ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ЖҰРТТЫ ӘБІГЕРГЕ ТҮСІРДІ
Интернеттегі кейбір сайттар жақын күндердің бірінде Қазақстанның оңтүстік аудандарында жойқын жер сілкінісі болады-мыс дегендей ақпараттар берген.
– Жалған ақпарат халықты әбігерге түсіргені соншалықты, мамырдың 20-сынан 21-іне қараған түні бойы Алматы қаласында кезекші диспетчерлер тұрғындардың қоңырауларына жауап беруден қолдары босамады: бір тәуліктің ішінде оларға 5 мыңнан астам адам қоңырау шалған. Алматы облысының кейбір ауылдарының тұрғындары, жарты сағаттан кейін жер сілкінеді екен деген лақап ақпаратты естіп алып, түнді далада өткізген. Сондықтан мен халықты мұндай маңызды ақпараттың шынайылығына, яғни оны басқарушы орган хабарлағандығына көз жеткізіп алуға шақырар едім, – деді Алматы қаласы бойынша төтенше жағдайлар департаменті директорының орынбасары Юрий Ильин.
Осыған орай сейсмологтар «Жер сілкінісі туралы» заң қабылдауды ұсынып отыр. Олардың пікірінше, мұндай құжатта жер сілкіністері туралы жалған ақпарат таратушыларды жауапқа тартып, жазалау да қарастырылуы тиіс.
Қазақстан сейсмология институтының мамандары биыл Алматы облысы аумағында жойқын жер сілкіні болмайды деп хабарлап отыр.
– Біздің қолымыздағы мәліметтерге қарағанда, облыс аумағында 2009 жылы МСК 64 шкаласы бойынша магнитудасы 5,5-тен асатын жер сілкінісі болмайды. Бұл мәлімет биыл маусымның аяғы мен шілденің басында тексеріледі, - деді бейсенбі күні шұғыл түрде шақырылған баспасөз конференциясында Алматыдағы cейсмология институтының директоры Таңатқан Абақанов.
Оның айтуынша, институтта апта сайын қысқа мерзімге арналған болжамдарды талқылау үшін арнайы комиссияның отырысы өтіп тұрады.
– Болжам комиссиясының мәліметі бойынша, алдағы аптада Алматы облысында жойқын жер сілкінісі болмайды, – деді институт директоры.
«МЕРКЕ» СТАНЦИЯСЫ ТІРКЕГЕН МӘЛІМЕТ – ДҮМПУДІҢ БЕЛГІСІ
Алайда сейсмологтар тұрғындардың өміріне аса қауіпті емес жер сілкіністері жақын күндері ел аумағында тіркелуі мүмкін екендігін ескертіп отыр. Бұл жердегі әңгіме Жамбыл облысының аумағына қатысты.
– «Мерке» станциясының бақылау мәліметтері бойынша, 5 сәуірден бастап Қырғыз жотасы аймағында сейсмикалық тұрақсыздықтан хабар беретін және әжептәуір дүмпулердің басталғанын көрсететін ауытқулар тіркелді. Соған байланысты 15-25 мамыр аралығында Рихтер шкаласы бойынша 4,5 магнитудалы (плюс-минус 0,5) жер сілкінісі болуы мүмкін екендігі болжанды, – деді Таңатқан Абақанов.
Институт директорының айтуынша, сейсмологтардың болжамының дұрыстығы дәлелденген. Атап айтқанда, биыл 16 мамыр күні жергілікті уақыт бойынша сағат 11.38-де сөз болып отырған ауданда, Мерке ауылынан 80 шақырым жерде, МСК-64 шкаласы бойынша 4,4 магнитудалы дүмпу тіркелген.
Дәл сол уақыт шамасында Мерке ауылынан 200 шақырым жерде МСК-64 шкаласы бойынша 4 магнитудалы жер сілкінісі болған.
– Бір ғана сейсмикалық станция – «Меркеде» осындай құбылысты байқап, соны тексергенде, алдын ала болжамды мүмкіндігінше дұрыс бергенімізге бір жағынан біз қуанышты екенімізді айта кеткім келеді. Біз 25 мамырға дейін сол аумақты қарап, тексеріп отыруға тиістіміз, – деді институт директоры.