Accessibility links

Чиншанло үшінші мәрте әлем чемпионы атанды


Қазақстандық спортшы Зүлфия Чиншанло. Алматы. 10 қараша 2014 жыл
Қазақстандық спортшы Зүлфия Чиншанло. Алматы. 10 қараша 2014 жыл

Қазақстандық Зүлфия Чиншанло Алматыдағы әлем чемпионатында жаңа рекорд орнатып, Азия ойындарында есе жіберген қарсыласын да ұтты.

Алматыда ауыр атлетикадан өтіп жатқан әлем чемпионатында 53 килограмм салмақ дәрежесінде жарысқа қатысқан қазақстандық спортшы Зүлфия Чиншанло үшінші рет әлем чемпионы атағын жеңіп алды.

Ол әуелі жұлқа көтеруде 95 килограмды еш қиындықсыз алды. Бұл салмақты тайпейлік Сюй Шуцзин де көтерді. Ал қытайлық Ли Жансун 96 килограмды көтерді.

Екінші мүмкіндікте Сюй Шуцзин 99 килограмды, Зүлфия Чиншанло 98 килограмды, Ли Жансун 100 килограмды көтере алмады.

Үшінші мүмкіндіктерінде Зүлфия Чиншанло мен Сюй Шуцзин көтере алмаған салмақтарын (98 және 99 килограмм) бағындырды. Ли Жансун 100 килограмды үшінші ретте де көтере алмады.

Қазақстандық спортшы Зүлфия Чиншанло (ортада) 53 кг салмақта чемпион атанды. Алматы. 10 қараша 2014 жыл.
Қазақстандық спортшы Зүлфия Чиншанло (ортада) 53 кг салмақта чемпион атанды. Алматы. 10 қараша 2014 жыл.

Серпе көтеруде Ли Жансун 115, 117 және 118 килограмды көтеріп, қоссайыс қорытындысы бойынша қола медаль алды. Сюй Шуцзин 119 килограмды көтергенімен, қалған екі мүмкіндігінде 127 килограмды көтере алмады.

Ал Зүлфия Чиншанло 127 килограмды көтерді де бірден әлем чемпионы атанды. Ол қалған екі мүмкіндігінде 133 және 134 килограмм салмақты көтеріп, серпе көтеру бойынша әлем рекордын жаңартты.

– Азия ойындарында ұтылғаныма өкіндім. Бірақ Алматыдағы жарыста есе қайтарамын деп өз-өзіме уәде бердім. Азия ойындарынан кейін менде дайындыққа тек 37 күн болды. Осы 37 күн бойы тек алтын аламын деген мақсатпен жаттықтым. Әлем рекордын жаңартуға да дайын болдым. Қарсыласым 135 килограмм көтерсе, мен 136 килограмға барар едім, – деді жарыстан кейін Азаттық тілшісіне сұхбат берген Зүлфия Чиншанло.

Зүлфия Чиншанло бүгінгі басты қарсыластарының бірі тайпейлік Сюй Шуцзинмен қазанда Инчхонда өткен Азия ойындарында да сайысқан еді. Ол кезде Сюй Шуцзин 233 килограмды көтеріп чемпион атанған. Ал Чиншанло 228 килограмды бағындырып күміс медаль алған.

Азия ойындарынан кейін Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни «Чиншанло Азия ойындарында кеткен есені Алматыдағы әлем чемпионатында қайтарарына» сендірген.

Нидің айтуынша, тайпейлік спортшы бүгін Чиншанлодан тактикалық тұрғыдан ұтылған.

Чиншанло біз қойған тактиканы толық орындады. Жанкүйерлердің қолдауы да көмектесті.
Алексей Ни

– Сюй Шуцзин бүгінгі жарысқа 100 пайыз дайын болмай шықты. Ал Чиншанло біз қойған тактиканы толық орындады. Жанкүйерлердің қолдауы да көмектесті, – дейді Алексей Ни.

Күміс жүлде иеленген тайпейлік Сюй Шуцзин Азаттық тілшісіне «Азия ойындарында жарақат алған оң қолының кесірінен жеңілгенін» айтты.

Зүлфия Чиншанло осыған дейін 2009 жылы Кояндағы (Оңтүстік Корея), 2011 жылғы Париждегі (Франция) әлем чемпионатының жеңімпазы болған. Ол 2012 жылғы Лондон олимпиадасында алтын алған.

Алматыда қарашаның 8-і күні басталған ауыр атлетикадан әлем чемпионатына 78 елден 700-дей спортшы қатысып жатыр. Қазақстан ауыр атлетика федерациясы мен бапкерлер кеңесі қазанның 16-сына дейін өтетін бұл чемпионаттан екі алтын медаль алу жоспарлары бар екенін мәлімдеген.

Алматыдағы әлем чемпионатында 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін олимпиада ойындарына жолдама таратыла бастайды. Жарыс кезінде ең көп ұпай жинаған елдің олимпиадаға 10 жолдама (алты ер спортшы, төрт әйел атлет) алуға мүмкіндігі бар.

XS
SM
MD
LG