Accessibility links

Ықшамаудан тұрғындары құрылысқа қарсы


Ақсай-4 ықшамауданының тұрғыны Аманжол Юсупов журналистерге тұрғындар наразылығына байланысты ресми хаттарды көрсетіп жатыр. Алматы, 7 сәуір 2012 жыл.
Ақсай-4 ықшамауданының тұрғыны Аманжол Юсупов журналистерге тұрғындар наразылығына байланысты ресми хаттарды көрсетіп жатыр. Алматы, 7 сәуір 2012 жыл.

Алматы қаласының Ақсай-4 ықшамауданы тұрғындары аулаларында басталған тұрғын үй құрылысына қарсы шығып отыр. Тұрғындар шағым айтып «бармаған жері, баспаған тауымыз қалмады» дейді.


Әуезов ауданына қарасты Ақсай-4 ықшамауданында, 51 мен 62-үй арасында, тұрғындардың айтуынша, көлемі 0,5 гектар болатын аула бар. Ауланы қоршай көпқабатты 11 үй орналасқан. Мұнда балалардың ойын алаңдарымен қатар, жасөспірімдерге арналған баскетбол, футбол алаңдары, жаттығуға арналған түрлі темір құрылғылар болған.

«БАЛАЛАР ҚАЙДА ОЙНАЙДЫ?»

Тұрғындардың айтуынша, бұл спорт алаңы көрші аудандардың балаларына да қызмет етіп келген, яғни басқа аудандардан да жасөспірімдер үнемі келіп тұрады. Алайда өткен жұмадан бастап, бұл жер құрылыс нысанына айналып, ауланы құрылысқа мүдделі адамдар қоршап тастаған. Кішкене балалар қазір қоршау мен көлік жүретін жолдың арасындағы тар жерде әткеншек пен сырғанақты ғана ермек етіп жүр. Көктем келіп, күн жылыған сәтте серуенге шыға бастаған ересектер де қазір бұл әдеттерінен тыйылған. Осы ықшамауданда тұратын Елена Мясникина:
Ақсай-4 ықшам ауданындағы аулада тұрған дуал. Алматы, 7 сәуір 2012 жыл.
Ақсай-4 ықшам ауданындағы аулада тұрған дуал. Алматы, 7 сәуір 2012 жыл.

- Қала көлігі әрлі-берлі жүйткитін даңғыл жолдың шаңы ауламызға жетпейтін, ауа тұнық болатын. Енді кеп, аула ортасына үй тұрғызса, шаң-тозаңнан да тұншығатын түріміз бар. Олар мұнда паркинг те саламыз дейді. Автотұрақтан түтін шығатын болса, біздің аула газ камерасына айналады. Ең бастысы - балалар қайда ойнайды? - дейді.

Тұрғындар құрылыс басталғанда үлкен жүк көліктерінің аулаға қалай кіріп, қалай шығатынын түсінбейді. «Айналамыздың астаң-кестеңі шығып, саз-батпақтан аяқ алып жүре алмайтын шығармыз» - дейді олар.

ҚАУІП

Тұрғындар балаларының ойнайтын жері, кешкілік серуендейтін ауласы үшін ғана алаңдап отырған жоқ. Алматыда жер сілкінісі қаупі күшейгенде «бас сауғалайтын пана таппай қаламыз ба?» деп те қорқып отыр. Өткен жылы жазда Алматыда болған 3-4 балдық жер сілкінісі кезінде үрейленген тұрғындар бала-шағаларымен кең аулада түнеген көрінеді. Ақсай-4 ықшамауданының тұрғыны Ермек Еспенов:
Ақсай-4 ықшам ауданының тұрғыны Ермек Еспенов. Алматы, 7 сәуір 2012 жыл.
Ақсай-4 ықшам ауданының тұрғыны Ермек Еспенов. Алматы, 7 сәуір 2012 жыл.

- Кеше Қарағандыда үй құлады. Жұрт құлаған үйге кем дегенде жүз метр қашықтықта қарап тұрды. Ешкімді онда жібермеді. 1986 жылы әскерде болған кезімде Румыния мен Молдова шекарасының маңындағы шамамен 8 балдық жер сілкінісінен үш қабатты үйдің құлағанын көрдім. Біз одан да алыс жерге қашқан едік. Жер сілкінісі болып, ауладағы үй құласа, адамдардың қашатын жері қалмайды. Бұл сұмдық, - дейді.

«ПРЕЗИДЕНТКЕ ЖАЗҒАН ХАТТАН ДА ҚАЙРАН ЖОҚ»

Мектеп жасындағы екі баласы бар тұрғын Галина Закашеваның айтуынша, аулада үй салынады деген алып-қашпа әңгіме үш жылдан бері айтылып келген. Алайда тұрғындар құзырлы мекемелерге арызданған соң барып қана мәселенің мән-жайы анықталыпты.

Алматы қалалық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының қаулысында және осы мекеменің тұрғындарға берген жауабында «Алматы әкімдігінің 03.03.2011 жылғы № 1/01-517 қаулысымен»...«0,1900 гектар жер «TUBUS» ЖШС-не жер асты авто тұрағы бар 9 қабатты тұрғын үй құрылысына уақытша берілгені» жазылыпты.
Ақсай-4 ықшам ауданының тұрғындары дуал сыртына ысырылған сырғанақта балаларын ойнатып жүр. Алматы, 7 сәуір 2012 жыл.
Ақсай-4 ықшам ауданының тұрғындары дуал сыртына ысырылған сырғанақта балаларын ойнатып жүр. Алматы, 7 сәуір 2012 жыл.

Тұрғындар құрылысқа қарсылық білдіріп, қалалық және аудандық әкімдіктер мен прокуратураға да хат жазған. Шағым айтып «Нұр Отан» партиясына да барған. Алайда мекемелер бір-біріне сілтеген екен. Зейнеткер тұрғын Аманжол Юсупов «Президентке жазған хаттан да қайран болмағанын» айтты. Ол:

- Бұқаралық ақпарат құралдарына жүгінуден басқа амалымыз қалмады. Заңды жолдардың бәрін көріп біттік, - деді.

«ШАҒЫМЫМЫЗДЫ ЕСКЕРЕТІН БІР ШЕНЕУНІК ЖОҚ ПА?»

Ақсай-4 ықшам ауданы тұрғындарының мәселесі бұдан бұрын да ақпарат құралдарына жарияланған. Сәуірдің 7-сі, сенбі күні, тұрғындар журналистермен тағы кездесіп, наразылықтарын айтты. Есік алдына бала-шағасымен шыққан тұрғындардың айтуынша, құрылыс нысанын бастар алдында тұрғындардың пікірін білу үшін бір де бір жиналыс өткізілмеген, ал журналистер келер кезде құрылыс жұмысшылары қашып кеткен.
Алматы қаласы әкімдігінің Ақсай-4 ықшам ауданында көпқабатты үй тұрғызуға байланысты қаулысының көшірмесі. Алматы, 7 сәуір 2012 жыл.
Алматы қаласы әкімдігінің Ақсай-4 ықшам ауданында көпқабатты үй тұрғызуға байланысты қаулысының көшірмесі. Алматы, 7 сәуір 2012 жыл.

«Салынайын деп жатқан үйге су құбырын өткізіп жатыр» деп тұрғындар көрсеткен жұмысшылар «ескі құбырларды жаңартып, осы жерде бұрыннан тұрған үйлерге өткізіп жатқанын» айтты.

Айта кететін жайт, дуалдың өне бойында, ешбір жазу, құрылыс нысанының құжат-сипаттамасы жазылмаған.

Наразы тұрғындар «Еліміздің азаматтары деп біздің шағымымызды ескеретін бір шенеуніктің болмағаны ма?» деп қала берді.
XS
SM
MD
LG