Accessibility links

Түркі мәдениетіне ықылас оятатын әуен


Башқұртстандық «Арғымақ» этно-рок тобының жетекшісі Ринат Рамазанов башқұрттың ұлттық музыка аспабы – қурайда ойнап тұр. Алматы, 6 маусым 2015 жыл.
Башқұртстандық «Арғымақ» этно-рок тобының жетекшісі Ринат Рамазанов башқұрттың ұлттық музыка аспабы – қурайда ойнап тұр. Алматы, 6 маусым 2015 жыл.

Алматыда бүгін үшінші халықаралық The Spirit of Tengri этникалық музыка фестивалі аяқталады. Оған Ресейдің түркі тілдес үш аймағы – Башқұртстан, Тыва және Таулы Шориядан өнерпаздар қатысты. Олардың кейбірі этникалық музыка фестивальдері – «өз түп-тамырыңа оралу» көрсеткіші екенін айтады.

ТАУЛЫ ШОРИЯ ЖҰЛДЫЗЫ

Ресейдің Кемерово қаласынан 350 шақырым жерде орналасқан Мыски қалашығынан келген Чылтыс Таннагашева бүгін қазақ диджейі Нариман өңдеген тректер аясында жаңа үш композицияны орындайды. Ол көбінесе шаман мақамында өзі шығарған әндерді айтады.

Чылтыс Кемерово облысындағы түркі тілдес байырғы шағын халық – шорлықтар шоғырланған Чувашка ауылында тұрады. Шорлықтар Хакасия мен Алтай өлкесінде де тұрады. Патша заманында православиені қабылдағанымен олардың мәдениетінде шаманизм мен анимализм элементтері сақталып қалған.

Чылтыс – бесінші бабасынан бері шаман. Оның айтуынша, 12 жыл бұрын апатқа ұшырағаннан кейін ән салып, ұлттық аспаптарда ойнай бастаған. Оның «кай қомыз» деп аталатын қос шекті аспабы қазақ домбырасына ұқсайды. Чылтыс ерін аспабы – темір қомызда (шаңқобыз) да ойнайды. Бұл аспаптарды меңгеруіне нағашы ағасының жыршы (шорлықтар «кайчи» деп атайды) болғаны көмектескен.

Ресейдің Таулы Шория аймағынан келген әнші Чылтыс Таннагашева. Алматы, 6 маусым 2015 жыл.
Ресейдің Таулы Шория аймағынан келген әнші Чылтыс Таннагашева. Алматы, 6 маусым 2015 жыл.

Азаттыққа берген сұхбатында Чылтыс аймақта өнеркәсіп дамып, халықтың дәстүрлі тіршілік ортасы бұзылғаннан кейін шорлықтардың мәдениеті көпке дейін дамымай қалғанын айтады.

– Біздің әулеттің байырғы қонысы – Курья ауылы. Ол жерде бұрын тұрған атақты жыршылар қазір жоқ. Ауылды жарып жіберген. Қазір ол жақта көмір өндіреді. Жыршы сүлейлер көп тұрған тағы бір ауылдың тағдыры осылай аяқталып, Чувашка ауылы ғана қалды, - дейді шор әншісі.

Оның айтуынша, көп нәрседен айырылып қалғанына қарамастан, өткен ғасырдағы 80-жылдардың ортасында ұлттық мәдениетті қайта жаңғырту басталған.

– Новокузнецк қаласында шор қыздары мәдениет үйі жанынан ұлттық музыкалық аспаптар тобын құрды. Шорлықтар шоғырланған елдімекендердің бәрінде халық ансамбльдері бар. Мен тұратын Мыскидегі қалада музыкалық мектеп жанынан ашылған ұлттық аспаптар мектебі – жалғыз мектеп, - дейді Чылтыс.

Ол мектепке балаларды 10 жастан қабылдайды. Кай қомызда ойнауды шамамен жеті жастан бастап үйретеді. Хакасиядағы музыкалық коллежге түсіп, шеберлігіңді жетілдіруге болады. Чылтыс Таннагашеваның түсіндіруінше, шорлықтар мен хакастардың мәдениеті өте ұқсас.

– Бізде ұлттық мектептер жуырда ғана ашыла бастады. Жақында Кемеровода облыстық кеңес депутаттары, шор өкілдері қатысқан жиналыс өтіп, шор тілін факультативтік негізде оқыту туралы заң қабылдады. Мектептерде ставкалар бөлініп жатыр. Қазір бізде күшті ассимиляция жүріп жатыр ғой. Тіліміз ұмытылып бара жатыр, - дейді әнші.

Чылтыс Таннагашева былтырғы The Spirit of Tengri фестивалінде түркі тілдес шағын халық – шорлықтар мәдениетін таныстырып тұр. Алматы, 7 маусым 2014 жыл.
Чылтыс Таннагашева былтырғы The Spirit of Tengri фестивалінде түркі тілдес шағын халық – шорлықтар мәдениетін таныстырып тұр. Алматы, 7 маусым 2014 жыл.

Шорлықтардың көбі орыс тілінде сөйлейді, халықтың 60 пайызы орыс тілін ана тілі санайды. Чылтыстың айтуынша, қазір мұғалім табу қиын мәселеге айналған. 1989 жылы Новокузнецк педагогикалық университеті (қазіргі Кузбасс мемлекеттік педагогикалық академиясы) жанынан ашылған шор тілі кафедрасын 2010 жылы жауып тастаған.

– Негізі, оқытушылар бар. Бірақ меніңше, тіл үйренетін ең мықты мектеп – отбасы мен араласатын орта. Орта буын өкілдері шор тілінде сөйлейді. Ал жастардың арасында шет ауылдарда тұратындары болмаса, шор тілінде сөйлейтіндер аз, - дейді әнші.

Ресей жазушылар одағы мүшесі Любовь Чульжанова «Шорлықтардың қазіргі жағдайы туралы» деген шолуында шорлықтар халық ретінде жойылып, тілі де жоғалып бара жатыр деп жазады. Жазушы мұның негізгі себебін былай түсіндіреді «...өйткені Ресей федерациясы үкіметі шаруашылықтың дәстүрлі түрлерімен айналысып, дәстүрлі өмір салтын ұстануы үшін саны аз байырғы халықтарға дәстүрлі табиғи ортасын қайтарып беру механизмін жасамай отыр. Ал мұнсыз халықтың тілін де, төл мәдениетін де сақтап қалу мүмкін емес».

2010 жылы Ресейде жүргізілген халық санағы дерегінше, 13 мыңға жуық шорлық бар. Бұлар саны аз байырғы халықтардың бірыңғай тізіміне енгізілгендіктен, оларға бірқатар жеңілдіктер мен артықшылықтар беру қарастырылған.

ТЫВАЛЫҚ КӨМЕЙМЕН ӘН АЙТУ ШЕБЕРІ

The Spirit of Tengri фестивалінің тағы бір қатысушысы – Ресей федерациясы субъектісі – Тыва республикасынан келген Радик Тұлыш. Монғолиямен шекараласатын Тыва елі Красноярск өлкесінен оңтүстікке, Байкалдың батысына қарай орналасқан. Қазақтар мен тывалықтардың тілдері ұқсас әрі көшпелі мал шаруашылығы дәстүрлері де ортақ. Діни көзқарасы жағынан тывалықтар – ламаизм ағымын ұстанатын буддистер, бірақ шаманизм дәстүрлерін де сақтап қалған.

Тывалық көмеймен ән айту шебері Радик Тұлыш The Spirit of Tengri фестивалінде өнер көрсетіп отыр. Алматы, 6 маусым 2015 жыл.
Тывалық көмеймен ән айту шебері Радик Тұлыш The Spirit of Tengri фестивалінде өнер көрсетіп отыр. Алматы, 6 маусым 2015 жыл.

Шорлықтармен салыстырғанда, тыва халқының саны көбірек. 2010 жылы жүргізілген халық санағы бойынша Ресейде 264 мыңға жуық тыва тұрады әрі республика халқының 81 пайызын құрайды. Санақ деректеріне сәйкес, тывалықтардың 98 пайызы тыва тілін ана тілі санайды. Бірақ орыс тілін жетік білу оқуын жалғастыруға мүмкіндік беретіндіктен, 1990 жылдардың ортасынан бастап олардың көбі орыс мектебіне бет бұра бастаған. Ауыл мектептерінде орыс тілін дұрыс оқытпауы салдарынан, кейбір ата-аналар тіпті қалаға көшіп жатыр.

Радик Тұлыштың айтуынша, Қызылда ұлттық мектептер немесе орыс мектептері жанынан ашылған ұлттық сыныптар көп. Ұлттық бала бақшалар да бар, ал тыва тілінде жоғары білім алу қиын. Университетте тыва тілі мұғалімдерін ғана даярлайды.

Этникалық музыка фестивальдерін өткізуді Радик Тұлыш рухани түп-тамырға оралу деп санайды.

– Меніңше, қазір тыва мәдениетінің жағдайы өте жақсы. Бұрын өзге республикалар сияқты бізде де мәдениетімізді дамытуға кедергі көп болатын. Бірақ соңғы 15 жыл ішінде бәрі қалпына келіп, жұрт оны көбірек бағалай бастады, - дейді музыкант.

Тыва халқының дәстүрлі мәдениетінде көмеймен ән айту үлкен орын алады, ал Радик Тұлыш – жұрт таныған көмеймен ән айту шебері. Музыканттың айтуынша, Тывада көмеймен ән айтуды үйрететін мектептер, үйірмелер бар, көмеймен ән айтудан көптеген конкурстар мен симпозиумдар өтеді. Оның айтуынша, тіпті көмеймен ән айту өнеріне зерттеулер де жүргізіледі. Радик Тұлыш «Бізде осы тақырыпты қорғаған үш ғылым докторы бар» дейді.

Радик Тұлыш тыва халқының көмеймен ән айту өнерін бүкіл әлемге таныту – міндетім деп біледі.

Алматыдағы The Spirit of Tengri фестивалінен көріністер:

The Spirit of Tengri фестивалі
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:47 0:00

XS
SM
MD
LG