Accessibility links

Алматыда "Нұрдан" басталатын көше көбейеді


Алматы мәслихаты атауын Назарбаев даңғылы деп өзгертуді ұйғарған Фурманов көшесі. 1 желтоқсан 2017 жыл.
Алматы мәслихаты атауын Назарбаев даңғылы деп өзгертуді ұйғарған Фурманов көшесі. 1 желтоқсан 2017 жыл.

Алматы мәслихаты қаладағы жүзден астам көшенің атауын жаңартуды ұйғарды. Орталықтағы Фурманов көшесі Назарбаев даңғылына айналып, қала бойынша "Нұр" сөзінен басталатын бірнеше көше пайда болмақ.

"НҰРЛАНҒАН КӨШЕЛЕР"

Алматының Түрксіб ауданында тұратын Ғайша есімді жетпіс жас шамасында әжей өзі тұратын Парковая көшесі енді Нұрсая болып аталатыны туралы жаңалықты балаларынан естіген.

- Өткенде балаларым біздің көшенің атауы енді "Нұрсая" болады деп отырған. Қайдан естігендерін білмеймін. Мағынасыз мынау "Парковая" деген сөзге қарағанда "Нұрсая" деген жақсы атау ғой. Елбасымыз аман болсын, - дейді ол Азаттық тілшісіне.

Қарт әйел көшеге жаңа атауды кімнің ұсынғанын білмейтінін айтты.

Түрксіб ауданындағы "Нұрсая" атауына ие болған көше. Алматы, 29 қараша 2017 жыл.
Түрксіб ауданындағы "Нұрсая" атауына ие болған көше. Алматы, 29 қараша 2017 жыл.

Қалалық мәслихат шешімімен осы ауданда орналасқан Тельман көшесінің аты да өзгертілді: енді ол "Нұр әлем" деп аталады. Азаттық тілшісі пікірін сұраған осы маңдағы тұрғындар "үйреншікті ескі атау тұра бергені жақсы еді" дегенді ғана айтумен шектелді.

Алматының Алмалы ауданындағы күні кешеге дейін 6-линия деп аталып келген көшеге "Нұрлы жол" деген жаңа ат берілді. Бұдан басқа Наурызбай ауданындағы Самал көшесі де бұдан былай "Нұрлы таң" болып аталады.

Түрксіб ауданындағы бұл көшеге "Нұр әлем" атауы берілді. Алматы, 29 қараша 2017 жыл.
Түрксіб ауданындағы бұл көшеге "Нұр әлем" атауы берілді. Алматы, 29 қараша 2017 жыл.

2017 жылы қарашаның 30-ы күні Алматы қалалық мәслихатының сессиясы Алматыдағы жүзден астам көше атауын өзгерту туралы шешім қабылдаған. Осы шешім бойынша, қала орталығындағы Фурманов көшесіне Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Фурманов көшесін Назарбаев даңғылы деп өзгерту "шешімі қабылданды"

"КӨШЕ АТАУЫ ТҰРҒЫНДАР ҰСЫНЫСЫ НЕГІЗІНДЕ ҚОЙЫЛДЫ"

Азаттық тілшісі Алматыда "Ханшатыры", "Көсеге", "Ертөстік", "Құртқа" деген жаңа атауларға ие болған көшелерге де барып, тұрғындармен тілдесіп көрді. Кей тұрғындар өздері тұратын көшеге жаңа атау берілетіні жайлы бейхабар екенін айтса, кейбірі жаңалықты естігендерін, бірақ көше атауы туралы ұсыныс өз тараптарынан болмағанын айтты.

Енді біреулері "Қандай атау қойса да бізге бәрібір, одан өзгеретін ештеңе жоқ" деген пікір білдіріп жатты.

Алматы қалалық мәслихатының депутаты Ханзада Есенованың айтуынша, көшеге қандай ат беруді негізінен жергілікті тұрғындар ұсынады.

- Ең бірінші, сол көшенің тұрғындары ұсыныстарын береді. Онан кейін, ел президентінің "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасы негізінде үйлестіреміз. Сосын бізге президент аппаратынан "қазақтың этнографиялық, географиялық атаулары болсын" деген ақыл-кеңес те айтылды. Ұсыныс, кеңестердің бәрін комиссия отырыста саралап, талқылайды. Көше атауын өзгерткенде осылардың бәрін қарап, ескеріп қойдық, - дейді мәслихат депутаты.

Қазақстан президентінің Алматыдағы резиденциясының қасынан өтіп бара жатқан адам. 9 ақпан 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Қазақстан президентінің Алматыдағы резиденциясының қасынан өтіп бара жатқан адам. 9 ақпан 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Ханзада Есенованың айтуынша, Қазақстанда көше атауын өзгертуге қатысты мораторий жарияланғаннан кейін бірнеше жылда "халықтан көптеген ұсыныс түскен". Алматы қаласының көшелеріне берілген жүзден астам атаудың барлығы қалалық ономастикалық комиссия қарауынан және үкімет жанындағы республикалық ономастикалық комиссияның мақұлдауынан өткен.

Қала көшелеріне атау беру тұрғындардың ұсыныстары негізінде жүзеге асатыны туралы Алматы қаласы Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастығы Мамай Ахетовтің Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында да айтылған. Мекеменің ресми хатында "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы № 138 қаулысына сәйкес, аумақ халқының пікірін ескеру Алматы қаласы мәслихатының тұрақты комиссиясы арқылы жүзеге асады. Яғни, комиссия мүшелерінің қарауына қайталанатын көшелерге қайта атау беру жөнінде халықтан келіп түскен ұсыныстар енгізіледі" делінген.

"12 АБАЙ ЖӘНЕ 13 ЖАМБЫЛ КӨШЕСІ БАР"

2011-2014 жылдар аралығында Алматы облысынан Алматы қаласы аумағына 36451 гектар жер қосылған еді. Азаттық сауалына Алматы қаласы әкімдігі берген ресми жауапта қазіргі таңда елдің ең ірі мегаполисіндегі көшелердің 80 пайызға жуығының, яғни 400-ден астам көшенің атауы қайталанатындығы айтылған.

Мысалы, Алматыда Абай есімімен аталатын 12, Жамбыл Жабаевтың атында 13 бар. Сонымен бірге, Райымбек және Қарасай батырлардың есімі – 8, Құрманғазы – 6, Төле би – 5, Қазыбек би, Әйтеке би, Қабанбай батыр мен Мұхтар Әуезовтің әрбірі – 3, Наурызбай батыр мен Ахмет Байтұрсынұлы – 4, Сәкен Сейфуллин мен Дінмұхаммед Қонаев – 5, Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова – 6 көшеге берілген.

"Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" заңындағы 25-5 баптың 3-тармағында "бір әкімшілік-аумақтық бірліктің шегіндегі елді мекендерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне бір атау бір мәрте ғана берілетіні" жазылған.

XS
SM
MD
LG