Азаттық тілшісі Алматы облысы Панфилов ауданы Жаркент қаласы маңында ұшақ құлап, екі адам қаза тапқаны туралы ақпарат тараған бетте азаматтық авиация комитетіне телефон соққан еді. Комитеттің баспасөз қызметінің өкілі Әйгерім Шәріпханова оқиға туралы "ресми ақпаратты комитеттің Facebook әлеуметтік желісіндегі парағына жариялағандарын", сол ақпараттан бөлек мәліметтер айта алмайтынын, толығырақ ақпаратты Азаттықтың электрондық почтасына кейінірек жолдайтынын мәлімдеді.
- Ұшақ "Казавиа" компаниясыныкі, орыс тілінде ТОО "Независимая авиационная компания" деп аталады, яғни НАК "Казавиа", - деп қысқа қайырды Әйгерім Шәріпханова.
Ал Қазақстан азаматтық авиация комитетінің Facebook парақшасындағы ақпарат былай жазылған:
"2017 жылдың 27 шілдесінде Алматы облысы Панфилов ауданындағы Шолақай ауылының маңында (Жаркенттен 10 шақырым солтүстіккке қарай) Казавиа компаниясына қарасты ЯК12 ұшағы апатқа ұшырады. 2 адам қаза тапты. Ұшақ авиахимиялық жұмыстар атқарып жүрген. Тергеу жұмыстары басталды".
Instagram желісінде kris_p_almaty деген аккаунт иесі жариялаған видеода авиаапат орнында өртеніп жатқан шағын ұшақ көрінеді. Видеодан оның ауылда құлағаны байқалады. Як-12 - көп мақсатта қолданылатын тасымал ұшағы.
Комитет бірнеше сағаттан кейін "Алматы облысы Панфилов ауданындағы «ТАК Қазавиа» ЖШС-не қарасты ЯК-12 ұшағының апатқа ұшырауына байланысты ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті тергеу аяқталғанша Қазақстан аумағында ЯК-12 ұшақтарын пайдалануды тоқтатты" деген ақпарат таратты. Панфилов аудандық прокуратурасы ұшақ апатынан 54 жастағы пилот Хамит Ақбергенов пен 39 жастағы кәсіпкер Масимжан Масимов қаза тапқанын хабарлады.
Интернетте "Казавиа" аталатын компанияның сайты бар болып шықты. Бірақ онда көрсетілген қалалық және мобильдік телефондарға Азаттық тілшісі бірнеше рет қоңырау шалғанымен, тұтқаны ешкім көтермеді.
Компанияның атауымен ашылған сайтта олардың авиациялық жұмыстар атқаратыны: аэрофототүсірілімдер жасайтыны, жануарлардың есебін жүргізу жұмыстарына қатысатыны, санитарлық рейстер мен қасқыр атуға шығатыны, орман қорғау жұмыстарын атқаратыны жазылған.
Қазақстанда азаматтық авиация саласында тікұшақтар мен түрлі компаниялардың шағын және жолаушы ұшақтарының апаттары болып тұрады.
2012 жылы желтоқсанда Шымкент түбінде Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортындағы 27 адамның барлығы қаза тапты. Олардың ішінде шекара қызметінің басшысы міндетін атқарушы полковник Тұрғанбек Стамбеков пен оның әйелі, офицерлер мен ұшақ экипажының жеті мүшесі болған еді.
Кейінгі жылдардағы ірі апаттардың бірі 2013 жылы қаңтардың 29-ы күні Алматы түбінде CRJ-200 жолаушылар ұшағының құлауы болды. Жолаушылар ұшағы Алматы маңындағы Қызылту ауылы жанына құлап, барлығы 21 адам (16 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі) қаза тапқан еді.
Одан кейін болған ірі апаттардың бірі - 2015 жылы қаңтардың 20-сы күні Жамбыл облысында бортында экипаж мүшелерімен қосқанда жеті адам болған «Ан-2» ұшағының құлауы. Апаттан бір адам – жолаушы әйел ғана тірі қалды.
Кейінгі жылдары Қазақстанда бұдан басқа да талай ұшақ апатқа ұшырады. 2016 жылы Алматы облысында UP-MD 600-N тікұшағы құлады. Ол Алакөл ауданынан Талдықорған қаласындағы ауруханаға баланы жеткізуі керек болған. Ол жолы бортта отырған барлық бес адам қаза тапты.
Оқи отырыңыз: Бір аптада екі тікұшақ құлады
Ал осы аптаның басында Жамбыл облысында бір моторлы ұшақ апатты жағдайда қонды.
Мамандар арасында азаматтық авиация саласындағы компаниялардың қызметін реттеу мәселелері бойынша түрлі пікірталас бар. Ол дау негізінен азаматтық авиация саласына «еуропалық ережелер мен стандарттарды» енгізу және «бұрынғы советтік ережелердің жақсыларын қалпына келтіру» төңірегінде өрбиді.
Оқи отырыңыз: «Бізге авиация саласында демократия керек жоқ»
Қазақстандағы азаматтық авиация саласындағы компаниялар қызметін азаматтық авиация комитеті реттейді. Алайда биыл мамыр айында бұл комитеттің төрағасы Бекен Сейдахметов қызметінен кетті. Прокуратура азаматтық авиациядағы ұшақтардың ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы тексеріс қорытындысында бірқатар заң бұзушылық анықталғанын мәлімдеген болатын.