Сарапшылар биыл билік үшін кейбір белсенділерді қудалаудың принциптік мәні болды әрі саяси оппозицияны іс жүзінде жойғаннан кейін мемлекеттік машина бейсаяси лидерлердің белсенділігінен қауіп көрді деп есептейді.
"ЖАЛА ЖАБУ", "АРАЗДЫҚ ҚОЗДЫРУ", "АЛАЯҚТЫҚ" АЙЫПТАРЫ
Өткен жылы "жер мәселесіне қатысты" стихиялық митингілерден кейін елде үкімет ұсынған жер реформасы қызу талқыланған тұста Қытай экспансиясы туралы болжамға қатысты жеке қаупін айтқан астаналық белсенді Айдын Егеубаев биыл сотқа тартылды.
Қарашаның 2-і күні Астананың Сарыарқа аудандық №2 соты Айдын Егеубаевқа Шығыс Қазақстан облысындағы жеке меншік компания құрылтайшысының "абыройы мен қадыр-қасиетін қаралайтын жала жабу сипатындағы мәлімет таратқаны" үшін бас еркіндігін екі жылға шектеуге үкім кесті. Белсендіге қарсы берілген жеке айыптау шағымында Егеубаев "құрамында шетел азаматтары бар", "қытайлықтар Қазақстан жерін иемденіп алды" деген мәлімдемесімен компанияға нұқсан келтірді деп көрсетілген. Егеубаевтың өзі әлгі айыпты жоққа шығарады. Оның туыстары мен жақтастары сот үкімі мен Егеубаевтың жазасын өзгертпеген апелляциялық алқа шешімін "Масқара!" деген айқаймен қарсы алды.
Қарашаның соңына қарай Астана соты үлескерлер мен тозған баспанадан көшірілгендердің мүддесін қорғаумен танылған астаналық белсенді Махамбет Әбжанға үкім кесті. Сот оны "алаяқтық жасады" деп танып, үш жарым жылға бас бостандығынан айырды. Әбжанның адвокаттары мен туыстары "тергеу мен айыптаушы тарап салынып бітпеген тұрғын үй кешенінің бүкіл проблемасын оның мойнына іліп қойды, ал ол үлескерлерге көмектесуге тырысты" деп мәлімдеген. Махамбет Әбжан бұған дейін де бірнеше рет қылмыстық сипаттағы қудалауға ұшыраған. 2006 жылы жергілікті мәслихат депутаттығына сайлау науқаны кезінде оны "қаржылық алаяқтық жасады" деп айыптаған. Түрмеде үш жыл отырып шыққаннан кейін белсенді қайтадан қоғамдық жұмыспен айналысқан.
Алматылық азаматтық белсенді Олеся Халабузарь "ұлтаралық алауыздықты қоздырды" деген айыппен сотқа тартылды – айыптаушы тарап биылғы жылдың басында Халабузарь Алматыда тарату үшін (Қытайға қарсы мазмұндағы) парақшалар әзірледі деп мәлімдеген болатын. Халабузарь өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Бірақ соған қарамастан, тамызда Алматының Алмалы аудандық соты "ұлтаралық алауыздықты қоздырды" деген айыппен Олеся Халабузарьға екі жылға бас бостандығын шектеу туралы үкім шығарған.
ӘБЛЯЗОВТІҢ ЫҚПАЛЫ МА?
Аяқталып келе жатқан жылдың басы 29 жастағы журналист әрі азаматтық белсенді, қазір жабылып қалған "Трибуна. Саяси қалам" газетінің редакторы Жанболат Мамайды қылмыстық қудалаумен есте қалды. Билік оны "бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов БТА банкінен жымқырған ақшаның ізін жасыруға қатысы бар" деген айыппен биыл ақпанда қамауға алған.
Мамай мен оның жақтастары айыпты ойдан құрастырылған деп атаған болатын. Қыркүйектің 7-і күні Алматының Медеу аудандық соты журналисті кінәлі деп танып, оның бостандығын үш жылға шектеу, дүние-мүлкін тәркілеу және үш жылға журналистік қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы үкім шығарды. Жанболат Мамай "босқа уақыт жоғалту болады" деп мәлімдеп, сот үкіміне шағым түсіруден бас тартқан.
Көре отырыңыз: Жанболат Мамайдың үкімі (7 қыркүйек 2017 жыл):
Қарашаның 27-і күні Алматыда арасында Алмат Жұмағұлов бар үш азаматтық белсенді ұсталды. Екі күннен кейін сот оларды "терроризмді насихаттау немесе террорлық акт жасауға жария түрде шақыру" күдігі бойынша екі айға қамауға санкция беріп, үшеуін қалалық тергеу абақтысына қамаған.
Алматы қалалық ішкі істер департаментінің хабарлауынша, бұл іс бойынша үгіт-насихат материалдары, электрондық ақпарат тасылмалдағыш, "қарулы жиһадқа" шақыратын кітаптар мен видео тәркіленген. Бұған қоса, полиция күдікті топ "қазақстандық соттан шетелде жасырынып жүрген қылмыстық элементтердің" нұсқауымен әрекет еткен деген болжам тексеріліп жатқанын айтқан.
Оқи отырыңыз: Белсенділер «терроризм» айыбына ілікті
Белсенді Алмат Жұмағұлов кейінгі бірнеше ай бойы Алматыдағы Ганди атындағы саябақта әлеуметтік-саяси мәселелер талқыланған кездесулерге қатысқан. Ол қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының бағдарламасын ашық қолдаған. Жұмағұлов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, Алматыдағы тергеу абақтысында қамауда отырып аштық жариялаған.
"Жұмағұловтың ісі" бойынша оппозициялық қайраткерлер Жасарал Қуанышәлин мен Сақып Жаңабаева, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина, журналистер Рысбек Сәрсенбай мен Геройхан Қыстаубаев, азаматтық белсенділер Марат Уатхан, Сүйіндік Алдабергенов, Асхат Берсалимов, Құрал Медеуов пен өзгелер куәгер ретінде тергелген. Полицияның хабарлауынша, "Жұмағұлов ісіне" қатысты тергеу амалдары әлі жүріп жатыр.
АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ҚУДАЛАУ СЕБЕПТЕРІ
1990 жылдардың басында министр қызметін атқарып, одан кейін талайға дейін оппозицияда болған экономист Петр Своик Азаттыққа Қазақстанда билік азаматтық белсенділерді әрдайым қудалап келген, ал бұрын, яғни оппозициялық саясаткерлер болған кезде оларды да қудалайтын дейді.
- Қазір оппозициялық саясаткерлер мүлде қалған жоқ. Сондықтан көбінесе азаматтық белсенділерді қудалайтын тәрізді көрінетін шығар, - дейді Петр Своик.
Қазір оппозициялық саясаткерлер мүлде қалған жоқ. Сондықтан көбінесе азаматтық белсенділерді қудалайтын тәрізді көрінетін шығар.
Оның сөзінше, егер былтыр азаматтық белсенділік көбінесе жер мәселесімен байланысты болса, биыл өзін қазіргі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарсыласымын деп атайтын бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтің белсенділігінің жандануымен байланысты болып отыр. Былтырғы жылдың соңында Әблязов Франция түрмесінен шыққан. Париж бұрынғы банкирді туған еліндегі тәрізді "қаржылық алаяқтық" пен "БТА Банкінен ақшаны заңсыз әкетті" деп айыптап, оны экстрадициялауды сұраған Ресей мен Украинаның өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. Своиктің сөзінше, сондықтан биыл билік Әблязовпен байланысы бар деп санайтын жандарды қудалауды тіпті күшейткен.
- Ол [Әблязов] өзіне "тартқан" бүкіл актив, яғни адамдар эмиграцияда, яғни олар Қазақстан Республикасы территориясынан тыс жерде. Сондықтан ол қажетіне қарай жергілікті адамдардың ішінен ең аңғалдарын іздеуге мәжбүр. Тиісінше, олар қудалауға ұшырап отыр, өйткені Әблязовтің әрекеттері биліктің белсенді реакциясына ұласады, - дейді Петр Своик.
Өзін оппозициялық деп атайтын жалпыұлттық социал-демократиялық партия басшыларының бірі Айдар Әлібаев та биліктің "Әблязовпен байланысы бар" деп санайтын азаматтық белсенділерді қудалауға салуын Мұхтар Әблязовтің биылғы белсенділігімен байланыстырады.
- Жағдайды интернет арқылы бақылап отыруға тырысатын жұрттың көбі ДВК құру үшін Қазақстан азаматтарына үндеу жариялаған Мұхтар Әблязовтің роликтерін көрді. Әрине, бұл биліктің, биліктің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдардың назарынан тыс қалмады. Сондықтан бұл жерде таң қалатын түк жоқ сияқты. Былайша айтқанда, бұл Әблязовке және оның ықтимал жақтастарына қарсы жұмысты күшейту тренді деуге болады. Сондықтан бәрі болжанғандай болып жатыр, өз басым бұған мүлде таңданбаймын, - дейді Айдар Әлібаев.
Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов мемлекет "араздықты қоздыруға" жол бермеу қадамдарын жасап жатыр деп санайды.
Әлеуметтік желілерде әлеуметтік, таптық, діни және өзге сипаттағы араздықты қоздыруға жол бермеуді көздейтін нормативті-құқықтық актілер кейінгі кезде, әрине, көп қабылданып жатыр. Сондықтан меніңше, бұл процесс дұрыс бағытта келе жатыр.
- Заң бар. Сондықтан әлеуметтік желілерде әлеуметтік, таптық, діни және өзге сипаттағы араздықты қоздыруға жол бермеуді көздейтін нормативті-құқықтық актілер кейінгі кезде, әрине, көп қабылданып жатыр. Сондықтан меніңше, бұл процесс дұрыс бағытта келе жатыр. Ал оларды заң жүзінде қолдану практикасы қаншалықты дұрыс бағытта және дұрыс мақсатта пайдаланылып жүргені – өзге мәселе. Шамасы, жауапты осы екі мәселенің тоғысынан іздеген жөн, - дейді Бөріхан Нұрмұхамедов.
Құқық қорғаушы әрі журналист Андрей Свиридов Азаттық тілшісімен әңгімесінде соттың белсенді әрі журналист Жанболат Мамайдың журналистік қызметпен айналысуына шектеу салғанына назар аударады. Свиридовтың пікірінше, бұл Мамайды қылмыстық қудалаудың себебі әлгі ақшаның ізін жасыруда емес, дәл осы журналистік қызметі мен азаматтық белсенділігіне байланысты екенін тағы бір рет дәлелдейді.
Қазанның аяғында Көкшетауда соққыға жығылып, бас сүйегі мен миына зақым келген Қазақстанның демократиялық таңдау қозғалысының "Алға" партиясының Ақмола облыстық филиалының бұрынғы жетекшісі Марат Жанұзақов жуырда Қазақстанда саяси оппозиция мен азаматтық белсенділерді қудалау тақырыбына "Қазіргі Қазақстандағы террор" деген мақала арнап, оны желтоқсанның 5-і күні Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.
Ол мақаласында "саяси оппозиция террорды ешқашан қолданып көрген емес, бірақ билік саяси қоғам мен азаматтық қоғам өкілдеріне қарсы террорды арнайы қызмет арқылы ұдайы қолданып келеді" деп мәлімдейді.