТАЗАРТУ»
«Қазақстанның тең құқықты журналистер федерациясының» президенті Розлана Таукина да «Adam bol журналының жабылуы – Қазақстандағы президент сайлауы қарсаңында ақпараттық кеңістікті тазартудың айқын көрінісі» деп біледі.
– Президент Назарбаев үшінші мерзімге сайланып жатқан тұста, 1998 жылы билікке адал емес деп танылған тәуелсіз 30 теле-радио компания жабылған. Ол төртінші мерзімге сайлану алдында 47 басылым жабылды. Одан кейінгі сайлаулар кезінде әр газет жеке-жеке жаншылып жатты. «Дат» газеті мен «Республика» газеттерінің тағдыры – оған дәлел, – дейді Розлана Таукина.
Оның сөзінше, биліктің сөзінен өзгеше ақпарат тарататын не тәуелсіз көзқарасын білдіретін кез келген басылым «ақпараттық кеңістікті тазалаудың» құрбаны болып келеді.
Елдегі сөз бостандығы ахуалына алаңдаған бірнеше тәуелсіз басылым өкілдері ақпанның 17-сі күні Алматыда жиын өткізіп, сөз бостандығын қорғайтын қозғалысқа бірігетіндерін мәлімдеді.
«Соғысты насихаттау белгілері бар» деген айыппен жабылған Adam bol журналының тағдырына алаңдаған журналистер жоғарғы соты төрағасы Қайрат Мәмиге хат жолдады. Журналистер одан ақпанның 26-сы күні Алматы қалалық сотында өтетін журналдың шағымдану сотына «тікелей бақылау жасауды» – сотта журнал редакциясы тарапынан айтылған уәждердің қабылдануына, олардың сот барысында тыңдалуына және оларға әділ баға берілуіне араласуды сұрады.
Жоғары сот төрағасына хат жазғандар «Adam bol журналына қатысты екі бірдей сот ісіне астыртын бастамашылық еткен және сот отырыстары барысында соттардың іс-қимылын «қажетті арнаға» бұра білген мүдделі саяси топ болған» деп біледі.
Қайрат Мәмиге жолдаған хатқа «Жас алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай, өзін «Дат» газетінің бас оқырманы» деп таныстырған Ермұрат Бәпи,«Накануне.kz» медиопорталының журналисі Оксана Макушина, «Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай, «Ашық алаң» («Трибуна») газетінің идеялық жетекшісі» делінген Жанболат Мамай, журналист Андрей Свиридов, «Қазақстанның тең құқықты журналистер федерациясының» президенті Розлана Таукина, «Журналистер қауіп-қатерде» ұйымының жетекшісі Рамазан Есіргепов қол қойған.
БІР ЖУРНАЛДЫҢ ЕКІ СОТЫ
Журналистердің бүгінгі жиынына өзек болған басылым – Adam bol журналына қатысты сот процестері 2014 жылы күзде басталған. Әуелі журнал иесі ADAMDAR компаниясы Алматыдағы орталық мешіт наиб-имамы Ерсін Әміреден сотта ұтылған. Ерсін Әміре «журнал 2014 жылғы ақпан айындағы жарияланған «Сирия көктемінің қазақстандық майданы» атты мақала беделіме нұқсан келтірді» деп шағымданған еді. Қарашада өткен сот оның шағымын орынды деп тауып, «журнал наиб-имамға 5 миллион айыппұл төлеуге міндетті» деген шешім шығарған.
2014 жылы желтоқсан айының соңында Алматы соты қалалық ішкі саясат басқармасы талап-арызы бойынша Adam bol журналын жабуға үкім шығарған. Басқарма журналдың бұған дейінгі санында жарияланған мақалада «соғысты насихаттау белгілері бар» деп, журналды жабуды және лицензиясын қайтарып алуды талап еткен.
Кейін журналдың бас редакторы Гүлжан Ерғалиева басылымды жабуға және «жала жапқаны үшін» наиб-имамы Ерсін Әміренің пайдасына ірі көлемде айыппұл өндіріп алу туралы сот шешіміне қарсылық ретінде аштық жариялаған. Гүлжан Ерғалиеваның аштық акциясы 18 күнге – қаңтардың 19-ынан ақпанның 5-іне дейін созылған.
Adam bol журналының иесі ADAMDAR компаниясының басылымды жабуға қарсы шағымы бойынша апелляциялық сот отырысы 26 ақпанда өтуі керек.
Қазақстандық және халықаралық құқық қорғау ұйымдарды «басылымды жабудың саяси астары бар» деп санайды.
ЕҚЫҰ өкілі Дуня Миятович былтыр қарашада «Adam bol журналын шығаруға тыйым салу елдегі бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) еркіндігін шектейді» деп мәлімдеген. ЕҚЫҰ сарапшылары бұл жағдай Қазақстандағы плюрализмге қатер төндіріп қана қоймай, БАҚ өкілдерінің бойында үрей-қорқыныш тудырады деп есептейді.
Қазақстандағы «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау ұйымының дерегінше, «елде тек 2014 жылдың өзінде ақпарат құралдары үстінен жалпы көлемі 740 миллион теңге көлемінде моральдық шығын өндіру туралы 100-ден астам шағым түсіп, арасында Adam bol журналы да бар бірнеше басылым жабылған».
Қазақстан «Шекарасыз тілшілер» (Reporters without borders) халықаралық баспасөз еркін қорғау ұйымының әлем елдеріндегі сөз бостандығының 2014 жылғы жай-күйіне арналған есебінде 180 елдің арасында 160-орында тұр.