Accessibility links

Жол салу жоспары тұрғындарды уайымға салды


Жансүгіров көшесінде тұратын Надежда Щедрова үй ауласындағы бақшасын көрсетіп тұр. Алматы, 15 наурыз 2017 жыл.
Жансүгіров көшесінде тұратын Надежда Щедрова үй ауласындағы бақшасын көрсетіп тұр. Алматы, 15 наурыз 2017 жыл.

Алматыдағы Жансүгіров көшесінің кей тұрғындары жол айырығын салу үшін мемлекет қажетіне алынатын меншігіндегі үйлері мен жер телімдерін лайықты бағалауды биліктен талап етеді. Билік өтемақы сомасы әлі белгіленбегенін айтады.

Алматыдағы Жансүгіров көшесі бойындағы жер үйлердің тұрғындары жуырда жер қатынастары басқармасынан хат алған. Онда көлік қозғалысын жақсарту мақсатында елдің ең ірі қаласындағы Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесі қиылысында жол айырығын салу жоспарына байланысты тұрғындардың жер телімдері мемлекет қажетіне алынады деп ескертілген. Магистраль салынады деп жоспарланған территорияда 259 жер телімі бар. Билік ұсынған өтемақы көлемі меншік иелерінің көбін шошытқан.

ӨРІК, ЖҮЗІМ ЖӘНЕ ШАШТАРАЗ

Қарт әйел Надежда Щедрова – алты сотық жеріне тұрмысқа жайлы етіп салынған әрқайсысы екі бөлмеден тұратын екі үйдің иесі. Оның ауласында өрік ағашы, шағын жүзімдігі, өнімін жыл бойы азық ететін бақшасы бар.

Надежда Щедрова ас үйіндегі тоңазытқыштан үй ауласында өзі өсірген көкөністерді алып жатыр. Алматы, 15 наурыз 2017 жыл.
Надежда Щедрова ас үйіндегі тоңазытқыштан үй ауласында өзі өсірген көкөністерді алып жатыр. Алматы, 15 наурыз 2017 жыл.

Екі үй шағын болғанымен, бөлмелері жайлы. Ас бөлмесі мен жуынатын бөлмеге ыстық су тартылған, әжетхана да үй ішінде. Үй иесі ас бөлмеге ертіп кіріп, мұздатқыштан ұсақтап турап, қалташаларға салып қойған асқабақ, картоп, жидектерін шығарды. «Мынау – өз жерім. Көкөніс, жеміс-жидек өсіре аламын, осында өзімді еркін сезінемін» дейді ол. Зейнеткер екінші үйін жалға беріп, жеке кәсіпкер ретінде салық төлейді.

Щедрованың сөзінше, алты сотық жер мен екі үйге екі миллион теңге ұсынған.

- Небары төрт мың доллар ғана, оған не сатып аламын? Бірақ олар бізге ешқандай өзге баспана ұсынбайды. Төрт мың долларға тіпті бір бөлмелі пәтер де сатып ала алмайсың. Қазір бір бөлмелі пәтер 30 мың доллар тұрмай ма? - дейді тұрғын Азаттыққа.

Ол «пәтерде тұратын болсам, өзімді асырауға шамам келмес еді, өйткені алатын зейнетақым 40 мың теңгеден сәл ғана асады» дейді.

Әлия Нұрбаева меншігіндегі шағын шаштаразда тұр. Алматы, 15 наурыз 2017 жыл.
Әлия Нұрбаева меншігіндегі шағын шаштаразда тұр. Алматы, 15 наурыз 2017 жыл.

Аулада жанармай аз жұмсайтын шетелдік ескі көлік тұр. Артқы әйнегінде мүгедек адамның көлігі екенін білдіретін белгі жапсырылған. Надежда Щедрованың үйінен бір үйден кейін Әлия Нұрбаева тұрады. Оның жер телімі - үш сотыққа жуық. Әлия мен туыстары осы жерге өз күштерімен екі үй және шағын шаштараз тұрғызып алған. Екінші үйде Әлияның сіңлісі тұрады. Оның өз отбасы бар.

2008 жылы Әлия Нұрбаева мен Надежда Щедрова екінші үйлерін тіркетуге тырысқан, бірақ оларға рұқсат бермеген. Әлия Нұрбаеваның атына келген мүлікті мемлекет қажетіне алу жайлы келісім-шартта төрт миллион 143 мың теңге (13 мың долларға жуық) көрсетілген. Әлия үйі мен жерін бағалаушылардың мұндай ақшаны неге сүйеніп есептегенін түсінбейді. Тұрғынның сөзінше, олар үйде бес минуттан артық бөгелмеген. Телефондарына бірнеше фотосурет түсіріп, кетіп қалған.

Әлия Нұрбаеваның да жеке кәсіпкер екені туралы құжаты бар. Ол шаштараздан түсетін кірісінен салық төлейді және көлік сатып алу үшін алған несиесін төлеп келеді.

Жансүгіров көшесіндегі жол айырығы құрылысы түсетін жердегі жеке меншік үйлердің иелері. Алматы, 15 наурыз 2017 жыл.
Жансүгіров көшесіндегі жол айырығы құрылысы түсетін жердегі жеке меншік үйлердің иелері. Алматы, 15 наурыз 2017 жыл.

- Жерімізді, екі үй мен шаштаразды несиеге алған көліктен де арзанға бағалап тұр ғой. Бірақ шаштаразды бұзса, несиені қалай төлеймін? – дейді Әлия Азаттыққа.

Алматыдағы Жансүгіров көшесі бойындағы жеке меншік үйлердің тұрғындарының көбі мемлекеттен ешқашан ештеңе сұрамай, баспананы өз қолымен салғандарын айтады. Олар «қала билігі құқығымызды неге бұзатынын түсіндірсін» деп талап етеді.

«ТҮЗЕТІЛЕДІ»

Азаттық жолдаған сауалға Алматы әкімдігінің баспасөз қызметінен «ұсынылған өтемақы сомасы түпкілікті емес» деген жауап келді.

Азаттыққа жолдаған хатында әкімдік баспасөз хатшысы Тимур Базарбаевтың жазуынша, келісу процедуралары кезінде өтемақыға қатысты дау туса, мүлік мемлекет қажетіне сот арқылы алынатыны заңда қарастырылған. Бұған қоса, ол «баспанасын мәжбүрлі түрде алғаны үшін лайықты өтемақы белгілеудің әлеуметтік маңызын ескерсек, мұндай даулар қаралған сот тәжірибесі мүлік құны лайықты өтелетінін көрсетеді, әдетте сот органдары нарықтық құны өтелсін деген шешім қабылдайды» деп жазады.

Жансүгіров көшесі маңында жаңа жол айырығын салу жұмыстары басталып кетті. Алматы, 15 наурыз 2017 жыл.
Жансүгіров көшесі маңында жаңа жол айырығын салу жұмыстары басталып кетті. Алматы, 15 наурыз 2017 жыл.

«Жансүгіров көшесіндегі үйлердің тұрғындарына өтемақы ретінде бюджеттен қанша ақша қарастырылған?» деген сұраққа Тимур Базарбаев әзірше республикалық бюджеттен жалпы сомасы 500 миллион теңге өтемақы қарастырылған деп жауап берді. Әкімдік өкілінің айтуынша, бұл - алдын ала болжанған сома, ол «өтемақы сомасын түпкілікті анықтау фактісіне қарай» түзетілетін болады.

Алматы әкімдігі солтүстік бағыттағы негізгі жолдарда көлік кептелісін азайту мақсатында Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесі қиылысына жол айырығын салуды ұйғарған. Нысандарды өтемақы төлеп, сатып алу кезең-кезеңмен жүргізілмек. Билік органдары келісім-шарт жобаларында көрсетілген өтемақы сомасы Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заң талаптарына толық сай белгіленген деп мәлімдейді.

XS
SM
MD
LG