Accessibility links

Cотталушыларды қамауда қалдырды


"Жиһадшылар" ісі бойынша сотталушылар (солдан оңға қарай): Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағұлов және Оралбек Өміров. Алматы. 29 тамыз, 2018 жыл
"Жиһадшылар" ісі бойынша сотталушылар (солдан оңға қарай): Кенжебек Әбішев, Алмат Жұмағұлов және Оралбек Өміров. Алматы. 29 тамыз, 2018 жыл

«Жиһадшылар ісі» бойынша сот процесінде төрағалық етуші судья 51 жастағы Кенжебек Әбішев, 47 жастағы Оралбек Өміров пен 43 жастағы Алмат Жұмағұловтың ісі бойынша алдын ала тыңдау кезінде қорғаушылардың өтінішіне қатысты шешімін жариялады.

Сотқа төрағалық еткен Жетісу аудандық сотының төрағасы Тұрысбек Миятбеков Гүлнара Жуасбаева, Айдана Табылдиева мен Айнұр Омарованың қорғауындағы сотталушылардың бұлтартпау шарасын өзгерту туралы шағымын қанағаттандырудан бас тартты.

ӨТІНІШТІ ҚАНАҒАТТАНДЫРУДАН БАС ТАРТУ

Судья Миятбеков сотталушы Әбішевті қамаудан босату туралы шағымнан бас тарту себебін түсіндіруге айрықша мән берді. Қорғаушы Жуасбаеваның Әбішевтің отбасының мүшкіл халі туралы мәлімдемесін судья тиісті анықтама берілмегендіктен сенімсіз деп таныды. Судья адвокаттың Әбішевке қатысты айтқан басқа дәлелдерін де қабылдамады. Миятбеков Әсел Көпбосынованы күйеуі Алмат Жұмағұловқа қоғамдық қорғаушы етіп тағайындау туралы өтінішін қабылдады.

Судья Тұрысбек Миятбеков
Судья Тұрысбек Миятбеков

Судья Миятбеков «жиһадшылар ісін» Алмалы аудандық сотына беру туралы істі қанағаттандырудан бас тартты. Оның айтуынша, бұл істі сотта қарауға тиісті деп тану туралы шешімді жоғарғы сот инстанциясы қабылдаған және заңдық күшіне еніп қойғандықтан қайта қарауға жатпайды.

«Жиһадшылар ісі» бойынша тыңдауды судья қыркүйектің 7-іне бекітті. Істі алдЫн ала тыңдау тамыздың 28-інде басталған. Судья Миятбеков оның өзін жабық режимде өткізді. Алайда істі қараудың негізгі отырысы ашық деп жарияланды. ​

ҚОРҒАУШЫНЫҢ ӨТІНІШТЕРІ

Алдын ала тыңдау кезінде қорғаушылар тарабы бірқатар өтініш білдірген. Соның ішінде сотталушыларды уақытша қамауда ұстауға қатысы жоқ бұлтартпау шараларын басқасына ауыстыру туралы өтініш бар. Адвокат Гүлнара Жуасбаева сотталушы Әбішевке қатысты шараны өзгертуді ерекше талап етіп, бірнеше дәлелін айтты.

Сотталушы Кенжебек Әбішевтің жұбайы - Гүлмира Әбішева (оң жақта) және сотталушының адвокаты Гүлнара Жуасбаева
Сотталушы Кенжебек Әбішевтің жұбайы - Гүлмира Әбішева (оң жақта) және сотталушының адвокаты Гүлнара Жуасбаева

Қорғаушының пікірінше, Әбішевті «террорға шақыру» ісі бойынша соттауды тоқтату керек те оның азаптауға қатысты шағымы бойынша қылмыстық істі қайта қарау қажет. Тергеу кезінде азаптауға қатысты шағым бойынша іс қозғалып, кейін жабылған екен. Жуасбаева істің жабылуын негізсіз деп есептейді. Адвокаттың айтуынша, Әбішевтің ишемиялық сырқаты бар. Үшіншіден, сотталушының отбасы күнкөріске қажетті қаражат таппай отыр, жағдайлары өте нашар.​

СОТТАЛУШЫ ОТБАСЫНЫҢ МҮШКІЛ ХАЛІ

Әбішевтің әйелі, 45 жастағы Гүлмира Әбішева онкологиялық сырқатқа шалдыққан. Соңғы айларда ерінің қамалуына байланысты стресске ұшыраған. Ол денсаулығына байланысты жұмыс істей алмайды. Тиісінше, кәмелеттік жасқа толмаған төрт баласын асырау да қиын. Бір ай бұрын (онкологиялық сырқаттан) Әбішевтің 68 жастағы анасы да қайтыс болды. Соған дейін отбасы марқұмның зейнетақысына күнелткен еді.

Адвокат Жуасбаева Кенжебек Әбішевті азаптауға қатысты шағым бойынша қылмыстық істі қайта қарау үшін жеке өтініш берді, сонымен қатар «террорға шақыру» ісін сотта қарауды тоқтатуды сұрады. Жуасбаева істі Алмалы аудандық соты қарауын өтінді. Заңгердің айтуынша, судьяның мемлекеттік құпияға араласа алмаймыз деген дәләлі - негізсіз.

«ӘКЕҢ ҰЗАҚ МЕРЗІМДІ ІССАПАРҒА КЕТКЕН ДЕЙМІЗ»

«Алмат Жұмағұловтың отбасында кәмелеттік жасқа толмаған үш бала бар, қазір олардың салмағы әйелі Әсел Көпбосыноваға түсіп тұр» дейді Азаттыққа Жұмағұловтың қорғаушысы Айнұр Омарова. Ол да өз қорғауындағы Алмат Жұмағұловтың ісіне қатысты бірнеше өтініш берген.

Алмат Жұмағұловтың жұбайы - Әсел Көпбосынова (сол жақта) және адвокат Айнұр Омарова
Алмат Жұмағұловтың жұбайы - Әсел Көпбосынова (сол жақта) және адвокат Айнұр Омарова

Гүлмира Әбішева да жұбайын айыпсыз деп санайды. Әбішев қамалғаннан бері сырқаты асқынған әйел химиялық емдеудің төрт сеансынан өткен. Сондықтан жұмыс істеп, төрт баласын асырауға шамасы келмейді. Осындай себебі бола тұра күйеуін уақытша қамаудан босатпай отырған биліктің қатыгездігіне таң қалады.

- Ол айыпты емес, неліктен қамауда отыруы керек, ал отбасы қатты қиналып жатыр, - дейді Гүлмира Әбішева.

Ал Әсел Көпбосынова Азаттық тілшісіне үш баласының ең кішісі небәрі бес жаста екенін, әкесінің үйде неліктен жоқтығын түсінбейтінін айтты.

- Оған әкең ұзақ мерзімді іссапарға кеткен дейміз, - дейді көз жасын сүрткен әйел.

Әсел Көпбосынова жеке құрылымда істейді, әзірге отбасын асыруға шамасы келеді. Ол күйеуіне қоғамдық қорғаушы болу туралы өтінішінің қабылданғанына ризашылық танытты.

"Жиһадшылар ісі" бойынша айыпталғандарды қолдаушылардың бір тобы
"Жиһадшылар ісі" бойынша айыпталғандарды қолдаушылардың бір тобы

​Азаттық тілшісіне адвокаттардың айтуынша, процеске қатысқан прокурор Сапар Төреқұл жоғарыда айтылған өтініштердің негізгі сот ісінде қаралатынын айтыпты.

«ТЕРРОРЛЫҚ АКТІГЕ ЖАРИЯ ШАҚЫРҒАНЫ» ҮШІН ТҰТҚЫНДАЛДЫ

Кенжебек Әбішев, Оралбек Өміров пен Алмат Жұмағулов 2017 жылдың қарашасында «террорлық акт жасауға көпшілік алдында шақырғаны үшін» тұтқындалды. Қарашаның 28-і күні олар қамауға алынды, кейін қамаудағы уақыттары бірнеше рет ұзартылды.

Алмат Жұмағұлов сот тыйым салған және «экстремистік ұйым» деп таныған бұрынғы банкир және Қазақстан билігін сынаушы Мұхтар Әблязовтың Қазақстан демкоратиялық таңдау қозғалысын қолдайтынын жасырмайды. Кенжебек Әбішев қозғалысқа немқұрайды қарайтынын және оған еш қатысы жоқ екенін айтады.

Абақтыда отырған Әбішев және Жұмағұловпен сәуірде еуропалық құқық қорғаушылар – Польша сеймының депутаты Марчин Свенчицкий және Италияның адам құқығы жөніндегі федерациясының президенті Антонио Станго кездесті. Бұдан соң олар Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Әбішев пен Жұмағұловқа қатысты айыптауларға және соттың тәуелсіз екеніне де күмән танытты.

Қазақстандық құқық қорғаушы ұйымдардың біразы Әбішев пен Жұмағұловты саяси тұтқындар деп таныды. Билік олардың қоғамдық-саяси мәртебесі туралы еш пікір білдірмеді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG