Accessibility links

«Гетто» спектаклі премьерасына дайындық жүріп жатыр


DTK театры актерлері репетиция жасап тұр. Алматы, 17 ақпан 2014 жыл.
DTK театры актерлері репетиция жасап тұр. Алматы, 17 ақпан 2014 жыл.

Республикалық неміс драма театры (DTK) Йешуа Собольдің «Гетто» пьесасы бойынша премьераға дайындалып жатыр. Спектакль режиссері – германиялық режиссер Марсель Крон.


«Гетто» спектаклінің премьерасы наурыздың 5-іне жоспарланған. Неміс тілінде қойылатын спектакльдің орыс тілінде синхронды аудармасы жасалады. DTK театрының директоры әрі бас режиссері Ирина Симонова «Гетто» спектакліне дайындық қараша айының соңында басталғанын хабарлады. Марсель Кронның айтуынша, спектакльдің жаңа сарынды, күрделі музыкасын израильдік композитор Портнов жазған.

Консерваторияны бітірген Марсель Кронның мюзикл жанрын таңдау себебі түсінікті. Азаттық тілшісі неміс режиссерінен «Геттоның» басқа елдердегі қойылымдары туралы және Алматыдағы неміс театрын таңдау себебін сұрады.

– Бұл пьесаны көптен білемін. Бірақ қанша армандасам да әлі қоймаған едім. Алматыны таңдауымның екі себебі бар. Біріншіден, бұл пьесаға театр актерлері
Режиссер Марсель Крон. Алматы, 17 ақпан 2014 жыл.
Режиссер Марсель Крон. Алматы, 17 ақпан 2014 жыл.
түгел қатысады. Екіншіден, бұл пьесадағы бүкіл әлем елдеріне ортақ астарлы ой сан түрлі мәдениет пен халық шоғырланған ел үшін тіпті маңызды, – дейді ол.

Марсель Кронның айтуынша, Қазақстандағы жағдай мен 1920 жылдардағы Германияның арасында өзара ұқсастық бар.

– Ол заманда Германияда еврейлер көп болды. Бұл жер олардың ғасырлар бойы мекендеген ата қонысы еді. Неміс жерінде басқа ұлт өкілдері де, мысалы, жарты миллиондай орыс тұрды. Олар ұлтқа бөлінбей, бір-бірімен тату өмір кешті. Бірақ бір топ адамның дискриминация туралы ойы халық санасын улап, вирус сияқты тарап кетті. Меніңше, мұндай мәселелерде сақ болу керек, – дейді Марсель Крон.

«ГЕТТО» – ГЕТТО ТУРАЛЫ ПЬЕСА

«Гетто» пьесасының авторы – Израиль драматургы Йешуа Соболь (1939 жылы туған). Пьесада Вильнюс геттосының өмірі көрсетілген. Еврейлер көп қоныстанған Ескі қалада 1941 жылдың қыркүйегінде ашылған гетто 1943 жылдың қыркүйегіне дейін тіршілік етті. Ол «кіші» (11 мыңға жуық адам тұрған) және «үлкен» (30 мыңдай) гетто болып бөлінді. Немістер біріншісіне мамандарды
Солдан оңға: театр директоры Ирина Симонова, актрисалар Юлия Тейфель мен Лариса Фатеева. Алматы, 17 ақпан 2014 жыл.
Солдан оңға: театр директоры Ирина Симонова, актрисалар Юлия Тейфель мен Лариса Фатеева. Алматы, 17 ақпан 2014 жыл.
қоныстандырса, екіншісіне мамандығы жоқ адамдарды күштеп көшірді. 1941 жылдың 21 қазанында екінші геттоны жауып, тұрғындарын жойып жіберді. 1943 жылдың қыркүйегінде неміс концлагерьлеріне ауыстырылған гетто тұрғындарының көбі қаза тапты.

Пьеса гетто тозағынан тірі қалған тұтқындардың, әсіресе кітапханашы Герман Круктың естеліктері негізінде жазылған. Пьеса кейіпкерлері арасында неміс билігінің бастамасымен ашылып, 1942 жылдың қаңтарынан 1943 жылдың қыркүйегіне дейін жұмыс істеген театр актерлері бар. Гетто театры залдарына көрермен көп келетін. Спектакль болатын күнге жетпей қаза тапқан көрермендердің билеттері тағы бір рет сатылатын.

1984 жылы Берлиннің «Халық сахнасы» театрына қойылғаннан кейін пьесаның даңқы бүкіл әлемге жайылды. Қазірге дейін ол 20-дан аса тілге аударылып, 25-тен аса елде сахналанды. 2006 жылы Германия мен Литва пьеса желісімен фильм түсірді.

Марсель Кронның айтуынша, сан қилы мінез сомдалған пьесадан көрермендер өмір мен өлім арпалысқан сәттерде тірі қалудың жолын іздеп жанталасқан адамдарды көреді.

– Меніңше, адам баласы осындай қиын-қыстау жағдайларда өзін тұлға ретінде таниды. Өмірімізде болған жайттар мен осындай тарихи оқиғалардан сабақ аламыз, – дейді ол.

ҮЙСІЗ ТЕАТР

«Гетто» премьерасы неміс театры АРО мәдениет үйінен жеті жыл бойы жалдап келе жатқан сахнада өтеді. DTA-ның бұрынғы басшылығы жөндеуге бөлінген қаржыны қолды еткеннен кейін театр ғимараты жартылай қираған күйінде қалды. Режиссер Марсель Крон театрдың қазіргі жағдайы туралы «Театрдың спектакльдерін тәуірлеу сахнада көрсете алмайтыны өкінішті. Меніңше, бұл театр жақсы ғимаратқа, көрермені көп болуға лайық театр» дейді.
Германияда DTK сияқты мемлекеттік театрлар мұндай мүсәпір күй кешпейді.
Германиялық режиссер Марсель Крон.

Марсель Кронның айтуынша, Германияда DTK сияқты мемлекеттік театрлар мұндай мүсәпір күй кешпейді, ондайды тіпті елестету де мүмкін емес. Бірақ «Гетто» премьерасынан кейін республикалық неміс театры бұл сахнадан да айырылады. Өйткені АРО мәдениет үйі жөндеуге жабылады. Премьерадан кейін театр қай жерді паналайтыны әлі белгісіз.

– Мәдениет комитетінен тым болмаса спектакль қоятын сахна тауып беруін сұрап жатырмыз. Басқа театрларға өтініш жасадық. Әрине, қай театр болсын, жеке ақша тапқысы келеді, оларда бізге бере қоятын артық орын жоғын да түсінеміз. Жағдайымыз не боларын көреміз. Қазір жалға берушілерден декорациямызды сақтайтын қойма тауып беруін сұрадық. Егер табылмаса, бұрынғы ғимараттың қираған фойені жауып қойдық, сонда апарамыз, – дейді DTK директоры Ирина Смирнова Азаттық тілшісіне.

Ал театрдың өз ғимаратын жөндеу қашан аяқталатыны белгісіз.

– Ғимаратты қайта жаңартуға бола ма, жоқ па, тіпті мұны анықтау үшін де ақша керек, – дейді Ирина Смирнова.

Ирина Симонованың айтуынша, Қазақстан үкіметі орын тауып бермегенімен, үйсіз-күйсіз театрға көмектеседі – театр қойылымдарына, гастрольдерге, актерлердің жалақысына ақша бөледі.
XS
SM
MD
LG