«Жігер» мүмкіндігі шектеулі жастар ұйымының жетекшісі Фархат Юсупжанов қаладағы қоғамдық орындарға кірерде түрлі кедергіге кезігетінін айтады. Оның сөзінше, өзі тәрізді азаматтар тіпті қарапайым супермаркетке де бара алмайды.
– Себебі ол жер өте үлкен, адам көп. Мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектесетін қызметкерлер өте аз. Сондықтан көзі көрмейтін немесе әлсіз көретін азаматтардың өздігінен сауда жасап жүргенін байқауыңыз неғайбіл, – дейді ол.
Фархат Юсупжановтың пікірінше, әрбір супермаркет не ірі сауда желілерінде өзі сияқты азаматтарға көмектесіп, жетелейтін қызметтер ашылса, «бұл мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өздерін өзгелер сияқты кәдімгі клиент ретінде сезінуіне мүмкіндік береді, әрі сауда орнына да табыс әкеледі». Ол қала көшелерінде зағип жандарға арналған дыбыстық бағдаршам сирек екенін де айтты.
«ТРОТУАР, ЛИФТІ МЕН БАСПАЛДАҚ ТА ТАПШЫ»
Мүмкіндігі шектеулі жандар жолығатын кедергілер көп екенін Алматыдағы мүгедектер одағының төрағасы Әли Аманбаев та растайды.
– Жаяу жүргіншілер жолы, лифт, баспалдақ алдындағы жерүсті тактильді бағыттағыштар жоқтың қасы. Бұған қоса жаяу жүргіншілер жолымен түйісетін өткел – еңіс. Негізі, ереже бойынша еңістің көлбеулігі бес пайыз болуы керек, бірақ бұл шарт орындалып жатқан жоқ, – дейді Әли Аманбаев.
Ол ғимараттардағы көптеген пандустардың қыста немесе жаңбырлы күндері қолайсыз сырғанақ материалдармен қапталғанын, тротуар мен көшенің түйіскен тұсындағы аралық бетон өткелдің кеңдігі арба сыймайтындай екенін де айтады.
Әли Аманбаев пен Фархат Юсупжанов сияқты мүмкіндігі шектеулі азаматтар қоғамдық орындардың көбінде өздерінің жүріп-тұруына жағдай жасалмағанын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға да айтты. Министр мен қалалық халықты еңбекпен қамту басқармасының өкілдері шілденің 10-ы күні Алматыдағы сауда орталығының біріне келіп, ол ғимаратта мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдай жасалған-жасалмағанын көрген. Сауда орталығы өкілі министрге пандустарды көрсетіп, «мұнда өздігімен жүре алмайтын адамдардың сауда орны ішінде еш кедергісіз қозғала алады» деді.
Сауда орталықтарының бәрінде бірдей мұндай пандус жасалмағанын айтқан қимылы шектеулі азаматтар ол кемістіктің себебі «пандустарды орнатқандардың мәселені жетік білмеуі мен немқұрайдылығынан, қаржы жетіспеушілігінен» деп жориды.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, «мұндай қателіктер көбіне бұрынырақ салынған ғимараттарда кездеседі».
– Әкімшілік бұл қателіктерді біледі және оны жою үшін жұмыстар атқарып жатыр. Қазір салынып жатқан немесе жоспарланып жатқан ғимараттардың барлығында ережелер толық сақталған, – дейді Алматы қаласы әкімінің орынбасары.
Ресми органдардың дерегінше, 2014 жылдың шілде айына дейін елде төлқұжаттау процесінен өткен 26 мың қоғамдық нысанның (мектеп, аурухана, мәдениет үйі, теміржол, автовокзал, әуежай және тағы басқа ғимараттардың) 82 пайызы мүгедектердің мүмкіндіктеріне сай келмейді. Биыл солардың арасынан 2 мыңға жуық нысанды бейімдеу көзделіп отыр.
Қазақстан статистика агенттігінің мәліметінше, елде 500 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар.