Accessibility links

Алматылықтар судың сапасына күмәнданады


Су тазалайтын зертхана
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:47 0:00
Жүктеп алу

Алматының ауыз суын тазалайтын «Бастау» кәсіпорны зертханасы туралы видео. 15 шілде 2014 жыл.

Қала тұрғындарының кейбірі ауыз судың таза екеніне сенбейді. Бірақ Алматыны сумен қамтамасыз ететін мекеме халықтың «өте жұмсақ су ішіп отырғанын» айтады.

Алматы қаласының тұрғыны Үсен құбырдан ағып тұрған күнделікті ішетін суының сапасы нашар екеніне шағымданады.

– Қазір судың құрамында хлор көп. Тіпті кейде судың түрінің өзгеретіні соншалық, жуынудан қорқасың. Сондықтан тамаққа керек суды сатып аламын, – дейді ол.

Үсеннің сөзін қаланың өзге бір тұрғыны Ерқанат та қостайды. Бірақ ол күнделікті ас-суанға керек суын дүкеннен алмайды.

– Мен су тазартатын сүзгі пайдаланамын. Біреуі үш-төрт айға жетеді. Соны сатып алып, токқа қосып қоямыз, – дейді Ерқанат.

«СУҒА ХЛОР ҚОСПАЙМЫЗ»

Қаланы сумен қамтамасыз етіп отырған «Алматы су холдингі» мекемесінің инженері Нұрлан Өмірханов тұрғындардың «су құрамында хлор көп» деген пікірімен келіспейді.

"Экогидрохимгео" зертханасындағы су үлгілері. Алматы, 12 наурыз 2013 жыл.
"Экогидрохимгео" зертханасындағы су үлгілері. Алматы, 12 наурыз 2013 жыл.

– Біз халыққа жіберілетін суға бұрынғыдай сұйық хлор қоспаймыз. Суға ас тұзынан арнайы құрылғылар арқылы бөлінген натрий гипохлориті қосылады, – дейді Азаттық тілшісіне су тазарту құрылғыларын аралатып жүріп көрсеткен Нұрлан Өмірханов.

«Алматы су холдингі» дерегінше, қала тұрғындарына керек ауыз судың 30 пайызы – Үлкен Алматы және Кіші Алматы өзендерінен, 70 пайызы – 500 метр тереңдіктегі жерасты су көздерінен алынып, қаладағы екі үлкен су тазарту станциясына жетеді.

– Өзен бойында суды құмнан тазарту құрылғылары қойылған. Содан өткен су станция аумағына келгеннен кейін тұндырылу кезеңінен өтеді. Су залалсыздандырылғанға дейін бес кезеңнен өтіп, тазартылып келеді, – дейді «Алматы су холдингінің» инженері Нұрлан Өмірханов.

Мекеменің лаборатория бөлімінің жетекшісі Бейбіт Матаев тазартылған ауыз су сағат сайын химиялық және бактериологиялық тексеруден өтетінін айтты.

Дүкендегі арнайы құралдан тазартылған су алып жатқан тұрғын. Aлматы. 12 наурыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Дүкендегі арнайы құралдан тазартылған су алып жатқан тұрғын. Aлматы. 12 наурыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

– Қала тұрғындарының көбі судың кермек дәміне шағымданады. Норматив бойынша судың кермектілігі литріне 7 миллиграмнан аспау керек. Ал қала бойынша судың кермектігі 3 миллиграмның айналасында. Яғни Алматының ауыз суы өте жұмсақ, – деді Бейбіт Матаев.

Мамандар суды кермектігіне, құрамындағы химиялық элементтер мен микроорганизмдердің мөлшеріне қарай «өлі» су және «тірі» су деп бөледі. «Өлі» су – барлық минералдар мен микроорганизмдерден тазартылған, ешқандай қоспасы жоқ, химиялық таза өнім. Ал «тірі» су – өзен-көлдердің суы. Өзен-көлдегі суға жерасты суы қосылып, құрамындағы элементтерді, тіршілікке қажетті минералдар мен тұздарды байытады.

Дәрігерлер судағы түрлі микроэлементтер адам денесіндегі әрбір мүшенің қызметіне әсер ететінін айтады. Мысалы, жүрекке – калий мен магний, буын, сүйек, тіске – кальций мен мырыш, миға – фосфор, қанға – темір қажет.

Cубұрқақтан су ішіп тұрған бала. (Көрнекі сурет)
Cубұрқақтан су ішіп тұрған бала. (Көрнекі сурет)

Егер адам минералдардан тазартылған суды ғана іше берсе, ондай су ағзадағы пайдалы элементтерді біртіндеп шайып кетеді. Соның кесірінен ағза өзіне қажетті пайдалы заттардан айырылады.

Мамандардың айтуынша, Алматыдағы ауыз судың сапасына 70 пайызының қолдану мерзімі өтіп кеткен су құбырлары да әсер етеді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, адам бойындағы аурудың 90 пайызы сапасыз судан пайда болады.

Елдегі ауыз су сапасы жайлы толығырақ білгіңіз келсе, Азаттықтың «Су аптасы» атты арнайы парағын оқыңыз.

XS
SM
MD
LG